КЛАССИКТІҢ КӨЗІЛДІРІГІ
29.10.2024
78
0

2000-жылдардың басы. Ә.Нұрпейісов чартерлік рейспен Ташкенттегі бір өзбек досының мерейтойына ұшатын болып, ол кісіні шығарып салу маған жүктелді. Ол тұстағы қызметтік көліктер «отыз бірінші» «Волга» болатын. Таңғы сағат 6:00 шамасында Әбдіжәміл атамызды алдық, ол кісі өзімен бірге Смағұл Елубай ағамыз бен журналистер­ден Айгүл Аханбайқызы­ның баратынын айтты.

Көліктің алдыңғы орнында Айгүл, артында Әбең, Смағұл аға – үшеуміз. Аэропортқа келіп те қалдық, дәл сол мезетте Әбең: «Бұр көлікті, Бигелдіні ұмытып кетіппіз! Тез кері бұрыл!» – деп айғай салды. Біз ол кісінің бұл көлікке онсыз да сыймайтынын, таксимен келе бергені жөн екенін айтып жатырмыз. Жоқ, Әбең көнбеді. Кері бұрылдық.
Жол бойы Әбең жүргізушіге ұрсумен болды. «Достық» көшесімен көтеріліп келе жатып Қажымұқан көшесінің қиылысына жақындай бере Әбекең: «Әне, Бигелді. Бұр көлікті!» – деп айқай салды. Дегбірінен адасқан шофер көлікті екінші қатардан бұрғаны сол еді, сол жақ беттен әлдене «гүрс» еткізіп соғып, дүние төңкеріліп сала берді. Жерге түссем, көліктің сау тамтығы жоқ. Смағұл аға: «Біз не істеп жүрміз!?» – деп сұрай береді. «Ташкентке ұшасыздар…» – деймін. «Жоқ, ол делегацияның құрамында мен жоқпын», – дейді ағам. Айгүл де бетін машинаның алдыңғы панеліне қатты ұрған секілді. Менің де сол құлағымның асты жыртылып, тұмсығым ісіп кетіпті.
Әбекеңді іздеп жатырмыз, ол кісі жаймен түсіп: «Біз Бигелді екеуміз жүре берейік, уақыт болып қалды…» – деді де, сол жерден таксиге отырып, аэропортқа қарай тартып кетті. Смағұл аға да, Айгүл де қала берді.
«Волгаға» соққан автобус екен, оның да алды тас-талқан болыпты. «Волгадан» түк қалмаған. Арада жылға жуық уақыт өткенде, сол көлікті утилизация жасаған гараж қызметкерлері маған көліктің ішіне түсіп қалған Әбекеңнің көзілдірігін әкеліп берді.
Онан кейін ол кісімен көп мәрте ұшырасудың сәті түсті, бірақ сол бір көңілсіз жайтты есіне түсірмей-ақ қоя­йын деген ниетпен көзілдірік туралы айтқаным жоқ. Қазір менде сақтаулы.
Бүгінгі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғасырлық мерейтойында осы бір естелік еске түсіп отыр.

Мамай АХЕТ,
филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір