КЛАССИКТІҢ САБАҒЫ
03.04.2026
103
1

Кейде ойлаймын: «Әй, мен соноооу Алтайдың ар жағында қой қайырып жүрген бала едім ғой…» деп. Бұл ой әр кезде келе бермесе де, «осы мен классик жазушы Әкім Таразиге шәкірт болдым-ау» дегенде ылғи да бір соғып өтеді. Ал Әкім Таразиге қазақ жазба прозасының негізін салушылардың бірі Ғабит Мүсірепов ұстаз болған, аға болған! Ойпыр-ай, сонда қалай боп кетті!?. Осы тұста қопаңдап қалам, «әй, енді жақсы шығармалар жазу керек, отыру керек!» деп оңашада өз-өзімді қамшылап қоям.

Тоқсаныншы жылдары Қытайдағы қазақтарға Қазақстаннан «Орамал» деген кітап барды. Қазақтың таңдаулы жазушыларының бір-бір шығармасын енгізіп, арнайы құрастырған. Әкім Тарази есімін алғаш сонда оқыдым. «Қызыл сиырдың құны» деген қызық әңгімесі болды.
Кейін Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан көрдім. Магистранттардың ғылыми жұмысын қорғау жиналысына келіпті. Ұстаздар, студенттер қаумалап амандасуға мүмкіндік бермеді. Ол кезде олар қайдан білсін, бір кездері менің де Астанаға барарымды, әйгілі Таразидың өз сөзімен айтқанда «сүйікті шәкірті» атанарымды. Том-том романдарын оқып, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай жататынымды, жазатынымды. Ол кезде олар қайдан білсін, жазушы, драматург Роза Мұқанованың шайын ішіп, үшеуден-үшеу әдебиеттің әңгімесін айтып отыратынымызды. Үшеуден-үшеу қала сыртына шығып биебаудың басында сағаттап саумал ішіп отыратынымызды.


Астанаға келген соң біраз жыл өткенде мен де магистратураға оқуға түскім келді. Қабылдайтын ұстаз Әкім Тарази екен. Соны естігенде, шынымды айтсам, жүрексіндім. «Ол кісімен сөйлесу қиын» деген әңгімені де құлағым шалған. Барғым келмей біраз жүрдім. Ақыры бардым. Қазіргі Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ізденуші, талапкерлермен әңгімелесу жүріп жатыр екен. Әкім ағаның алдына біраз адам жиналып қалдық. Қаздай тізіліп отырған бізге асықпай бір барлап қарап шықты да: «Ал өздеріңді таныстырыңдар», – деді. Менің әзірге сөйлегім жоқ. Бұғыныңқырап отырмын. Таныстыру басталды. Отырғанда бірінен соң бірі орындарынан тұрып аты-жөні, туған жылы, оқыған мектебі туралы тақпақ айтқандай зулата жөнелді. 5-6 адам бастауыш мектептің баласындай өздерін таныстырып шықты. Үйленген, балалы-шағалы мен үшін мына жаттанды таныстырулар бір түрлі оғаш көрінді. Тіпті олай айту мен үшін ыңғайсыз сезілді. Содан кезек өзіме келгенде орнымнан тұрып, сөздің біссімілләсін: «Мен аңшының баласы едім…» – деп бастадым. Селсоқ отырған Әкім аға қарап қалды. Қарап қалғанда мен де іркіліп қалдым. Көзі сондай өткір екен. Сөйтті де «Мен сені қабылдаймын», – деді. Мен де аң-таң, айналам да аң-таң! Әлдене айтқым келіп, қипақтап едім, «Отыра бер», – деді.
Сөйтіп, оқуға түстім. «Мен сені неге ұнаттым, білесің бе?» – деді алғашқы сабақтардың бірінде. «Жоқ», – деймін мен. «Әдебиетке әдебиеттен келетіндер болады, әдебиетке өмірден келетіндер болады. Қазір соңғысы азайған. Сен сол аздың бірісің», – деді.
Әкім аға сабақ барысында ұзақ әңгімелеседі. Бірақ ешқашан ұзынсонар әңгіме айтпайды. Бізді көбірек сөйлетеді, тыңдайды. Содан өз әңгімемізді өзімізге сараптатады. Бір қызығы, өзінің ұлан-ғайыр шығармашылығы туралы айта бермейді. Өз шығармаларын «оқыңдар» деп те айтпайды. Ал менің Тарази шығармаларын оқуым күтпеген жерден басталды. Кішкентай ғана әңгіме еді. Онда бір ақсақалдың әрекетінен қазақ ақсақалының отағасы ретіндегі биік образы алып таудай, асқар шыңдай көз алдыма келе қалды. Сол әңгіме туралы жазғым келді. Содан бір ғана әңгіме емес, тағы бір-екі шығармасын оқып көрейін деп «Тасжарған» романынан бастадым. Содан не керек, өзгеше бір уақытқа сүңгідім де кеттім. Ары қарай бірінен соң бірін оқып, Әкім Тарази әлеміне тартыла бердім.
«Тасжарған» романындағы Кеңес үкіметінің қитұрқысына ішкі қарсылығы қабында өзін қоярға жер таппай аласұратын бас кейіпкер Омардың алай-дүлей жан дүниесін, қыспақ қоғамның қысасын көрген сайын күйіп-жанып өршеленген көңіл күйін, Маңғыстаудың үстінен ұшып бара жатып: «Маңғыстау – қазақтың бет-ажары десек, жүзіңді заманалар оспасы, заманалар қамшысы осып-осып тіліпті-ау, елім…» – дейтін зар-запыранын жаныммен сезіндім. Автордың өзі жанымда отырып құлағыма сыбырлап отырғандай әсерден шыға алмай қалдым.


«Қорқау жұлдыз» романындағы сырты сондай қазақы, сырты сондай әдепті көрінген мектеп директоры Сәрсенбайдың Кеңес идеологиясы қара тырнағының ұшына дейін сіңіп кеткен бейнесін, сырты аңқау көрінгенімен, қос құлағын бітеп қойсаң да саясаттың сыбырын естіп, соған қызмет ету жолында адам баласын аямайтын кейпін аршып тұрып ақтарып бергеніне қайран қалдым.
Сонда бүкіл мектепте көзтүрткі болып қуылып жүрген Түнқатар деген мұғалім жігіт бар. Оның бар жазығы – сабақты басқаша өтетіні. «Сен неге басқа мұғалімдермен бірдей методпен өтпейсің?» – дейді күндіз-түні бақылаушы қойған мектеп басшылығы. Сонда Түнқатар айтар еді: «Оқулық бірдей, бағдарлама бірдей, адам мінезі әртүрлі ғой, метод деген мінез емес пе, мен қалай басқаларша өте алам?» – деп. Романның басында сондай мәдениетті, сондай жақсы көрінген мектеп директоры Сәрсенбайдың сол Түнқатарды қорлағанын, ақыры соттатып тынғанын, сол соттан шығып бара жатып, қаладан ауылға келіп мұғалім болып жүрген, Түнқатарды сондай құрметтейтін, сондай жақсы көретін Лима деген қыздың орнынан сүйретіліп тұрып, бір шелек бензин сатып алып, үстіне шылқылдата құйып сіріңкені тартып жібергенін, лаулап жанып көшеде кетіп бара жатқанын…
Сол Лиманы Сәрсенбайдың сондай сұрықсыз, мұртын шайнап сөйлейтін есалаң інісі Арасанбай әйел қылып алып, оны ұрмай-соқпай, түнімен мысықша мияулап, есікті тырмалап, етіне таңба түсірмей сабап (есалаң болғанымен заңды біледі, дақ түсіріп ұрсам, арызданса, соттап жібереді дегеннің бәрін біледі) жындандырып жібергені өз алдына бөлек әңгіме. Сонда Лима талмаусырап жатып жұлдыздарға қарап лағып сөйлейтін. «Маңайындағы мың-сан сәулелерді жұта беретін тойымсыз қара жұлдыздар…» – дейді. Қорқау жұлдыз – қорқау қоғам. Лиманы да жұтып әкетті. Аппақ гүлдей Лима қыз өртеніп кетті… Түнқатар түрмеге…
Бұл 1987 жылы жазылған роман. Біз «1986 жылы Қонаев кетті, Колбин келді, соған жастар қарсы болды» деген ақпаратты ғана білдік қой. Ал мына роман стандартқа сыймайтын адам табиғатының соншама қысасқа түскенін, ширыға-ширыға шегіне жеткен қоғамдық психологиялық халін жеріне жете қалай жеткізген, қалай?!. Проза, көркем шығарма құлағыңа сөйлемейді, жүрегіңе жеткізеді. Айқайламайды, сенің ішіңдегі айқайды көтереді.
Бірде Әкім Таразидың кітаптарының тұсаукесерінде жазушы Төлен Әбдік сөйледі. «Бір нәрсеге қайранмын, осы Әкім ағамның шығармалары сол кездегі цензурадан қалай өтіп кетті екен?» – деді. Рас, қалай өтіп кеткен? Бірде Әкім ағадан мен де сұрағам, «Соны өзің ізденші…» – деп сынай қарап біраз отырған. Сосын «Мен басшылық қызметте жүрдім ғой, партия мені «біздің адам» деп ойлайды ғой, сосын мен көбінесе шығарманың басын барынша тартымсыз қылып жазам әдейі, «қырағы көздер» біраз оқып, жалығып, түк түсінбей тастай салса деймін. Солай болды өзі, ал бірдеңе байқап жатса, бұлтарып шығар жолдардың ұшығын шығарып қою да керек», – деді.
Анау бір «2 999 999+1» деген әңгімесін оқығанда төбе шашым тік тұрған-тұғын. Кеңес үкіметі құрыла сала «елді теңдікке жеткіземіз» деп Торғай өңіріне барып, елді асырап отырған, жұртқа сыйлы бір байдың жас әйелін «жас, сұлу кедей қызды бай дүниесімен сатып алған, әйел теңдігін орнатамыз» деп айдаладағы танымайтын жас жігітке қосып, оларды Кеңес үкіметінің арқасында ғашығына қолы жеткен жандар етіп көрсетіп, бір ақынды жалдап поэма жаздырып, оны Мәскеуде шығатын таралымы ең көп газетке бастырып кетеді бір үкімет адамы.
Қош деңіз, 1931 жылы аштықта сол өңірге әлгі үкімет адамы тағы барады. Ел қырылып қалған. Өліктерден арбаның аты үркеді. Сөйтіп, бір иен тамға кірсе, көзі қып-қызыл боп қанталап кеткен біреу адам етін жеп отырады. Таниды. Баяғы «ғашығына» қосып кеткен жігіт. Алдында әйелінің басы жатыр. Баяғыда бұған «ғашығы» деп тартып алып берген байдың әйелі. Екі төсі баланың жұдырығындай болып екі бөлек жатыр…
Үкімет адамы жігітті алып шығады. Арбаға мінгізеді. Ауыр ой үстінде келе жатады. Жүйкесі сыр береді. Жынданып кететіндей сезінеді. Әлгі жігіттен қорқа бастайды. Бір кезде әлгі жігіт: «Дүзге шығам», – дейді. Арбадан түсіп, ары қарап шаптырып тұрады. Үкімет адамы сыртынан қарап тұр. Тапаншасын қолына алады. Ішінен: «екі миллион тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоқсан тоғыз қазақ қырылып қалғанда ешкім жоқтамағанда бір сені кім жоқтамақ, ит!» – дейді де шүріппені басып қалды…
«Адамзат тарихындағы аянышты эпизод» деп жазып едім осы әңгіме туралы. Бұлардың бәрі Тарази шығармаларынан шола сөйлегендегі, жорта кешкен ой, желдей соғып өткен сезім ұшқындары ғана деп біліңіз.
«Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» дейтін шығармасы… Автордың алай-дүлей көңіл күйі… Шығарманы жазып отырып тоқтатып қойып қиналғаны… Таң алдында досы Қалиханға телефон шалғаны, екеуі Қалиханның бақытсыз балалық шағын айтып мұңдасқаны… Александр Солженицынның қазақ туралы айтқан кесірлі сөзіне кейігендері, жабырқағандары…
Жазушының 90 жас мерейтойы өтті. Халықаралық ғылыми конферренция өтті. Жазушылар, ғалымдар сөйледі. Роза апай Ұлттық кітапханадан Тарази залын дайындады. Оған өзінің кітапханаға берген кітаптары, қолжазбалары, жеке заттары тап-тұйнақтай қойылған. Соны көріп риза болды. Ескі естеліктер алдынан адамдай тіл қатып шыққандай, әр қайсысымен сырласқандай күй кешкені көрініп тұрды. Мүмкін бізді де сондай бір толқынысты ойлар шарпыды. Жиыннан соң үйіне дейін бардым. Отырып шай іштік. «Жүректерім, жандарым, бәрі қаумалап…» – деп қалың оқырманына, Роза апайға ризалығын айтып отырды. Сайын досынан бастап өзге де достарын айта береді. «Достарымның бәрі кетті ғой», – деді. Мұңайып қалды. «Олар да осындай сый-құрметті көрсе ғой» дегендей бір сезім кешті, бәлкім. Түк сөйлегім келмейді. Жүзіне қарасам, қаншама кейіпкерлері есіме түседі, қазір ғана алдымда томашадай болып отырған Таразидың тұла бойынан өткізген, жанын езіп, жүрегін сығып шыққан кейіпкерлер…
Иә, «Москва – Баласаз» деген романындағы бас кейіпкердің образы сұмдық қой! Долданып кетсе, бүкіл ел қорқатын сол жігітке кәдімгі басшылар, шенеуніктер киетін костюм, галстукты көрсетсең, жынын алған бақсыдай жым бола қалады. Үкіметтен өлердей қорқады. Сол бас кейіпкердің күйі Кеңестік саясат үрейін алып қойған қазақ хәлі емес пе, қандай аянышты еді…
Соның бәрін жүрегінен өткізген, соның бәрі туралы ауыр бұлттай ой кешкен, соның бәрін ақ қағазға түсірген Тарази! Белгілі бір заман аунап түскенде ол заманды жамандап айта беру кімнің қолынан келмейді. Ал соның ішінде жүріп, сол уақыттың өзінде айта білу… қандай ерлік, қандай жүрек, қандай парасат керек оған!? Біздің кейде «сол уақыттың қаламгерлері сол саясатты жырлады ғой» деп үстірт тон пішіп, бәрін білетіндей шолақ қайырып отыратынымыз бар ғой. Сонда ішіне, астарына үңіліп оқымаймыз ба, қалай? Қазақ қаламгерлерінің тар заманда тапқан амалы, айла-тәсілі қаншама шығармаларында демін ішіне тартып әлі жатыр.
Әдебиет әлемінде түрлі жазушы болады. Бірақ құрыштан құйылғандай, дәуірдің, уақыттың кейіпкерін сомдайтын суреткерлер көп болмайды. Сол аздың бірі – Тарази! Мың адамның бейнесінен мың адамның қасиетін бойына сіңірген бір адам жасап шыққандай шеберлік керек кейіпкер жасауға! Таразидың бір ғана Кірпішбайының өзі миллион адамның бейнесін бір өзіне сіңірген бір кейіпкер емес пе?!
Тарази шығармаларын зерделей оқыған адам әсіресе сәбет үкіметінің ішек-қарнын ақтарып отырады. Ұңғыл-шұңғылын түгел кезеді. Адам санасына не арқылы қандай өзгерістерді енгізгенін көзбен көріп отырғандай күй кешесің.
Бірде әңгімелесіп отырып баласы Алпамыс туралы сұрадым. «Қалай тәрбиеледіңіз?» деймін ғой баяғы. Бір оқиға айтып берді. 5-6 сынып оқитын кезі болса керек, Алпамысты мектептен алуға барса, Алпамысқа екі-үш бала жабылып төбелесіп жатыпты. «Дуалға жасырына қалдым», – дейді Әкім аға! «Өзі төбелессін, өзі жеңсін, жеңе алмаса, таяғын жесін» дедім, бір кезде әйтеуір үшеуінің бетін қайтарды. Етек-жеңін жинап қақпаға қарай беттегенде түк көрмеген адамдай алдынан шықтым, жағдайын сұрап едім, ол да ештеңе болмағандай: «Бәрі жақсы», – деді. Сол кезде «е, е, е азамат болған екенсің» дедім» дейді. Атақ-абыройын салып баласына жастайынан жәрдемдесіп жататын ата-аналарды ұната бермейтін. «Уақытша жеңіс әпергендей болады, ал өмір қатал ғой…» – дейтін.
Кейде Әкім аға биік таққа мініп алып мынау өмір-тіршіліктің үстінен қарап отырғандай әсер беретін. Бәрін түсініп, бәрін кешіріп, сабырмен, салмақпен, аса бір үлкен әкелік қамқорлықпен! Сол биік таққа жоғарыдан келіп отыра қалған жоқ қой, жоқшылықты да, тоқшылықты да, достық, сатқындық, аярлықтың бәрін көре жүріп, өзегінен өткізіп, санасында сараптап, сан алуан кейіпкерімен қағаза түсіріп, әбден толысып, енді тек сол биік тұғырдан жұртының тілеуін тілеп отырған даналық дәуірін көргендеймін.
Әр сөз, әр батасында тұтас қазақтың, ізгі ниеттегі күллі адам баласының, жер шарының амандығын тілеп отыратын. Жаттанды, ұйқасты бата емес, әр сөзді өзінің жүрегінен суырып шын тілейтін. «Е, Жаратушы Ием, қазақ деген момақан халқымды жарылқай гөр!» деп жалбарынатын. Енді сол шексіз сүйген халқы, қалың оқырманы «жаны жәннатта болсын» деп дұға қылады.
Халқының ауыр кезеңдерден өтіп жатқан тұсында қолына қалам алып, қазақтың күллі болмысын бойынан өткізе, жан дүниесін тербете отырып қағазға түсіру қандай қиын?! Әкім Таразидей ұлы ұстаздан, классик жазушыдан сабақ алған шәкірт, ынталы оқырманы ретінде мен соны қапысыз сезіндім. Бұл алды-артын аңдай қоймаған, бір кездері қорқа-қорқа алдына келген шәкіртке классиктің сезіндірген сабағының бір парасы ғана…

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.04.2026 | 13:40

Тамаша туынды. Сөз жоқ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір