КҮЙ ТЫҢДАЙ БІЛЕМІЗ БЕ?
Осы жазбамызды жазуға итермелеген бірнеше жылдар бұрынғы бір жәй еске түседі.
Жақын араласып жүретін жолдас жігіттің қоныс тойында отырғанбыз. Кең дастархан басындағы қонақтардың алды қыза бастаған шақ. Бір кезде сөз кезегі келіп, үй иелеріне тілегімізді айтқаннан соң, жұртшылыққа бір күй орындап берейін деп, домбыраны қолыма алғаным сол еді, қарсы алдымдағы бет-аузының сау-тамтығы қалмай боялған қарындастың: «Ой, агай, зачем кюй, сол мамбетская музыканы кто будет слушать? Лучше спойте» дегені. Сілейдім де қалдым. Өзіңнен шыққан шұбар жылан өзіңді шақты деген осы болса керек.
Сол сәт көз алдымда қара қобызын аңыратып жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезіп кеткен Қорқыт баба, қазақтың қайғы-мұңы мен қуанышын қос шекті домбыраның шанағына сыйғызған ұлы күйші Құрманғазы бейнелері тізбектеліп өте берді.
«Қайран, біздің бабалар, егер тіріліп келіп, тілі шұбарланған, музыкалық талғамы қарабайырланып, дүниетанымы дүбәраланған мына маргинал ұрпағын көрсе, қандай күйге түскен болар еді» деген ой мазасыз бір халге түсіргендей еді. Той тарқап, үйге келгеннен соң да әлгі көрініс көпке дейін көз алдымнан кетпей қойды.
Осы жерде өзбектің етікшісінен бастап, министріне дейін тек қана өздерінің ұлттық музыкасын тыңдайтынын еске алып, «неге біз осылардай емеспіз» деп сансыз сауалдардың шырмауында қалғандай болдым.
Бір жағы әлгі қарындасты іштей мүсіркедім де. Неге десеңіз, оның және сондай сипаттағылардың осыншалықты рухани мүгедек болуына себепкер болған ұлттық мүдделерді аяқасты еткен кешегі тоталитарлық жүйе емес пе? Себебі, адам қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Қоғам қандай болса адамы да сондай. Жарайды, мұның бәріне кінәлі кеңестік дәуір дей қояйық.
Ал енді, мына тәуелсіздік алып отырған қазіргі кездегі ұлттық сана-сезіміміз қандай дәрежеде? Жетісіп тұрған жеріміз шамалы сияқты. Бұрын орысшыл болсақ, қазір батысшыл, Европашыл, Америкашыл болып алдық. Батыстың елірме әуеніне еліккен жастарымыз жат мәдениетті тұтыну арқылы өздерін алдыңғы қатарлы жетілген адам ретінде сезінетін сияқты.
Бұрынғы алқа-қотан отырыста таңды-таңға ұрып жыр тыңдап, күй тартысатын халқымыздың қайран дәурені көзден бұл-бұл ұшып бара ма, қалай?
Қалай дегенде, біздің болмысымыз осындай. Өйткені, біз бәріне де еліккіш, қазақ деген халықпыз. Бұл дерттен қашан айығарымызды бір құдайдың өзі біледі.
Әңгімеміздің басы, кезінде бабаларымыз тілмен айтып жеткізе алмаған жағдаятты жеткізе білген киелі өнер – күй туралы еді ғой.
Иә, сонымен, күйге бір сәт құлақ түріп көрейікші. Онда «мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың сан ғасырлық тарихының симфониясы жазулы тұрған жоқ па?! Тек мұқият тыңдар құлақ болсын деңіз.
Қалмахан ОМАР,
ұстаз-домбырашы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шымкент.