Сарыарқа, самал желім, салқар белім…
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ
Неге екені
белгісіз?
Төбе де емес,
Тау да емес.
Жынды да емес,
Сау да емес.
Жолдас та емес,
Жау да емес.
Адам айтса сенгісіз,
Кім екені белгісіз…
Өлі екені белгісіз,
Тірі екені белгісіз.
Бар екені белгісіз,
Жоқ екені белгісіз.
Аз екені белгісіз,
Көп екені белгісіз.
Жасында жоқ айырма:
Іні екені белгісіз,
Аға екені белгісіз.
Түрі менен түсі жоқ:
Ақ екені белгісіз,
Көк екені белгісіз.
Қабағы бар,
Қасы жоқ,
Табағы бар,
Асы жоқ.
Аяғы бар,
Басы жоқ.
Бір заманға кез келдік
…Неге екені белгісіз?
Ұзын емес,
Қысқа емес.
Нақыл емес,
Нұсқа емес.
Көктем де емес,
Қыс та емес.
Қай мезгілі белгісіз.
Жыл ма,
Күн бе,
Апта ма,
Ай мезгілі белгісіз.
Аспанда емес,
Жерде емес.
Есікте емес,
Төрде емес.
Бесікте емес,
Көрде емес.
Тас та емес,
Гүл де емес.
Қанден де емес,
Піл де емес.
Аңқау да емес,
Сұм да емес.
Айтқан сөзің жұртыңа
Өтірік те, шын да емес.
Айқайласаң – ұқпайды,
Түртіп қалсаң – үндемес.
Айтатыным бұл да емес:
Ажыратып болмайсың,
Кімге – дұшпан,
Кімге – дос.
Пікір қосып пікірге,
Бере алмадым бір кеңес.
Алалай да бұлалай,
Ала жирен, құладай.
Данышпан ба,
Дүмше ме,
Кім екенін сұрамай,
Түсінбедім – бұл қалай?!
Бірі бар да,
Бірі жоқ:
Түзелетін түрі жоқ.
Сыйқы бар да,
Сұры жоқ.
Әуені бар,
Жыры жоқ.
Айтатыным – бұл да емес:
Күлді – бадам,
Күл – көпеш,
Бір заманға тап келдік.
…Неге екені белгісіз…
* * *
Менен сенің нең артық?
Ақылың ба?!
Құдай сендей кез қылды-ау мақұрымға.
Жарақаттап жанымды,
Жәбір жасап,
Жарға келіп жықтың-ау ақырында!
Менен сенің нең артық?
Беделің бе?!
Қалмады ғой белгің де, бедерің де.
Мықыныңнан ұстатпай ұшып кеттің
«Мықтап таяқ тағдырдан же!» дедің бе?
Менен сенің нең артық?
Түр-тұлғаң ба?!
Мен – байтақпын,
Мен – кеңмін бір тұрғанда.
Шамырқанған шабытты
Шаттық күйді –
Сезе алмадым сұрқыңнан, тұрқыңнан да.
Менен сенің нең артық?
Талантың ба?!
Айырбастап жібердің мені алтынға.
Мұратымның шығардың күл-талқанын
Мұрша бермей жеткенде жан алқымға.
Менен сенің нең артық?
Баспанаң ба?
Баспананы ойласам жасқанам да.
Жаутаң-жаутаң қараймын жан-жағыма,
Бермесін деп бұл күйді басқа адамға.
Менен сенің нең артық?
Сүйенішің?
Соны ойласам жалындап күйеді ішім.
Аспан-жерді билеген құдіреттей,
Мынау жалпақ әлемге иемісің?!!!
Қараторғай-Сарыторғай
Ұлытаудан
Ұласқан Қараторғай,
Бүршік жарып,
Гүл ашқан Қараторғай.
Жүзе алмадым,
Қайтейін –
Жалған дүние –
Айдынында құлаштап, Қараторғай.
Әрі жақын мен үшін,
Әрі шалғай,
Сағынышыма айналдың
Сарыторғай.
Сенің сұлу
Сындарлы қасиетіңді,
Талайлар жүр
Бойына дарыта алмай.
Арғы түбі
Бұлақтан басталатын.
Армандасам
Жанардан жас таматын.
Ұшқан кезде жосылып кететұғын,
Қонған кезде
Қосылып кететұғын,
Қараторғай,
Сарыторғай –
Қос қанатым!
* * *
Оңай емес
Ойлағанға тірлігім.
Біреуге – қас,
Біреуге дос, құрбымын.
Жайшылықта жарқыл қағып жүргенмен,
Жасырмаймын:
Менің де бар бір мұңым.
Ерте көктем салқынына іліктім,
Найзағайдың жарқылына іліктім.
Айтар сөзім –
Алқымыма тіреліп,
Қор болам деп,
Қорықтым да үріктім.
Өзімді-өзім өтірікке сендірдім,
Өзімді-өзім өкінішке көндірдім.
Жағаластым,
Көп адастым,
Ақыры –
Не бітірдім,
Не тындырдым,
Не өндірдім?!
Қасиетін айырмадым асылдың,
Қасіретін танымадым Ғасырдың.
Бірлік кімде?
Билік кімде –
Біле алмай –
Бейбіт күнде берекемді қашырдым.
Елге сіңген
Еңбегімен санаспай,
Жан ұшырдым –
Жақсылармен жанаспай.
Мұрынынан тұрды тарих міңгірлеп,
Мұраларды желге ұшырып «Манастай».
Күндіз – күлкі,
Қалдым түнде ұйқымнан.
Жан шошыды көрген кезде сиқымнан.
Ірілері іріктеліп елімнің
Талшық қылдым, қалған-құтқан қиқымнан.
Талықсытып
Таусылғаны-ай амалдың
Тас түрмеге қайта-қайта қамалдым.
Діні бар деп ойламадым әкемнің,
Тілі бар деп ойламадым анамның.
Шайқалғандай
Шаңырағым – дарағым.
Емін іздеп жанға түскен жараның.
Ұрандадым
Тұра алмадым орнымда,
Өткеніме қайтадан бір қарадым.
Тарих тонын «шешіндірген» секілді,
Тоқыраған көшім жүрген секілді.
Талай жылдар
Талып қалып, тіл қатпай
Енді ғана есім кірген секілді!
Сарыарқа сарыны
(толғау)
Сарыарқа
Сағындырған сайын далам,
Ежелден жазған хаттай жайың маған.
Желің бар,
Дауылың бар,
Бораның бар
Тағдырдың талқысынан тайынбаған.
Сарыарқа
Сарқылмайтын сағынышым.
Жаралған маңдайымның бағымысың?!
Таралған тамырымның өн бойымен
Қанымның тоқтамаған ағынысың.
Сарыарқа
Сән-салтанат базарындай,
Айдында аққуы мен қазы арылмай.
Бұрқырап қысы-жазы жатқаның сол
Қайнаған қазынаның қазанындай.
Сарыарқа
Сарқыраған өзен-көлім.
Сен менің жан-сырымды сезер ме едің?
Кеудемді ақ самалға ашып тастап,
Алшаңдап кең далаңды кезер ме едім.
Сарыарқа
Желкілдеген желегіңнен
Керемет ою-өрнек көремін мен.
Әуелден сен де жомарт
Мен де жомарт –
Аямай бойда барын бере білген.
Сарыарқа
Сиқырың бар көзді арбаған.
Тауларың бір-бір тұғыр қозғалмаған.
Атыңды әсемдеуге, әспеттеуге
Ақыннан артық-ауыс сөз қалмаған.
Сарыарқа
Сауырыңда кісі адасқан,
Қыдырттым қиялымды тұсамастан.
Жатсынбай жанның бәрін келген-кеткен
Үлкенге, кішіге де құшақ ашқан.
Сарыарқа
Сарқыраған бал бұлағың
Бір жұтсам құмарымды қандырармын.
Білемін, білемін мен
Хорландардың
Естайдай жігітті естен тандырарын.
Сарыарқа
Самал желім, салқар белім,
Дамылдап бабам жатқан дархан жерім.
Су алып иінағашпен қайтатұғын,
Көңілден кетпей қойды-ау қалқам менің.
Сарыарқа
Сені көрсем тамсанғандай
Құштармын құшағыңа аңсар жандай.
Алыстан құлағыма үн келеді
Қосылып Ақан, Біржан ән салғандай.
Сарыарқа
Салсам шырқап сол бір әнді
Күмбірі құлағымда қалды мәңгі.
Сақтадым сені ғана…
Кешір мені!
Жоғалтып, желге ұшырып мол мұрамды.
Сарыарқа
Сен ғұмырды создың ән боп,
Бәрі де менен, сенің өз кінәң жоқ.
Түу баста перзентің боп жаралғанда,
Туғаным жоқ топырағыңды тоздырам деп.
Сарыарқа
Сені сыйлау парыз маған
Борышын өтер болса әр ізгі Адам.
Аздырып алған болсам
Әз Басыңды
Алдында Уақыттың арызданам…
Сарыарқа
Сай-салаңа бақ тұнғасын.
Мен саған сірә бір сәт тақтым ба сын?!
Қарамай алды-артыма құйғытсам ғой,
Алаңсыз қоя беріп аттың басын.
Сарыарқа
Салсам айқай «жарандар!» деп,
Сол сәтте көкірегімді самал кернеп.
Сен сонда разы боп жатсаң болды:
«Білетін қадірімді балам бар!» деп…