Жақындамашы ақынға, Алыстай көрме ақыннан…

0
220 қаралды

Әлия ІҢКӘРБЕК


Жаңбырдың әні
Бір апта бұрын…
Жаумаған еді жауын түк.
Күрсінісінен Тау үркіп –
Табиғат емес, нөсерін төкті Махаббат,
Нәзік жырымды алмасам болды ауыртып.

Бір апта бұрын…
Жүрмеген сынды жер басып,
Қиялмен талай белді асып.
Жарты ғаламға төгілген еді сізден нұр,
Құтыла алмадым мен қашып!
Мен ғашық…

Дәл қазір…
Жасыра алмаған жырымнан,
Кеудеме келіп тығылған,
Өксігі өктем, өкініші аз тағдырдың,
Қайырмасындай бүгінгі ән.
Шуақтың бәрін – Сіз деп танитын бұрыннан,
Ал мен – Жаңбырмын!

Ақиқат
Бағынбай өткен уақытқа,
Таланттың неге «досы» көп?
Бірінші болу бақыт та,
Бірінші болмау – қасірет.

Ақынның тоқтап сөзіне,
Өр мінезіне таң қалған.
Өлең боп өтсең өзің де,
Өмірде басқа бар ма арман?

Күн көрсе мені болғаны,
Кім көретіні мұң ба екен?
Ғұмыр-ай, талас сор-бағы,
Қасыңнан сенің күнде өтем.

Әріпке қосып әріпті,
Жандауам менің осы деп.
Бірінші болу – қауіпті,
Бірінші болмау – қасірет!

Жолда
Сезімді көрдім –
бұлбұл боп бақта сайраған,
Төзімді көрдім –
сабырға арқан байлаған.
Не көрмейді адам, көңіл көзімен қараса,
Жүрегім менен жанымды көрдім айнадан.

Уақытты көрдім –
жылдарға еріп әрі ұшқан,
Бақытты көрдім –
балалығыммен жарысқан.
Аялдай тұршы,
дәл осы жерде мен кеше,
Тағдырдың талай тосқауылымен танысқам.

Жақынды көрдім –
тамшы болса да тасыған,
Ақынды көрдім –
дерт еміп өскен жасынан.
Мен бұл ғаламнан Өлеңді көргім келеді,
Сол үшін бәрін бастасам ба екен басынан?!

Ойын
Жаныңды өртеп бара жатса мендік Мұң,
Төз бұған!
Көптің бірі екеніңді енді ұқтым –
Өз кінәм.
Өр Өмірдің сұрап алып қылышын,
Айқастым.
Мені мүлде ойламашы, құрысын,
Ой – тасқын.
Сұр – өңі жоқ бұл сүреңсіз күндерден,
Безіндім.
Мұңым екен Аймен бірге түнде өлген,
өзімнің.
Үнсіздіктің бір атауы – келісім,
Көндіктім.
Көптің бірі емесіңді мен үшін…
Енді ұқтың…
Сен!

Ақындар
Бұлтқа да берген қолтаңба,
Жыр оқып Күнін батырған.
Қаншама жақын болсаң да,
Қашық бол сонша Ақыннан!

Сезімнен кейде жырақтап,
Төзіммен ғұмыр кешетін.
Күлкісі қыздың ұнап қап,
Ұйқысы қашқан неше түн..

(Өзіңді-өзің мың алдай,
Күйіңді ұғам сенің мен).
Көппенен бірге күле алмай,
Жалғыздан жалғыз егілген!

Тектілік тулап затында,
Өр Өлең үшін аһ ұрған.
Жақындамашы Ақынға,
Алыстай көрме Ақыннан!..

Наз
Мен ішіндемін,
Әлеміңнің.
Сен түсінбедің,
Және… күлдің.
Мен күрсінбедім,
Күте, жүдеп…
«Сен гүлсің», – дедің,
Тікені көп!
Мен көзге ілмедім,
(Өзіңді шын)
Сен сездірмедің,
Төзімдісің.
Мен жалған дедім,
Бар өмірім.
Сен алдан дедің,
Қане, бір күн…
Мен пендемін ғой,
Бар шыны – Өлең.
Сен келмедің ғой,
Қалшы дер ем!

Кездесу
Кездесейік екеуміз –
Көшеге емес, көңілге күз келгенде,
Еріген сәт сезімің мұз-кеудеңде.
Тұманына тірліктің сіңіп кетпей,
Іздегенге не жетсін, Ізделгенге…

Жалғыздықтан..(о,бәлкім,сорым қалың),
Тамып кетті көз жасым таңдайға ащы.
Қандай жақсы Өмірде сенің барың,
Менің барым өмірде қандай жақсы!

Айналаңа сен де бір қарадың ба?
Күйбеңінен арылмас қала мына…
Кездесейік екеуміз адамдардың,
Ізгі ойынан жасалған ғаламында!

Оның монологы
Мүмкін емес сағынбауың мені енді,
Жанарыңда мұң малтыса, ой жүзіп.
Өксігіңді, маған жазған өлеңді,
Жүрегіңнің ошағына қой тізіп.

Өміріңді, сен іздеген Өзіңді,
Бізге мәлім естеліктің барлығын,
Мені… сосын шат-шадыман кезіңді,
Сәл сараңдау сабырыңның жарлығын,

Бәрін-бәрін… өзектегі өкпеңді,
Бізді қоспас бұл қатыгез ғасырды,
Бір жүріп те үлгермеген көк белді,
Өртеп жібер, тамызық қып жасыңды.

Солай ғана «бақыт» тауып бір уақ,
Солай ғана қателігің түзелмек.
Жалын құшқан жүрегіңді жұлып ап,
Сағынышқа егілерсің тізерлеп!

6 сәуір
Қарашы, жауып тұрған қар ма мынау,
Көктемім, тағы мені алдадың-ау!
Он тоғыз, қимасым ең қиядағы,
Шынымен, менен кетіп қалғаның ба-ау?!
Сағыныш, мен шықпаған биік пе едің,
Жамадым кеудемдегі күйікке мұң.
Біреуден дәл осылай көңілім қап,
Біреуді дәл осылай сүйіп пе едім?
Ұлпадай көзден көзге ұшады бақ,
Жанардан жас үзілмей құса қылмақ.
Мен кеттім жиырмамен қол ұстасып,
Қалды ол естелігін құшағына ап.
Көрші өзің, жауып тұрған жан бөлшегін,
Мазаңды алған екем әбден сенің.
Қош енді, бар күнәңді жуайыншы,
Мезгілсіз жауған осы қармен сенің!

Үрей
Жүрегімді тыңдашы сен өзі
Шын –
бас бермейтін асаудай,
өзімді алып қашардай,
Сенемісің?!

Жүрегімді тыңдашы… зымырандай,
Мен осылай жүрем бе тыныға алмай?
Тасқынына жанымның төтеп беріп,
(Түннен аман шығам ба, бүгін Алла-ай).

Жүрегімді тыңдашы, мен тыңдадым,
Онда менің айнымас сертім бар мың.
Өзімді-өзім жүргенде жоғалтып ап,
Көріндің де көзіме, еркімді алдың.

Жүрегімді тыңдашы мұңды менің,
Туласын деп мен оған түнді бердім.
Білмейсің ғой, сәт сайын қорқам, күнім,
Тоқтап қалар секілді жыр-жүрегім…

Пікір қосу