Әзіл-шыны аралас
14.12.2018
3101
1

***

Халқымыздың дарынды ақыны Есенғали Раушанов Желтоқсан оқиғасы тұсында «Қара бауыр қасқалдақ» деген өлең жазғаны белгілі. Ақын­ның өлеңдер жинағы өнді­ріске кетіп бара жатқанда бас­па бастығының бірі әлгі өлеңді байқап қалып, Есен­ғалиды шақыртыпты.
– Сіз «қаңғып келген шүрегей» деп Колбинді мег­зеп отырсыз ғой! Ендеше, сіз қатты қателесесіз! Колбин жолдас қаңғып келген жоқ бізге, ол – пар­тия­ның шақыруымен келген басшы! – деп ақыл айта бастайды.
Онсыз да жүйкесі жұқарып, күйініп жүрген ақын:
– Басеке, «шүрегей» тақымыңызға тар келсе, «күркетауық» деп өзгерте саларсыз! – депті де, бөл­меден шығып жүре беріпті.


***

Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов (1922-2011) Жамбыл облысының Сарысу ауданында оқырмандармен кездесу өткізеді. Ауыл мектебінің әдебиет пәнінің мұғалімі Әзекеңнің шығармашылығы туралы баяндама жасайды. Мұғалім ұзағынан сөйлеп келіп:
– Сіздің «Махаббат қызық мол жылдар» романыңыз ел-жұртыңыздың жүрегіне жол тапқан ұлы шығарма! – деп сөзін ұрандай қорытады. – Мұндай роман жазған жазушы өлсе де арманы жоқ!
Сонда Әзілхан орнынан баяу тұрып:
– Ғафу етерсің, інім! – депті иіліп тағзым етіп. – Мен «Аңыз бен ақиқат» деген тағы бір дүние жазып жатыр едім. Сол роман аяқталған соң, сіздің мына ұсынысыңыз жайында ойланайын!


***

Көрнекті публицист әрі әдебиет зерттеушісі Сауытбек Абдрахмановтың докторлық диссертациясының ғылыми жетекшісі академик Сейіт Қасқабасов болыпты.
Сейіт Асқарұлы – есімі Қазақстан ғана емес, шетелдерге жақсы таныс, ғы­лыми ортада абыройы асқақ, беделі биік ғалымның бірі. Академиктің шә­кірттеріне де талабы қатаң, талғампаз, дегдар кісі.
Бірде Сейіт Асқарұлының сол жақ көзіне суық тиіп, домбығып ісіп, бірер күнге мүлдем жұмылып қалыпты. Дәл сол күндердің бірінде оған шәкірті Сауытбек жолығып қалса керек.
– Апырмай, Секе, ауырып қалған екенсіз ғой? – дейді Сауытбек ұстазына шын көңілін білдіріп.
Секең де басын изеп, «осылай да осылай болды» деп ақталғандай, ауру көзін қайта-қайта бет орамалымен баса береді.
Сонда Сауытбек:
– Секе, жалпы осы дұрыс болған секілді… енді менің жазған жұмысыма оң көзбен қарайтын болдыңыз! – деп күліп жіберген екен.


***

Белгілі ақын Несіпбек Айтов пен сатирик Көпен Әмірбек – бір жылдың төлі, түйдей құр­дастар. Сондықтан да бірімен бірі қалжыңдасып ойнай береді екен. Баяғыда Қытай билігіне Хуа Гофен деген коммунист келгенде Не­сіп­бек до­сына арнап мынадай өлең шығарыпты:
Қытай жақта – Қуа Гөпөн,
Біздің елде мына Көпен.
Екі залым бір заманда
Қалай ғана туады екен?!


***

Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, белгілі ақын Баянғали Әлім­жанов қазақ арасынан шыққан атақты «манасшы». Ол Қырғыз­стан­да аракідік өтіп тұратын «манас­шылар» жарысында талай рет жүлде алған жыршы-ақын.
Осы Баянғали бірде қаламгерлер ортасында отырғанда мынадай әңгі­ме айтып еді.
Ертеректе қырғыздың атақты «ма­нас­­шысы» Саяқбай Қаралаевты арнайы Мәс­кеуге шақыртады. Жыршыны қызықтап театрға көп халық жиналады, Саяқбай ақсақалды құр­метпен сахнаға шығарады. Содан Саяқбай мил­лион жолдық «Манасты» жырлап ала жөнеледі ғой. Жырлап отырып, біраздан соң шабытына кіреді де, көзін тарс жұмып, өзге дүниені ұмытып, Манас батырдың заманына шым батып кете барады.
Бір кезде Саяқбайды бүйірінен біреу түртеді. Көзін ашса – залда тірі жан жоқ, бәрі кетіп қа­лып­ты. Бүйірінен түрткілеп тұрған вахтер шал екен:
– Ей, Манас! Уже три часа ночи, все давно домой ушли. Как закончишь, сам закроешь? – деп театр есігінің кілтін ұсынып тұр дейді.


***

Ертеректе Қонысбай Әбілов университетте оқып жүрген кезінде «Ғылыми коммунизм» атты пәннен лекция оқып тұрған оқытушы:
– Қазір біздің бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр! – деп кеңестік қоғам жағдайын өзінше бейнелеген болады.
Сонда Қонысбай қолын көтеріп:
– Ағай, айтыңызшы, осы сөзді мен былтыр да ес­тіп едім… қашанғы өстіп талтайып тұра береміз? – деп сұрапты.


***

Қазақтың ауыздарымен құс тістеген қос шешені, мықты ай­тыс­кер ақындары – Қонысбай Әбілов пен Абаш Кәкенов бір-бірімен «жезде-балдыз» деп, қал­жыңдасып ойнай береді екен. Бір­де «жездесіне» ризашылығын білдірген Абаш ақын «Сендей асыл жездеме тағы бір сұлу апамды беруге әзірмін» дегендей әзіл тас­тапты.
Сонда Қонысбай:
Айтпа өйтіп, тигізген бұл
пайдаң болсын,
Дейсің бе біздің үйде
майдан болсын?!
Тағы да қыз берем деп қызықтырма,
Апаңдай қыздай алған
қайдан болсын! –
деп екі қолын көтеріп, басын шай­қай беріпті.


***

Еліміздің ақын-жазушыларының Бердібек Сапарбаевқа деген құрметі ерек, сыйластығы бөлек. Олар Бекеңді бірнеше облысты басқарған іскер ұйымдастырушы, министрліктерге жетекшілік ет­кен білікті басшы ғана емес, нағыз ұлтжанды азамат, руханиятымыздың жанашыры, мәде­ниетіміздің қамқоршысы ретінде жақсы таниды.
Осы Бекең Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезінде қол астындағы бір қызметкері қабылдауына кіреді.
– Жұмсаған қызметіңіздің бәріне барып жатыр­мыз. Анда да бардық, мұнда да бардық. Футболдың добы сияқты домалап жүрміз, – деп өзінің біршама мекемені басқарғанын сөз етіп, наз айтса керек.
Сонда Бекең:
– Шырағым, солай домалай берсеңші. Тек аут кетіп қалмасаң бопты, – деген екен.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір