Сызықтың бергі жағы көк байрағым…
18.11.2016
1320
0

Алтыншапақ Хаутай

***
Қағазды қуып, қырлардан астық,
Күндерімізбен жарыс сап.
Жүрегім менің жырларға ғашық,
Жазынан мүлде алыстап.

Шындығын таппай санам жылайды,
Қамалды кірген бұза алмай.
Сөйлейді ел ылғи адалдық жайлы,
Беттері мүлде қызармай.

Жанардың жасы сырғып, өшеді,
Жүрегім менің не білді?
Қызметі өскен құрбы кешегі,
Есендесуге ерінді…

Басыңды иген күйіңді көрдім,
Білмеймін, ненің күшінен?
Қыры сынбаған киімді көрдім,
Кісі көрмедім ішінен.

Ғазалын шерттім, азабын шектім,
Сүйе де білдік, сүйікті ек.
Жүрегі жоқтың алдында кеттім,
Өзімнен-өзім биіктеп…

***
Тәтті күндердің табы қалды ма?
Тағы да жүрмін елеңдеп.
Жүрегің мені сағына алды ма,
Төгілейінші өлең боп.

Тулады көңіл, сағым күндердің,
Толқыдым емін таба алмай.
Аршышы қайта жанымды менің,
Желпіші қайта самалдай.

Жанарың жасын үзді ме кейде?
Үздіге ме ылғи мені іздеп?
Асау көңілді тізгіндемей ме,
Тұншыға берсе сезім көп.

Көздеріңе мұң тұнып тұрды ма,
Көнерген шақты іздеп пе ең?
Жоқ, әлде, мені ұмыттырды ма,
Алмасқан кезде күз-көктем.

Өртенбей ме, әлде, өзегің мүлде,
Жанарың неге бөтен тым?
Өзің де өмір-өзенмен бірге,
Өзгеріп кетті ме екенсің?!

***
Бұлқынған бір сезім кеудемде,
Қыстыға көптен,
Айналдым туған жер келгенде,
Ыстық ең неткен?!

Сүюші ем жүрекпен өзіңді,
Бауырға балап.
Сағыныш деген сол сезім бір –
Ауыр, ғаламат.

Балалық аңқыған белдерім,
Тағдырым бар маң.
Бөкеннің бауыры-ай сендегі,
Бал күнім арман.

Көгілдір Қобданың аққан,
Толқыны керім.
Бір үміт ойымда бүр атқан,
Сол күні менің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір