Әлі де жаным сірі еді шуақты шақтан үмітті
05.01.2026
196
1

Сезім Мергенбай 

Орындалмаған сапар

Кеңсе мен үйдің арасын
Тоздырып жүрмін жыл ұзақ.
Айналам бәрі жанашыр
Бірі – жақын да, бірі – жат:
«Серігің қайда?» дейді кеп,
«Сенімім қайда?» деймін мен.
Жалғыздығымды әйгілеп,
Сыр ашып қойған кей күннен
Өзімді өзім қызғанып,
Өзіме өзім тығылам.
Жалғыздығымды күзге алып
Бараман-дағы тынығам.
Топыраққа да сыр бермей,
Жапыраққа да тіс жармай,
Қанатын қомдап үлгермей,
Сапарға шыққан құстардай,
Туған үйімнің төбесін
Айнала ұшып жеті рет,
Дүниенің қиып мәресін,
Өксікке толып көкірек…
Күндердің күні өзімнен,
Өзімді алып кетем де,
Сағыныш, уайым, сезімнен
Ада бір жұмбақ мекенге
Кенеттен қоныс аударып,
Тұрақтап қалам мәңгілік.
Жылдарға жылдар жалғанып,
Жылдарды жылдар қалдырып,
Кеңсе мен үйдің арасын
Тоздырып жүрмін жыл ұзақ.
Жанымның жамап жарасын
Болғанша кетті үні ұзап
Аңсарым ауған мекеннің
Елшісі болған құстардың.
Қашанғы шыдар екенмін?
Қашанғы мұнда қыстармын?
Менімен кешкен күндердей,
Менсіз де күндер кешілер…
…Мен болсам түкке үлгермей,
Жұмысқа тағы кешігем.

***
Түн тынысы тарылып, еркін есіп таңғы леп,
Іздегенім табылып, өшкен отым жанды деп,
Бір опасыз шаттықтың шырмауына алданып,
Түн баласы жатады қанға бөгіп жан-жүрек.

Мәнін іздеп өмірдің жанталасып, шарқ ұрып,
Түбі тауып алғандай шарап ішіп шалқыдық.
Жікке бөлген ғаламды, тапқа бөлген қоғамды,
Ең соңында қол сілтеп, дәруіштей тәркі ғып.

Толғақ қысқан тоғышар анадайын некесіз,
Жеті атасын білмейтін баладайын әкесіз,
Жатқа айналған жақынды
күтемін деп соңында
Мен өмірден өтемін.
(Сіз өмірден өтесіз).

Аттан салып артында қалып кеткен
түрлі аңыз
Қоңыр үнді домбыра, қыңыр үнді қыл қобыз –
Алуан күйлі көңілдің мөрі болар төгілген.
Біздің өмір, ендеше, көш жөнелген құмдағы із.

Жерұйығын таппаған Асан қайғы ғана ма?
Көрден қашып, көр жұтқан жалғыз
Қорқыт баба ма?
Кетбұғаның күйіндей қабырғаңды езетін,
Жоқтау сарын таңсық па мынау ұлан далаға?
Неге ендеше зорығып, жаншылады әлі күн,
Менің осы далада туған жаным, Тәңірім?
Бақыт пен сор түгілі, біліп туған жоқпыз ба,
Өмірдің де қадірін,
Өлімнің де қадірін?!.
Жол
Егер менің көңілім қалмағанда,
Егер менің көз жасым тамбағанда,
Егер сен сол кеш маған келмегенде,
Егер мен сол кеш саған бармағанда…

Сенімдер сонша дімкәс болар ма еді?
Сонша кермек татар ма еді алар демім?
Сені маған көзайым қылған қай жол?
Қай құдайсыз жол қосты саған мені?

Өлді бәрі. Жан өлді. Сенім де өлді.
Мүжіп-мүжіп тауысты шер іргемді.
Біз неліктен
Жылатуға құмармыз жүректерді?
Қалдыруға құмармыз көңілдерді?

