АЗАМАТҚА РАЗЫЛЫҚ
19.03.2026
1095
0

       

Қорқытқа қоныс, Алашқа аңыз болған Ақмешіт – бұрылыс-қиылысы сирек жазық дала. Онда еңбексіз өмір сүру өте қиын. Өзге топыраққа түссе болды тамырлап шыға келетін дақыл-тұқыл Сырдың сол жазығында өсіп-өніп, өркен жаюшы үшін үлкен бейнет керек. Еңбеккерлер жеріне жетпейтін суды терімен толыстырып жүріп-ақ жазығыңды жайқалтып, жаныңды марқайтып қояды. Тас төбеңнен төнген күнді қолыңмен көлегейлеп тұрып о көрініске тәнті боласың, әрине!..

         Адамдарының мінезі де тура сондай. Бос қиялға көп ермейді, «асатпай жатып құлдық сұрап», жөнсіз бөспейді. Сонша еңбек жасап болғаннан кейін де асып-таспайды. Ешкіммен күндеспейді. Қоңырқай тіршілігіне көлеңке түспесе болды, ешкімге жөнсіз соқтығыспайды. Ал, зығырданын бір қайнаттың екен, оның жалынын басу мүмкін емес…

         Тағдыры да, тарихы да Қазаққа ортақ сол дала, сол қала — Қызылорда — бүгінде елдің назарында, ақынның жазарында, қайшыласқан сан түрлі пікірдің «базарында». Өңір ойқастап алдыға шықты. Экологиясынан экономикасына дейінгі, әлеуметінен әлеуетіне дейінгі сан саласының бәріне жан бітті. Ұйқыдағысы оянды, өшкені жанды, кемтігі толды. Өнер, мәдениет, әдебиет, спорт, медицина, ғылым салалары тіпті шарықтады. Сыр еліне өмірі ашылмайтын есіктер ашылып, әлемнің назары Қызылордаға бұрылды. Алты құрлықтың аттыға сәлем бермейтін ақшалы алпауыттары Сырдың болашағына қызыға қарай бастады. Президенттің өзі әр өңірге бөліп жүктеген міндеттерді біздің бір облыс-ақ атқарып жатыр. Қазір, ұйықтамайтын қала да, оқитын қала да, дамушы қала да, үлгілік дәрежедегі қала да, инвесторлардың ынтасы ауған қала да, қарқынды құрылыс пен тынымсыз тіршілік қаласы да, шығармашылық адамдарының қаласы да – Сырдың бас шаһары — Қызылорда!

         Онша-мұншаға таңқала, тамсана бермейтін салқынқанды Президентіміздің аса маңызды бағдарламалық баяндамаларында да  Қызылорда облысының аты жиі әрі үлгілік сипатпен аталатын болды. Талай өңірдің тіршілігін ширықтырған көрнекті әрі халыққа абыройлы мемлекет қайраткерлері де аймақты көруге асық екенін біз байқап қалып жүрміз. Ең бастысы, тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі, жаны жадыраңқы. Жақсыға ұмтылыс молайған. Мұның бәрі жәйдан-жәй емес. Әрине, туған жерін тұмардай тағынған, топырағының киесін, атырабының жүйесін таныған атпал азаматтардың, ел еңбеккерлерінің есіл еңбегінің нәтижесі – бұл!

        Осы ретте, кейінгі буынға, біздерге туған жерді қалай сүю керегін үйреткен, елге қызмет етудің, елді биікке жетелеудің озық үлгісін көрсеткен аймақ басшысын ерекше атап өтпесем, өзіме сын болар. Мойындамасыңа, тәнті болмасыңа қоймайтын еңбек етіп, тегеурінді талабымен,  тәуекелімен, алысты көретін алымымен, үлкен шеберлік мектебінен өткен іскерлігімен жерлестерін ғана емес, отандастарын да мойындатқан, сөйтіп, халықтың таңдауымен, қолдауымен әкімдер институтының, үкімет кабинетінің ең іскер, ең беделді мүшесіне айналған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың туған жеріміз үшін қадірі жоғары. Сөз басында жаратылысы кескінделген сергек ойлы, елпетпе, желпетпеге жаны қас жұрт онымен мақтанады. Мұндай құрметті ол ешкімнен алақан жайып сұрап отырмайтыны анық. Шаужайынан өткен бір, кеткен бір тартқылап жатқанда да ештеңеге қарамай еңбек ете берген қажыр-қайратының арқасы – бәрі! Қартын қастерледі, жасының маңдайынан сипады, ақылдысын саялады, талантын аялады, үзеңгілестерін жанына жиды, тентегін тыйды, мықтыларға жауапкершілік артты, халқының алдында кішірейді, диханын дәріптеді, еңбеккешін марапаттады, елінің қисығын түзетті, жоқ деген жерге бардың шырағын алып барды. Міне, сонысының да арқасы.

        Сөйте келіп, жерлестерімен бірге біз туған мекенді қай қырынан қарасаң да жарқырап тұратын жақұт тастары сияқты күннен күнге көркейіп келе жатқан өрісті өңірге айналдырды.

        Тұтас мемлекеттің баянды болашағына, барша отандасымыздың игілігіне еңбек ететін жаңа Ата заң комиссиясында да Сыр өңірінің атынан еңбек етті Нұрлыбек Машбекұлы. Демек, оның есімі бұрынғыдан басқаша Қазақстанның өзгеше рангтегі мемлекет қайраткері ретінде ел тарихына жазылып жатыр деген сөз ғой.

        Ол жасап жатқан осы сияқты қаншама іргелі істерге дән риза болып жүрміз ғой. Ал, енді, кешегі Алмасбек жырау Алматовтың тойында ағайдың ғылымдағы үш шәкіртіне, елдің үш қызына, үш қарындасына көрсеткен ағалығы мені қатты тебірентті. Ғылыми қауымдастықты, руханият әлемін разы еткен ірілік болды — бұл. Үш жас ғалымды да танимын. Мұндай қамқорлықтың маңызын шынайы сезінемін. Өйткені, ғылымның сондай сүрлеу-соқпағынан өзім де өтіп келемін.

        Өңір басқарған жылдарына бірінші рет шолу жасап, жазба жазып отырғанымда ағамыздың тағы бір жағымды жаңалығы жетті. Жаңа Конституция қабылданған алқалы жиында оған Президент ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыс етіпті. Айтулы жырау-дүр Алмастың «халқыңның қамын ойласаң, қардарың соның ішінде» дейтін сөзі осындайда жанданады ғой. Ел атынан білдірген құрметі үшін Мемлекет басшысына зор алғыс!

       Арыс қылатын да, барыс қылатын да – халықтың ықыласы, халықтың қолдауы. Міне, сондай қолдаудың арқасында азаматтың мерейі тағы бір асқақтап жатыр. Болашақта да тіл-көзден сақтасын Тәңірі.

Ел аман болсын!

 

Мақсат Дауылбай

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір