ЖАТ ЖҰРТТАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ
02.04.2026
118
0

Бүгінгі қазақстандық театр өнері қарқынды даму үдерісін басынан кешіруде. Жаңа сахналық тілді қалыптастыруда режиссерлер постдрамалық театрдың түрлі бағыттарын байқап көріп, көрерменді өнерге тартудың тың жолдарын іздеу үстінде. Бұл шығармашылық үдерісте мәтін үстемдігі әлсіреп, визуалдық бейне, пластика, дыбыс пен кеңістік драматургиялық құрылымның теңқұқылы элементтеріне айналып отыр. Спектакль көбінесе ашық пішінге құрылып, интерпретация еркіндігіне мол мүмкіндік береді, ал көрермен болса, енжар бақылаушы емес, белсенді қатысушыға айналды. Заманауи қойылымдарда әлеуметтік тақырыптар, жеке адамдардың ішкі драмасы, өзіндік бірегейлік мәселелері жаңа эстетикалық құралдар арқылы зерделеніп, сахна өнері қоғаммен тікелей сұхбат құратын алаңға айналғандай.

Жуықта ғана Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры белгілі драматург Олжас Жанайдаровтың шынайы оқиғалар желісімен жазылған «Магазин» атты пьесасы бойынша «Я – Қарлығаш» драмасын сахналады. Қоюшы режиссері – Ұлан Болатбек, суретшілері – Анастасия Мороз және Нысанғали Қаниев. Қазіргі алмағайып заманымызда аса өзектілікке ие болып отырған көші-қон және мигранттар мәселесін арқау еткен аталмыш қойылым шетелде жұмыс жасап, нәпақасын табуға кеткен қарагөз қыздарымыздың тағдыры жайлы бір үзік сырды баяндайды. Спектакльде жат елдегі тіршіліктің сыртқы жылтырағы мен ішкі шындығының арасындағы алшақтық айқын көрсетіледі. Тіл білмеу, құқықтық қорғансыздық, әлеуметтік оқшаулану, зорлық-зомбылық көру, моральдік қысым – мұның бәрі кейіпкердің жан дүниесіндегі рухани дағдарыспен астасып жатады.
Режиссер пьеса мәтініне едәуір қысқартулар енгізгенімен, автордың негізгі идеясын барынша сақтауға ұмтылған. «Магазин» драмасы – жазылу эстетикасы жағынан ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қалыптасқан ресейлік «жаңа драма» бағытының рухындағы туынды. Пьесада отандастарымыздың басынан өткен жантүршігерлік оқиғалары боямасыз, шынайы қалыпта беріледі. Драмадағы Зияш пен Қарлығаш бейнелері арқылы драматург әлеуметтік осалдық пен үміттің, қорқыныш пен төзімнің, шарасыздық пен дәрменсіздіктің өзара шарпысқан күрделі психологиялық иірімдерін терең ашып көрсетеді.
Шағын пішінді (камералық) спектакль тура сахнада орналасқан көрермен залында ойналады. Көрермен мен сахна кеңістігінің арасы таяқ тастам болғандықтан ол актерлерге екі есе жауапкершілік арттырады. Сонымен қатар, режиссер спектакльде бейнекамераны қолданады да, сахнаның көкжиегіне тартылған үлкен экранда кейіпкерлердің бет-әлпеттері мен ым-ишаралары үнемі бақылауда болады. Оқиға барысында камераны осылайша қолдану екіжақты мәнге ие болады: біріншісі, кейіпкерлер көрерменнің алдында жан сырларын ақтарып өз күнәларын мойындап жатқандай (бәлкім, Құдаймен сырласқандай) әсер қалдырса, екінші жағынан, актердің әрекеті әрдайым көрушінің назарында болғандықтан, ойында жасудай жалғандыққа жол берілмей, шынайылыққа итермелеп отырды.
Спектакльдің сценографиясы актерлердің сахнада тіршілік етуіне ыңғайлы қарастырылған. Оқиға жөртөледе өтеді. Басқаша айтсақ, қоқыс тастайтын орын деуге де болады. Себебі, қойылым барысында әлсін-әлсін төбеден қоқыстар төгіліп отырады. Ал жертөледе шеңбер бойы айналдыра орналастырылған қоқыс толтырылған бір реттік пакеттер шашылып жатыр. Бұл құдды бір кейіпкерлер тозақтың шеңберінің ішіне түскендей әсер етеді. Себебі, осы кеңістікте небір сұмдықтар өтеді. Зорлық-зомбылық, кісі өлімі, буллинг пен әлімжеттік көріністері өтеді. Кеңістік ортасында ас ішетін үстел, оң қапталда төсек бар, бір шетінде кәдімгі әжетхана (унитаз), ал сол қапталда жұмыс үстелі қойылған. Жұмыс үстеліне бейнекамера мен шам бекітілген. Шамның әлсіз жарығы ала-құла көлеңкелі реңк жасап, кейіпкерлердің трагедиясын күшейте түседі. Бейнекамера алдыңғы қатардағы көрермендерге тікелей түсіп тұрады да, олар өздерін экраннан көріп отырады. Бұл өз кезегінде кейіпкерлердің көрермендер арасында жүргендей әсер туғызып отырады. Сонымен қатар бейнекамераға полицейлік машинаның жарқылдауығы (мигалкасы) жабыстырылған. Бір ғана деталь, бірақ оқиғаның барысында көркем ойды шебер жеткізіп тұрады. Авангардтық өнердің көрнекті өкілі Марсель Дюшанның «Фонтан» ready-made-ін еске салатын әжетхананың сахнада қолданылуы да бірқатар философиялық ойларға жетелейді. Ол текке аққан қорлыққа толы өмірдің символына сұранып-ақ тұр. Бірақ қойылым түзушілер оны Қарлығаштың «армандары» суреттелетін орын ретінде көрсетеді. Суретшілер мен режиссер пьесадағы натуралистік дәлдіктерден әдейі бас тартқаны байқалады. Себебі, драматургиялық шығарманың сахналық нұсқасы эстетикалық жағынан тап-тұйнақтай, әлеуметтік сатылардың ең түбінде тірлік кешкен «қоқыстың арасындағы адамдарды» емес, қарапайым ғана жұмысшылардың өмірін көрсетеді. Бұл – бір жағынан, сүреңсіз өмірде үмітін сақтаған кейіпкерлердің арманын көрсетуге деген талпыныс. Онсыз да қиюы қашқан сұрқай өмірді барлық сұмдығымен сахнадан көрсетпеуге деген ниет. Әрине, бұлай да шешуге болары сөзсіз. Бірақ жеке басыма әсіре шарттылық оқиғаның эмоционалды салмағын жеңілдетіп, жертөледегі өмірді «идеалдандырып» жібергендей көрінгенін жасыра алмаймын. Режиссер драмадағы шешуші сахналарда көрінетін манекендерді қолдануда да шарттылыққа көп сүйенгенін айтқан жөн. Олар функционалдық түрде пьесадағы оқиғаларды жеткізуге еңбек еткенімен, шынайы сахналық әсер туғызуда, қатыгездік актілерін көрсетуде әлсіз түсті.
Спектакль екі құрамда жасақталыпты. Қос құрамда ойнаған сахнагерлер кейіпкерлерін бір-біріне ұқсатпай шығарған, бұл спектакльдегі үлкен жетістік деп тануға мүмкіндік береді. Сахна шебері, тәжірибелі актриса, Құрмет орденінің иегері Гюль Зиятова жасаған Зияш бейнесі – тағдыр тәлкегін бастан кешкен күрделі тұлға. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген, жазықсыздан темір торға тоғытылып, одан кейінгі ғұмырында өзінен бір саты жоғары тұрғандарды ақша беріп сатып алу, алдау мен арбаудың сан түрлі айласын меңгеруге мәжбүр болған жан. Оның өміріндегі ең үлкен мән – шағын дүңгіршек дүкені ғана. Әке-шешеден жылу көрмеген, күйеуден бақыт таппаған, бауырына басып үлгерместен сәбиінен айырылған әйел – жан дүниесі жарақатқа толы бейшара-бейбақ. Тағдырдың тезіне түссе де сынбаған Зияш бейнесін сахнагер жан-тәнімен сезініп, терең психологиялық нақышпен өрнектейді. Кейіпкер мінезіндегі штрихтар мен детальдарға айрықша мән беріп, оның табиғатын жан-жақты зерттегені байқалады. Актриса кейіпкер болмысын күллі жүйкесімен сезініп, қатыгездік пен мейірімділік (эмпатия) арасындағы ішкі қайшылықтарды шегіне жеткізе эксперессивтілігімен айшықтайды. Дауыс ырғағының сан алуан құбылысы бояуы қалың интонациялық палитрасы көрерменге тікелей әсер етіп, жан дүниесін шымырлатады. Зияш-Гюль «Атамекен» әнін орындаған сәтте көрермен залы қосыла шырқап, сахна мен зал арасындағы шекара бір сәт жоғалғандай әсер қалдырды. Гюль Зиятова сахнада Зияш болып ғұмыр кеше білді. Сондықтан оның ойыны арқылы көрерменнің бойында жанашырлық сезімі оянып қана қоймай, сонымен бірге кейіпкер тағдырына деген терең аяушылық пен түсіністік қалыптасты. Актрисаның сөз астарын ашу қабілеті, суырып-салмалыққа бейімділігі, рольдің сыртқы суретін дәл қарастыруы оның кемел ізденісінің айғағы деуге болады.