Әбден… Әбден көңілім қала тұра,
Хат байладым түндердің қанатына.
Сәт сайын қанша иек кемсеңдейді?
Қанша сенім өледі сағатына?

Қанша сенім өледі? Қанша үміт?
Қанша безек қағады жан сабылып?
Құрбаның-ақ боп кетер едім егер
Сенен өзге қасірет қалса құрып.

Құрдым түбі сен болдың. Сенім болды.
Екі бетін тырналап көңіл қалды.
Сен өзіңді ақтап ап. Мен өзімді.
Екі ортада құдайсыз жол ырғалды…

…Біз ешқашан аяқ баспайтын жол.
Ғасыр дерті
Біз жоқтаймыз ғасырларды,
Бізді жоқтар ғасырлар.
Қар астында шашым қалды,
Көр астында шашым бар.
Менің шашым,
Менің жасым,
Менің жадым бар онда.
Түсім теріс жорылғасын
Теріс қарап қоғамға,
Құзғын ұшқан өр көңілдің
Мұнарынан секіргем.
Соңғы ғасыр – соңғы өмірдің
Азуынан от үрлеп,
Келген жерден қайта шығып,
Келер шақты таппадым.
Күн аялдап, ай тосылып,
Бейуаққа тоқтадым.
Барша адамға ортақ шардың,
Азуынан қан тамды.
Біз жоқтаймыз желтоқсанды,
Біз жоқтаймыз қаңтарды.
Біз жоқтаймыз ай, күн, жылды,
Бізді жоқтар ай, күн, жыл.
Әйда, ышқыртып ой құрғырды
Ерттеп мініп қайғым жүр,
Біз жоқтаймыз боздақтарды,
Біз жоқтаймыз…
…тек іштей.
Жүректерде маздап қалды
Ұрпақ кегі.
Жеңіс қой?!
Біз жоқтаймыз іштей бәрін,
Қан боп қатты қанша етік?
Еске алуға күштейді арың
Ара-тұра көрсетіп.
Ширек ғасыр, жарты ғасыр,
Бүтін ғасыр, мың ғасыр
Адам қанын, қан күнәсін,
Мойнына жүк қылмасын!..
Күн өтеді, ай өтеді,
Жыл өтеді, өтеді.
Еске алуға?
А, иә, тегі
Бір-ақ минут жетеді!
Біз жоқтаймыз ғасырларды,
Бізді жоқтар ғасырлар.
Қар астында шашым қалды,
Көр астында шашым бар.
Көңіл көшесі
Таң атырдым көз ілмей,
Күн батырдым жақ ашпай.
Ең алғашқы сезімдей,
Ең соңғы көзқарастай
Бір аяулы мезеттер,
Ойнақ салып көңілде,
Алуан ойлар кезекпен
Шығып жатты шеруге…

Астан-кестен қылады
«Көңіл» атты көшені
Алуан ойлар ұраны:
«Маңдай сорың бес елі»

– Ой – әпенді!
Ой – кеще!
Ой – мүддесі жоқ нөпір.
Егер көздер сөйлесе,
«Нағыз сорың көкте тұр,
Тағдырыңмен ойнайды»
Демесіне кім кепіл?
Рас, құлатпай қоймайды,
Біз білетін қыл көпір.

– Құлап көрмеп пе едіңдер?
Әлде өртеніп көрмеп пе ек?
Талай рет шеруден
Қайтпап па едік еңбектеп?

– Ой – мүсәпір,
Ой – мұңлық.
Ол – мұғжиза деп келдім…

– Еркіндіктен айырылдық,
Еркіндікке жеткен күн.

– Көңіл тағы өрекпіп,
Текке отырса иеміз,
Енді кімді медет қып,
Енді кімді сүйеміз?
Енді нені қастерлеп,
Қайда орда құрамыз?

– Отың әлі өшкен жоқ,
Бітпеді әлі бұл аңыз.

– Тағдыр және тәңірмен,
Алысамын мен қанша?

– Өрекпіген көңілден
Ойлар тарқап болғанша.
– Ойлар, сірә, тарқай ма?
Ой – көріңде құрт болар.
Арқар ауса Алтайдан,
Етекке жат жұрт қонар…

– Дәуір көшіп дәуірден,
Заман ауар үсті-үсті.
Бар түйгенім көңілге
Мәңгі (мылқау) қыс түсті.
Біз – құдықпыз
Біз бір құдық шығармыз
Бәлкім, Еңсеп қазған,
Бәлкім, Ескендірдің мүйізін естіген.
Қасіретін көтере алмай қара бұлт,
Қара кеште өз тамырын кескілеп,
Күрең қанын біздің ішке құяды.
Біздің іште биін күткен бикештердің қиялы.

Біздің іште кімде-кімнің үміті,
Біздің іште кімде-кімнің көз-жасы,
Біздің іште кімде-кімнің кегі бар.
Біз – құдықпыз.
Құдық түбі – жылтыраған мемуар.

Біздің іште мұң жалатқан тиындар,
Біздің іште шер жалатқан тиындар,
Біздің іште ерте жаста
Анасынан айырылып, еркелегі тыйылған
Жетімдердің жасы бар.
Біздің іште ботасынан айырылып,
Омырауын көкке сауған жесірдің
Күл жалатқан шашы бар.

Біздің іште қыршын кеткен
сүйіктісін сағынар
Есі ауысқан кемпірдің,
Түк болмаған жады бар.
Біздің іште біреу өзін тауып ап,
Біздің іште біреу өзін өлтірді.

Біздің іште бәрі бар.
Қасіреттен ада, бейғам
Балалық та бар онда.
Мың ғасырға жүк болатын,
Даналық та бар онда.

Біз – құдықпыз.
Кенезесі кеуіп әбден,
Ернін тістеп кезерген,
Дәруіштер мөлдіретіп су ішеді
Біздің іштен ежелден.
Әркімді бір суаттатып,
Ортасында сайран менен ойранның
Еңсеп құсап ең соңында өзі өлген
Біздің іште сол тазалық қайдан жүр?
Біздің іште сол мөлдірлік қайдан жүр?!.
Жол қарау
Кей сезімдер,
Тәтті сәттер сыймай қап,
Отырамын пешенімді шимайлап
Менің ұлы қорқынышым сен сыйған
Кезеңдерде жүрек емес, ми қайнап
Есіміңе сия тамып кетпей ме…
Буалдырлау еске түсіп сәт кейде,
Жазмышымды ақтарамын сені іздеп,
Күйкі үмітім алып ұшып жетпей ме
Сағынды деп, қалқам, сенің алдыңа?!
Жеткізбей жүр демеді ме жол мына?
Тәңірге емес сен келетін жолдарға
Бағыштап жүр демеп пе еді сан дұға?!
Сені – Құдай,
Сағынышыңды – елші ғып,
Неге хабар жетпей жатыр жан ұшырып?
Әр басылған адымыңды тәспідей
Санар едім…
Қалар едім жаншылып
Сол жолыңа жапырақтай дірдектеп.
Өрт шалдырған көкірегімде бүр көктеп,
Жайнамаздай жастанбас па ем төсіңді?
Отырғаным азынаған мұңды өкпек
Жан тамырдың желкесінен жұла алмай.
Отырғаным жанарыммен бұлаудай
Жазмышымның жаңа бетін аша алмай.
Беті мүлдем сыйпалмаған Құрандай
Жаңа бетте сен жоқ болсаң қайте алам?
Сезімімді мерт қып алсам қайте алам?
Жазу,
Сызу,
Сезім менің не теңім
Пешенімді жаза алмасам қайтадан?
Менің ұлы қорқынышым осы еді.
Не өзімді сызу керек,
Не сені.
Алдағы түн шошып тұрсаң ұйқыңнан,
Деп білерсің сағынышымның әсері.
Сол сағыныш еш теңеуге сыймай қап,
Отыр деп біл жазмышымды шимайлап…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.01.2026 | 21:37

Әйбат жырлар екен. Тұшынып оқыдым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір