Тіл табиғатын танытқан

0
70 қаралды
Қоғамның күннен күнге өркендеп келе жатқан тұсында оқушыларға білімді ғылыми негізде жүйелі меңгертіп, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп үйретуді басты ұстанымына айналдырған ұстаз-ғалымдарымыз да баршылық. Осындай қажырлы еңбегімен танылып жүрген ұстаздардың бірі – қазақ тілін оқытудағы «сатылы кешенді талдау технологиясы» атты еңбектің авторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Нұрша Алжанбайқызы Оразақынова. Әдіскер-ғалым университетте білім беріп қана қоймай, авторлық еңбегімен республика мектептерінің білімін көтеруге де өзіндік үлесін қосып келеді.
1994 жылы ауыл балаларының ішінен «Қазақ тілі мен әдебиетін қы­зыға оқитындарды «Алматы об­лыстық №1 қазақ-түрік ли­цейі­не қабылдау басталыпты» де­генді естіп, алып ұшып Алма­ты­ға жеткен едік.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық пе­дагогикалық университетінің оқы­тушылары Мереке Жаманов ағайымыз бен Нұрша Ораза­қы­нова апайымыздың алдында ауызша, жазбаша емтиханды сәт­ті тапсырғандар лицей ішінен ашылған филология сыныбына қабылдандық.
Қазақ тілін оқу дегеніміз «ере­же жаттап, жаттығуды дәп­тер­ге мөлдіретіп жазу» деп түсі­не­тін біз үшін «сатылы кешенді талдау» деген тың дүние еді. Алғашқы сабақтан бастап-ақ, Нұр­ша Алжанбайқызы сөйлемді талдата отырып, әр сөздің ішкі ма­ғынасы мен қолданыстағы ерек­шелігін ғылыми негізде жан-жақты түсіндіре бастады. Сөз сырына бойлату арқылы өзін­дік көзқарасымызды айтуға машықтандырды. Сөйлемді фо­нетикалық, лексикалық, грам­матикалық тұрғыда дауыстап талдатып қана қоймай, ойымызды шешен де шебер жеткізуді талап етіп, бірте-бірте жазба жұ­мыстарын сауатты, жоғары дең­гейде, шығармашылықпен орын­дай білуге төселдірді. Оқу­лықпен ғана жұмыс жасамай, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газетінің кез келген мақаласынан сөйлемдер алып талдата отырып, газет оқу­ға деген құлшынысымызды арттыра түсетін. Қазір ойлап қара­сам, педагогтың түпкі мақсаты – қазақ тілінің заңдылықтарын грамматикалық тұрғыда үйретіп қана қоймай, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгертіп, жан-жақты білімді, ұлттық тұлға тәр­бие­леу екен. Ұлттық құндылыққа ерекше назар аудартатын осындай технологияның арқасында филологияға деген қызығу­шы­лығымыз артта түсті. Лицей қа­быр­ғасында-ақ қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын меңге­ріп, жатақхананың терезесінен төбесі көрініп тұратын әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атануды армандадық. Арманымыз орын­далды да! Ендеше, балаға білім беріп қана қоймай, ма­ман­дық таңдауда бағыт беріп, қа­лып­тастырған педагог-ұстаздың біз үшін орны өзгеше деп қалай айтпасқа?! Сатылай оқытуды жоспарлы түрде меңгерте отырып, дамудың жаңа сатысына жол салып жүрген ұстазымыз, әдіс­кер, ғалым Нұрша Алжанбай­қы­зы мерейлі 60 жасқа толып отыр.
Нұрша Алжанбайқызы 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық университетін үздік дипломмен аяқтайды да, ең­бек жолын Алматы қаласын­да­ғы №63 мектептен бастап, 1982-1987 жылдары Атырау облы­сы, Жылой ауданы, Ақкиізтоғай орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. Ұстаздық жолда жүріп, еңбекқорлығының ар­қасында 1987 жылы өзі бітірген оқу орнына оралып стажер-зерт­теуші, ал 1988 жылы аспирант бо­лып қабылданады. Ұстаздық, әдіс­керлік қызметін ұштастыра оты­рып, «Пәнаралық байланыс – оқу-тәрбие процесін жетілдіру­дің бір жолы» (қазақ тілі пәнін оқытуда) атты кандидаттық дис­сер­тациясын жазып, сәтті қор­ғайды. Аталған институтта еңбек жолын жалғастырып, оқытушы, аға оқытушы, доцент дәрежесіне көтеріледі. Ізденімпаз ғалым мұ­нымен тоқтап қалған жоқ, ерекше қарым-қабілетінің арқасында 1998-2003 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қазақ және шетел тілдер кафедрасын басқарады. 2006-2007 жылдың маусым айына дейін Алматы облыстық ма­ман­­­дар кәсібін дамыту институты директорының ғы­лы­ми-әдісте­мелік жұмыстары жөніндегі орын­басары, кейін аталған институтта директордың міндетін атқарушы болып қызметін жал­ғастырады.
Нұрша Алжанбайқызы өзіне сеніп тапсырылған қай қызметте болсын, ойында жүрген ғылыми жұ­мысын бір сәтте шегеріп тас­та­май біз оқыған №1 Алматы об­лыс­тық қазақ-түрік лицейінде «Сатылай кешенді талдау» техно­логиясы бойынша тәжірибе жұ­мысын тапжылмай 12 жыл бойы жүргізеді. Оқушы санасына еккен дәні жемісін беріп, шәкірттері жо­ғары оқу орындарының сту­ден­ті атанады. Ойға алған ғылы­ми жұмысының теориясын тәжі­ри­бемен ұштастырып, нәти­же­сінде 2007 жылдың желтоқсан айында «Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілін сатылай кешен­ді талдау технологиясымен оқы­ту­дың ғылыми-әдістемелік не­гіз­дері» тақырыптағы док­тор­лық диссертациясын қорғап шығады. Қазіргі кезде бұл технология қанатын кеңге жайып, еліміздің көптеген мектептерінде біраз жылдан бері оқытылып ке­леді. Жалпы, ғалымның ғылыми тақырыбына қатысты 230-ға жуық ғылыми-әдістемелік ең­бек­тері мен мақалалары жарық көрген екен. Бұл күнде Нұрша Ал­жанбайқызы Абай атындағы Алматы Қазақ Ұлттық педагоги­калық университетінің профессоры ғана емес, Астана қаласы Білім басқармасының қолдауы­мен 2013 жылдан бастап Астана қаласындағы бірнеше мектеп-гимназия, мектеп-лицейлерінде авторлық бағдарламасымен жұ­мыс жасап келеді. Бұл техно­ло­гияның өрісі кеңейіп, қазақ тілі ғана емес, әдебиет, ағылшын, дү­ниетану, музыка, жаратылыс­тану т.б. пәндерді оқытуда қол­данылуда. Сондай-ақ, Республика бойынша оқу-әдістемелік семинарлар, конференциялар, оқушылар арасында олимпиадалар жүйелі өткізіліп жүр. Демек, Нұрша Алжанбайқызы өзінің өміршең технологиясын енгізу ар­қылы Астана қаласы мектепте­рінің білімін көтеруге өзіндік үле­сін қосып келеді.
Автордың сөзімен айтсақ: «Са­тылай кешенді оқыту» техно­ло­гиясы – қазақ тілінде ойлайтын, өз тілінде дітін орындата алатын, қазақ мәдениетін мең­гер­ген тілдік-мәдени тұлға қа­лып­тастыратын оқытудың түрі» – дейді. Яғни, қоғам қажеттілігін өтейтін бұл технология сапалы білім беруге кепілдік бере алады.
«Кез келген тілде сөз құрау үшін бала ең алдымен туған тілін жетік білуі керек, ана тілінің табиғатын танып, нәріне қанық болып өсуі қажет», – деген алаш зиялыларының басты қағидасын сол кездің өзінде-ақ, ұстанымына айналдырған Нұрша Алжанбай­қызы осынау мерейлі жасқа пе­дагогтық, ғалымдық еңбегімен кө­теріліп отыр. Ғалымның ме­рей­тойы қарсаңында отбасына амандық, ғылымның даңғыл жо­лында сәттілік тілейміз.

Лаура Дәуренбекова,
ф.ғ.к., Еуразия гуманитарлық
институтының доценті

Пікір қосу