ЖАМБЫЛДЫҢ ӘН-КҮЙЛЕРІ
Жақында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында «Жамбылдың ән-күйлері» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кешке М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі (дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жалғасбек Бегендіков), Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, «Құлансаз» ансамблі және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты Тейіп Бейсенбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Шолпан Дәржанова, Алма Аманжолова, Ермек Шаштаев, Мақпал Тоқтағанова, Данияр Рахымбай, Нәзира Асқар сияқты әнші-күйшілер мен Жамбыл атындағы мектептің оқушылары қатысты. «Ұлы Отанға», «Жанай құрбым», «Нәрікбайдың зары», «Жиырма бес», «Күләшқа», «Айрықша туған азамат», «Алатау», «Балаларға», «Кәрілік туралы», «Угай-ай» шығармалары орындалып, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артистері Нағашыбек Қапалбекұлының «Жамбыл ауылында» атты шағын қойылымы сахналанды. Кеш «Ақ Орда» республикалық қозғалысының Құрметті төрағасы, көптеген игі істерді бастап жүрген белгілі қайраткер Қайрат Сатыбалдыұлының тікелей қолдауымен ұйымдастырылды.