Жетісу университетінде құқықтық мәдениетке арналған кездесу өтті

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай Жетісу университетінің студенттерімен кездесті. Маңызды басқосуда оқу орнының әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев жиынның мән-маңызына тоқталып, бүгінгі таңда қоғамда заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті арттыру басты міндеттердің бірі екенін айтты. «Заң мен тәртіп мемлекеттік саясаттың басты бағыты болумен қатар, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Әсіресе, жастар заңға құрметпен қарап, өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінгенде ғана әділетті қоғам қалыптасады», – деді проректор.
Кездесу барысында Сенат депутаты Амангелді Есбай жастармен ашық пікір алмасып, елімізде қабылданған жаңа Конституцияның маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Ол Ата Заңның әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығының қорғалуына кепіл болатынын және оның қоғам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті.
«Конституция – мемлекеттің тірегі, халықтың қорғаны. Ол жастардың сапалы білім алуына, еркін дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына толық мүмкіндік береді. Ең бастысы – әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, оны заң аясында қорғай алуы тиіс», – деді Сенат депутаты.

Сонымен қатар, ол жастарды белсенді болуға, қоғамдық өмірге араласуға, ел дамуына өз үлестерін қосуға шақырды. Құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын атап өткен депутат, заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгісі екенін жеткізді.
Кездесу соңында студенттер заң мен тәртіп қағидаты аясында өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Ашық форматта өткен жиын жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға деген құрметін арттыруға оң ықпал етті.