Ал Мәдениет саласының үздігі, актриса Эльмира Керімбаева сомдаған Зияш бейнесі мүлде өзге қырынан ашылды. Оның Зияшы өмір сүрудің заңдарын білетін, ортаға бейімделгіш, өзіне тиесіліні жібермейтін, озбырлығы да жоқ емес. Актриса кейіпкер психологиясын ұсақ детальдар арқылы ашады. Дауыс ырғағының күрт құбылуы, әр сөзіндегі үнсіздіктері астарлы мағынаға ие. Сәл ғана жымиыстың ар жағында ащы мысқыл сезіледі. Осының барлығынан Зияштың ішкі әлеміндегі күрделі қабаттарды аңғарамыз. Актриса ойын өрнегінде Зияштың қаталдығы қорғаныс механизмі, оның ішкі жалғыздығы ашық трагизм мен психологиялық жарақаттардың жиынтығы ретінде көрінеді. Кейіпкер эмоцияларын жеткізуде шынайы дәлдіктерді тапқан Эльмира Керімбаеваның шеберлігі көрермен жүрегін тебіренткені анық. Нәтижесінде, бір драмалық бейне екі актрисаның орындауында екі түрлі эмоционалдық және идеялық реңкке ие болып, спектакльдің көркемдік ауқымын кеңейте түседі.
Актрисалар Раиса Сертбекова (Мәдениет саласының үздігі) мен Мәншүк Жайлыбаева спектакльде Қарлығаш ролін орындайды. Екі актрисаның ойынында бір бейне екі түрлі бедерлеу тауып, орындаушылық қайталауларға жол берілмеген. Раиса Сертбекова өз кейіпкерінің ашық-жарқын мінезін, жанының тазалығы мен аңғал сенімін алдыңғы қатарға шығарған. Қандай ауыр сынаққа тап болса да, әкесіне «коттедж үй, джип машина сатып әперемін» деген арманынан айнымайды. Ол сұйыққол, адам саудалаушылардың құрбанына айналса да өмірсүйгіштік қасиетін жоғалтпайды. Қарлығаштың дүкен қожайыны Зияшқа ұнамайтыны да – осы рухының биіктігі. Актриса осы ішкі қайшылықты сахнада нанымды аша білген. Оның мәжбүрліктен дүниеге келген сәбиіне деген аналық мейірімі де шексіз әрі табиғи көрінеді. Режиссер сәбиді қоқыс салатын пакет арқылы шартты түрде берген. Бұл шешім «қоқыс адамнан қоқыс сәби туады» деген ащы әлеуметтік метафораға жетелейді. Раиса Сертбекова өз кейіпкерінің ішкі трагедиясын ашып көрсетуге мол күш жұмсады.
Мәншүк Жайлыбаеваның Қарлығашы өзгеше бояулармен бейнеленген. Актриса орындауында кейіпкердің ішкі қарсылығы, Зияштың айдауына көне бермейтін қайсарлығы анық көрінеді. Оның Қарлығашы Зияштың өктем сөзіне сырттай көнгендей болғанымен, ішкі әлемінде келіспеушілік отын өшірмейді. Жаңа туған шақалағына деген аналық сезімі, оның болашағына алаңдаушылығын актриса өз ойын өрнегімен сенімді жеткізді. Алайда Раиса да, Мәншүк те спектакльдегі Қарлығаштың Зияшты тұншықтыратын сәтіне дейінгі ашу-ыза кернеген болмысын психологиялық тереңдікпен жеткізе алмай жатқандығын айтпасақ айып. Сонымен қатар көз жасын көрсетуде актерлік құрам абай болғаны абзал, себебі бұл орындаушылық тәсіл драманың трагедиялық қуатын әлсіретіп жібереді. Болашақта сахнагерлер осыған жіті назар аударады деп сенеміз.
Спектакльде өнер көрсеткен актерлік құрамның қызықты ойыны, заманауи әлеуметтік қысым мен адамдық құндылық туралы мәселені қатар қозғайтын жарқын бейнелері драманың идеялық ауқымын тереңдетіп, көрерменге кейіпкер тағдырын әр қырынан пайымдауға мүмкіндік береді.
Спектакльде көтерілген өзекті әлеуметтік тақырыптар, атап айтқанда, көші-қон, шеттегі отандастарымыздың хал-күйі, әйел мен бала тағдыры және ақшаға сатылатын құндылықтар мәселесі көрерменді ойландыруға шақырады. Драманың ауыр да қатал атмосферасы, кейіп­керлер бейнесінің психологиялық тұрғыдан жан-жақты әрі сәтті сомдалуы, режиссурадағы заманауи қойылымдық тәсілдердің көркемдігі спектакль өміршеңдігінің кепілі болады. Жас режиссер мен өнер ұжымының нәтижелі жұмысы театр репертуарының тағы бір көркем туындымен толыққанын көрсетеді.

 

Меруерт Жақсылықова,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір