Қауіпсіздік шаралары қаперде жүрсін
Елордалық құтқарушылар жылыту маусымында қала тұрғындарына көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктерін, сондай-ақ түтін хабарлағыштарын орнатудың және оларды дұрыс пайдаланудың маңызын еске салады. Бұл құрылғылар газдың таралуын, көміртегі тотығының қауіпті деңгейге жеткенін және өрт кезінде түтіннің пайда болғанын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Мамандар құрылғылардың жұмысын жүйелі түрде тексеріп, батареяларының жарамдылығын бақылауды және қажет болған жағдайда уақтылы ауыстыру керек екенін айтты. Сонымен қатар өрт және газ қауіпсіздігі талаптарын сақтап, желдету жүйесі мен газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалау қажет.
Газ датчигі іске қосылған жағдайда үй-жайдан дереу шығып, электр құрылғыларын қосуға және ашық отты пайдалануға тыйым салынады. Оқиға туралы қауіпсіз жерге шыққаннан кейін 104 немесе 112 нөміріне, өрт шыққан жағдайда ғимараттан тез арада эвакуацияланып, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалған жөн.
Құтқарушылардың айтуынша, жарамды газ датчиктері мен түтін хабарлағыштары тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.