Реалистік желі үзілмейді

0
39 қаралды

Ел ішінде тұрғандықтан да, еленбей қалып жататын қалам иелерінің шығармашылығы ара-арасында арнайы назар аударуды да қажет етеді-ау деген ой туады кейде. Өйткені олар да бүгінгі таңда өмір сүріп жатқан қазақ әдебиетінің бір саласы екендігі анық қой. Соған қарамастан, провинциялық авторларды екінші сортты қаламгерлер ретінде санайтын психологияны кейде санамыздан сызып тастай алмай жүргеніміз де жасырын емес. Уақыт тауып сондай талантты жандардың көркем дүниелерін оқып, байыппен қарап отырсаң, ішінара іске татырлық дүниелердің ұшырасып тұратындығы көңілге медеу болары сөзсіз.

Кітаптары соңғы жылдары жиі шы­ғып жүрген Базархан Жақы­баев­ты өз басым сондай дарынды авторлардың қатарына именбей қоса аламын. Ол кісінің прозалық шығармаларынан өмір шын­ды­ғының жекелеген суреттерін тауып алуға да, арасында қылаң беріп қалатын жекелеген штамптық си­паттарына қарамастан, сол тауып ал­ғаныңды сүйсініп оқуға да бола­ды екен. Оған не себеп десең, ав­тор қаламының бояуы құбылып ке­тетін фальшқа бой алдырмай, реа­листік желіні үнемі дерлік сақ­тап отыруы дер едік.
«Қош бол, Махаббат» хикая­сы­ның негізгі оқиғасы бас кейіп­кер Берікболдың сүйіспеншілік сезімінің динамикасына құрылған. Автордың оқиғаны өрбітуі, пси­хо­логиялық тартыстарды жеке-жеке жетектеп отыруы оқырманды жа­лық­тырмайды. Адам жанына шуақ шашатын жұқалаң рең, жүдет­пейтін жылылық шығарманың соңына дейін эстетикалық қабыл­дауыңды тұрпайыландыр­май, керісінше, көркемдікті қабылдау сезімін сүйемелдеп отырады. Кейіп­керлер арасындағы бір бірі­не кедергі келтірмейтін ықыласты қарым-қатынастың өзінен де болмашы қайшылықтар туындап, кейде әжептәуір әсерлі тартыстар­ға ұласып жататыны да жазушы қа­ламының қалыптасып болған­ды­ғының белгісі.
Бұған ұнасымды ықпалын ти­гізіп отыратын – алдымен реа­лис­тік өрнектер,сонан кейін шы­ғар­маның кірпіші есепті автордың әңгімешіл майда тілі әрі ана ті­ліміздің бай екендігі.
Бүгінгі таңдағы замандас қаламгерлердің шығар­машылы­ғын­да төбе көрсетіп қалатын бір бө­геліс, яғни, назар аудармай қа­ла­тын бір осал тұсы – өмір шын­дығын көркемдік шындыққа ай­налдыру барысындағы шы­ғар­машылық үдерістің табиғатын дұрыс меңгере алмаушылық. Былайша айтқанда, өмірлік материалды көркемдік талаптар тұрғысынан таразылай отырып, іріктеп алу, осы талап­тардың үдесінен шыға алмай, болған жағдайды болған күйінде жазамын деп натурализмге ұрыну. Ал, Жақыбаев шығармашылығы олай емес, оқырман жанына эстетикалық шуақ шаша біледі.
…Ересек буын өкілдеріне жете та­ныс кеңестік дәуірдегі ауыл өмірі, ауылдағы шаруа басында жүр­ген адамдардың тағдыры, олар­дың армандары мен махаббат сергелдеңдері кезең шындығынан хабар беріп жатады. Жағымды си патта көрінетін персонаждардың же­тістіктеріне қуансаң, ағат қа­дам­дарынан опық жеп қалатын сәттерінде өкініш сезімі қабын­дай­ды. Мұның өзі шығарманың оқыр­манға әсер ете білуінің ны­шаны екендігі сөзсіз.
Ықшам пікірді шиыра келген­де, Базархан Жақыбаевтың про­за­лық еңбектері бүгінгі оқырманның рухани сұранысына жауап бере алатын дүниелер деген тоқтам жа­сай аламыз.

Нұрдәулет Ақыш

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.