ҒАЛЫМНЫҢ САЛБУРЫНЫ

0
222 қаралды

Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


…Тарайтындай шанағымнан мұң ғана,
Қарайтындай сұрқай далам ұрлана.
Жорамалы жол үстінде жоғалмай,
Көкалалы жылқы айдаған бұл бала.
Ғалым Жайлыбай

Өзіне тән сыпайы мінезбен, міне, ал­пыс жастың есігін инабатпен қа­ғып тұрған Ғалым Жайлыбайдың, ұмы­та қоймаған шығар, бір ақын ту­ралы жазған мақаласында «Сал­бу­рын­­нан іздің сонысын іздеген аңшы сияқ­ты» деген жолдар бар еді. Біздің білуімізше, бұдан көп ертерек кезең­дер бұрын аңшылар топтасып, адам аяғы әрең жететін қиянға аттанып, иен далада ұзақ уақыт бойы аң аулауды салбурын атаған көрінеді. Сал­бурын­ның, зерттеп көрсеңіз, бұдан бас­қа да қазіргі бұйығы тірлік иелері там­санар қызықтары көп. Ол бөлек әң­гіме. Ал Ғалым Жайлыбайдың тіліне сал­бурынның оралуы бір жаңаша теңеу ойлап тапқысы келгеннен кейін­гі әрекет емес, оның сол сал­бурын­ның салтанаты асқан аймақ­тар­ды сан шарлағандығының куәсі. Өт­кен ғасырдың елуінші жылдары­ның екінші жартысында туғандардың ішінде жылқы баққан аз ғана қалам­гер­лердің бірі – осы біздің Ғалым. Әң­гі­мемізді осыдан басталық.

Өлең, әлбетте, ортақ өнер бол­ған­дықтан, әр ақынның меншігіне лайықтап берілер жеке сөздер жоқ. Сұлуы мен көріксізі бар, инабаттысы мен одағайлауы бар, жанашыры мен жылмаңы бар, әйтеуір, көңіл-са­райың­да сайрандап жүрген кез келген сөз бен сөйлемді ал да, өлең құ­рас­тыра бер. Мысалы, Тұмағаңа біреудің аяғын басып кетуден
өл­ердей сақтанатын, жібектей сызыл­ған кішіпейіл тіркестер үйір болатын. Ал Қа­дыр ағаның қасында еш­кімге ес­е­сін жібермейтін тап-тұйнақтай сөз­дер жүруші еді. Сағи ағамыз болса, кезінде ақ жаңбыр, ақ бұлттар, ақ са­мал, аппақ дүние тәрізді анық­та­ма­ларды көп қолдана беретіндігі үшін жас сыншыдан ескерту естіген. Ал солардың Ғалым інісі ше?
Әлгінде айтқанымыздай, әуелде жыл­қы баққан Ғалым үнемі тыпырлап тұратын тұяқтың үнін, аттың жа­лын жатқызбайтын екпінді жел­дің уілін, қыстың көзі қырауда кір­пік пен мұрттан сынып түсіп жатқан мұз­дың күтірін, құйрық-жалдың суы­лын естіп тұратын тәрізді. Өйт­кені айналадағы дүниенің барлығын да ол сол шақтағы суреттермен салыстырып көруге дағдыланған. Әр­ине, өлең жазғанда тап солай жа­сауды ал­дына мақсат етіп қой­май­тын да шығар, бірақ сиялы қа­лам еріксіз со­лай қарай сүйрейді: «Ұзады жылдар, ұзады, Құлдыраң­даған құлын­дай…», «Қырдан асып жүгірген Құла­гер-күн…», «Кер­бес­тідейін көңілдер болады кейде құ­салы…», «Көкалалы көп жылқым Көз алдымнан көлбе­дің…», «Ауыз­дықпен алысқан арғы­ма­ғым…», «Сар желісті құлаға ер сал­­­ма­дым…»…
Осы тақырыбымызды одан әрі жал­ғастырсақ, жылқы дегеніңіз қа­заққа қанат, сүйеніш қана емес, мұң, уайым болған кездері де жет­кілікті. КСРО-ны басқарған әпер­бақан Хрущевтің қылқұйрықты жануардың басына қандай зобалаң тудырғанын аға ұрпақ жақсы біледі. «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды» дейтін «клас­сикалық» өлең сол кезде пайда болған. Бұл, әрине, бөтен әңгіменің еншісі. Ал біздің тоқталып өт­пе­гіміз, осы тақырыптың басқаша жалғасы бар екендігі, және соны Ғалымның көкірегі қалай түй­сінгендігі туралы гәп.
Айталық, «Жетім құлын» — Ға­лым­ның газетке жарияланған бойда назарға ерекше іліккен жырла­ры­ның бірі.
«Протоннан» енесі өлген құлын мен өзіне-өзі қол жұмсап өлген
күй­еу­­дің жесірі — бір тіннің екі жасу­шасы:
…Жетім құлын қаңғиды әр аулада,
Жесір әйел жылайды түніменен.
Тағдырлары ұқсас болғанымен, әрине, адамзат баласының артық­тығы – мейірім төге білетіндігі:
…Жесір әйел сипаса маңдайы­нан,
Жетім құлын көзінен жас ағады.
Бір өлеңге осы суреттер де аз тра­­ге­дия емес. Бірақ… Жалпы, базары тар­­қаған тұлпар мен енесіз қал­ған құ­лын біздің қазақ ақын­да­ры­ның қа­ламына ілікпей қал­май­тын та­қы­рып екендігіне дау жоқ. Дәл осы тұста Жиенбаев Сағи ағаның «Атқа мінгіз ба­ланы, атқа мінгіз…» деп басталатын бір өлеңі еске түсіп отыр. Бала­ның ес біліп, етек жап­қанының бел­гісі ретінде атқа (аша­майға) мін­гізу рәсіміне әкелінген жылқы бір кезде «сар даланың самалын жалғыз жұтып, аспан-жердің арасын аңы­рат­қан», енді, міне, қой торыға айналған бая­ғы арғымақ екен. Жібек мінезді Са­ғаң өлеңді «Сәл иілсек, иыққа се­кіруге, Дап-дайын-ақ тұрсың-ау, қай­ран өмір» деп түйіндейді. Ал жыл­қы сертіне қанық Ғалым одан бө­лек мына шындықты уақытша бүр­кемелеуді және жөн көрмейді:
…Жетім құлын жетіліп кетер болса,
Сойып алмақ соғымға арғы жылы.
Демек, әзірге жесір әйел жұбау­рат­қан жетім құлынның түптің тү­бін­­де көрер күні күн емес — қайда бар­­са да Қорқыттың көрі. Мынау мың құбылған дүниеде ғапыл пен­денің алдынан да талай осындай ша­расыздықтар шыға келетіндігі бұл өлең­нің түпкі астарында жатқан қо­сым­ша желінің шылбыры. Өлеңнің, жоғарыда айтқанымыздай, назарға ерекше іліккен себебі де осы.
Ал жарық жалғанда өлең тіліне қа­тарласа қонақтайтын мұндай ұқсас тір­ліктер тіпті көп. Мысалы, мынау «Жаңғырық» дейтін өлең.
Әрине, бұл ретте, сөз жоқ, Абай­дың «…Жартасқа бардым, Күнде ай­қай салдым, Одан да шықты жаң­ғы­р­ық» деген жолы есіңізге түсе ке­теді. Ғалым да сол жолды негізге ала­­ды. Өзінің де (осы заман ақыны­ның да) жан-жағы жаңғырыққа толып тұрғанын айтады. Рас нәрсе. Бі­­рақ Ғалым онымен тыныш таппайды:
…Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып? —
деп Абайға сауал тастайды. Ащы сауал, бірақ күн тәртібіне осы­лай қойылуға тиіс сауал, тіпті, шын­­ды­ғына келгенде, талай қойы­лып та жүр­ген сауал. Ал бұдан соң­ғы жолдар­да бұл сұрақтың астары қалай ашыла­тынын мазмұндап шықсақ, көп сөзге ұрынып қаламыз, сондықтан тізгінді тартамыз. Дегенмен, негізгі айтпа­ғы­мыз­ды ұмытпаймыз: бұл өлеңнің жә­не бір ерекшелігі — Абайға және бір сауал арналатындығы және оған Абай енді жауап бермейтіндігі:
…Жартасқа бардың сен неге,
Жаңғырық есту үшін бе?
Ғалым осы арқылы бізді (ақын­дарды) Абайдан соң неге өлең жазатынымыз туралы күдік-орманға кір­гізіп кетумен бірге, әлгідей жар­тас­тардың қазір қай жерде тұрғаны жө­ніндегі пікірлерге, осы күнгі жаң­­­ғырықтар туралы мына жұрт­тың не ойлайтыны хақындағы болжамдарға қоса қамап кетеді.
Ғалым шығармашылығы — та­би­ғат пен адамның, заман мен қоғам­ның, жалқы мен жалпының ара-қатынастарына оқырманды өзгеше үңіл­діретін осындай жыр­лардың бе­рекелі қоймасы.
Мына екі жолды оқиық:
…Қара шанақтың зарын құсты­рып,
Өз қобызымды өзім тыңдадым.
Бұл жерде қобыздың үні жоға­рыда сөз болған жаңғырықтың туысқаны деуге келетін сияқты. Себебі «…одан да шыққан жаңғы­рықты» дауыс иесінен басқа ешкім естіген де жоқ қой. Айналаны ну тіршілік, нөпір ха­лық қоршап тұр­са, жаңғырық пайда болар ма еді. Ал мына өлеңде жал­ғыз жортқан пенде қара шанақтың зарын өзі тыңдап, өз арман-мұңын өзі тербетеді. Демек, мейлі, өркениет соншама өркендеген заманда да адам шіркін бәрібір бір жалғыздықтан құтыла алмайды екен.
Осындай да осындай гәптерден кейін ақынның (немесе оқырман­ның, әйтеуір қазақтың) мынадай ренішті ле­бізіне дау айту да қиын:
…Өмір кештім, мен де бір өмір кештім,
Көрпесіндей сусыған көңілдестің.
Ал мына екі жол әрқайсымыз бас­тан кешкен сондай алуан бояулы өмір­дің бір жалт еткен бір қимас су­реті ғана:
…Біздің бастан бір дәурен жалт береді
Үйіріндей үріккен қысырақтың…
Қай дәурен екені ашып айтыл­май­ды. Ашып айту міндет те емес секілді. Себебі әркімнің қаншама жыл­дар өткен соң ғана сағындыра­тын, сар­ғайтатын бір дәурені болады. Ол, бәл­кім, мұңсыз балалық шақ, мүм­кін, уайымсыз бозбала дәурен, тіпті бертінде кешкен, бірақ бертінде деуге қимайтын әйтеуір бір сағым-жыл­дар шығар… Қайт­кен­де де өтті, кетті. Жай кеткен жоқ-ау, бас-аяғын аса қиналмай қайтадан қосып алатын мо­мын қойдың отарындай емес, қайыру бермейтін қырсық қысырақ­тың үйіріндей болып жоғалды ғой. Қы­сырақ бағудың қиындығын жыл­қышар бек түсіндіріп береді, қазақ «Қыз баққанша қысырақ бақ» де­ген­ді жетіскеннен айтпаған, дәлел­дің сал­мағын күшейту үшін айтқан. Бозбала дәуренінде кейде бұлтты, кейде бұлтсыз аспанның астында бірде жай­дары самалмен демалып, бірде жын­дысүрей үскірікпен жа­ға­лас­қан Ға­лымның тіліне басқа емес, қысы­рақ­тың үйірі ілігетін се­бебі – осы.
Осыған ілестіре еске түсірсек, қа­зақ қаламгерлерінің және бір соқ­пай өтпейтін тақырыбы — жусан. Тым әріге барсаңыз, ал­дыңыз­дан А.Н.Майковтың орыс тілді ше­жі­ре­лерден сүзіп алып, 1874 жы­лы Ұлы Да­ланың жусаны туралы жазған «Ем­шан» өлеңі шығады. Бірақ біздің Ға­лым жусанға кезіге алмастай жат ай­мақта жүрген жоқ, сол себепті жу­сан оның қол жеткізе алмастай бұл­дыр сағынышы емес, әу баста күн сайын дерлік, қазір оқта-текте болса да кездесіп жүрген сырласы, мұңдасы. Сол сырласты­ғын, сол мұңдастығын ақын былайша бейнелейді:
…Жалғыз түп жалқы жусанның
Тамырына түнеп тағдырым…
Егер түп-тұқияны ауылда жат­қан, ал сол ауылдың түтіні көзіне кө­рініп тұрған ақынның аяқ астынан жусан иісін жылаймандана сағына салуы қандай жалғандық (бәлкім, еріншектік) болса, оның есесіне сол жусанның тамырына тағдырды тү­нету соншалықты шындық. Үнемі әл­денеге көңілі алаң болып, үнемі әл­денеге шөлір­кеп жүретін ақынның тағдыры анау шөл-шөлейтті далада өсетін жусан­ның тамырынан сая із­деуі — заңды құбылыс, мінсіз бай­қам­паздық.
Расына келгенде, ақын деген ха­лықтың әлдебір ерекше айшық­тарды әдебиет теориясында қа­лып­тасқан ғылыми ұғымдар мен терминдерге әдейі бейімдеп емес, сол әлгі түйсік ар­қылы кездейсоқ пайдаланатын сәттері бар. Мысал кел­тірейік:
Торғынын тосып Тобылым,
Толқыны толқып аққанда,
Тобылғы түсті торы күн
Толықсып барып батқанда…

Торықтым…
сосын төгілдім,
Тосын бір күйін тосты ағын.
Толғанып аққан Тобылдың
Толқынын сүйді тоспа құм…
Бұл өлең өзен туралы ғана ем­ес, сол өзеннің толқыны туралы бол­ған­­дық­тан ақынның қаламын бір-бірін лек-легімен құ­ш­ып-сүйіп жататын майда иірімдердің суреті осы­н­­дай әуезді жолдарға жетелесе керек. Бір­кел­кі қайтала­натын үндес дыбыстар, шынында да, бір жа­ғы­нан, су жа­ғалап өскендерге То­был­дың тоспа құм­ға бас тіреген тол­қындарын айқын елес­­тетсе, екін­ші жағы­нан, өз­ен­нің са­мал си­паған айдынын әлде­қа­лай жал­ғыз келіп көр­ген­дердің әлдебір тол­­қынысты бастан ке­шетінін еріксіз еске түсіре­ді. Ал мы­на жолдар ше:
…Қозы көш
жерден көрінген
Қоңыр қаздардың тізбегін
Қоғасы біткен көлімнен
Қобыздай сарнап іздедім….
Өлеңнің бу­нақ­­тық өл­шемі бү­гінгі болғаны­мен, сарыны ба­ғзы заман жы­­рау­ларын еске са­лып тұр­ған жоқ па?! Әрине, жы­раулар дәуі­рінде бол­ған қо­зы көш жер мен қоңыр қаз, қо­ғасы біткен көл мен қобыз қазір де бар, дегенмен, қоға­лы кө­л­дер, қом су­лар қоныс бол­ған сол за­ман мен қо­ғасы біт­кен көлдер қоңыр қаздарға қоныс бола алмайтын мы­на кезең­нің аралы­ғын­дағы өз­ге­шелік тым басқа. Ға­лым тә­різді ақындардың осы­лай­ша «Қоңыр» деген өлең жа­зып, екі басқа дәу­ренді бір байтаққа сыйғыза алмайтыны да сондық­тан.
Осы тұста ерекшелеп ай­та кеткен ма­құл, Ғалымның өл­ең­­ді ажар­ланды­ратын көр­кем­дік бояуларға, мыса­лы, аллитерация, ассонанс, әсер­леу (әсі­ре­леу емес) тәрізді тә­сілдерге іш тар­туға бейім өлеңдері табиғи музы­ка­лық аспаптар төгетін қоңыр әуен­дер­ге қосыла үн қатып тұрады. Мы­са­лы, әр сөзі бір ғана әріптен бас­та­латын мына жолдар сол сөзіміздің дәлелі:
…Керім кездің кезікті кереметі,
Кермедегі керілген кер бестідей,
немесе,
…Боз көде боздар беткейде –
Бетеге басқан балағын.
Әйтпесе бастапқы, соңғы сөз­дері қа­тар ұйқасқан мына жолдарға үңі­лейікші:
…Мұң қалады төсінде қыр-алаптың,
Жылғалары жанымның,
жылап ақ­тың», болмаса,
…Мұқым қайғы…Таяз бақыт. Күз. Қала.
Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.
Оны азсынсаңыз, мына шумақты оқыңыз:
Тұлпарларым, дүлдүлім, арғымағым!
Мәңгі бағым… Таңдарды таңға ұрамын.
Шалдығамын көмбеден көре алмасам,
Зар қыламын айта алмай Ардың әнін».
Бұлар – сирек тоқылатын (дұры­сын­да, төгілетін) кестелер. Олай дей­­тініміз, сөзді тап осы Ғалым тә­різ­­ді әрлі әуезбен әдіптейтін, әлдебір әде­мі әндерді еске түсіріп отыратын қа­лам иелері саусақпен санарлық-ақ. Со­ның ішінде Ға­лым­ның өлеңде­рін­де осы қасиет ерекше басымдыққа ие, талай шумақтардың талай жолдары бір-бірімен сыңғырлай сырласып тұ­рады.
Осындай ерекшелік, сірә, бұ­рын­­нан да «Тамшылар» (Өтеген Күміс­баев), «Бар ма маған ғашық адам бір жер­де» (Тұманбай Мол­да­ғалиев) тә­різді әсем әндері­мен танымал компо­зи­тор Ахмедияр Ес­мұхановтың да көңі­ліне қанатын кең жая қона кеткен болуы керек. Ол Ғалымның бір өлеңіне қатты қызықты, қызықты де­геніңіз не, сол мәтінді өзгелерді де қы­зық­ты­ратын тың әуенмен әдіптеді. Сөй­тіп, қазақ даласына кенеттен «Муз­АРТ»-тың орындауындағы «Есіл ағады» әні кең тарап жүре берді. Мі­не, осындай шақта сазы сұлу, сөзі сыр­лы «Есіл ағады» әні жұрт­шылықты ерек­ше елең еткізді:
Есіл ағады, Есіл ағады,
Ақбұйра толқын жарды ұрып.
Есіл аққанда есіп ағады,
Жағада жартас жаңғырып.
Есіл ағады, Есіл ағады,
Мағжанның жүйрік жырындай.
Мені де бір қыз есіне алады,
Тарқатып өрген бұрымдай…
Осылайша біресе жағаны аймалап, бі­ресе тарқатылған бұрымды көз­­ге елес­тететін мәтін сүйкімді қайыр­маға ұласады:
Сырбазым сыңғыр, сыңғыр ете­ді,
Сұлулар таққан сырғадай.
Түрілген сонау түннің етегі –
Ұйқымды қайтсін ұрламай?
Ән аяқталғанда төңірегіңде әл­де­бір әуеннің сыңғыры әлі де қа­лық­тап жүргендей сезіледі екен, әлдебір нәзік шумақтар айналаңды әлі де ке­зіп жүргендей болады екен. Тап осын­­дай кезде Фариза Оңғар­сы­но­ваның мына лебізі қайтадан есіңе ора­латындай: «Кейбіреулер қазақ жы­рын қаншама қырық құбылт­қа­ны­­мен, Құран тектес қа­сиет­ті қара өлең Қасымнан, Мұқа­ғалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының ал­дынан шы­­ғады. Қазақтың қазақы бол­мы­сы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйыл­ған, сыңғыр еткен сайын жа­на­рыңды жаулап жарқ ететін шаш­бау-түймелеріндей Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ».
Есілдің ерке ағысын негіз ете сөй­лесек, ақынның мұншама алуан түр­лі көркемдік нұсқаларды мол пай­далануы оның алуан тақырып­тарды қамтуымен ғана емес, алуан аймақ­та­ғы әр түсті суды кешуімен де, әр түр­лі топырақты басуымен де байланысты болса керек. Мысалы, «Қызы­ла­ғаш, Қызылағаш…» өлеңінде тос­қауыл­сыз аққан тажал топанның тау­­қыметі Ілияс жыр­ла­ған Ма­тай­дағы қобызшы Молықбай шалдың зарлы күйін еске түсірсе, «Алғадағы ақ­қулар» табиғат тақ­сіре­тінің осы за­манда пайда болған қамырықты көрінісін бейнелей сұңқылдайды, ал «Жасыбай көлі» сая іздеген сайғаққа бағзы заман­дағы сайранды күндерін сағынтады. Ғалымда мұндай өлеңдер бар­шы­лық: «Баянтаудан қайтқанда», «Шай­танкөлге барғанда», «Ерей­мен­ді көргенде», «Қызыл іңір. Қызылжар», «Са­рыарқа. «Протон» құлаған жыл», «Баянаула. Түнгі тілек», «Шыңғыс­тау­ға сапар», «Ұлы­тауға бардың ба?»… Осы өлеңдерді оқығанда қайран қазақ даласының кешегісі мен бүгін­гі­сі әр кезеңдерде түсірілген фильм­дер­дің түрлі түсті һәм ақ-қара лен­та­ла­рындай кезек-кезек алмасып, жан-жағыңды қау­малап дүбірлей шауып келе жатады. Рас, қазақтың ұлан­ғайыр көркем кеңістігі табиғат ли­рикасының небір шұрайлы шу­мақтарына айналған керемет кездер бол­ған. Бірақ ол қай заман еді, ол қай жердің үсті еді, қай аспанның асты еді?! Ал бүгінгі Ғалымның еншісіне мүл­де басқа суреттер бұйырды: «…Айымен қосып бұл күнде Айдынды жұтып қойған жер»; «…Сексеуілсіз қай­ран дала – Ақ­сақалсыз қазақтар­дай»;
«…Бу­лы­ғып ұшқан бұлттары-ай көк­­тің, Буынсыз жерге ұрынып»…
Осы әңгімені одан әрі жалғасақ, жоғарыда Ғалымның әуелі даламен еркін сырласып өскенін ескерт­кенбіз. Сол себептен де оның қала­мы­на сол да­ланың тірлігі көбірек ілінуі заңды­лық. Өлеңдердің атау­ла­рынан-ақ құм суырып, жел үрле­ген қайран қо­ныс­тар көз алдыңа келе қояды, ал ав­торлық баяндаулар әлгі суреттерді тия­нақтай анық­тап көрсете бастайды. «Күзеудегі қараша үй» – жүректің жү­деу күр­кесі, «Ескі қорым» – дү­ние­нің жал­ғандығын қайталап тұрар ес­кі ән, «Сынық арба» – қайран қара шал­дардың қажырлы төзімі, «Бұлақ басындағы бұлдырық» – бұлаң еткен бұл­дыр өмір, «Қос қараған» – сұп-суық сырдың сұлбасы, «Қараша ауыл» – жабыққан жанның жазылмас жарасы…
Міне, осыларды ескергенде Ға­лым­ның поэмалары да бітпейтін дала дастанының бір парағына айналуы заңдылық болып көрінеді.
Қазақ жұртында Жаяу Мұса мен «Ақ сисаны» білмейтін сауатты жан жоқ шығар-ақ. Әлдебір себептермен кейін­нен табылып жатқан ескілікті ақындар мен көне жырлар (оның ішін­де, айталық, ХVІІ немесе ХІХ ға­сырдікі делінетін, бірақ лексикасы, неге екені белгісіз, ХХІ ғасырмен де үн­дес бола салатын туындылар) ту­ра­лы әңгіме басқа, ал Жаяу Мұса, Ға­зиз, Құлтума, Қанапия, Жарыл­ғап­берділер көңілдерге әу бастан бе­рік орныққан есімдер емес пе еді?! Осылардың арасынан поэма кейіп­кер­лігіне Жаяу Мұсаның ілігуінің де се­бебі белгілі, ол – жаяу жүріп ат­­тыдан кек алған ақындардың ай­бын­ды сим­волы. Автордың мына түйін­демесі шы­ғарманың толық маз­мұнын қыс­қаша бейнелеп бере­ді:
…Бұл дүние – әлімсақтан қазақ үшін –
Атты менен Жаяудың аламаны.
Сондай-ақ:
…Ақ сиса» —
жаяулықтың жармасқаны
Аттының шаужайына жан дәрменде.
Былайша барлығы да түсінікті сияқ­ты, бұл оқиғаның анау заманнан мынау заманға көнбіс тірліктің тас-то­пырағына көміліп қалмай аман-есен жеткенінің өзі — ымырасыз ыза-кектің өтеуі, бәлкім, қия­нат­тың жеңілуі, мүмкін, зорлықтың тізе бүгуі. Дегенмен мына сөзді қайда қоя­сыз:
…Айдап алар малы жоқ өрісінде,
Көп ішінде бір жалғыз…
Мұса ма екен?
Бұл жолдардағы мал мен өріс, біз­­діңше, тілге тиек болып отырған фак­ті ғана. Одан да зор кілтипан «Көп ішінде бір жалғыз… Мұса ма екен?» деген, сырттай қарағанда, тіл ұшы­мен айтыла салған тәрізді болып көрінетін бір ауыз лебізде жат­қан жоқ па?! Айналаңызға қараңыз­шы, «көп ішін­де бір жалғыз…» қазір жоқ па? Осы­лай үңілгенде (жоғарыда кел­ті­ріл­­ген «бұл дүниенің қай кезде де ат­ты мен жаяудың аламаны» болатыны тәрізді бірқатар қосымша нала-наз­дарды қосқанда) Жаяу Мұса об­ра­зы оқтын-оқтын жал­қыдан жал­пыға айналып кетіп
отырады. Ақын­ның негізгі мақсаты да осы бол­са керек және сол мақсат өте сәтті орын­далған. Бұл шеберлікті, әрине, поэ­маның өн-бойынан, мәселен, за­ман туралы толғаныстар­дан да жиі тауып алуға болады. Өйт­­кені поэмада, айталық, Шор­ман­ның Мұстапасы мен Жаяу Мұ­саның арасындағы кек­тесу­лер сол заманғы қазақ бай­та­ғы­ның барша трагедия­сының бір ғана суреті екені, ал өзара өштескен Шор­ман­ның Мұстапасын да, Жаяу Мұса­ны да қоса жалмап тас­тайтын басқа бір зор алапаттың дауылы басқа жақ­тан соғып тұрғаны қо­сымша баян етіледі. Осындай ас­тар­ларды абайлап ашу тәсілдерін тапқан ақын әрі-бе­рі­ден соң «бай мен кедей» (берідегі «ақ пен қызыл») мәселе­сі­нің ара-жі­гін оңай ажыратып алуға бейімделіп тұратын арзан қа­дам­дарға баспайды. Кінәліні оқыр­­­ман­­ның өзі бірге і­з­де­се­ді. Поэ­ма­ның құндылығы да – осы. Және сол себепті автордың ті­лі­не мынадай тілек ілігеді:
…Қасиетім – қалың ел – тұтас орман,
Өткеніңді өрт шалған құса сордан.
Сен аман бол,
«Ақ сиса» –
Жаяу ақын –
Арқадағы бір құтым – Мұса,
Шорман…
Жалпы түйін: қазақтың әр аяу­лы­сы – қазақтың әр қасіретінің бір ес­телігі.
Ал «Киікқашқан» поэмасы — эко­логиялық зар. Киік зары. Бұл бі­рақ заманында Сәкен Сейфуллин жыр­лаған, жануарға бағышталған аш­көздіктің зардабы туралы емес, өр­кениет дейтін жаңа дәуіріңіздің про­тондар мен гептильдер арқылы бү­ріккен улы сәулелерінің қасіреті жө­ніндегі дастан:
…Боз дала бота болып боздағасын,
Бозторғай бүріседі бір ән салмай.
Ең сұмдығы сол, адамзат түптің түбінде киік түгілі өзіне-өзі қорған бо­­лып қала алар ма екен? Сондықтан да:
Киікқашқан — дастан емес,
Киікқашқан — сұрақ белгі…
Бұл айтқанымызды сыншы Аман­­гелді Кеңшілікұлының: «Киік­­қаш­­қан» — азып-тозған дүниенің сим­волдық бейнесі ғана емес, қазақы рухтың бүгінгі көрінісі. Бұл күні ке­ше ғана «Адамға табын, Жер, енді» деп астамсыған адамға жіберген Құ­дай­дың зауалы», — деген қатал пікі­рі­мен түйіндей тұруға болатын шығар.
Иә, мұны зауал делік. Ал өткен ға­­­сырдың отызыншы жылдарының ая­ғында ерекше қарқын алған, елуін­ші жылдардың екінші жартысына дейін зардабы біржола үзілмей жал­ғасып келген саяси қуғын-сүр­гін қа­сіретінің өтеуін кімнен сұрар екен­біз? Тіпті әлдекімдерден сұра­ған күн­де де жарамыз жазыла ма? Әрине, жоқ. Осы тақырыпқа жазыл­ған сан алуан шығармалардың қатарына «Қара орамал» поэмасы қосылды. Бұл – нақты деректер мен құжаттарға сүйен­ген поэзиялық реквием. Қар­Лаг-тың (Қарағанды еңбекпен түзеу лагерьлерінің) территориясында әлі күнге дейін атқан таңмен, батқан күнмен, соққан желмен зарлай сыр­ла­сатын өткен күннің қайғыға тұн­шыққан көрініс­тері туралы бұл туын­дының салма­ғы қандай да асқақ ең­сені езіп жі­бе­реді. Поэмадағы әр та­раудан зәрлі зұл­маттың әр парағы сы­ғалайды. «Мамочкино» моласы» — шарасыз бақытсыздықтың шырылы, шарана шағынан балалығын ұрлатқан, қы­зы­­ғын тонатқан, арнаулы ком­бинат­тағы тірліктің ауырт­па­лығын көтере алмай опат болған, мүр­деге айналған жазықсыз балалар­дың жан азасы. «Қызжыла­ған» — «Ал­жир» лагерінде («Акмолинский ла­­герь жен изменников Родины») азап шеккен аналардың ерні тілім-тілім еңіреулі тірлігі. Тіпті көлемді шы­ғарманың қай тарауына үңілсе­ңіз де («ҚарЛаг» қақ­пасы», «Ахметжан Сар­мантайұлы­ның «58-статья» күйі», «Гар­моншы. 1937 жыл», «КарЛагтың» қара кіта­бы», «Тас пен ас», т.б.) қара жамылған елестерден құтылуыңыз мүм­кін емес. Поэма сол себептен де сұл­басы үнемі жел­бі­реп тұратын түйін­мен аяқталады: «…Қарағанды ла­гері — қара орамал Жиырмасыншы ғасыр­дың басын­дағы».
Айрықшалап айта кететін жайт, бұл поэма кейін Швецияның астанасы Стокгольм қаласынан қуа­ныш­ты хабар әкелді. 36 мемлекеттен түскен 1600-ге жуық әдеби шы­ғармалар са­рапқа салынған VІ Халықаралық «Open Eurasia-2017» ашық байқауында «Поэзия» аталымы бойынша «Қара орамал» үш үз­дік туындының бірі ре­тін­де жүлдеге ие болып, әлем тіл­деріне аударылатын дүниеліктер қа­та­рына енді. Қа­зақ ақыны тұңғыш рет мәрте­бе­ленген бұл байқауға бес ата­лым бойынша 15 бәйге ғана ті­гіл­генін ескерсек, Ғалымның табысы қан­шалықты қадірлі болғанын ежелей түсіндірудің қажеті жоқ та шы­ғар.
Сүйекті бұл дүниелерге бертінде қо­­сылған тағы бір поэма — «Тама­көш­кен». Бұл — өткен ғасырдың оты­зыншы жылдарында қолдан жа­салған (КСРО «сыйға тартқан» және бір тра­ге­диялық экспе­ри­менттердің бірі) ашар­шылықтың қайта тірілген сұлбасы. Поэма атауы бір рудың есі­мі­мен таңбаланғаны болмаса оқи­ғалар мен сол оқиғалар­дың зардабынан ернеуден аса төгіл­ген қайғы мен шер үні сол тұста күл­­лі қазақ жұр­ты­ның басына түс­кен зобалаң еді. Шебер көркемдікпен астарланған бұл шы­ғарманың жаппай оқылым­ды­лыққа ие болып, әлеуметті қайтадан ті­т­іренткені де содан.
Міне, төрт поэмада әр кезгі төрт оқи­ға қамтылғанмен де, ортақ әуен бі­реу — қазақ даласы және қазақ жұр­ты. Жоғарыда өлеңдердегі қай­ран қо­ныстарымыздың бүгінгі су­рет­терін тіл­ге тиек ете отырып, көлемді туындылар туралы әңгімеге көшер кезде, «Ғалымның поэмалары да бітпейтін дала дастанының бір парағына айналуы заңдылық бо­лып көрінеді» деген себебіміз, міне, осы еді.
…Әңгімеміздің басында Ғалым­ның салбурын туралы айтқан бір лебізін келтіргенбіз. Ақындық та сол сал­бурынның бір түрі. Ақындар да (әрине, шын ақындар) көнеден келе жатқан неше алуан таныс та­қырып­тарға жамыраса қайтадан қол созып, әрқайсысы әрқалай жыр­лаған шабытты шақ аңшылардың әлгі топ­тасып қиян кезген салбурынын ел­ес­те­те­ді. Сол топтағы қанжы­ғасы май­­­­­­­лы­лар­дың бірі Қазақстан Рес­пуб­ли­касының еңбек сіңірген қайрат­кері, Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жай­лы­бай болып қала бер­мек.


ҒАЛЫМ ІНІМ

Көңіліме ұялап бір көне күннен
Сөйлейтін бөлек сөзбен, бөлек үнмен.
Жаныма жақын келген інім едің,
Өміршең өрге тартқан өлеңіңмен.

Жігіттің аманында мына басы
Ақынның күтті сені сыбағасы.
Жақсы өлең жазғандардың барлығы да
Туысы, Тұманбайдың іні, ағасы.

Жақсыға жанымды ашам жек көрмеймін,
Қуанып көңіліммен көкке өрлеймін.
Жырларыңды оқыған сайын мен де,
Өзіңе жақындасып кеткендеймін.

Білмеймін сенің туған мекеніңді,
Бұйыртсын Аллам саған екі елуді.
Тұп­-тұнық жанарыңның өзі айтады
Тұманбайдың інісі екеніңді.

Інімсің, ілгеріге ат жүгірткен,
Үзбесін өз күдерін тәтті үміттен.
Бәйгеге түскен сенің тұлпарыңды
Ағаңмын алғы жақтан қатты күткен.

Күтеді әлі сені жанып өрің,
Жастықта бәрі әдемі, бәрі керім.
Сәбеңнің бір тойында атың келіп
Қолымнан бас бәйгені алып едің.

Бастайсың бір шабысқа мені күнде
Ұлы жол алдымыздан керілуде.
Алдына ат салмаған тұлпарыңның
Көзінен тағы сүйдім елуіңде.

Тұманбай Молдағалиев.


… Ойшылдық пен сыршылдық, шындыққа тік қарап, көңіліңдегіні жалтармай айта білу, соған лайық жаңа бейнелі сөз табу, ондағы кейде нәзік, кейде сазды, кейде тіпті көңілдің өрлігі ашық бояулы ақын жырларын өзгеше танытады.
Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері. Бізге керек өлең осы – бүгінгі өлең.

Серік ҚИРАБАЕВ, академик.


… Қазағыңыздың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайды біз тобылғы торы талант деп атаймыз. Жазамыз. Дәл солай көз алдымызға келтіріп оқимыз. Елестетіп елеңдейміз. Тобылғы торы талант деп Ғалымдайын ғажап қаламгеріңіздің, бірегей бауырымыздың бүкіл болмыс-бітімін, тұтас тұрғы-тұрпатын, ағыл-тегіл ақындығын айтамыз. Қайран қазағыңызда аймүйіз ақындар бағзы замандарда да, күні кешелері де аз болмаған. Дәл бүгінгі кезенейлі кезеңде де кемшін соғып жатқан жоқ. Мың да бір шүкіршілік. Еменнің иір бұтағындай ерендері бар. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай кенендері бар. Жиде сынды жұпар шашқан шайырлар да жоқ емес. Сексеуілдейін селдірлер, мойылдайын мөлдірлер деп жалғастыра бермекке де болар,сірә. Ал, Арқаның төсін арда емген ақыныңыз Ғалым Жайлыбай тек тобылғыңызбен ғана табиғаттас, тектес, тағдырлас секілді сезіледі.

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.


… Абай, неше ғасыр өтсе де, Абай болып қалады. Лермонтов, Блок та солай. Жаңа заманда салынып жатқан қабырғасының қалыңдығы бір қарыс зәулім үйлердің, кім білсін, қанша жыл тұратынын. Әйтеуір,
XIX ғасырда салынған кірпіш сарайлардай ғұмырлары жоқ екені белгілі. Кейбіреулер қазақ жырын қаншама қырық құбылтақынмен, Құран тектес қасиетті қара өлең Қасымнан, Мұқағалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының алдынан шығады. Қазақтың қазақы болмысы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйылған, сыңғыр еткен сайын жанарыңды жаулап жарқ ететін шашбау-түймелеріндей Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ.
Мен Ғалым Жайлыбай ақынның қазақ сәйгүлікке салар «қаз мойын қасиетті құрама еріндей» жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатынына сенемін.

Фариза Оңғарсынова,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.


АРДАКҮРЕҢ

Арқадан алты Алашқа:
– Ар ма! – деген.
(Жапқандай салтанаты нарға кілем).
Кетпендей тұяқтары жер қопарып,
Арда емген қара өлеңді Ардакүрең.

Қара үзіп топтан озса қара барқын,
Жауының қара шашы ағаратын.
Маңдайы мәре қиып өткен сайын
Қара өлең қайта-қайта жаңаратын.

Арда емген Ардакүрең қара өлеңді,
Тамсантқан талай мәрте тәмам елді.
Ішінде бір биік бар, бір күйік бар,
Сарнатқан сыбызғыдай саналы ерді.

Әргі атаң Қуандықтан бата алғасын,
Кездіктей қап түбінде жата алмасым.
Ал, құйғыт, тағы да бір жас парлатып,
Я күйер, я сүйінер қатарласың.

Тосқауыл қоя алмайсың намысты ұлға,
Бағын көр, бәйгесін бер жарыстыр да.
…Ноқтаға басы сыймас арғымақты,
Ей, қоғам ауыздықпен алыстырма!

Маралтай Райымбекұлы.

Пікір қосу