«Көшкен елде көп сыр бар»

0
189 қаралды
Алтайдан күн көтерілді,
Ақ бесік-нұр мекенімді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ.
Менің айбалта төзімімді төске сап! –
дейді бір жырында ақын Дәулеткерей Кәпұлы. Біздің бүгінгі кейіпкер – осы Дәулеткерей ақынға өмір сыйлаған жан. Алтайдың арғы бетінен, Баян-Өлгей аймағынан ат арытып келіп, «туған жерге туын тіккен» Егеухан Мұқамәдиқызының 1989 жылы «Ақ көйлек көңіл жай» деп әндете айтысқан сәті көзіқарақты оқырманның есінде болуы керек. Ол уақыттан бері бірнеше жыл аунап түсті. Он баланың анасы, айтыс, жазба ақыны Егеухан Мұқамәдиқызының содан бері атамекен – туған жеріне сіңірген еңбегін санамалай берсек, бір сұхбатпен тоқталмасымыз анық. Себебі, ол ақын ретінде бірнеше өлең жырларын тасқа бастырып, елдің жүрегіне жеткізді. Ата-баба дәстүрінің білгірі есебінде ел жадынан ұмытылып бара жатқан этнографиялық таным-түсінігімізді жаңғыртуда да еңбегі зор. Ең бастысы, ана ретінде, Қазақстанның әр өңірінде, әр саласында із қалдырып үлгерген он ұл-қыз өсірді, бүгінде олардан тараған немере-шөберелеріне жөн көрсеткен, үлкен әулеттің айбатты анасына айналды. Елбасының «Туған жер» бағдарламасындағы «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген сөз Егеухан Мұқамәдиқызы секілді қаламгер, ақын, аналарға қарата айтылса керек-ті.


Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ,
ақын, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, «Алтын алқа» иегері


– «Ақ тәңірінің баурайында өстім» дейсіз бір өлеңіңізде. Алтайдың арғы беті – Қобданың қойнында қалған сол бір шақ­тарға қайыра көз жүгіртсеңіз, мұңсыз, бей­қам балалық шақ, болашаққа қол соз­ған бұла дәурен елестей ме? Көз алдыңызға алды­мен тізіліп тұра қалар сол замананың адамы, ортасы, салты мен ұстанымы қан­дай еді?
– Ол дәуірдің өзі де, көзі де керемет еді ғой, шіркін! Біз бала болып ақ тәңірінің бөк­терінде құлдырыңдап жүгі­ріп жүрген шақ­та таңдайымыздан өткен­нің өлеңдері тақ ете қалатын. Өйтпеске болмайтын се­бебі көп. Кішкентай күнімізден бұрын­ғының қолы жетпей кеткен арман-зарды, бұрынғының көзі көрген ғажап заманды дәм­ді әңгіме, терең жыр, қара өлең, айтыс арқылы естіп, құлағымызға сіңісті қы­лып өстік.
Әңгімені тереңнен тартсам, арғы ата­ларымыз Шу жағынан Алтайға ауған екен. Сол көш 1935 жылдары Алтай асып, Моң­ғолияға ат басын бұрыпты. Мен Моң­ғолияның Баян-Өлгей аймағының Баяннұр сұмынына таяу, Шұңқыр жұр­тында дүниеге келіппін. Ақ тәңірі деп отырғаның – Моңғолияның батысын­да­ғы Баян-Өлгей аймағындағы тау сі­лем­дері ғой. Бұл жер өзі қия-құзды, шың­ды өлке. Қиядағы қыран балапанын қалай баулыса, сол өлкеде бізді ата-анамыз да солай бап­тады: биіктікке, та­за­лыққа, еркін­дікке құмар қылып өсірді.
Әкем – Мұқамәди әңгімешіл кісі еді. Ата-баба тарихын тарқатып, шежірені жат­қа айтып отыратын.
