ОНЫҢ «ПАЛИТРАСЫЗ ПОРТРЕТІ»
02.04.2026
66
0

Қали СӘРСЕНБАЙ
Алдымен, мына бір үзікті оқып алсақ, тақырыбымыздың тура төбесінен түсеміз-ау деп ойладым.

«…Дей тұра, Досхан мен сияқты қаратабан журналисті көшеде кездестіргенде тани кетеді, танығаныңыз не, «бауырым, сен Шархансың ба?» деп бас салатыны мен үшін қиял-ғажайып ертегі болатын. Бірақ үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін шаруаның өзі өңіңде болып жатады екен. Досхан ағаның сұрағына «иә» дегенім сол, ағам мені құшақтай жөнелді. Әлі аң-таңмын. Содан соң әдемі спецификалық қоңыр даусымен тіл қатты. «Шархан-ау, мен сені іздеп жүргеніме көп болды. «Алматы ақшамындағы» «ООО»-ыңды» нөмір сайын оқимын. Басыма жастанып оқитынды шығардым. Сенімен таныссам деп жүргенмін. Құдайдың құдіреті ойламаған жерден кездестірді сені».

…Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреатының өзі танитындай мен кіммін, әрі-беріден соң?! Дәл осы сәт мен өмірімде бірінші рет бетпе-бет көріп тұрған Досхан ағаның қандай адам екеніне салған жерден көзім жетті. Ғажап жан! Мұндай тұлғалар некен-саяқ. Көшеде кетіп бара жатқан адамға өзі келіп амандасатын өнер адамы мүлде жоқ. Халықтың ұлы болсаң, Досхандай бол!»

Расында да, анау-мынауыңа  оңайлықпен тамсана қоймайтын тұлғаның таңырқайтын да жөні бар. Кітап оқу кейіндеп тұрған тұста «Алматы ақшамында» тұтас кітаптарды басу үрдісі басталып кетті. Соның бірі Шархан Қазығұлдың «Оңашадағы онлайн ойлары» еді. Доскеңнің айтатынындай бар, жақсы оқылды. Асанәлі Әшімұлы, Сәбит Оразбаев, Әшірбек Сығайлардың «әй, мынау қай бала, қалай-қалай  сілтейді» деген сөзінің де тірі куәсіміз. Оны айтасыз, кейбір әкімдердің де сыңайынан  Шарханның шертпелерін қо­йын дәптеріне түртіп жүретінін де сезетінбіз. Қысқасы, ол бір «Алматы ақшамын» интеллектуалдар шығарған кез еді. Интеллектуал демекші,  Доскеңнің бұл кісіге айрықша құлағанының тағы бір белгісі – «палуанға оңы мен солы бір» деді ме,  әлде бойы да, ойы да орта асабалардан жалықты ма, әлде өз болмыс-бітімін бедерлейтін білімнің, биік өренің исі де аңқып тұрсын деді ме (солай болды да) 70 жылдық тойының тізгінін де осы кісіге ұстатты. Шебердің аты – шебер. Өмірі қолына микрофон ұстап, біреуге сөз беріп көрмеген Шархан бұл тосын ұсыныстан да  шашасына шаң жұқтырмай шу деп өтті.

Үлкен кейіпкерге – үлкен автор керек. Қай тақырыпты да әбден иін қандырып, жаңалықсыз жарияламайтын ол кейінірек  Жолжақсынов туралы тұрпаты бөлек жазба жариялады. Сол Доскеңнің ініге деген кіршіксіз ілтипаты бір жайды есіме түсіріп отыр.

Бір қатты сүйінгенде Әшірбек Сығайдың Асекеңе: (Гауптманның «Ымырттағы махаббатындағы» Клаузен болуы керек)  «Әй, шал-ай, өзіңнен де бар ғой, роль алсаң  «өлтірмей» жібермейсің» дегені бар еді. Сол секілді сұхбат бергісі келсе тілші таңдайтын Асанәлі Әшімұлының да бірде қандай тақырыпты алса да «өлтірмей» жібермейтін Шарханның кітаптарын  сұратып алып, оқығаны бар. Біраз уақыт Шарханмен ауырды. Онысын маған айтады. Мен кеудемді қуаныш кернеп Шәкеңе айтамын. Қысқасы, кітаптарын мэтрдің жазу үстелінен көріп жүрдім. Соңғы «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітабында Шәкеңе үлкен сөз арнапты.

