Жаңарған Жайық

0
128 қаралды

немесе ӨРКЕНИЕТ ОРДАДАН БАСТАЛАДЫ

Сара ЛАТИЕВА,
мәдениеттанушы, жазушы


Ауылда туып өсіп, қалада тұрғысы келетін адамдар болады. Соның бірі өзіммін. Сөйте тұрып туған жер десе елеңдеп, бір тиын пайдам тимесе де, соның ауа райын тыңдап, шаруашылығы жайлы жаңалықтарына құлағымды түріп, жақсылығына марқайып, өзім бірдеңе бітіргендей әлдеқандай болып қаламын. Туған жерім – Бөкей Ордаға қарай жиналғанда көңілім көтеріліп, ерекше желпініс пайда болады. Ондайда алыс жолдың жайсыздығы, ауа-райының қолайсыздығы тіпті еске түспейді. 1965 жылы білім іздеп Алматыға кеткеннен бері тіршіліктің әрқилы жағдайларында, іссапарларда туған жерге қанша рет келіп кеттім. Соның бәрінде көк сағым болып қарсы алатын Орданың қарағайларын көргенде жүрегім лүпілдей қуанып, кетерде жүрегім шымырлай қоштасамын. Осы көктемде «Жайық өңірінің жылнамасына 100 жыл» деген тақырыпта Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің шыға бастағанына ғасырдан асып бара жатуына орай «Жайықпресс» ЖШС Бас директоры Жантас Сафуллин біраз әріптестерімен бірге келіп, Алматыдағы «Ғылым ордасының» кітапханасында бірнеше кітаптың таныс­тырылу, тұсаукесер шарасын өткізді. Бұлар 1911-13 жылдарда Оралда шығып тұрған «Қазақстан», 1917-18 жылдардағы «Ұран», 1918 жылғы «Хабар- Известия», 1919 жылғы «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», 1919 жылғы «Дұрыс­тық жолы» газеттерінің кітап етіп шығарған нұсқасы және «Қос газеттің тарихы – История двух газет» деген кітаптар болатын. Бұл кітаптар мұрағаттағы газет тігінділерін тірілтіп, бүгінгі күнгі оқушылар мен ізденушілердің рухын ояту үшін облыстық ақпарат саласындағы қызметкер­лер­дің соңғы 4-5 жылда тындыр­ған жұмыстары. Алматыдағы кездесуге арнайы келген белгілі журналист Қазбек Құттымұрат­ұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, өлкетанушы Мұратбек Жахатовтардың әрқайсысы қазақтың қазақтық рухының көтерілуіне үлес қосып отыр.

Ауыл мен үшін Оралдан, нақты айт­қанда пойыздан түсіп, вокзалдан қалаға шыққанда-ақ басталады. Өйткені дәл осы вокзал алаңынан Жайыққа қарай жарыса қаланың екі үлкен көшесі жол тартады. Со­ның бірі – Фурманов көшесімен барып-барып үлкен көпірден өтіп, реті келген көлікпен ауылға тар­та­мын. Тәуелсіздіктің бір белгісі – Фур­мановты Құрманғазы деп ауыс­тырғанында. Міне, осы әруақты ба­бамыздың көшесін бойлай бас­талған жолмен, немесе жолсызбен, бұл енді ауа райына, жыл мезгіліне қарай құбыла береді, ұзақ па, қысқа ма – жүріп өтіп Хан ордасының жол­мен жалғасып жатқан көшесіне кі­ріп келеміз. Асфальті жоқ дала жо­лының өз заңы болады. ХХІ ға­сыр­да да ол заң әлі өзгерген жоқ. Бұл жолды 7-8, 10-12, тіпті бір жолы 26 сағат жүріп жеткенім бар. Соның бәрінде де сонау қырдың басынан Орданың қарағайлы орманы мұ­нар­тып көрінгенде көңілім алабұр­тып, ауыл шетіне жеткенде бүкіл жол азабы деген ұмытылып кететін. Қан­ша келіп, қанша кетсем де со­лай. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген осы да. О баста Хан ордасы қала болып салынған бұл мекеннің басынан осы 190 жылда не өтпеді?! Қоғамдық құрылымның өзгергенін, дауылдатқан ақ пен қы­зылдың шайқасын, жаһан со­ғы­сының бомбасын, сол соғысты бол­дырмау үшін керек деген әскери по­лигонның тепкісін бастан өткізіп, соның бәрі осы қазақ даласында болғанының тірі куәсіндей дүр сілкініп, рухани жадын жаңғыртуға көшті. Сөз басында айтылған 100 жылдық тарихы аталып жатқан басылымдардың біразын шығарған типография ғимараты, Жәңгір училищесі, Тарғын мектебі, Қыздар мектебі ғимараттары да сақталған. Солардың әрқайсысында әр сы­нып­та өзім де оқығанмын. Қазір то­лық қалпына келтірілген бұл мек­теп ғимараттары Бөкей ордасы тари­хи-музей кешеніне қарайды. Бұл Бөкей – қазақ топырағындағы алғашқы өркениет Ордасы! Мұнда не жоқ дейсіз? Тұңғыш банк сарай, алғашқы медициналық орталық та осы Мәншүк пен Сейтектің елінде болған.
Бұрынғы бай совхоздың орны, ор­ман шаруашылығы бар, өңірге бел­гілі емхана, ауруханасы жұмыс іс­теп тұрған, мың жарымнан аса ба­ла оқитын қазақша, орысша орта мектебі бар Орда тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында да онша абыр­жи қойған жоқ. Көре-көре көсем бол­ды ма, әйтеуір бес мыңнан аса хал­қы бар Орда сол қиындау кезең­нен теңселсе де құламай, рухын сақтап өтті.
Сол жылдарда Батыс Қазақстан об­лысына Қырымбек Көшербаев әкім болып барды. Сол кезде эко­номикалық ахуал да айтарлықтай кө­теріліп, әкімнің игі ниеттеріне қол­дау болды. Тәуелсіздік тари­хын­дағы театрға арналған тұңғыш ғи­марат осы Оралда бой көтерді. 1932 жылы ашылған қазақ драма театры түрлі себептермен Гурьев облы­сара­лық қазақ музыкалы театрына (қа­зір Махамбет атындағы Атырау об­лыстық драма театры) қосылған­нан кейін қырық жылдан аса уақыт өткен соң ашылған қазақ театры қаланың шет жағындағы мәдениет үйін мекендеп келген болатын. Сол өнер ордасына Оралдың қақ ортасынан эстетикалық көрінісі көз қуантатын, қазақы рухы көңілді марқайтатын айта қаларлықтай әдемі, сыртқы көрінісі мен ішкі маз­мұны мінсіз үйлесімді ғимарат орын тепті. Ашылуына Елбасының өзі қатысып құттықтауы елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Әр өңір өз аймағынан шыққан дарынды, шығармашылық тұлғаларын өзі қамқорлыққа алсын деген пәтуамен әкім Алматыға арнайы келіп, мұнда тұратын өнерлі, елге айбын болар­лық тұлғалардың біразымен кезде­сіп, туған жерге шақырды. Ша­қы­рып қана қойған жоқ, кездесуде бер­ген уәдесін толық орындады. Бұл кездерде 1928 жылы ашылған Қа­зақ­тың Абай атындағы педагоги­калық институтынан кейін елімізде екінші болып есік ашқан жоғарғы оқу орны, Оралдағы байырғы пе­да­гогикалық институтына Махам­бет­тің аты беріліп (бұрын Пушкин атын­да болатын), Оралдың ауыл­шару­шылық институтына Жәңгір хан есімі беріліп, екі оқу орны да уни­верситет дәрежесіне ие болды. Ауыл­шаруашылық білім ордасы ал­дына Жәңгір ханға ескерткіш қойылды. Бұл баяғыда қайтыс бол­ғанда қойылып, кейін мазарын бұзғанда құлап қалған құлпытастан соң ханға қойылған бірінші ескерт­кіш. Осындай елдікті көтерер қыз­меттеріне риза болған халық Қы­рым­бек Көшербаев басқа жұ­мысқа ауысып кетерде «Өлі-тіріге көр­сет­кен құрметің қашан да алдыңнан шық­сын, халыққа еткен қызметің абыройыңды асырсын» деп батасын берді. Ол да толқып тұрып: «Бұл өңір­дегі қызметімді ылғи алғыспен еске алып жүремін, бұдан былай қай­да жүрсем де Оралдың бір уыс то­пырағын жанымнан тастамай­мын» деп қимай қоштасты. Бұл тілді, ділді түсінетіндер үшін өте сал­мақты сөз.
Қалай десек те Көшербаев ру­хани құндылықтарды құрметтеу бағытында жақсы жол бастап кетті. Марат Бисенғалиевтің ұйымдас­тырумен Орал облыстық филармо­ния­лық оркестрінен кейін, об­лыстық филармония жанынан қа­зақтың төре күйлерінің көшба­сында тұрған Дәулеткерей атында қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Ешқайда ат шап­­тырып адам іздемей-ақ оркестр­ге лайық өнерпаздар облыс аясынан іріктелді. Құрманғазы оркестрінде қызметте жүрген Қырымгерей Қажымов көкеміз шақырылып, өне­рімен де, ұстаздығымен де, ше­берлігімен де көкелік дәрежеге жетті. Сөз арасында айта кетейік, Тәуел­сіздіктің 25 жылдығын атау тұсында екі оркестр бір топ әнші­лерімен келіп, Алматының өнер­сүйер қауымын бір сілкіндірді. Өнер барда халықтың рухы мұқал­майтынын тағы бір дәлелдеді.
Шаруа бір адаммен, тіпті ол әкім болса да, бітпейтіні белгілі. Та­ғайындалатын лауазым болған соң әкімдер келеді, кетеді. Ел қашан да орнында қалады. Әкімнің міндеті сол елдің қажетіне қарай іс-шараны ұйымдастырып, жергілікті ресурс­тар­ды пайдаға асыру. Соған қоса аймақтың шаруашылығын, эконо­микасын, өнері мен білімін тұтас қамтып өркендетуге жағдай жасау. Бақтықожа Ізмұхамбетов жоспары­мен келген әкім ғой деп шамалай­мын. Өйткені келген бетте халықпен кездесуінде «облыстың барлық елді­мекендеріне газ жеткізуге уәде беремін және жергілікті мамандарды осы шаруаның тиісті дәрежесінде орындалуына жұмылдырамын» деп уәде берді. Біріншіден өзі Уфаның мұнай-газ институтын бітірген маман, екіншіден Қиыр Шығыстан келіп тұрған жоқ, көрші Атыраудың тумасы, яғни жер жағдайын, бұл ел­дің тұрмыс ахуалын бір кісідей біледі.
Жүйелі түрде кезегімен жүрген жұмыстың нәтижесін әйтеуір бір күні көресің ғой. Кезекті сапармен елге барғанда әркімнің үйіне кіріп тұрған газ құбырларын көріп, жеке танымасам да, Алматыдағы бір жиында кездесіп қалған Бақтықожа мырзаға: «Орданың әр үйінде шай қайнаған сайын Сіздің атыңызға бір алғыс айтылады, уәдеңізді орын­дағаныңыз үшін рақмет», – деп ри­залығымды білдіргенім бар. «Әрине, әр үйге құбырды өзім жет­кізіп, бекіттім ғой», – дейді әкім жы­миып. Сол жылдарда ақын Қай­рат Жұмағалиевке жеке коттедж са­лып, туған облысы көшіріп алып­ты деген жаңалық шыға қалды. Ал­матыда ерігіп отырған соң елең­дей қаламыз ғой. Және де «Ойпыр­май, жеке үй салып көшіріп алған­дай несі бар екен, өзінің пәлендей атағы да жоқ» деп ши жүгіртер әңгі­ме қоса тарайды. Жол түскенде әл­декімдердің қызғанышына себеп бол­ған коттежді көріп, аға-жең­ге­мізге сәлем берудің реті келді. Ай­тылған сөздің бәрі рас. «Әуелі әң­гіме шыққанда сене қоймап едім. Бір күні Әбіш (Кекілбаев) пен Мырзатай (Жолдасбеков) жүр, кеттік деп ала жөнелді. Сол беті­мізбен Оралды қақ жарып өтіп заулап келеміз. Қаланың шет жағы сияқ­ты, тізіле салынған коттедждер­дің бірінің қақпасының алдына келіп тоқтадық. «Қайреке, үйіңізге кел­дік, міне кілтіңіз, есігіңізді ашыңыз» дегенде қолым дірілдеп кет­ті. Есікті ашып қалсам, қақ ор­та­да жасаулы дастархан тұр. Кө­зімнен жас шығып кетті», – деп аға­мыз желдей есіп толқып отыр. Шір­кін десеңші…
Біріншіден, Қайрат Жұмағалиев «модный» емес, бірақ бүкіл саналы өмірін әдебиет деп өткізген, соған адал қызмет еткен адам. Екіншіден, осы Орал өңірінен 1952 жылы әске­ри сынақ полигонына алынған жер­лердегі колхоздардың басқа жаққа көшірілген халқының бір өкілі. Әрине ар жаққа өткізіп жі­берген жоқ, осы Қазақстанның іші болатын. Бірақ адамның еркінен тыс, оның қалауымен есептеспей, ағайын-туғанынан ажыратып, топырлатып апарып төге салу нағыз зорлықтың қорлығы еді. Мұңын тыңдайтын ешкім жоқ, жалпы көш­тің арасында жесір әйел, жетім бала кете барған. Енді міне, ел есін жиып, өз ерлерін іздейтін заманда, салт басты, сабау қамшылы біреу емес, ел танитын ақын, қоғамда орны бар қайраткер, жеті баласынан өрген немере-жиендерін ертіп бір қауым ел болып келіп тұр. Бейнелеп айтқанда, көшкен елге ілесіп кетіп еді, көшкен елдей болып оралып тұр. Ақынды таныған, азаматты түсінген, келер ұрпақтың көңіліне сенім ұялатқан әкімге қалай риза болмайсың. Шындығында бұл өткен кезеңнің әділетсіздігі үшін биліктің халықтан кешірім сұра­ғандай, бүгінгі ұрпақтың рухын кө­тер­гендей бір іс еді. Әрине, ол кез­дегі шаруға бұл әкімнің еш қатысы жоқ. Бірақ бүгінгі күнгі билік қатарында жүрген адамның әділетті орнатуға тәуекелінің жет­кенін Азаматтық деп бағалаған дұрыс. Уақыт өтеді, қызмет қолдан қол­ға ауысады, бірақ әркімнің а­ртында өзі атқарған игі істері қа­лады.
Осындай жарқын жаңалық­тардан кейін, Алматыда отырып қарадан қарап өзім желпініп жүре­тін болдым. Елді дүр сілкіндірген жақсы жаңалықты келесі әкім Нұр­лан Асқарұлы Ноғаевтің тұсында естідік. Оралда «Қазақтың Қадыры» атанған философ ақын Қадыр Мыр­за-Әлінің атында мәдени ор­та­лық салынады екен, соған ақын­ның кітапханасы көшіріледі екен, деген әңгімелер шынымен назар ау­даруға тұрарлық еді. Көрінген тау­­дың алыстығы жоқ деген, сол ор­талықтың ашылғанын, жолы бол­ғандардың көретін сәті де келді. Кө­не грек амфитеатры жобасында са­лынған, дөңгелекті қақ жарып ам­фитеатрды сахнасымен қоса ашық аспан астында қалдырып, екін­ші жартысына 150 адамдық кон­­ференц-зал, үлкен кітапхана ор­наластырылған, жарты күмбез пі­шініндегі бұл орталық, өзімізді қойып, айнала көршілердің де еш­қайсысында жоқ бірегей ғимарат еді. Ғимараттың айналасы ашық, өзі­не қараған аумақта оншақты киіз үй тігіп, Наурыз тойын өткізуге бол­ғандай, немесе арнайы көпшілік қ­атысатын мәдени-көркем шаралар өткізуге болғандай дайындалған алаң­дары бар ыңғайлы кеңістік. Осы алаңның бір қапталында бірі­нің үстіне бірін қойған кітаптар сияқ­ты ескерткіш тұр. Яғни ең бас­ты құндылық – кітапқа ашық ас­пан­ның астында еңселі ескерткіш қойылған. Ал ғимараттың алдын­дағы алаңның дәл ортасына ақын Қадыр Мырза-Әлінің ойланып отыр­ған ескерткіші орнатылған. Дәл осы 80 жылдық мерейтойға қа­рай ақынның туған жері Сырым ау­данында еңселі ескерткіш ашыл­ды. Өнер туындысы ретінде оның көр­кемдік шешімі басқа, мұның ше­шімі басқа. Бірақ жұрт танитын белгілі тұлғаға қойылған ескерткіш ретінде екеуінің де ақынның сурет­керлік болмысын ашып берудегі шеберлікті, мүсін мен кейіпкердің ұқсастығын, ескерткіштердің тұр­ған жерлеріндегі ландшафтпен та­биғи үйлесімін, өнер туындысы ре­тінде көрушілерге сыйлайтын эсте­тикалық ләззатын, рухани бай­лығын көзі көргендердің барлығы айт­ты. «Ой-бой, сенің Оралың бай ғой тіпті, бір күнде бір ақынға екі бір­дей ескерткіш орнатыпсыңдар» деп Алматыда мені құттық­тау­шы­лар табылды. Енді желпінбей көр! Жәй ғана ескерткіш пе?! Ақын атында әдеби-мәдени тұтас орталық ашылып отыр ғой. Адамның өмірі өлшеулі. Бірақ сол адам қолымен жа­сал­ған игі құндылықтар халық­тың жадымен бірге алдағы ғасыр­лар­ға озып, болашақ ұрпақтың ру­хани қажетін өтейтінін ойласақ, бұл жұмыстардың бағасын біліңкірейміз деп ойлаймын.
Жалпы Батыс Қазақстандағы ру­­хани жадымыздың жаңғыруына қа­­тысты сөз қозғағанда әңгімені әрі­­ден бастаған дұрыс. Елбасы­мыз­дың «Қазақ хандарының ішіндегі ең прогрессивтісі Жәңгір» деген пікірі бар. Ол кісі1990 жылы бірінші рет ба­рып Орда аумағын аралап, халық­пен ашық пікірлесіп, арғы құмға Қы­зылағашқа (Орданың полигонға бе­рілген жерінің шекарасы) дейін ба­рып, өңірмен жан-жақты таныс­қан. Сол жолы Орда тарихи-өлке­тану музейінде «Орданың тарихи му­зейінен зор әсер алдым. Өз елі­нің, өз жерінің тарихын, атақты аза­маттарын құрметтей білу деген ха­лық сана-сезімінің өсуіне себеп бол­мақ. Орда жұртшылығына, му­зей қызметкерлеріне зор бақыт, та­­быс тілеймін. Н.Назарбаев. 1.09.1990 ж. Орда» деген қолтаңба қал­дырған.
Сонан кейін тарихи жадымызды жаң­ғыртуға қатысты жұмыстар үс­те­ме қарқын алды. Облыс бас­шы­лары­ның мақұлдауымен, жергілікті кө­некөздердің жөн сілтеуімен, Қа­рамолада қалған (бұл да полигонға қарап кет­кен жер) күйші Дәулет­ке­рей мен ғалым Салық Баба­жа­нов­тың жатқан орнын анықтап, мүр­делерін Ордаға әкеліп, бұдан сәл бұрынырақ көтерілген Жәңгір хан ­кесенесінің екі жағына қайта жер­леп, күмбез тұрғызып, бұл орын­ды Бөкей ордасы тарихи-му­зейлік кешенінің толыққанды бө­лігіне айналдыруда ордалықтар бел­сенді үлес қосты. Осы жерде бұл ша­ралардың басында жүрген, Орданың тумасы, әуелі ауылдың, кейін ауданның әкімі болған Лавр Ра­шитұлы Хайретдиновтың Жәң­гір­ханға кесене көтерудегі іскер­лі­гін, ұйымдастырушылығын айта кет­кен дұрыс. Бұл бір жағынан өз кезінде билігімен, білігімен халқына қызмет еткен ханға халықтың құр­меті болса, екінші жағынан қайсы­бір ұрпақтың тұсында ханның бейі­тін құлатып, құлпытысын қи­ратып тастаған білімсіздік үшін әруақ­тан кешірім сұрағандай шара еді. Жәңгір хан кесенесінің ашы­луы­­на Елбасы арнайы барып, тәуел­сіздіктің арқасында Бөкей Ор­дасы атауы елге қайтарылып, та­рихи әділеттің ұзақ жолы бір­тін­деп жүзеге асырыла бастауына Пре­зидент ретінде құрметін білдірді. Ал Лавр Хайретдинов кейін Жаңа­қала ауданының әкімі болған кезде, Мә­мен күйшінің басылып қалған то­пырағын жиыстырып, зәулім күм­без орнатып, мәдени орынға ай­нал­дырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бақилық болған дәулескер күй­ші Тұяқ Шәмелев өзінің өсиеті бойынша өнердегі бабасы Мәмен­нің жанына жерленді. Бірі өткен ға­сыр­да, бірі бұл ғасырда өмір сүр­ген, бірақ тірісінде күй деген құді­рет­ке бас иіп, қасиетті қара шанаққа шаң қондырмай өткен қос өнерпазға топырақ туған жерден бұйырды. Ілтипатты ұрпақтары бастарына ке­сене тұрғызып, әрі-бері өткенде ті­зе бүгіп, дұға бағыштап өтеді. Орал­дан Бөкей Ордасына қарай жү­ретін күре жолдың бойында, Жаңа­қа­ланың тұсында сонадайдан еңселі екі күмбез көрінеді. Қазақтың жа­ны – күй мен күйшіге тұрғы­зыл­ған күмбездер.
Күй десек Құрманғазы мен Ди­наға соқпай өту мүмкін емес. Осы жолы Құрманғазы көшесімен бара жатсам, Дина көшесімен қиылысқан жердегі сквердің дәл ортасында тұ­ғырының өзі аумақты, назар ау­да­рар­лық көрнекті, екі адамды бей­не­леген ескерткіш тұр. Жақынырақ ба­рып, алдыңғы жағынан қарасам Құр­манғазы мен Дина. «Бұл әкім де күй­ші болды ғой» деп біртүрлі ішім жы­лып қалды. Оның мәнісі… Тәуел­сіздік тарихында Батыс Қа­зақстан облысына әкім болған аза­маттардың өздері өнерлі немесе өнер­ге жақын болуы елдің рухани дамуында айтарлықтай игілікке жеткізді деп ойлаймын. Қандай қиын болса да оңтайландыруды же­леу еткен науқанда, кітапханалары мен мәдениет үйлерін жаппай жа­будан аман алып қалды. Сол рухани ұстанымның әсері болар, өзім білетін Ордада тік көтеріліп қалаға кө­шу орын алған жоқ. Адам өмірін­дегі қажеттіліктің бәрі оларға да ортақ екені түсінікті, әркімнің жеке тір­шілігі өзінше. «Сананы тұрмыс билейді» деген, мүмкін оған құмның тұрмысқа жағдайлы болуы да себеп болар. Бірақ мен құм халқының сал­қынқанды салмақтылығы мен жерін сүйген патриоттығы елдің берекесін кетіруден сақтап қалды дегенге сенгім келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы абыржуға қарамастан, қазақ тілінде «Жайық үні», «Ақжайық ұстазы» сынды қа­лалық салалық газеттер шығып, оларға жергілікті журналистер Ақ­маржан Таубаева (дүниеден өт­кенше) және Мира Шүйіншә­лиева редактор болып, оқушыларын қа­лып­тастыра білді. Оралдың «орыс­тілді» деген лақабына бұл лайықты жауап еді. Көшербаевтың кезіндегі рухани еңсенің көтерілгенін қала­ның қақ ортасындағы көсем ескерт­кі­шін бір түнде Сырым батырдың ай­бынды ескерткішімен алмас­тыру­дан бастап, қаланың әрбір сквер, шағын парк, алаңқайларының ортасына қойылған тұлғалық, маз­мұндық ескерткіштермен жалғас­тыру дер едік. Олар орталық Абай алаңындағы Абайдың еңселі, тұғыр­лы тұлғасынан бастап, Жұбан Мол­дағалиевтің, Ғарифоллла Құр­ман­ғалиевтің, Александр Пушкиннің бейнелері болып келеді. Олардың әрқайсысы әржылдардағы тиісті оқиғаларға сай ашылды. Бірақ ор­тақ игілікке бәрі бірге қызмет етуде. 1969 жылы университет бітіріп, жол­дамамен Гурьев (Атырау) об­лыстық радиосында қызметті бас­таған кезде, өнер саласындағы бі­рін­ші кейіпкерім домбырашы Әси­ма Ізмұхамбетова деген апай бол­ды. Өзімше болып барып, таны­са келе талып қала жаздағаным бар. Біріншіден, ол кісі бала кезінде Ди­на­ны көрген екен, домбыраға на­зары сол кезде ауған, өзі Бақыт Қа­­­рабалинамен бір ауылда қатар өскен қыз. Екіншіден, айтулы дом­бырашының 10 баласы болады деп ойламаппын. Ал, ол кісінің айтулы болғанда да аймаққа белгілі дом­бырашы екенін өнерге қатысты қауымнан бертінірек келе қанық­тым. Әсима апай болса күйін тар­тып, әңгімесін айтып, «Үлкен балам Уфада оқиды, құдайға шүкір, содан бастап балаларымның барлығы да өнерден құр емес, бірнеше аспапта ойнайды» деп, аналық және өнер­паздық мақтанышпен таныстырып отырды. Сол үлкен бала Батыс Қа­зақстан облысының болашақ әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұ­хам­бетов екен. Облыстық филар­монияның жанынан Дәулеткерей атында халық аспаптар оркестрінің құ­рылуын ол қолдамағанда кім қол­дайды?! Ал әкімнің Оралдан Жәні­бек­ке қарай жақсы жолдың құры­лы­сын бастағанын естігенде ерекше қуанғаным өзінше. Осы жолдың құры­лысын үзбей, қарқынмен жал­ғаған Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа да құрметім ерекше. Ол да өнер десе құлағы түрік екенін көрсетіп, об­лыстық мәдениет басшылығына домбырашылығын да, іскерлігін де сыйлайтын, Жәнібек аудандық мә­дениет саласын шын мәнінде өр­ге сүйреп жүрген Дәулеткерей Атау­ұлын әкеліп қойғанын нағыз жа­нашырлық деп түсіндім.
Сонымен Құрманғазы мен Дина ес­керткіші. Дау мен жаудан қажыған Құрманғазы бабамыз домбырасын өзі­нен кейінгі сенімді шәкірті Ди­наға ұсынып, күйді аманаттап отыр. Көзі көрген жігіттердің ғазиз басы қайда қаларына көзі жетпеді ме, әлдеқандай заманда да қазақтың­қызы ердің сөзін, елдің намысын жерге тастамасын білді ме, әйтеуір күй атасының қолынан алған ұлт­тық кодын қайсар шешеміз кейінгі ұрпаққа жеткізіп, қолына ұстатып кеткенін біздің көзіміз көріп отыр. Иә, «нағыз қазақ – қазақ емес, на­ғыз қазақ – домбыра!» «Ұлттық код» деп те біз енді ғана, тәуелсіз­дігімізді экономикалық, қорғаныс, мәдени жағынан бекемдей алатын жағдайда, сол тәуелсіздікке бірінші күннен бастап қызмет етіп келе жат­қан Елбасының аузымен айтып отыр­мыз. Бұл Батыс Қазақстан об­лысының жаңа әкімі Алтай Көл­гі­новтың тұсындағы алғашқы ескерт­кіш­тердің бірі. Тағы бірі Ақжайық ау­данындағы Ілия Жақанов пен Жұ­бан Молдағалиевтің «Еділ- Жайық» әніне қойылған ескерткіш. Ар­ғы заманнан қалған сағынышқа де­сең де, алдағы уақытқа деген ар­манға десең де сыятын рухы биік, өмірі ұзақ ескерткіш.
Туған жер деп желпінгенде «Біз­дің орысқолды Оралымыз ай­ғай­латпай-ақ, ақырын жүріп, ақиқатқа же­теді. «Хан ордасын» қайтарып ал­дық, қалғаны не тұрады. Тіпті Орал­дың өзі ашық аспан астындағы ес­керткіш» деп есіп кетемін ғой. Айт­са да… Құрманғазы көшесін Ди­на, Мұхит, Сарайшық, Савичев кө­шелері кесіп өтеді. Былай жүрсең Ша­ғанға қарай Исатай батыр кө­шесі кетеді. Былай бұрылсаң Қасым Аманжолов көшесіне шығасың, ал анау Қасым тұрған үйдің ескерткіш тақтасы. Мынау ескі ғимарат сол Қа­сым жұмыс істеген типогрфия. Айт­қандай, бүкіл саналы өмірін, өне­рінің шырқау биігін өткізген Ал­матыдан Күләш Байсейітоваға тән бір орын табылмай, «Күләш» те­лефильмі осы типогрфияда тү­сіріл­ген. Осы орталықты айнала бер­сек әлі талай тарихтың шеті шы­ғады. Анау Қасымның көктерегі, анау Хан тоғайы деген сияқты. Ендеше менің сәл-пәл мақтанышы­ма кешірім сұраймын.
Ауылға келген сайын міндетті түрде Бө­кей ордасы тарихи музей кеше­ніне арнайы барып шығамын. 1962 жылы Мәдениет үйіне жапсар­лас­тыра салынған кітапхананың бір бөлмесінде ғана қоғамдық негізде ашылған кезінен бері бұл әдетімнен жаңылғам жоқ. Биыл музейге 17 000 адам келіпті. Тек Қазақстан емес, көршілес Ресейден, тарихқа қы­зығу­шы басқа да аймақтардан. Биыл көрген жаңалығым – музейдің орталық ғимаратының қабырғасына алғашқы үш директорға ескерткіш-тақта орнатылыпты. Біріншісі му­зейді қоғамдық негізде басқарып, қайраты жеткенше елге мәдениет­тілік өнегесін көрсеткен өзіміздің Файыз атай. Екіншісі музейдің экс­по­нат қорын байытқан, Москва, Орын­бор, Астрахан мұрағат­тарын­дағы Бөкейлікке қатысты көптеген құжаттарды және өңірдегі көптеген адамдардың жеке құнды заттарын музейге тапсыруына себепші болған беделді ақсақал Сиранов Шарап. Үшіншісі Хан сарайының, ме­ші­тінің, дәрігер Сергачевтің үйінің, мек­тептердің жобасының түпнұс­қасын тауып, сол бойынша қалпына келтірілуіне, музей қарамағына бір­неше ғимаратты қосуға еңбек сіңір­ген, мекемені халықаралық Му­зей­лер Кеңесінің мүшесі (ИКОМ) болу­ға қол жеткізіп, Бөкей ордасы му­зейлік кешенін Парижде тіркет­кен Темірболат Махимов. Бұлардың бәрі де осы жерде туып өскен, білі­мін, білігін, бар саналы өмірін туған жер­ге, елге қызмет етумен өткізген аза­маттар. Туған жерге туын қисай­мастай тігіп кеткен рухы жоғары адам­­дар. Бұл сапардағы үлкен жаңа­­лық осы болды. Жақсыны жа­дымыздан шығармау.
Музей кешеніне кіретін тағы бір ғи­мараттың іргесі көтеріле бастап­ты. Қысқасы жобадағы жұмыс қа­лы­бында. Ел аман, жұрт тыныш. Мен Орда айналып келгенше Орал­дағы Алашорданың 100 жылдығына арналған музей де ашылып, Достық даңғылының бойында қазақтың үш Батыр қызы – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Дос­па­новаға ескерткіш те орнап қалыпты. Тарихи жадымыз да, тарихқа тағзы­мымыз да орнында.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.