Шешем – Зағипа он екі құрсақ көте­ріпті. Ал­дыңғы алты бала бірінен соң бірі ше­тіней берген соң, дүниеге жетінші болып кел­ген ағамның атын ырымдап Елеусіз қой­ған екен. Елеусіз болса да, тірі жүрсін деген тілегі ғой. Бірақ ағамның аты Елеу­сіз болғанымен, заты елеусіз бола алмады. Елеусіз ағам Моңғолияда тұңғыш ро­ман жазған қазақ. Қазақстан және Моң­ғолия Жазушылар одағының мүше­сі, ел­ге белгілі қаламгер, жазушы атанды. Жас­тайынан кітапты жата-жас­тана оқып, қалам тербеуге құмар болып өсті. «Жоғалған қыз», «Өрікті көл», «Сұлулық» ат­ты шығарма­лары осы күні көзіқарақты оқыр­манға жақсы таныс.
Елеусіз ағамның соңын ала мен дү­ниеге келіппін. «Бұл баламыз да егеудей берік болсын» деген ырыммен атымды Егеу­хан қояды. Бірақ ауыл арасында қыр­шаңқы сөз, жөнсіз әңгіме айтылмай тұрмайды: «Егеуді берік деп кім айтты, ол да морт сынбай ма?», – дегендер де та­былыпты.
Шәйзанда, Шәкерхан деген бір ұл, бір қыз ерді соңымыздан. Бір үйде төрт бала өс­тік. Әкем де, анам да сөзді құрмет тұт­қан, сөзді қадірлеген жандар еді.
Әкем ескінің сырын шертсе, анам ба­ла күнімнен айтысқа баулып, өлең, тақ­пақ жаттатады. Хат танымайтыны бол­маса, анам Зағипа суырып салма сөз­ге шебер, өзі де бірнеше айтысқа қатысқан жан еді.
Әкемнің інісі Баймәди деген кісі де аз-маз өлең жазды.
Мұндай ортада бұлғаңдап, еркелеп өсіп келе жатқан мен де өлең сөзге жас­тайымнан құмар болдым.
Бірде Баяннұр сұмынына Шәмел деген кісі келді. Өзі әкесімен шамалас. Әке­сі заманында болыс болыпты. Ақ пен қы­зыл елге дендеп ене бастағанда Қытай ау­ған. Ол жақта да күн көрсетпеген соң, па­на таппай, Моңғолияға өткен.
Алтай асып келеміз,
Аямаймыз, желеміз.
Моңғолия кең екен,
Жарық сәуле көрерміз, –
деген сөз қалған ол кісіден. Сол Шәмел де­ген кісі үйде отырып, үйдегі 3-4 кіта­бы­ма көзі түсті. Ағам Елеусіз менен бұ­рын мектепке, үлкен оқуға барып, түрлі кі­таптарды оқып жүретін. Ол уақытта кі­тап қат. Сондықтан кімнің кітабы бол­са да, қолдан-қолға тигізбей, тіпті, керек кітапты қолдан көшіріп, өзімізше кітап жасап аламыз. Ағамның маржандай жазуымен көшірілген қолжазба кітаптарды Шәмел ағатайым маған оқытып, тың­да­ды. «Кітап оқығандағы әуезі ерекше екен. Түбі осы балаңнан бірдеңе шығады», – деп, батасын берді. Аз-мұз өлең құрай­ты­нымды ол кісіге айтуға ұялған едім. Сон­да да, кітап оқығандағы дауыс екпі­нім­нен-ақ, өлең сөзге бір табан жақын еке­німді бірден сезген екен, жарықтық.
Шешем үйреткен жөнмен:
Бісмілда, бісмілда деп, бір бісмілда,
Аузыма бірден-бірден кір, бісмілда.
Арқада ат шаптырған той бар дейді,
Берейін атымды ерттеп, жүр, бісмілда,
деп, он алты жасымнан айтысқа қатыс­тым.
Өлең ауылында, өнер ауылында даң­қы аспандап тұрған Кәп ақынмен айтыс­тың арқасында кездесіп, табыстық. Арғы ғұмырды бір жүріп өтуге бел байлаған шақта жасым он сегізде еді. Құдайға шү­кір, жаман болмадым, ақсақалым өмірлік сері­гіме айналды. Қазақтың бір азаматы қан­дай болуы керек болса, сол қалпын сақ­тады. Қазақтың бір әйеліне қандай ті­рек керек болса, сондай тірек, қалқа бол­ды…
– Он сегізімде тұрмыс құрдым дейсіз. Білуі­мізше, Баяннұр орта мектебінде отыз жылдай кітапхана меңгерушісі бол­дыңыз. 1960 жылдан өлең жазып, ай­тыс­тарға қатыса бастағаныңыздан хабардармыз. Одан бөлек, Кәп Құмарұлы сынды ақын­ға жар болған, ақынды күткен, бап­таған еңбегіңіз де бар. Он баланы өмірге әк­еліп, алтын құрсақты ана атандыңыз. Моңғолия мемлекетінің екінші разрядты шахматшысы деген ресми дәрежеңіз барын да естідік.Мұның бәріне қалай үлгердіңіз?
– Еркек – әуел бастан түздің адамы. Бала күнімізде әкем көбіне сыртта жү­ре­ді. Үйдегі жұмыстың бәрі анамыздың мой­нында. Қонағы үзілмейтін қазақы ауыл­мыз. Төрде көрпе онсыз да төселіп жат­а­ды. Бірақ үйге әкем, өзге де үлкен кісі, құдайы қонақ келе қалса, анам: «Жию­лы тұрған таза көрпеден астына тас­та», – деп ескертіп отыратын.
Қыз бала үлкеннің қас-қабағын бағу, қонақ күту сияқты жұмысқа кішкене ке­зінен дағдыланғаны жақсы. Кейінгі өмі­ріңде еңбекке бел шеше кірісіп кете бере­сің.
Айтыс ақыны екенмін, ақын екенмін, қызметім бар ғой деп таңертеңнен ыздиып отыру қазақ әйеліне жараспайтын қы­лық. Өзіміз таңмен таласа тұрдық. Сиыр­ды сауа жүріп, дәрет судың жылы тұруын қаперден шығармадық. Енең, жолдасың, бала-шағаң аш қалмауы керек. Олардың ыстық тамағы мезгілімен дайын тұрғаны жақсы.
Енем жарықтық, немере, шөбере сүйіп, жасы тоқсаннан асып дүние салды. Бір бала дүниеге келсе, өзімдікі деп меншіктеп бақты. Бала деген – байлық қой. Сол балалар өскен сайын – қолқанат. Бірі­нен соң бірі іркес-тіркес ержетіп, қыс­та «апамның қолы тоңбасын» деп сауын­ға шығады, «көмек болсын» деп тамақ даярласады, малға қарайды, үйге қарайды – жыл өткен сайын бір жұмысың жеңілдеп, марқайып қаласың.
Бірақ сонда да бос жатқанымыз жоқ. Жастайымыздан ою ойдық, құр ыздық, терме тердік, ши орадық.
Ақсақалың ақын болған соң, сері бол­ған соң, елдің алдында жарқырап жүр­се екен дейсің. Ол заман тон мен ішік­ті, киімді қолдан тігеміз. Қай киімді де: қазақша көйлек пен моңғолдың шапанын да – жақсысын ақсақалымыздың иығына жапсақ екен деген тілек болды. Ақын болған соң көптің көзінде сән-салтанаты жарасып-ақ жүрсін деген ой жүрді көкейімізде.
Түлкі терісінен ақсақалға арнап ішік, түлкінің пұшпағынан тымақ тіктім. Түлкінің қара қасқасының қиюын келтіріп тұрып, тымақ жасайсың. Ол тымаққа үкі тақсаң, сал-серілер киетін ғажап бас киімге айналады. Қозының елтірісінен балаларға арнап ішік тіктім. Күзде сойған қойдың терісін түлеме тері дейді, содан бала-шаға, үлкендерге лайықтап ішік тігесің. Ол уақытта тігін машинасы ілеуде біреудің қолында. Машинаны сұрап әкеле қойып, пішіп қойған киіміңді түнімен отырып, бала­лардың, ақсақалдың бойына шақтап даярлап қоясың.
Күні бойы бос отыру жоқ – құлынға ноқта жасайсың,саба тігесің, сырмақ оясың. Іркіт пісіп, құрт жаясың.Қойдың жүнін қырқып, түтіп, сабап, жіп иіресің. Осы жіптен алаша, туырлықтың бауы, басқұр, желбау жасап, үйдің ішін сән­дейсің. Ақсақалым да ақын. Өзімнің де ақын атым шығып қалған кез. «Моң­ғо­лиядағы қазақ Жазушылар одағының кіші­гірім ұйымы» деген атымыз бар. Үй­ден қонақ үзілмейді. Ол қонақты лайықты күтіп алып, шығарып салудан бөлек, үйі­ңе кісі келсе, отауыңның да сәнді бо­лып тұрғаны жақсы ғой.
Аналарымыз тіккен, өзіміз көріп өскен, қолымыз бейім болған сырмақ сы­­расың. Сырмақ пен текеметке оюды үл­кейтіп салады. Оның себебі, үйдің көр­кі – сырмақ пен текемет болса, ондағы ірі, әсем ою сұлулықты үстемелей түспей ме? Ал киім-кешекке, түскиізге оюдың ұсақ түрін өрнектейсің. Сәннің жөні осы екен деп, оюды қалай болса солай түсір­сең, киімің алабажақтанып, келіспей қа­лады. Әдемі, ұсақ өрнекті бешпеттің өңіріне, етегіне ғана саласың.
Осылайша күні-түні бел жазбай ең­бек­теніп жүріп-ақ қалтамыздан кішкене қойын дәптер түспейді. Киімді ыңылдап тігіп отырып, ойыңа бір жұп өлең орала қа­лады. Әлгі қойын дәптеріңе таңдайы­нан түскен өлеңді түрте қоясың.
Айтыс алыстау жерде болса, балаларды үйде енем қарап қалады. Ал атпен же­те алатын айтысқа баланың кішісін ал­дыма алып, өзім бара берем.
«Қаршадайынан қосылған жары – Кәп Құралұлы да – ақын, ұлының кен­жесі – Дәулеткерей де ақын. Бір үйде үш ақын­ның басқосуы – Тәңір сыйлаған ба­қыт», – дейді «Қайтқан қаз» атты кіта­бымның алғы сөзінде Несіпбек Айтұлы. Құдайдың берген Тамара, Әмірхан, Бәделхан, Нұржан, Рәшитәлі, Бұлбұл, Тәттімбет, Есенгүл, Естай, Дәулеткерей атты ұл-қыздарым бар. Соның сегізі – бізді мойындамай, апасының бауырында өсті. Есенгүл – әкесінің, Естай – менің қызым болды. Осы балалардың өнерден жырақ кеткені жоқ. Ешқайсысы да қаражаяу емес. Жас күндерінде әрқайсысы да өлең жазып жүретін.
Ал шахматқа келсек, бұл – ойыңды жұптауға, сергек жүруіңе сеп болатын ойын. Қатты шаршаған сәтте де шах­маттың тасын тізе бастаймын. Кейінгі кезде немерем де шахматқа үйір. Шахмат ойнасақ, кейде ол жеңеді, кейде мен ұтып кетемін.
– 1989, 1992 жылдары Алматыда өткен халықаралық ақындар айтыстарына қатыстыңыз. 1989 жылы өткен айтыс туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде: «Сайыс та­ғына үш рет сәлем етіп көтерілген Егеу­ханның ибалылығына көрермен көпшілік орындарынан тұрып, қошемет жасады. Бұл тәлімдік дәстүр жайлы көптеген газеттер жазды. Моңғолиядан келген Егеухан Мұ­қамәдиқызы аса биязы, мәдениетті де сырлы өлең өрнектерімен көзге түсті», – деп жа­зыпты («Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл, №4). Сол айтысты қайыра еске тү­сір­сек…
– Қазақстан әлі егемендігін ала қой­ма­ған тұс. Бірақ қазақ тілінің абыройын көтеретін заңға қол қойылып, самал жел желпіген арайлы шақ болатын. Қазақ­стан­да тұңғыш рет айтыс ұйымдас­ты­ры­лып, оған Қазақстанның әр аймағымен қо­са, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан­нан да ақындар шақырылып, алты Алаш­­қа сауын айтқан керемет бір заман бол­­ған. Сол айтысқа бізге де шақырту ке­­ліп, Моңғолиядан Қабдыжәлел Саха­рияұлы екеуіміз аттандық.
«Қасиетті қара шанақ» өлеңімде сол айтыстың мән-жайын жаздым.
Қапы тауып қарсылас ілер қайдан?
Жаңа ортада сөз бастау оңай ма ойдан.
Айтыс – әуен, айтыс – салт, айтыс – қызық,
Айтыс – күрес, қару – тіл, нағыз майдан.
…Айтыс – шындық, сын – үндеу, сауық-думан,
Ақын арын сақтайды жаны құрбан.
Халықаралық сипатты ұлы айтыс
Аңсаған елмен елге қауыштырған, –
деген болатынмын. Бұл айтыс шынымен Абылайдың асындай дүбірлі додаға ай­нал­ды. Тілінің мерейі артып, еңсесі көте­рі­ліп қалған ел Республика сарайының үш мың адамдық залын лықа толтырды. Алғашқы күні ақын Манап Көкеновтың ұлы Әбдікерім Манапов, келесі күні Оралдан келген жыр жампозы Қатимолда Бердіғалиевпен сөз сайысына түстім.
Менің Әбдікерімге «Бес боғданы» сый­лайтын, Қатимолданың маған домбырасын тарту ететін шағы – осы айтыс.
Он алты жасымнан айтысқа түстім де­дім ғой. Айтысқа домбырасыз шыға­тын­мын. Домбыра тарта білмегенімнен емес, жастайымнан солай әдеттендім. Сон­дықтан да Қазақстандағы халықара­лық айтысқа домбырасыз бардым. «Домбырасыз қалай айтысады?», – деді ме, әуел­де жұрт тосырқай қабылдағандай бол­ды. Бірақ кейін келе айтыстағы әуе­німе үйренді де, екі ақынмен де залды дуыл­дата отырып, айтысқа түстік.
Қазақтың ғажап қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Ақындар айтысының эти­калық және эстетикалық тәлімі» атты ма­қаласында осы айтыс туралы айта келе: «Егеухан айтыстың үшінші күні Қа­тимолдамен жарысқа түсті. Бұл жолы ол өзінің аналық ақ жүрегінен қыздар тәрбиесіне байланысты ойларын ортаға салды. Қыздар шашын қимаса екен, ата-анасын сыйласа және тәртіпті болса деген сөздерін айтты», – деп жазады.
Жалпы, ана, әйел, қыз баланы құр­мет­теуге шақыру – айтыстың ғана емес, ақынның да бір бүйірінде жүруі тиіс тақырып қой деп ойлаймын.
Қыз бала бой жетіп, жар сүйіп, жас ана атанған, одан кейін ұлын – ұяға, қы­зын – қияға қондырған шағына дейін­гі өмір жолын жырға тізген жазба жырымда:
Ана асар алты кезең, алпыс қырдан,
Ана жаны жаралған жақұт нұрдан.
Ана жолы күдірлі, иірімі мол,
Там-тұмдап таратайын терең сырдан,
деуімнің себебі де сол.
Жас келін – қолға түскен көк кептері,
Өмірдің игереді ылди, өрі.
Қит етсе, дейді «Келін аяғынан…»
Тұс-тұстан қадалады сын семсері…
…Келіннің ілтипаты қабағынан,
Шын ықыласпен жасаған тамағынан…
…Әйел жолы жіңішке, жаны нәзік,
Ілтипатты ізгілік – жаныңа азық.
Әйел – өмір негізі, бірлік-тірлік,
Отбасының ұйытқысы, темірқазық,
деп тәптіштеп түсіндіргім келгендегі ой – бүгінгі қыз бала, келін баланың өмірдің алтын арқауы екенін санасына қазірден құя беру керек дегенді алға тартқан­ды­ғым­нан болар…
– Қазақстанға алғашқылардың бірі бо­лып оралдыңыздар. Елге келгендегі ал­ғаш­қы сезім, көңіл-күй туралы да айтып өт­сеңіз…
– Сол 1989 жылғы айтыстан соң, Қай­рат Жұмағалиев үйіне қонақ етіп: «Елге кө­шіп келмейсіздер ме?», – деп тілек айт­ты. Ол уақыт Қазақстанның басы байлаулы сәт, жеке ел болу жайлы әңгіме де жоқ. Бірақ ел дегенде елең ете қалға­ны­мыз рас. Арада азғантай уақыт өткенде Моң­ғолияға Қазақстанның егемен ел бол­ғаны туралы сүйінші хабар жетті. Әрине, туған жерге оралу – кім-кімнің де көкейінде жүрген жайт. Біз де көп кі­дір­­медік.
Еркемін, егіз шыңға ұя салған,
Қарманғанда халықтан қуат алғам.
Цамбагарав саясы мені ұшырса,
Алатау қойнын ашты мұрат-арман, –
деп өлең жазатыным сол кез.
Құдайға шүкір, елге жақсы көңіл-күй­мен, адал оймен, ерекше сезіммен орал­дық. Қыз баланың бір парызы – ата-ана­сын жерге қаратпау ғана емес, Ота­нының да жүзіне дақ түсірмеу деп біле­мін. Аллаға тәубе, елім ұялатын істі Құдай істетпеді. Қыз парызым – ата-ана мен Отанға кір келтірмеу, қанды бұзбау болса, сол парызымды өтей алдым. Құдай құр­сағыма бітірген ұрпақтың қанын бұз­ба­дым. Әйел адамның тағы бір парызы – дәстүрді сақтау, тілді ұмытпау, діліңді та­за ұстау, дініңе кір келтірмеу болса ке­рек. Ол парыздарға да адал болдық. Ақ­сақалымыз екеумізден тара­ған ұрпақ­қа да осы парызды ұмыттыр­мадық. Қай істе де әуелі Құдай қолдады. Ата-ана, ене тәрбиесі де бізді оңды-солды тайғанақ­тауға жол бермеді. Азаматым осы ғой деп ете­гінен ұстаған ақсақалым да ердің ері бол­ды. Жүзіме мұң ұялатқан жоқ, көңі­лі­ме кірбің түсірмеді. Сол ақсақалым дү­ние салғанда:
Елу үш жыл елу үш күн сияқты,
Жүзіп өткен көк шалғынды қияқты.
Ажал парсыз ажыратты араны,
Өз қасыңнан бір орын қой тұрақты,
деп өлең жаздым. Әлі күнге ақсақалым­ның орны – жүрегімнің төрінде. Ендігі міндет – он баладан тараған немере, шө­бе­ре­ге жөн сілтеу, жол көрсету. Әже, ана аманатына да адал болу. Құдай басыма тәж қылып кигізген өлең сөз атты құді­рет­тің қасиетіне жете білсем, өзгеге жет­кізе алсам деген ой ғой біздікі…
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

Пікір қосу