Баспа ісінің білгірі, ғажап макетші-дизайншы Шәкең оқырмандардың сұранысына орай «Оңашадағы онлайн ойлардың» заманауи үлгідегі қалтаға  салып жүретін ыңғайдағы екі кітабын «Arna-b» баспасынан шығарды. Мұның сыртында тура осы форматта «Футбол философиясының фрагменттері» жарық көрді. Басқа, басқа, жанкүйер біткеннің жанын жаһаннамға жібере жаздайтын  футболдың философиясын жазу деген санаға кіретін тірлік пе?!

Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы қайсыбір жылы тұңғыш рет қазақ романына жарияланған «Меценаттың» бәйгесін 67 романның ішінен жеңіп алып, өмірлік грантын қанжығаға байлады. Менің пайым­ымда, «ООО» сол романға барар жолдағы жаттығу, эксперимент алаңы болған тәрізді. Романды түпнұсқадан оқығандардың бірімін. «Күлпет» жарық көрісімен әлеуметтік желінің түндігі жел тұрмай-ақ күн-түн желпілдеп тұрды. Сол күндерде қойын дәптерге мынадай бір ой ұшқындары  шашырап түскен екен, сірә, кейін толықтырамын деген болсам керек.

«Көркем шығарма, өнер туындысы сөз жоқ, ең алдымен, оқырманын ойландыруы, күрсіндіруі, керек болса, тіксіндіруі, түңілдіруі керек. Ұлы өнердің басты міндеті де  сол. Өнер бәрімізге түсінікті болса, ол өнер емес. «Күлпет» осы талаптарға толыққанды жауап береді.

Бұл – танымдық проза. Сіз одан өнебойы қызықты, қилы, шым-шытырық оқиға кезіктіре бермейсіз. Романда көркем тіл де, юмор да бар, ал автор өз ойын, кейіпкер келбетін ашуға келгенде  философиялық  ой иірімдерін суда жүзген балықтай ойнатады. Психологизм мен лиризм параллель жүреді. Мақсат Тәж-Мұрат «Күлпетті» эстетикалық проза деп дұрыс бағамдаған.

Жалпы, бұл авторды оқу үшін әжептәуір дайындық та керек. Демек туындыны талдау  білімді, үлкен деңгейді де қажетсінеді.   Жүсіпбек Қорғасбек «Үркерін» романның осы қырын ашуға бағыттады.  Қазір әдебиет­те трансформация жасау керек деген ой айтылып қалады. Автордың өзі де романды жазу барысында қолданған әдеби тәсілдер турасында айтып жүрді. Мұнда публицистика, көркем әдебиет, философияға жүгіну (симбиоз) арқылы ішкі ағыстар, тосын көзқарастар, қайшылықтар сырын баяндау, монологтар, диалогтармен  жан-жақты ашады.

Кейбір пікір білдірушілер романдағы уақыт пен адам арасындағы үнсіз диалогты жақсы байқаған. Мұнда рух жалғыздығы, торығу, сағыну, аңсау, көзқарастар қайшылығы, тектілік, дегдарлық, зипалық  бәрі бар. Осы арада марқұм Бақыт Кенжеевтің «литература – одинокое печальное занятие» деген сөзін еске алып қойсаңыз да болады. Ол аз десеңіз, «әуеннің үш түрі болады – бірі рахаттандырады, бірі күйзеліс туғызады, бірі образдан хабар береді» деген әл-Фараби бабамыздың сөзін және түртіп қойыңыз.

Шығарманы өнебойы өбектеп отырып жазбайсыз ғой. Десек те романда көркем тіл, тапқыр сөз,  бейнелі ой да баршылық. Мәселен «кедейдің аузы асқа тисе, мұрны қанайды», «сорлының зарын арлы айтады», « бөрі бет батылдық…», «олар бақытты өмір сүруден бақыт туралы ойлауға қолдары тимеді»,  «құм жілік болып арықтап кетіпсің», «құрт жеген құба сөңкел секілденіп барады екенсің», «мияулап жүріп миыңды ағызатын…», «құтырған иттің құлағын жеген адамдай дені сау сөз айтпайтын бопты ғой», «тәуелді елдің адамдарында туған жер болмайды», «аққұйрық көңіл», «өлім – өмірдің соңғы құпиясы», «аэрофобия мен акрофобиядан ада адам».

Білдірген пікіріне, қосқан ойына қарап кісінің деңгейін,  мәдениетін бағамдауға болады. Кейбір жолдастар «мұндай авторды оқымаппын, білмеппін, күлпет деген сөзді естісем құлағым керең болсын» деп те жатыр екен. Белгілі қазақи түсінік қой. Ал енді оқымаса қайдан біледі, тіпті құлағыңды аясайшы. Романда бізден алыстап кеткен архаизм атаулар, көне сөздерді тірілту бар. Біздің кейбір жазушылығы дүдәмал бір сабаздар қазір журналистерге кәдімгідей жауығып алды. Тілі публицистиканың, журналистиканың тілі дегеннен басқа ештеңе тауып айтар емес. Есесіне онда Әуезовтің айтатынындай, біздің әдебиетке жетпейтін білім жатыр. Бүгінгі болмысы бөлек оқырман талабын ескере отырып, онымен ой жарыстырып, сана биігінен көріну де оңай емес. Оған керегі білім-білікпен белерленген ойлы сөз, терең таным, шынайы ақпарат, үлкен мәдениетпен мәйектелген мәуелі әңгіме. Осындай өре биігінен көрінген әлемдік әдебиетте де,  ұлттық әдебиетте де  туындыларының кез келген тұсын ойып алып, жариялай беруге болатын жазушылар бар. Одан оның мазмұнына, ойы­на ешқандай нұқсан келмейді. «Күлпеттің» де ондай тұстары жетерлік».

Ілгеріде лықсып келген ойдың бір фрагменттері осындай болыпты. Әлі де өріс тілейтін осы лепестің үстіндемін. Қысқасы, Шархан өзі «жер-жебіріне» жетіп жазған нағашысы Нұрпейісов тәрізді әдебиетке «ауыр артиллерия» романмен келіп кірді және бұл қадамы озық ойлы оқырман тарапынан оң бағаланды. «Жазушының оқырманға бейімделгені өлгені» дегенді кім айтса да, оңды айтқан. Әу бастан, жаңа Қазақ­станға дейін де жаңашыл, тосын көзқарастардың адамы болған Шарханның «Күлпетінің» де бірден ой-таным тартысына түсуінің сыры осында ғой. Алдымен «Әдебиет – канондарды бұзу» (Д.Исабеков) екенін әбден парықтаған оның мына бір тұжырымы осы ойы­мызға қонжитып леп белгісін қойса керек.
«Қазіргі заманда жазушыға тек эмоционалдық коэффицент 
(EQ) пен эмпатиясының мықты болуы аздық етеді. Ғажап туындыны өмірге алып келу үшін енді интеллектуал­дық коэффицент (IQ) пен логика ауадай қажет. Бұған өмірлік қуат коэффицентін (VQ) қосыңыз. Аталған үш коэффицент бір арнаға тоғысқанда ғана туынды шедеврлік дәрежеге көтеріледі. Сонда ғана жазушы өз оқырмандарын таба алады. XXI ғасырдың жазушыларға қойып отырған басты талабы осы деп айтар едім. Жылтыр сөзбен бүгінгі адамды алдарқату мүмкін болмай қалды. Қазір «айхой-ойхой» тәрізді «ән-күй» оқырманға өтпейтінін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Сондықтан да жазу дарыны бар кез келген қаламгер «айкью» мәселесіне айрықша мән беретін кез келді»
Міне, көңілімізден көптен бері көшіп кеткен коэффиценттеріңізді осылай қағыстырып, қабыстырады қаламгер.

Таласбек Әсемқұлов «Мен кей шығармаларымда экспериментке барамын. Меніңше, бұл көп жазушыларда бұрыннан қалыптасқан бар тәсіл» деуші еді. «Күлпеттен» де өте сәтті жасалған эксперименттік тұстарды аңғаруға болады. Демек, әдебиетке интеллектуал келсе, ол бақыттың бақыты.

«Тойда айтылатын сөздер үлкен сахнаға шығып кетті» деп еді бірде Асанәлі Әшімұлы. Онысы рас. Тілектер, арнаулар, тостар сахнаға ғана емес, газетке, кітапқа да шығып жатыр. Бұдан соң аңқау, аңғал оқырман әдебиет, журналистика деген осы екен ғой демесіне кім кепіл? Демек, оның жолын кесу өнерге (әдебиет, журналистика…) интеллектуалдардың келуімен ғана шешіледі. Сонда ғана «Алла берген таланттың адал күзетшісі» (Әбудәуіт) бола аласың. Надандық шегінен шығып бара жатқанда қаламға қол созып, шалқар біліміңді іске қосасың. Біз білгенде Шархан Қазығұлдың басты ерекшелігінің бірі осы. Демек, тәңірі берген талантты ұстап тұру үшін оның сыртында өнерге, рухани мұратқа адал болу, талантты тоздырмай, төкпей, шашпай пайдалану және бар. Ол тек жай еңбекқорлық, бейнетқорлықпен шешілмейді, бұл қосымша факторлар.

Шарханның мінезі. Мінез болғанда да әркімде кездесетін алақұйын мінез емес. Тектіліктен тамыр тартқан мінез. Олай дейтінім, аупарткомның екінші хатшысы болған ел ішінде беделі биік Кенжеғара шалдың (атасының)  тәрбиесін көрген. Оған мына бір ғана мысал жеткілікті. Шәкең университеттен соң жергілікті жерге кетті. Алматы облысы, Балқаш аудандық газетінде редактор болды. Қай жерге барса да жапырып жұмыс істейтін ол газетті әп-сәтте гүлдендіріп жібереді. Жергілікті шенеуніктерді көк есекке теріс мінгізеді. Ақыр соңында өзі  құрылтайшысы болып табылатын аудандық партия комитетінің пленумында  хатшыларды сайлау кезіндегі әділетсіздіктерді бет-жүзіне қарамай жазады. Сойқан сыннан соң заңсыздық қалпына келтіріледі.  Сөйтіп, біздің Шәкең аупарткомды бір күнде атынан аударып тастаған. Өзі бюро мүшесі, депутат.  Сол күндерде бұл тосын оқиға облыс қана емес, республиканы шарлап кетті. Демократия деген дүлейдің исі жоқ кезде біздің Шәкең осындай қадамға барған. Содан едәуір уақыттан соң үкімет дәлізінен бір-ақ шыққан Шархан Қазығұл өз кәсібіне қайта оралып, «Нұр-Астана», «Айқара» атты басылымдар ашып, газет шығарудың да өнер екенін дәлелдеді.

Театр тілінде «школа переживания», «школа представления» деген ұғым бар. Оны Асқар Тоқпанов «кейіпкержандылық», «кейіпкермәнділік» деп пайдаланды. Жалпы мәні былай: рольде әркім де ойнай береді, ал образ жасау шын актердің ғана қолынан келеді. Осы тәмсілді журналистикаға бұрсақ, кейіпкер табу, таңдау, талғап жазу да шын журналистің ғана қолынан келеді. Мұны азырқансаңыз, ең мықты актер – жағымсыз рольді алып шыққан актер деген сөз тағы бар. Осы ой жосығымен жосылғанда Шархан Қазығұл өмірден өз кейіпкерлерін тапқан қаламгер және солармен өмір сүреді, солармен ауырады. Бар рахаты да, ләззаты да сол. Осы ойымызды оқып қойғандай оның
«…адам баласына Құдайдың ең үлкен наградасы ақылдан артық қандай атақ керек? Ақыл-ойдың құдіреті сонда, ол адамның аты-жөнін атаққа айналдырып жібереді. … Жазғанымды адамдар оқи ма, оқымай ма, неге екенін, онда шаруам шамалы болды. Қал-қадірімше жазған дүниелерімнен өзім ләззат аламын. «Данышпан» болып, басқа адамдарға ұнау үшін әңгіме айтуды өте күлкілі нәрсе деп білемін. Мұны «Хлестаков синдромы» дейді. Ал мен Хлестаков болғым келмейді» деуі көркемдік құпиясының кілтін, кредосын өзі ашып бергенмен тең ғой. Демек, атақпен ауырған емес, біліммен бедерленген ақыл-ой энергетикасына дауа жоқ деген сөз.

