Раушан Қайшыбаева

0
73 қаралды

Өмірінің қырық бес жылын қазақ ғылымына арнап және осы қызметін әрдайым мақтанышпен айтып отыратын аға буынның тағы бір өкілі дүниеден өтті. Марқұм бір жерде табан аудармай қы­рық жыл қызмет жасаған өткен дәуірдің соңғы тұяқтарының бірі болды. Табандылық пен қай­сарлықтың қас үлгісіндей болған Раушан Қалиқызы – көбімізге Ана, Дос, рухани тірегіміз еді.
Қайшыбаева Раушан Қалиқызы 1945 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Филология ғы­лымының кандидаты, әдебиеттанушы-ғалым. 1967 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітір­ген. 1968 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдеби байланыстар бөлімінің аспиранты. 1971 жылы осы бөлімнің кіші ғылыми қызметкері, 1979 жылдан аға ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған. 1973 жылы «Идейно-эстетические своеобразие творческих связей казахской и украинской литературы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1977 жылы «Казахско-украинские литературные связи» деген монографиялық еңбегі жарық көрді. Сонымен қатар, «Межнациональные связи казахской литературы», «Интернациональный опыт и казахская литература», «Братство литератур» деген кітаптарды құрастыруға қатысты.
Р.Қайшыбаева әдебиеттану, әдебиеттердің өзара байланысы, әуезовтану саласында көпшілікке танымал маман. Оның орыс тілінде шыққан «Қазақ-украина әдеби байланыстары» монографиясы әлі күнге дейін осы саладағы жалғыз еңбек болып табылады, ол сонымен қатар, орыс, якут, алтай және т.б. әдебиеттерімен де байланысын қарастырды. Р.Қ.Қайшыбаева РҒА А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институты бас­қарған «Орта Азия мен Қазақстан әдебиеттері және олардың өзара байланысы» деп ата­латын үйлестіруші тақырып авторларының бірі. Ол Украинадағы Шевченко энциклопедиясының үш басылымының да авторы. Абайдың поэзиясы мен прозасын орыс тіліне аудару мәселелеріне арналған ғылыми мақалаларымен де кеңінен танымал.
2004-2012 ж.ж. әуезовтану бөліміне ауысып, жазушы мұрасын зерттеуге өз үлесін қосты. М.Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармалар жинағының 14-ші томынан бастап ғылыми түсініктемелер жазып, жазушының қолжазбаларын оқып, басылымға дайындауда көп еңбек етті. Сонымен қатар, бөлімдегі жобалық ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, «Динамизм драматургии М.О.Ауэзова 30-х годов», «Проблема национальной независимости в творчестве М.О.Ауэзова» атты тараулар жазса, 2013 жылы жарыққа шыққан «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» деген мұрағат құжаттарынан тұратын кітапты құрастырып, әуезовтану саласына көптеген жаңа мәліметтердің қосылуына қажырлы жұмыс жасады. Отандық және жақын шет елдерде оның көптеген мақалалары жарық көрген.
Әдебиеттер байланысының білгір маманы, өткен мен бүгінгі ұрпақтың арасындағы көнекөзі болған ардақты апамыз бақиға өтсе де, еткен еңбегі мен жарқын жүзі біздің жүрегімізде сақталады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы.


Қазақтың қайсар рухты қызы еді

Біз Раушан Қалиқызы сияқты аяулы апамыздың қайтыс болғаны туралы хабарды аспаннан жай түскендей қабылдадық. Өмірден көрнекті ғалым, қазақтың қайсар рухты қайраткер қызы, елін, ұлтын шексіз сүйген, бүкіл өмірін ғылымға арнаған аб­зал жан өтті.
Бұл ұлттық әдебиеттану ғылымы үшін ауыр қаза. Ол әдеби байланыстар сала­сының асқан білгірі, жүрегі ізгілікпен нұр­ланған ақжарқын адам болатын. Ол кісімен әңгімелескенде ерекше бір әсерлі күйді бастан кешетінбіз. Зиялылар әуле­тінде орысша оқып тәрбиеленгенмен, өзі жете білген қазақ-украин әдеби байланыс­тарын ғана емес, туған әдебиетінен жан-жақты хабардар болатын. Абай мен Мұхтар шығармашылығы туралы көп айта­тын.
Қашан да жастарға ақыл-кеңесін айтып, қолынан келген көмегін аямайтын. Аға ұрпақты ерекше құрметтеп, алаш ар­дақтыларын аялап өтті. Атақ, мансап қу­ған жоқ, қарапайым тіршілік етті. Инс­титуттың ғылыми кеңестерінде тал­­­­­­қы­ланған әдебиет мәселелеріне байланысты болсын, кандидаттық, докторлық диссертацияларға қатысты болсын, өз ойын ашық айтып, әділ сөйлейтін.
Раушан апайдың қайсар рухты мінезі Желтоқсан көтерілісі кезінде айқын бай­қалды. Біздің институтта шовинистік пи­ғылдағы қайсыбір ғалым осы оқиғаға қа­тысқан қазақ жастары туралы ғайбат сөз ай­тып, бүкіл халықты кінәлағанда, жалғыз өзі бүкіл жұрттың алдында қасқайып тұ­рып уәжді ойын бүкпей айтып, қарсыласын сеспей қатырған апамыздың осы батыр әрекетіне тәнті болғанбыз.
Ол кісінің жоғары адамгершілігі мен ұлтжандылығы, ғылымға адалдығы мен өмірлік берік ұстанымы, жақсылық үшін жаралған жан жылуы, қамқор көңілі мен кішіпейілділігі оған әдебиетшілер арасында ғана емес, онымен араласудың сәті түскен барлық адамдар арасында үлкен абырой әкелді.
Раушан Қалиқызының әдебиеттану ғы­лымына арналған бүкіл саналы өмірі Отанға, елге қалтқысыз қызмет етудің жар­қын үлгісі болып табылады. Апамыз­дың асыл бейнесі біздің есімізде әрдайым сақталады. Аяулы жанның жатқан жері жарық, жаны жәннатта болсын дейміз.

Серікқазы Қорабай.

 

Пікір қосу