Аманат

0
68 қаралды

Мұхамет-Қайыр Шәріпов

(поэма)

1

Ойда бар, көзге күңгірт бағзы заман,
Арқаға қоныс тепкен Бабыр бабаң
Қазақтың Сырдан ауып келген кезі,
Ел тыныш, жүргенде жұрт есен-аман.

Қатты ұрыс, қалмақпенен болған шабыс,
Жылыстап жылдар өтіп қалды алыс.
Атының басын тартып тұрды Бабыр,
Жоңдары қанды қырғын бұған таныс.

Көп мехнат, ара жолда күдікпенен,
Замана өткеннен соң күйікпенен.
Құдайдың бұйрығына дауа бар ма?
Келіпті Далба тауға үмітпенен.

Малға жай, елге тұрақ жер жаннаты,
Қалдырған ата-баба аманаты.
Жеткізу кейінгіге біздің міндет,
Болмаған ғасырлардан жаман аты.

Далбаның ең биігі «Тотия тау»,
«Дің» одан төмендегі аласалау.
Бабырдың қорығының ортасында,
Жүзгендей айдынында тұр «Қожа тау».

Алыстан менмұндалап «Найзақара»,
«Қара үңгір» баурайында жеке дара.
Көсілген батысында «Ақбел асу»,
Қытайдың қорғанындай екеу ара!

Заңғар тау, қапталдағы қарағайы,
Аралас көз тартады қайың, талы.
Шуылдап, жүйіткіп өзен жөңкіледі,
Жосылып, ақтарылып толқын жалы.

Бастайын бисмилләдан сөздің басын
Бабалар қарекет қып жүрген «жасын».
Қазақтың әдет-ғұрпын, салтын сақтап,
Жастарға әдеп, үлгі болған басым.

2

Атырап алакеуім, ақ таңдақты,
Мал өріп, қатын-қалаш азандатты.
Шәуілдеп түніменен жағы семген,
Маңқ етіп анда-санда төбет жатты.

Жарқырап шығыс жақтан күн де шықты,
Күрсінтіп түн қойнауын жерге тықты.
Шымырлап сайды қуып дала кезген,
Тас бұлақ тасты жарған қандай мықты.

Әп-сәтте жер жүзінде қайнады өмір,
Жайнады жаңа күнмен түледі өңір.
Тарихтың қойнауынан бізге жеткен,
Басталды қызық думан мұнда небір.

Түрулі төңіректе бала-шаға,
Асыр сап асық ойнап тамашада.
Жамырап жарысқандай атты-жаяу,
Барады ақылдасып оңашада.

Ежелден рулы ел жерге талас,
Сөз алып, билік тыңдап жиылды алаш.
Елсізде бір шоқыны иемденіп,
Малшы жүр дау-дамайдан қалған халас.

Бас қосқан ақсақалдар Далба тауда,
Кеңесіп отырысты қалың қауда.
Жиылып әр рудан басты кісі,
Жер алып, жер бөліскен үлкен дауда.

Ішінде қаба сақал, қауға сақал,
Ауылдан алыстағы мейман да бар.
Басталды Далба тауда ұлы жиын,
Тынарын мұның немен айту қиын.

У да шу, айқай сүрең, даурыққан жұрт,
Түйіліп, қыр көрсетіп айналып сырт.
Атойлап кей біреулер елеурейді,
Арқаның жайылымы, өрісі құт.

Әр қайсы белгіледі иен жерді,
Келешек ұрпақ үшін төкпек терді.
Келісіп , тынышталды барша қауым,
Жағалай ауыл қонбақ ықтап белді.

Түс ауып күн еңкейді ұясынан,
Маужырап, түсі өзгеріп бояуынан.
Ақырын шеңберімен жылжып барады,
Жаңылмай жүрісінің баяуынан.

Далбаның түгенделді төңірегі,
Жар салды ақсақалдар жұртқа текті.
-Үлестен қалыс қалған кім бар енді,
Таралық болмаса егер мезгіл жетті?!

Біреу айтты келмеді Бабыр бүгін,
Салмады осы жаққа аттың ізін.
Берсе де қандай жерді ризамын,
Деп еді үйде жатып сәлем сөзін.

Көпшілік әжуалап сынап сөкті,
Ол анау иемденсін дарияны.
Айта бар ақсақалдар солай шешті,
Естісін жұртқа жайған жарияны!

Бұл уақыт жазғасалым көктем айы,
Қар еріп, суға толған жылға сайы.
Қорықты жылдағыдай тасқын басып,
Көрінбей шабындығы тұрған жайы.

3

Арасы шілде-тамыз жаз ортасы,
Қырда тұр алыс емес күздің басы.
Көк шөптер шудаланып, күн елжіреп,
Жамылған жамылғысын тау мен тасы.

Су қайтып белуардан шабындығы,
Жәйілім – тізеге кеп қалыңдығы.
Сырласып, сыбырласып, сыбдырласып,
Қорықта жайқалып тұр мал азығы.

Мол өріс, мыңғырған мал маңайдағы,
Жусаған құлындары байлаудағы.
Балалар тайға мініп шапқыласып,
Асауды жылқышы ұстап асқан бағы.

Бір күнде байып кетті Бабыр бабаң,
Болыңдар қанағатшыл, дүние жалған.
Ішінде қалың елдің аталы сөз,
«Жатсада Бабыр еңбек!» – содан қалған.

4

Кеш құрым, қоңыр салқын,
маңай жым-жырт,
Бабыр тұр ойға батып, жабылды ымырт.
Өткеріп тіршіліктің шолақ таңын,
Қаперсіз, тыныштықта ұйқыда жұрт.

Әкесі Қарабатыр қол бастаған,
Тұсында жоңғарлардың ойқастаған
Жер құшып жекпе-жекте батырлары,
Қалмақтың нояндары байқастаған.

Аңдысып, анталаған қалың қалмақ,
Бұлт ойнап ел басына түсті салмақ.
Итжығыс бұл қырғынның бітері жоқ,
Талайдың алып кетті басын жалмап.

Шабысып намысты ер ұрыс салған,
Қайрат қып сырлы найза қолына алған.
Қазақты бір соғыста қалмақ жеңіп,
Шаһит боп Қарабатыр Сырда қалған.

Бабыр ерте ат жалын тартты мініп,
Жалындап, қулық жасап сырды бүгіп.
Ұрыстан ел іргесін аулақтатты,
Жотасын жонның жорық жорытып жүріп.

Ендігі бар үміті анасында.
Қазақтың билік айтқан даласында,
Жұлдыздай ажарланды өңі балқып,
Халықтың басын қосу дәл осында!

5

Көк орман, бұлақ суы сылдыраған,
Төгіліп жарқабақтан сарқыраған.
Маржандай шашыраған малта тасы,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.

Едіге тауда туып, тасында өскен,
Жасында мұз төсеніп, қарды кешкен.
Арқаның қырқасына қозы жайып,
Төсінде дамылдаған дауыл ескен.

Тұрағы Далба таудың панасында,
Бұлағы Қарағайлы сағасында.
Ішінде жазылғандай мақпал кілем,
Сандық тас, қайың, талдың таласында.

Дуалы , асау мінез, дүз серісі,
Қалғандай жер бетінде көлеңкесі.
Алғыр ой, бөлек бітім, дара тұлға,
Көрмеген ілімді артық – берекесі.

Таныды елдің мұңын қабағынан,
Табам деп әділдігін жаны ауырған.
Кеңесіп, келісе алмай өзгелермен,
От шашып, ызғар төккен жанарынан.

Баласы Төлебайдың Едіге би,
Дау айтып он төртінде атқа қонған.
Жиналған қалың топтың ортасында,
Ұлы жүз Төле биді сөзден ұтқан.

Төленген он тоғыздың төрт тоғызын,
Тастады Төле бидің өзіне әкеп.
Қалғанын, құн тоғыздың бас тоғызын,
Байлады үйде жатқан Бабырға кеп.

6

Айбынды бұлттан асқан Тотия тау,
Көрінер түстік жерден шыңынан қау.
Жан-жағы алынбастай «берік қамал»,
Маңайы гүл-бәйшешек бейне бір бау.

Самал жел, көк шалғыны балаусалы,
Ұшқан құс, жүгірген аң маңайдағы.
Өзекте мұрын жарып жеміс-жидек,
Сайрайды бұлбұлдары тоғайдағы.

Ауылы Тотияның ықта қонған,
Өткір тіл тау селіндей тәнті қылған.
Төгіліп көмейінен меруерт, маржан,
Адам жоқ заманында одан озған.

Тұрғанда кермеде аты қамшы жарау,
Қаймыққан қарасынан сырттағы жау.
Қорғаған елін аман қан төгіссіз,
Бір ауыз сөзіменен тоқтатқан дау.

Топ жарып қатарынан жүрді дана,
Үлгі айтқан, байтақ елге болған пана.
Жиында талай ерді тамсандырып,
Өшпестей із қалдырған Тотия ана.

Ұрпағы Тотияның Бабыр, Құнияз,
Атағы кетті алысқа болса да аз.
Жайдары, өр мінезді, тау қыраны,
Үніндей сыбызғының төгілген саз.

Қорықтың арылған жоқ берекесі,
Бабырдың балалары ел еркесі.
Аңыз қып ата-баба хикаясын,
Аталып өтіп жатыр мерекесі.

P.S.:
Қазақтың тал бесігі Баянаула,
Жаңа айдың туды күні Далба тауда.
Па шіркін, табиғаттың тамашасын,
Аңқиды жұпар исі қалың қауда.

Қараңыз ұлы көштің толқындарын,
Шыңында арқарлары жортуда мың.
Төңірек ойға салып, тамсандырып,
Бабырдың қорығы анау мамырда «мұң».

Мұнарлы Далба тауы жердің құты,
Бақ қонған, Қыдыр дарып жайсаң жұрты.
Паңданып сол маңайдың төресіндей,
Жарбиып «Тотияның» тұрған тұрқы.

Тулайды елдің жаны, қырда малы,
Бұл әлде өткен күннің қалған дағы.
Жер жайын , заман ізін жасырғандай,
Шулайды қиқу салып көлде қазы.

Әлеумет бір азырақ құлағың сал,
Кешегі ұлылардан ғибрат ал.
Жүргенде алаңдаумен қу тірлікке,
Дүние қайтып келмес боларсың дал.

Тамаша қызығы көп мына заман,
Әрине кімге жақсы, кімге жаман.
Шаңында «Құс жолының» сағым қуып,
Самғай бер даңғылында есен-аман!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.