Қазіргі заманды «мүмкіндіктер кезеңі» деп те жатады. Қандай мүмкіндік? Неге мүмкіндік? Ой жарысынан гөрі, той жарысы басым қазақ қоғамында біз сол мүмкіндікті қалай пайдаланып жүрміз? Мұқаңның Бауыржанға қаратып айтқан «ой батыры», «қол батыры» болса қані? Қазір қолдан жасалған «қол батырының» көптігіне таңғалмайтын болдық қой. Өкініштісі, саяси сахнада, ең қауіптісі өнерде популистер, дилетанттар (рухани қалдықпен өмір сүретіндер, көп білетін боп көрінетіндер) қаптағанда бұл ойымыздың ұшпағына шыға алмайсың. Ал енді осы ойдан бір елі ажырамай аттың басын журналистикаға бұрсақ, қазір бұл кәсіпті тек танымал, жұлдыз болу үшін ғана төңіректейтіндер көбейіп тұрғаны және рас қой. Осындайда журналистикада, қоғамдық пікірдің көш басында жүрген санаулы санаткердің бірі деп сенімді түрде айта алатын, «ақыл бумын» айқайлатып жүрген жігіттердің, Шархандардың пікіріне ден қойсаңыз өзіңді « бар екенбіз ғой» деп адам сезінесіз. Өзі жиі ауызға алатын симбиозымен оқырманын ауық-ауық сілкіндіріп отыратын оның «Палитрасыз портреттерін» оқыған адам, тұлғамын деп талтаңдап жүргендер тәубесіне келер ме еді?! Егер оқыса, өзін соншалықты жақсы көруден бір сәтке алыстап, өзін адам сезіну процесі басталып кеткен болар ма еді?! «Палитрасыз портреттер» – боямасыз болмыс, бір фальші жоқ жауһарлар. «Өзіне-өзі сенімді адам нық жүреді» деп еді бірде тереңдеп кеткен ойдың бір тұсында Қайым Мұхамедханов. Демек, бұл білімді адамның ұлтқа қызмет еткеннен, жақсылық жасаудан басқа жұмысы жоқ деген сөз ғой.

«Портреттер галереясы», «Портреттер парады» атты екі бөлімнен тұратын еңбектегі портреттік эсселерде атынан ат үркетін кейіпкерлердің кейпін кестелеу­дегі іргелі ізденістері сипай қамшылап өтетін емес, арнайы әңгімеге сұранып тұр. Сонымен қатар тақауда жарық көрген «Палитрасыз портреттердің» жалғасы сегізінші кітабының «Сегізінші нота» атануы да назар аударады. Журналистиканың жеті нотасын «ноқталап» алған Шәкеңе музыкадан «сегізінші нота» табу қиын болып па?!
Ілкіде « бастық бір тұлға туралы жаз деп еді, қанша түрткілесем де бір түйір нәрсе таппай ит болдым» деп те жазыппыз ғой. Ал шын мәніндегі талантты адам туралы жазудың өз рахаты бар. Ол да, өзің де армансыз ашыласың. Алайда мынау жақсылардың жағасына жармасу (жақсыларды жек көру туралы Ортеганың ілімін бір парақтап шықсаңыз болады) жалғасып тұратын заманда оларға тас лақтырып жататынына да таңғалуды қойдық. Біздің Шәкеңдегі талант тегеуріні ондайды елең қылмайды, керегін көңіліне тоқып қояды, керек етпегенін күресінге жіберіп отырады. Осындайда есіңе түседі. Бір күндерде ұлық ұстазымыз, ардақты Ақаң – Ақселеу Сейдімбекті тұқыртқысы келгендер бір науқан бастап жібергенде Сәбетқазы Ақатай «Ақселеудің бір кереметі басқа мойындаса да, мойындамаса да өз артықшылығын жақсы біледі» деп әлгі әуегейлердің әуеніне ғажап нүкте қойып еді. Осыдан келіп туатын бір ойдың симптомына үңілсеңіз, бір-ақ нәрсе ден қойдырады. Біз бір-бірімізді оқымаймыз. Ал оқымайтын адам біреудің пікірімен өмір сүреді. Ғабең айтқандай, «шындық біреудің паспортымен жүргендей». Болмаса Шархан Қазығұлдың басқасын былай қойғанда, бір ғана «Палитрасыз портреттерін» оқыған адамның «оңбай» өзгеретініне мен бейіл.

«Палитрасыз портреттер» – таланттың талантты тануы, тұлғаның тұлғаны түсінуі.

«Палитрасыз портреттер» – кезеңдер картинасы, дәуір демі, ашылмаған аралдар, тұнып тұрған тағдырлар, кісілік пен кішілік, парасат палитрасы, мінездер мозаикасы.

Бопты. Түпкіштей берсең, тамсану, таңдану жалғаса береді. Тізгін тартып, соқаны суырсақ (М.Тәж-Мұрат) оның «палитрасыз портреті» – осы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір