Салтанат ҚАЙЫРБЕК: Адамға құбылмалылық тән
Өзіндік қолтаңбасымен оқырман ықыласына бөленіп жүрген ақын Салтанат Қайырбекпен жақынырақ танысудың сәті Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсында туды. Әлеуметтік желідегі өлеңдері арқылы-ақ ой тереңдігі мен ерекше болмысын аңғартқан ақынмен әдебиет, поэзия және шығармашылық ізденіс жайында сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

— Салтанат Ерланқызы, әуелі оқырмандарымызға өзіңіз туралы қысқаша баяндап берсеңіз…
— Мен, Салтанат Қайырбек, ақын, филолог, мәдени жобалардың авторымын. Алматы облысында дүниеге келіп, бала күнімнен сөз өнеріне жақын өстім. Кейін бұл қызығушылығым кәсіби жолыма айналып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдап, мемлекеттік және жергілікті басқару саласы бойынша магистр дәрежесін алдым. Шығармашылық жолымда жыр жинағымды жариялап, республикалық әдеби байқауларға қатыстым, жас қаламгерлерге арналған дәрістер мен әдеби шеберлік сабақтарын өткіздім. Соңғы жылдары әдебиетке тек көркем өнер ретінде емес, ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын, адами капиталды дамытатын және креативті индустрияның негізін құрайтын маңызды институт ретінде ден қойып зерттеп жүрмін. Бүгінде поэзия, ғылыми ізденіс және мәдени жобалар менің өмірімнің өзара сабақтас үш бағытына айналды. Мен үшін әдебиет – тек кітап бетінде қалатын өнер емес, қоғамға әсер ететін, жаңа идеяларға жол ашатын және ұлттық мәдениеттің болашағына қызмет ететін тірі құбылыс.
— Сіздің өлеңдеріңізде эмоциядан гөрі ойдың салмағы басым көрінеді. Сезімге жиі ерік бересіз бе?
— Сезімнің сымын жалғап,
Жүрекке дарық қойдым.
Асқақтап көремін деп,
Аспанда қалып қойдым.
Сезімін басып оздым,
Ақылды тоңғақтардың.
Өзіммен күреспеумен
Сезімді қорғап қалдым.
Тартыншақ сезімімді
Суытып сауығармын.
Сертіме қамалам деп,
Еркіндік тауып алдым.
Осы өлең толық жауап береді деп ойлаймын.
— Кейбір ақындар уақытты, кейбірі өз жүрегін сөйлетеді. Сіздің бәйдтерде үнсіздіктің өзі сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Үнсіздік поэзия тәсілі ме, жеке стиль ме?
— Үнсіздік — тоқтау нүктесі әрі әдемі деталь. Тоқтағаннан кейін қашан да бір өзгеріс болатын сияқты. Мен үшін үнсіздік – стильден гөрі поэзияның табиғатына қатысты ұстаным. Өлең тұтас интерпретацияға немесе дидактикаға айналып кетпеуі үшін онда үнсіздікке, ишараға, детальға орын қалуы керек деп ойлаймын. Қазақ дүниетанымында «ым», «ишара» деген ұғымдар бар. Кейде сөз жетпейтін сәттер болады. Сондайда бір ишара, бір кідіріс немесе бір үнсіздік тұтас сөйлемнен де көп мағына береді. Поэзияда да солай. Үнсіздікті дер кезінде қоя білу – мен үшін көркемдік тәсіл ғана емес, мәтінге деген жауапкершілік. Өмірдің өзінде де бәрін сөзбен түсіндіру мүмкін емес қой.
— «Махаббат – адамның палитрасы» деп жазасыз. Егер адамнан махаббатты алып тастасақ, оның бойында өнер қала ма, әлде өнердің өзі махаббаттың басқа бір түрі ме?
— Махаббатпен басталған дүние қашан да мазмұнды, мәнді болады. Махаббат өз алдына мойындау, кішіру, қабылдау сынды реңктерден басталмай ма? Махаббаттың ең шарықтау шегі қызмет етуге әкеледі. Эгоны сындыру ғой. Қызмет етуді ғашығының жолында құрбан болумен не өзін бағаламаумен шатастыруға болмайды. Қызмет ету — тиістіден көбірек беру және сол үшін өзі де бақытты болу, жасаған жақсылығыңды қамқорлығыңды бұлдамау. Олай болмағанда кім кімді ұнатпай жүр? Кім кімге қызық емес? Ұнату – шарттылық заманында махаббатқа ұласпай, құр энергия алмасу формасында қалып жатады. Махаббат — қызмет етуге ұласса, осындай мотивпен жазылған шығарманың әдемі болмасқа хақысы жоқ. Әдебитке қызмет оған деген махаббаттан басталады. Махаббат – дүниенің барлық заңдылықтарынан жоғары тұрған құдірет, сол құдіретке ие болу жанның қабілеті. Ал еліне шын қызмет ететіндер зор махаббат иелері деп білемін. Сондықтан шынайы тұлғаларға сүйсінем, сыйлаймын, жақсы көрем. Махаббатсыз өнер – өнер емес, қызмет – қызмет емес.
— Қазір ақындардың танымалдығы кейде өлеңнің сапасымен емес, әлеуметтік желідегі белсенділігімен өлшеніп жатады. Сіздің ғаламторда әсіресе, фейсбукте оқырманыңыз басым…
— Әлеужеліге әлі де сапалы контент салу керек еді… Соны ұйымдастыра алмай жүрмін. Мен әлеуметтік желіні дайын образ жасау үшін емес, өзімді толғандырған ойлармен бөлісу үшін қолданамын. Кейде ол әдебиет туралы болады, кейде мәдениет, қоғам немесе күнделікті өмір туралы. Сондықтан оқырманның қызығушылығы өлеңнің өзінен ғана емес, автордың ойлау кеңістігінен де қалыптасатын сияқты.
— Өлең – ақынның шындығы. Бірақ ақынның өмірдегі шындығы мен өлеңдегі шындығында айырмашылық болса, қайсысы Салтанат Қайырбекке жақынырақ?
— Еш айырмашылық жоқ. Әр өлеңімді қашан қайда нендей күйде кімге жазғанымды айтып бере аламын. Өлең құрастырумен шұғылданғаным жоқ. Адамдарға өзгелердің бойынан жасандылық іздеу тән. Кейде бөтен болмыс олардың қалыптасқан түсінігіне, қауіпсіз әлеміне тосын сұрақ қояды. Сол себепті қарсылық туады. Шынайылық шағылыстырады. Сондықтан да болар, биыл шашыма брейд өрім (синтетикалық материалдан) жасаттым. Сонда ішкі кеңістігіме түсетін қысымды азайтқандай болдым.(Ешқандай да насихат емес, идентификациялық эксперимент)
— Сіздің өлеңдеріңізде «қарапайым болу» үлкен құндылық ретінде көрінеді. Қазіргі қоғамда қарапайымдық адамды әлсірете ме, әлде керісінше, ішкі еркіндігін сақтап қалатын күш пе?
— Адамға құбылмалылық тән. Адамның назары ауған бетте көз алдындағы заттың яки құбылыстың сипаты өзгереді. Бұл ғылымда да айтылып жүр ғой. Сондықтан қарапайымдылық туралы бір ауыз сөзбен нақты қағида айту қиын. Дейтұрғанмен, сіздің сұрағыңызға қатысты айтарым, бәрі де адамның танымы мен талғамына тікелей байланысты. Қарапайымдылық осы екі қасиетке байланысты үлестірілетін немесе көрініс табатын қасиет деп санаймын. Менікі сол Абай айтқандай, өзіңде бармен көзге ұрып, өзгеден артылдым деп ойлай алмау да шығар.
— Егер сізге өзіңіздің барлық өлеңіңізді өшіріп, тек бір ғана өлеңіңізді қалдыруға мүмкіндік берілсе, қай өлеңді таңдар едіңіз?
— «Адам – жердің шашы сынды» немесе «Желмен келісу»… «Рукописи не горят», – дейді Булгаков. Мен бұл оймен келісемін. Сондықтан қай өлеңімді қалдыруым керек деген сұраққа жауап беру қиын. Әр өлең — өмірдің белгілі бір кезеңінің ізі. Оны біз ұмытқанмен энергия түрінде ол сақталып қалады.
— Салтанат болашақта оқырмандарының санасында кім болып немесе қандай ақын болып қалады?
— Нақты бірдеңе айту қиын. Мәселен, маған Абай бір кезде философ болса, енді бірде асқан эстет, лирик. Оқырман ауқымына қарай алады, тартымына қарай тартады. Қазір біздің міндет — жан дүниенің мәзірін дайындау емес, кеңею, өсу, толу, пісу.
Сұхбаттасқан Бейбіт НҰРМҰХАНОВ