Алшақ мүйіз ақ серке
25.11.2016
1982
0

«Баяғырақта» деп бастайды да, үлкендер өткен өмір, кешкен күнінің бір парасына ойысатын.  Ойысып қайда барады, әйтеуір тірлік тынысы,  уақыт өлкесінде аяңдатады әңгімені. Басқаның не біліп жүргенін қайдам, аңғал, парыгөйсіз түйсіктер төңірегінде жүріп, үлкендердің жуан ортасынан шыққанымды сезбеппін. Барлығы байырғы өмірдің, тірлік ишаратының  ықпалы болар. Десе де, бүгін бір ойдың пұшпағын илей бастаған менің со кісілерше қозғар ақым бар ма, сірә?..

Баяғыда әкем мені қасына ер­тіп өзінің қайын жағы, менің на­ғашы жұртыма таман жолға шық­тық. Майлы – Жайырдың арасы атты кісіге ара күншілік жер. Жай­лау үсті еді. Көлігі күйлі Қа­зақ әзіргінің тілімен айтқанда, «Масаң көңілмен» еліріп кете бар­май ма! Әй, ескі күн, есіл күндер, лебің ересен, тынысың берен! Ыл­ғи жатаң, ұдайы жұмбақсың сен.
О кез арқан бойы жердің өзінен не көрініп – не қоймаушы еді, ұшқан құс – жүгірген аң қанша! Шайшөптің иісі, бұлақтың балауыз тілі, бұлдыр тұман қандай! Ол бүгін де бар. Тәйір-ай, бұрынғыдай болсын ба! Табиғат тәні қабарып, тоны тозбайды деп кім айтты, күйі­сінен де жаңылар! Сол сапар көргенім, тұлабойы тұңғыш рет әкемнен естігенімнің өзі бір кітап! Сарқып айта алар ма екем… тас баспаның тәуі билемейтін, тіл алмайтындай кім едім!? «Қысқарт, қысқартқа» құлағым көндікті, етім өлген.
Көлеңке басымыздан аса жы­ғы­лып, қоңыр самал кешқұрым­ның суқайт лебін әкелді. Маң төбеттер баяулай үріп, ақ үйі мо­лаң бай ауылының тұсына іліне «Осыған түсейік» деді әкем. Біреу­дің сетер, серісі – Омарғазымен таныстығым осы кеште басталды. Шәуешектің мұғалімдік курстарына барып жүрген оның кітап-қағазы баршылық! «Ләйлі-Мәж­нүн», «Югославиялық  қа­ны­шер­лер одағы» деген кітап есім­де. Екі күндей жаттық. Менің он неше жастағы, Омарғазының керіскедей жігіт кезі. Бірер жыл бұрын әйел алыпты. Түлкінің кү­ші­гіндей әдемі келіншек жүр. Күйеуі үлкенірек болған соң, «жеңгесіне ме», сарыезу балапан санап, сәт аралығында маған көз қыса ойнап отыр.
Таңертең Омарғазы мені ілес­тіріп ауыл шетіндегі биік шоқыға шықтық. Ұшар басы жартас, түбін бүргенді шағыл орапты. Жеткізер түрі жоқ, ілгерірек кетіп, жартас­тың қыл ұшынан дабыстады. Тың­­дасам, баяғы бәдіктіктен алды­на жан салмаған Тоғай ақын­ның қырт өлеңін жіберіп тұр… Оның кейбір ұстамалы мінезі барын шоқыда тұрып білдім. Ал кейінгі кезде қуғын-сүргіннен, жазымды жанышталудан тірі алып шыққан – осы мінез. Ақыл-ой­дың қыл көпірінен де еліктей секіртті.
Қара бұлтқа қарап ол айқай салады:
– Неге жаумайсың, соқыр бұлт! Қотыр бұлт? – дейді. Тастан құлауға бейіл, қарғылақтап жүр. Осы айқай басының жарығын ашса керек, үркіп ұшқан жапалақ­ты көріп айтты: «Анау менің құ­сым!» деп, оған сендім. Сәлден соң сабаудай сұр Жылан кезігіп: «Бұл менің…» мұнысына сенер-сенбесімді білмей аңтарыламын. Со кезде өңі өрт өшіргендей, көз еті талаурап тұр.  Алан-талан әл­пе­­­тіме қарады, көңілге болмаса бір қауым тіксіндім. Қалайша екен, өмірімнің өзгерек, қадау бір ша­ғында сұр жыланы түскір көз алдымнан кетпейді. Сарбас шөп-ай, ақ Жапалақ, қара бұлт, Аб­жылан-ай, бәрің де солай, сол кісінікі­сіңдер!
Ұшқары сезіністер ақын жаны­ның қай тұс, қай уағында басталға­нын Құдай біледі. Десе де, Омар­ғазы­ның шоқы басындағы осысы «Жын қонып», дарын біткен уағы ма екен?!
Омыкең осал «жау» емес. Қай­сыбір ел, не мезгілдегі қылжалда­рымен иықтастыра қарасаң, алар орны алабөтен. Әдебиеттің сорапсыз сонысына қарай маңып артына бір қарады ма, қарамады ма ұзай берді ол, ұзай берді. Көк­жиектің үзілісі, әрі түпсіз дүние көрінді оған. Екі бірдей алапат салмақ – қоғамдық сезіністер сал­мағы мен табиғилықтың да ғажа­йып ауырлығы түсті. Дүздегенмен, ақын Социализм қоғамында күнелтті ғой. Тілім қышып, қадай айтқым келеді: Омарғазы шығар­ма­сының талғажауы оқыс, өлара кез­дер. Ол үйретінді әдебиеттен бойын аулақ ұстап, ең дара бет­-
а­лыс­тың біріне кетті. «Құс жолы» дастаны мен «Пәңгі» повесі, «Таразы» романының гаптері тым бөлек! Қатер, шалыққа ұрынған өмірдің өзіне ұқсайды да, шын табиғатты «Жар басына қарай ығыстыра түседі».
«Үй ортасында бүкірейіп төрт кемпір тұр. Бәрін де салқын жү­деу­лік басқан. Жылаймыз деп жылауды да келістіре алмады. Бар-жоғы бірнеше тамшы жаспен ғана тынған кемсеңдеу. Бірақ оның өзі де бұларға баяғы ағыл-тегіл еңіреп жіберуден қиынға түс­кендей. Егер бір адам дәл осы минут­тағы олардың  жан  түрші­гер­­ліктей ішкі арпалыстарын шы­найы түсінсе, ол адам бұлардың өзінен көрі көбірек жылаған болар еді. Өздері ғана біледі: Өткен ғасырдың соңында дүниеге келіп, бұл ғасырды жол ортадан аударып тастап, ендігі қалған жолды осы бүкіреюмен басқалы тұрған бұл төрт жолаушы енді қанша жерге бара алады дейсің?! Алдында аузын арандай ашып қараңғы көр тұр. Арттарында қалғанның бәрі сырты жылтырап қызылды-жасылды болып елестегенімен, іші толған у, ащы, кермек. Ойлаған болады, ондай ойлаудың өзі де азап қой» («Таразы» романынан).
Әдебиеттің берік есебі бар. Оны тілге тиек ету қиын, тіпті ұят шаруа. Талайлар оның сырын түсіндіріп, жаны қалмай жалбаң­дады. Соның айтқанымен кім жү­ріп, кім қойғанын білмедік. Әйтеуір «Әдебиет ауылынанбыз» дейтіндер сеңдей соғылысты. Бұ­лардың дүбәралығын заман кө­теріп еді,  жүнінің жығық  жағынан сипап еді. Ал некен-саяқ даң­ға­йырлардың шығуы сирек, бұлаң құбылыс. Бұл жәйт кешелі-бүгін­дер емес адамзаттың арғы төркі­нінен жалғасып, сирек, оқысты­ғының әнін бұзбай келеді. Осыған ілігетіндер Қазақ поэзиясына тың тыныс үстемелеген – Омарғазы емей, кім болушы еді? Оның «Ұста­малы мінезін» ғаламаттың қайнар көзі ме деп қалам.
Әдеби әдіс жалтарып сөйлеуге құмар. Біреулер Омыкеңді «Түсін­бедік» деп тыржынады. Шын-ау, алыптың ақырғанын кіммен, немен салыстырып түсіне алсын!
Омарғазы жаңалығын қара өлеңнің дәмі аузынан кетпеген Қа­зақ түйеден түскендей көріп, қаймықты. Мынау өрелі заманда тони­калық буын-бунақтың ожар­лы­ғы жасқап, күлкіге қала жаздады халық. Онысын қужаны сезген соң, илана берді…
Кейде тырсиып жарылғалы отыратын. Ондайының үстінен түстім. Бір жолы дөңбектей кітапты жұдырығымен қойып кетіп, шытынай қарады. «Мынау, өз біле­тініңді  өзіңе түсіндіреді екен. Ана жақта жатсын», – деп, лақтырып жіберді. Ол, әне, үйретінді әде­биет­ке пысқырып қарамай, сол­шыл­дық ағым бүре түскен тұстың өзінде-ақ, бетінен жазбаған. Жалтара сөйлеу, көмескілей отыру мүмкіндігіне тоникалық өлеңнің ебі келеді. Омарғазының бағы бар екен, ертерек осы жолға түсуі көп пәледен, қырсықтан қағып қал­ды.
Мәдениет төңкерісі – құлақ естіп, көз көрмеген іс. Байқайсыз ба, «Ғылым беделділеріне қарсы тұру» дейтін ұран көтерді. Атақты­ның талайы «Буржуазия­лық ғы­лым беделдісі» атанып, басы қа­ғылды. «Құс жолы» поэмасы бір ғалымның төмендетіліп ауыл-қыстаққа түсірілгенін, төңкеріс атойшылдарының тауқыметті таяғына жығылғаны жайын қаузайды. Қанжылаған ойды қа­дай айтып әрі қандай көркемдік әдіспен көмескілей алған!
Тіксінді ме бір рух,
Үрікті ме әлде,
Бір Қарлығаш ұясынан ұшып.
Шошынғандай бір сәби
Ай жарығында
Бесігіне
Әлде бір үрейлі көлеңке түсіп.

Сауықтырмай ма бір Киік
Өз жарақатын тілімен жалап.
Сойылға жығылса бір Ғалым
Тән жарасынан меңдеп,
Сақайтуға болар еді оны
Сан, таңба,
теңдеулер қуанышымен емдеп!
Тоникалық деңгейдің ірі сұл­басын Қазақ әдебиетіне енгізген – Омарғазы. Оның жосықтарына бой ұрар ақын аз емес-ті. Бірақ бір­де-біреуі санатта жоқ. Қой, сиыр емес, жылқы үйрін жаяу айдаған кісідей далада қалды-ау. Әсілі, еліктеу  де қиын! Тұншыққан үн, түйткіл сырың болса игі!
Ұсақ-түйегін былай қойып, өз басым елу төрт рет Омыкеңмен оңаша отырыппын. Не айтып – не қоймадық! Үлкендігін бұлдамай­ды. Жұмсақ, жөпшөңкіде өңі сы­нық кісі. Жалтара сөйлеуге үйір. Ол да әдебиеттің тәсілі іспеттес, сөз­­ге сылтың араластырудан бір жа­лықпаушы еді. Жай, үйінде ке­зік­кенімізде: «Серік-ау, менің ойып алатындай он томдық нәр­сем бар» дегенін ет құлағыммен естігем.
«Ақ мысық» пьесасын жаза бастаған кезі. Менен ол түрменің, әлде бір қитұрқы жайын сұрастыр­ды. Айтсам сеніңкіремей, ренжі­ген… Сонда оған зірк етіп: «Мендей білесіз бе? Түрменің бір көй­ле­гін бұрын тоздырдым ғой» деп ем, тоқтай қалды. Оңашалап «Серік ағай» дейтіні сонан. Омар­ғазы 1966 жылы қамалып, мен тоғыз жыл ілгері, «Стиль түзету қоз­ғалысында-ақ тас бесігімді» тап­қанмын.
Оның «Он томдығында» не жоқ, Қазекеңе қажеттінің бәрі бар, мұны – бір деңіз. Сонымен қа­бат, үйретінді әдебиеттің есігінде қалып қоймай, адамзат­тық өреге ұмсынды. Бастапқыда сөз еткені­міздей, саяси сүрең­дер­дің ерен ау­ма­ғына айналған кездің бірінен «Ақ мысықты» жазуы – ғажап! Шы­ғарма кейіпкерлерінің сүйек­тілі­гіне де көз тоярлық. Олар: бі­рін­ші ханым Жияң Шың, бұрынғы мемлекет төрағасы Уаң Хуын бас­таған шынжыр балақ, шұбар төс­тер, бұған нем жорық! Алайда, «Ақ мысық» жарияланбады. Оның қызығы бар. Кейін кім болуына қа­рамай, мемлекет басына ілін­генді сайқымазақ ету – қата, жол берілмейді екен. Қол­жазбаны сан рет оқыған, таң қалған өзім, ұял­май уәж айта аламын: Омарғазы «Ақ мысық» коме­диясымен-ақ, дүние әдебиетінің дәу перім­дері­мен үзеңгілес екеніне жұлдыздың оң-терісі жоқ.
«Жалғыз  көзді тажал» – мәде­ни төңкерістің «Сыйтабағын» тар­та отырып, күн сайынғы тұр­мыс-тірліктің идеяланып кетуіне де, сестене қараған алапаттың сұрқын «Ақ мысықтай» жармалайтын қай туынды бар? Мәдениет төңкерісі социализмді нығыздау қамымен жүре бермек емес-тін. Өмірді ая­ғы­нан шалып, кещелік рухын жан­дандыра түсудің ой­түрткісін әкелген. Омыкең алыс­қан аждаһа осы! Шығарма­сының тағдырлы­лығын, өмірдің оқыс, өларалы же­рінен бел алуын айтсаң таусылмайды. Тегі, салқар дана­лық, бол­мы­сына орай тағдыр кешуі жазы­мыш­тың ісі. Қатал, айнығысыз іс! Тағ­дырдың дана­лыққа, даналық­тың тағдырға ық­пал етуінде бір кілтипан болуы мүмкін. Оны қузамайық. Әйткен­мен, пұрсат табыла бермес, Омар­ғазы ойының әлдеқалай бітім-болмысын әліп­теп отырған кезіміз ғой, бірер сөз айтайық. Даналық өз тағдырына орын күрейді. Бәл­кім, тағдырдың өзінен де кө­бірек өмір кешіп, ұзақ­қа жүгіреді ол.
Омарғазы өлеңінің кейбіреуі­нен басқасы, түйедейінен түйме­дейіне дейін 1980-1997 жылдар ай­наласында жазылып, прозалық шығармалары түгелдей осы жыл­дар­дың «Ах!» дегенінде аузынан түскен! Жиырма бір жаста қалам тартқанымен, солшыл саясаттың өрек­пеуі кесірінен уақыты селге кетті. 1980 жылдың ар жағында жа­зылғанының тігерге тұяғы қа­лың­қырамай жойылыпты. Соның бірі – «Өрік ағаштары» атты роман. Тұтқындау сәтінде шеріктер­дің қолына тиеді. «Тарихи ұлтшыл» делінетін тегеурінді атпен зындан­ның зар түбіне кетуі төңкерістің беташар күндері еді ғой. Орны ойыла он төрт жыл отырған соң, тарих өзгере барып, 1980 жылдың маусым айында босады. «Өлсе құнсыз, сатса пұлсыз» біреудің әдеби қазынасына қызғыш болатын кім? Оны айтасыз, мүйізі қа­ра­ғайдай тарихи ұлтшылдардың тамырын қиып жатқан кез. «Өрік ағаштарын» оқып жібермей қарап қала ма? Солай болған шығар. Оның өзі  де кірпігі әзер қимылдап, сал ауруына шалдығыңқырап шыққан.
Құлағына Құдай сыбырлаған жазушы еді. Он жеті жыл ішінде-ақ, екі роман, жеті повесть, он сегіз дастан, бес жүздей өлең, зерт­теу мақалалары, тоғыз бірдей драмалық туындысын қаз тұр­ғызды. Талай мұзбалақтары­ның сілекейін шұбыртқаны, мысымен басқаны, бағасын алғаны да анық. Мойны жуан мемлекеттік сыйлық берілуінің өзінен ауызды жиып ала қоюға мәжбүрсің. Әйтсе де, олай емес. Қоғамдық тыныстың аумалы-төкпелілігі жайдақты сарындармен іркіліс Омарғазыға шығармаларының зерттелуін баяғы бір, шаңытты сүрлеуге әкеп түсірді. Сүрлеуге қалай түсірсе солай түсірсін, Омарғазы бұл жол­дың келімсегіне үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Әдебиет жанрын түгендей
отырып жазды. Соның әрбіреуінде ол шыққан биік бар. Мысалы: роман, повестерінен «Аң шадырын оқ табады» мен «Пәнгі» дас­тан, өлеңнен «Құс жолы», табиғат философиясын зерттеулер жағы­нан «Лирика туралы», «Көк бө­ріні», пьесаларына келгенде «Ақ мысықты» атауға болады. Жанрды қамти жазудың сырын Омар­ға­зыдан сұра!
«Қытай Қазағының әдебиеті» деп, бөлектендіріле айтылып жүр, әйтпесе екі әдебиет жоқ еді. Ұлт біреу де, әдебиет те біреу. Айтылмыс Қытай Қазақтарының  әде­бие­тінде Омарғазыдан ілгері жанр сайын қасқая қарағандар жоғырақ. Соған шыдамаған соң ба, қырық шөптің басын шала бәріне соқты. Дегенмен, оның алдында да талай жанрдың басын ұстаушы дана­гөйлер болған. Әдебиеттен гөрі түрме­ден көрінгені көп Қажығұ­мар соның бірегейі. Ол жетпіс не­ше жасап, қырық жылға таяу абақ­тымен «ойнаған» кейуана.
Омарғазы туындылары өмір мен реалдықтың сәйкес келе бер­мейтініндей – өмірлік ащы жыр, ар­ман, жаңғырықтар жинағы. Со­ның әлі де бимәлім жағынан сыр суыртпақтаумен-ақ өтті ғой.

Серік ҚАПШЫҚБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір