Ақыл ойдың алыбы
13.07.2018
1223
0

Шәкәрім Құдайбердіұлы 11 шілде күні 160 жасқа толды. Ғұмыры ауыр азаппен аяқталған алаш ардақтысының мерейлі жасы назардан тыс қалғандай. Шәкәрім – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының немере інісі. Ақын, ойшыл, ғалым. Қажылыққа барған, болыс болған адам. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген. Ғылымнан өзге саз аспаптарын ермек қылып, ән шығарып, саятшылық құрып, сурет салған, ағаштан түрлі бұйым жасаумен, тігін тігумен айналысқан. 73 жасында ойшылды басқыншылар оққа байлап, құдыққа тастап кетті. Арада отыз жылдай өткенде ұлы Ахат әкесінің денесін арулап қайта жерледі. Қазір Семейдегі жоғары оқу орны қажы есімімен аталады, ескерткіші орнатылды. Бірнеше қалада көшелерге аты берілген. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» дастандары, «Әділ-Мәрия» романы, прозалық туындылары, аудармалары, философиялық, тарихи еңбектері, «Қазақ айнасы», «Үш анық», «Мұсылманның шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» шығармалары қалды.


Үш анық

Адам ақиқатты бас көзiмен көр­мейдi, ақыл көзiмен көредi. Бi­лiп жаратушы – тәңiрi, өлiмнен соң бiр түрлi тiршiлiк бар. Екi өмiр­ге де керектiсi – ұждан. Ұж­дан дегенiмiз – нысап, әдiлет, мейi­рiм.

Сөз басы
Келдi, кеттi,
Толды, солды,
Өзгелендi бұл әлем.
Туды, өлдi,
Жанды, сөндi,
Өршiп өндi қайтадан.

Дөңгеленткен,
Өңгеленткен
Бiлiмсiз күш – күш пе екен?
Тiптi мiнсiз,
Кемшiлiксiз
Естi қылған iс пе екен?

Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Семiп о да сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөн деп,
Жаныңмын деп келе ме?
Осы дүниедегi кiшкентай, көз­ге iлiнбейтiн жандардан бас­тап, адамдарға шейiн бәрi өзi hәм нә­сiлдерiнiң жақсылығын бөлiп, өсiп-өнуге қам қылады. Мұны «бар­лық таласы» дейдi. Бұл – жа­ра­тылыстың берiк жолы. Сон­дық­тан барша адам шамасына қа­рай жақсылық, бақыт iздейдi.
Тiршiлiк туралы адам ара­сын­да көптен берi айтылып келе жат­қан екi түрлi жол бар. Бiрi – де­не өлсе де, жан өлмейдi, жоғал­май­ды; өлгеннен кейiн де осы күн­гi тiршiлiкке мүлде ұқсамай­тын бiр түрлi тiршiлiк өмiр бар; сон­дықтан адамдар жалғыз ғана дү­ние тiршiлiгiн ойламай, сол соң­ғы дүние өмiрiнде де жақсы, ба­қытты болудың қамын ойлай бiлуi керек дейдi. Мұны ақырет дей­дi, өлгеннен соңғы өмiр жолы дей­дi.
Ендi бiр жол – бұл әлемдегi бар­лық нәрсенiң бәрi өздiгiнен жа­ралып жатыр, оны былай деп жа­ратқан ие жоқ hәм өлгеннен соң да тiрiлетiн жан жоқ дейдi.
Менiң ойымша, осы екi жол­дың қайсысы анық екенiн табу – ақылы сау адамға қатты мiндет.
Сол жүйеден барша адамды ба­қытқа жеткiзудi ойласақ, бiлiп жа­ратушы ие бар, өлгеннен соң бiр түрлi өмiр бар дегеннiң шын-өтi­рiгiн бiлу керек. Егер шын бол­са, соның қамын ойлап, адам­дарды түпкiлiктi бақытқа жеткiзу үшiн, мүбада өтiрiк болса, оған да әуреленбей-ақ жалғыз осы дү­ниенiң қамын қылу үшiн, оны тек­серу үшiн әртүрлi дiндер жи­нап, әртүрлi ғылым жинап, әр­түрлi бiлiмдiлердiң ол туралы жаз­ған кiтап, айтқан сөздерiнен ха­бары болу керек. Өте-мөте қат­ты бiр керек шарты – өзiнiң ұс­таған дiнiн оқыған, ұғынған қал­­­­пынан асырып алмай, «пә­лен­шекең, жақсы кiсi айтыпты» деп сенiп қалмай, бiржола сол ұғымға байланып қалмай, өз ақылына әбден айқын бола ала­тынын шындыққа сүйенiп тұрып, сол екi жолдағылардың жазған кi­тап, айтқан сөздерiн сынау ке­рек. Әйтпесе адам әдет-ғұрып, ақыл­дан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады. Және өзiнiң мы­нау жөн дегенiн халық алдына сал­ған дұрыс. Неге десең, қайбiр iс болса да, әбден сыналып, та­зар­ған соң шындық ашылады. Ал екi жолдың қайдан шыққанын тек­серсең, адамдардың iздеуi жә­не барша әлемдегi нәрселер қайдан пайда болған, кiм жарат­қан деген ойдан шыққан. Неге де­сең, адамның ақылы оны ойла­май тұра алмайды. Және адам ба­ласы жаңалық бiр нәрсе көре қал­са, оны кiм жасады екен, әрi не үшiн керек демей тұра алмай­ды. Сондықтан жаратушыны iз­де­­ген әркiм әр түрлi ой жүргiзедi.
Тiптi, ескi замандағы адамдар да жаратушы туралы әр алуан топ­­шылау ой жүргiзген. Олар о бас­та бiр нәрсенiң өзiндiк ерек­шелiгiне қарап, осында жа­рату­шы­ның қасиетi бар деп, күн, ай, от, ағаш, асыл тас сияқты нәр­се­лер­ге табынған. Немесе әр алуан жа­ратушы бар ғой деген оймен бiрнеше сурет салып, соған да та­бынған, онымен де тұрмай, әдет­те сау адамның iстей бер­мей­тiн iстерiн де iстеген: алдамшы, жә­дiгөй, бақсы, балгер, дуана сияқ­тыларды да тәңiрiнiң орын­ба­сары болар деп, сондайларға да та­бынған.
Сөйтiп соқыр кiсiдей сан­да­лып жүргенде пайғамбар деген шы­ғып, «барлықтың (не нәрсе­нiң) бәрiн жаратқан ие бар, өл­геннен кейiн болатын бiр тiршiлiк бар, осы өмiрде қылған iсiңе қа­рай, ол өмiрде өлшеусiз бақ, қиын азап бар; мұны бiзге сол жа­ратушы ие бiлдiрдi де, сiздерге ұқ­тыруға бұйырды маған» деген.
Ол кездегi адамдардың бiр­қа­тары бұған нанса да, бiрқатары на­на алмай, бұрынғы қалыптас­қан әдеттерiнен шыға алмаған.
Ендi бiзге бiлiп жаратушы ие жоқ, өлгеннен соң өмiр жоқ дей­тiн ойдың түбiнде осы барлық адам неден бар болды деген ой­лау­дың жемiсi екендiгi төмендегi сөз­ден мәлiм болады.
Ескi заманның бiлiмдiлерi әр нә­р­сенiң түп негiзi неден жарал­ды дей отырып, яғни жаралысты тек­сере келiп, тамам нәрсенiң түп негiзi төрт түрлi нәрседен деп бiл­ген. Олар: от, су, топырақ, ауа. Одан кейiн замандар өте келе әл­денеше жүргiзiлген зерттеулер ар­қылы түп негiздi таба-таба, байым­дай жүрiп, жақынғы за­ман­да барлық нәрсенiң түп негiзi 80 шамалы нәрсе екенiн аңғарды. Cүйтiп бiлгiрлер әр дененiң көзге көрiнбейтiн құраулардан қосы­лып, құралғанын таба бiлдi. «Адам өлген соң дененiң барша құрау­лары шiрiп, бытырап, ша­шы­рап, әрқайсысы өз атомда­ры­на қосылып, ұсақ бөлшектенiп ке­тедi де, жан деген бiржолата жо­ғалады. Сондықтан өлген нәр­седе қайта тiрiлу жоқ» дейдi.
Жақын кезде шыққан бiр кi­тап­тарда Еуропаның осы кездегi бi­лiм­дiлерi атомды электр қуаты­мен әлденеше бөлiп, сол ұсақтың атын электрон қойсын дейдi. Осы бiр майда бөлшектiң аты араб­ша да болса керек едi. Жа­қын­да бiр оқыған кiтабымда мұ­ны «қиқатул камара байбаз» деп­тi. Мағынасы «электр толқа­ны-ау» деймiн. Мұндай болғанда, атомдар да бөлiнетiн болғаны ғой. Ал осы кездегi бiлiмдiлер жо­ғарыда аталған 80 шамалы ұсақ негiздiң бәрiнiң түп негiзi бiр ғана нұр деп жүр дейдi. Олай болса, барлық әлемнiң түп негiзi нұр болғаны да. Нұр жарық қой. Күн жерден бiр миллион үш жүз есе үлкен. Жер мен күннiң арасы 140 миллион шақырым. Нұр күн­нен, оттан шықса да, жан-жағына күл­теленiп шығады. Нұр секун­ды­на 280 шақырым жүредi. Күн­нiң нұры жерге 8 минут 18 се­кунд­та келiп жетедi. Күннен алыс кей­бiр планета жұлдызының нұры жерге үш жылда жететiнi бар. Тiптi, онан алыстағы аспан де­несiнiң нұры жерге бiр мың жылдай уақытта әзер жететiнi бар. Нұрдың жүзiн орысша Юпи­тер, қазақша Мұштари деген пла­нетаның […] төрт жолдасы­ның Юпитер айналғанда 12 жыл­ға жақын мезгiлде бiр айналып шы­ғатыны бар.
Бұл нұрдың жайын жазғанда­ғы мақсатым мынау: нұр өздiгiнен пайда болмаған, бiр нәрседен шы­ғатын нәрсе, оның да үнемi қоз­ғалыста болып тұратыны есте бол­сын. Және бәрiмiзге барлық әлем­нiң ұшы-қиыры жоқ зор еке­нi белгiлi. Осы үлкен әлемге қара­ғанда, бiзге бiлiнбегендерiнiң есеп-қисабын өлшеуге кел­мей­тiнi оқушының ойында болсын. Жо­ғарыда айтылған барлықтың бар­лығы өздiгiнен жаралып жа­тыр, оны былай деп жаратқан ие жоқ дейтiн болжам әлдеқашаннан ай­тылып келе жатса да, әсiресе XVII-XVIII-XIX ғасырлардың аяқ ше­нiне дейiн Европаға көбiрек жайыл­ды. Олардың дәлелдiлерi­нiң негiзi жоғарыда азырақ ай­ты­лып едi. Солай бола тұрса да, тағы да бiз бiлген дәлелдердiң күштi­рек дегендерiн қайта атап өтейiн.


Қажы атаға хат

Биыл шілденің 11-і күні Сіз 160 жасқа толыпсыз! Кім тойлап жа­тыр, қайда тойлап жатыр, той­лап жатыр ма өзі – оны мен айта ал­маймын! Білетінім – жарық дү­ние­де бар кезіңізде жарытып жақ­сылық көре алмағаныңыз! Рас, жастай әкеден айрылып, ұлы Абайдай данагөйдің тәрбиесінде бо­лдыңыз, ақыл-кеңесін тыңдап, өнер деген қасиетті көшке ілес­тіңіз!
Сіз баяғы ғұлама бабаларыңыз – Әбу Насыр әл-Фараби, Абыз Ах­мет Иассауи өткен сара жолға соқ­пақ салып, көп тіл білуге тал­пын­дыңыз, сосын да араб, парсы, түрік, тіпті орыс тілдеріне де же­тік болып қалыптастыңыз. Сіз ға­лымдық жолды да аса қадірлеп, ғы­лыми еңбектер түзуге барынша бел­ді бекем буып, шежіре кіта­бын, мұсылман шарты толғамын дүниеге әкелдіңіз. Бұл ғана ма, жоқ, сіз ұлт поэзиясына да өл­шеу­­сіз үлес қосып, «Қалқаман-Ма­мыр», «Еңлік-Кебек», т.б. дас­­­тан­дарын жаздыңыз. Ал бұдан да бөлектеп, ерекше маңыз бере ай­тарлығы – Сіз орыс ойының алы­бы, көркем әдебиеттің асқар шыңы Лев Толстоймен терезесі тең кісідей тілдесіп, хат жазыс­тыңыз, бұны екінің бірі істей алар ма? Қысқасы, Шәкәрім ата (сіз менен жүз жас үлкенсіз, ата де­мес­ке болар ма), қазақ деген ха­лыққа осыншама ұлы мұра жа­сап, өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жат­саңыз да, өткен ғасырдың оты­зыншы жылдарындағы ылаң ке­зең сіздің қадіріңізге жеткен жоқ!
Сізді ой деңгейі кіндігінен де тө­мен бір топас (бәлкім, біреу емес, бірнешеу) мылтық кезеп ат­ты да тастады! Ой, Тәңір атқыр-ай! Ой, жетесіз-ай! Сіздей ой алы­бына қалай ғана қол көтерді екен? Әй, бірақ, өмірінде Сіздің биік­ке көтеріліп көрмеген тас­маң­дайға неге олай еттің деудің өзі ақымақшылық! Жетесіз ғой, жетесізге не етесіз?
Сіздер неге… соншама азсыз­дар? Неге тым сирек туасыз­дар? Сізге құттықтау сөзімді ар­най отырып, осы жолдарды сон­­шалық қамығып жазып отыр­ға­ным да рас! Мына қамығыңқы­лау халқыңды өлмес рухыңмен, кө­нермес парасат-пайымыңмен демей берші, Толстой биігіндегі ойшыл Тұлға!

Жолтай
Жұмат-Әлмешұлы, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір