Қара аспаннан алғандай боп суырып…
17.12.2025
352
1

Қуаныш ДӘЛЕЙ

Қазақстан

Тағы да тереземді көктем қағар,
Келем деген сияқты еді кеткенде олар…
Биылғы қыс суықтау,
Заманаға
Айта алмай жүрген әлде өкпем болар?!

Әне-е… аспан бұлыңғыр, бозамықтау,
Көре алмайды әрнені көз анықтап…
Мынау алаң –
Бүрсеңдеп уайым жүр,
Анау бұрыш –
Қалтаңдап азап ықтап!..

Бақтар иен.
Айнала тыныш…
Түнек
Буырқанар бұл көңіл ұрыс тілеп…
Алакөз қоғам , Адам…
Иттер
Сосын,
Үрей мен суық жел жүр тіміскілеп…

Айнымай сол баяғы лас сүреңнен,
Мінген қоғам суретке қасқыр емген…
Айналып өтіп жатыр қалың тобыр,
Автобус алмай кеткен маскүнемнен.

Шықырлап табандарда қар ысқырып,
Сөнбек отты жұлдыздар қағыстырып…
Жалт қаратып тобырды, тұрады алдап,
Жүрегі емес, қоғамның жағы ысқырып…

Дала – күңгірт ,
Жел – теріс,
Жол бұзылған,
Айдаһардың аузында ал қызыл дән…
Көз қабынан дорбасы, толып бермес
Құл басқарған қоғамның қарыны – зындан!

Тағы да тереземді қағар көктем,
Бұл өмір…
Лағыл жаңбыр жауар көктен…
Қариды көкірегімді,
Е, замана,
Өкпемнің бір сынығы саған кеткен…
Тағы да…

Әмікүн

О, Әмікүн,
Ойланбайтын өмір жайлы тым ары,
Көзіңдегі мұңсыздықтың мұнары
Жүрегімді жаулап алар екен деп
Сенің момындығың төтем боп
Қолым создым ізгіліктің парағын
Алдыма әкеп жаюға…
Бар амалым
Жетпей қойды,
Жаны таза жуылған,
Сендей емес,
Ұжымақтан қуылған
Адам ата зәузәтінің ішінде,
Күнәға көп шатылғандар пішінде
Тұр екенмін,
Жүрегім де қап-қара,
Жанарым да қап-қара,
Қаламым да қап-қара!..
Сол жұмақтық сезімді аппақ күйінде
Ас қып ішіп, киім етіп иінге
Бір адамға жасай алмай қиянат,
Жанарыңды аңқау құстар ұялап,
Бар адамды бауыр, туыс, дос етіп,
Жүрегіңнен ашып қойып қос есік…
Біреуінде бұл жалғанмен жалғасып,
Біреуінде арғы өмірмен алмасып.
Екі дүние ортасында тұрып ап,
Айналыпсың пәк өмірдің жырына!
О, Әмікүн,
Мен де сендей боламын деп құлшындым,
Әуеніне кеудемдегі дүрсілдің.
Құлақ түріп, кеттім сосын түңіліп,
Жанары жас түн тұр екен үңіліп.
Қиянаттар табаныма ұя сап,
Жасайды екем оны тағы жиі аса…
Жалғандықпен күресем деп
Бұрыла
Бергенде оның айналыппын құлына!
Дәл өзіңдей момындықты ту етіп,
Бар адамға арай төгіп жүретін.
Ұлтын, жұртын, руы мен ұлысын,
Атасы кім, өлісі мен тірісін
Керек етпей, қолдан келсе болғаны,
Тек, жақсылық жасау керек,
Бар мәні
Мейірімнің теңізінде телегей,
Қалқып жүрген құтқарушы кемедей
Бауырына тартып алып барлығын,
Бұл жалғанның сәтке болса зар-мұңын
Ұмыттыра беретұғын бар жанға,
Сендік жүрек тән еді асқар тауларға…
Ұлы емессің, ұлылардан тағы да
Асқақ тұрсың,
Періштелер жаныңа,
Жайласып ап жүректердің бәріне,
Дән егетін сендік сезім нәрімен…
Ауыл қалды шалғайында Алтайдың,
(Бақыттысың, сен сол маңда
қартайдың…)
Өмір мынау зулап өтіп баратқан,
Қауырсындай қалған түсіп қанаттан.
Қалқып жүрген біздің тағдыр, міне, осы
Күнде адалдықтармен күресіп,
Сатып алып, сатып беріп, сатылып,
Күндер өткен сайын оған жатылып…
О,Әмікүн,
Аспай жатып алпыстан
Сен өлгенде атқан оқтан қалт ұшқан –
Ізгілікті жамбасынан сыз өтіп,
Жүрген, сірә, жан бар ма екен күзетіп?!
Әй, білмеймін,
Әй, білмеймін,
Білмеймін…
Басып қалған қарт Алтайды түндей мұң…
Медеу етіп сол күндерді жаныма,
Беремін тек сағына…

Егделік

Антекила,
Жастық шақтан қашқан жан,
Кәрілігің бала күннен басталған.
Ұпайларын санай алмай молыққан,
Саған қандай қазына еді жолыққан?!
Ту сыртыңнан жүруші еді қуалап,
Ал сен болсаң, шөл сағынған дуадақ…
Бар байлықты итере сап арыға,
Аңсай бердің тек ақылды зарыға…
Сақал көрсең бар діліңмен құлап қап,
Мосқал ойды мініп жүрдің құлақтап!
Жылдар бойы кәрі тарихты жұлмалап,
Мұжып жатты сендегі ес,
Түн қарап:
«Аһа, мұндай көрмеп едім дүлейді»,
Шарасыздан жерге қарап сілейді…
Ненің күші сені сондай егделік
Қошаметтеп, отырғызған төр беріп?!
Қуыршақ пен асықты да танымай,
Түн қызықтап, шақпақ тасты жанымай.
Мелшигенің жұлдыз санап, ай қарап,
Қуанатын жүрегіңді қайғы орап.
Есалаң шақ әуейлігін өлтіріп,
Көзің алдын ой мен шерге толтырып.
Ұлы ақыл мен балғын тәннің қапысыз
Табысқанын
Мақсаттарға ақысыз.
Тек ниеттің адалдығы, ақтығы,
Тәңір өзі берген жолдың жаттығы.
Жеткізерін саған қарап сезінгем,
Тағы… қорқып тұрдым сонда өзімнен…
Уасадила,
Ең бір көркем сәттердің,
Көбісі өтті парағында дәптердің,
Енді артыңа бір қарашы, қандай күн,
Қыли қарап қиысынан маңдайдың…
Сағаттарға елжірей қап тұрғанын,
Ертең мұнда көтерілсе бір жалын…
Қалай жауап берер іші босаған,
Құрғақ бастар…
Кешір бізді жасаған!
Суық үрей көрінгенмен дос емес,
Мінекей түн, аспан үнсіз, көше бос,
Тағы да сол сынған қарындаш ұшынан,
Уақиғалар жатты саулап…
Ысыған.
Ой пешінде лаулап тұрды жалғандық,
Оған сенген кеше улап қалған жұрт…
Қойшы бәрін…
Қарт боп туған жас ұлан,
Енді саған жете алмаймын,
Асығам!
Ғұмыр бойы еріп келдім соңыңнан,
Інжу тердім басып өткен жолыңнан…
Тамырымда ағып өткен бұлақтар,
Қайсы өзенге қосылады,
Шырақтар
Жолдарыма жағылса, оның барлығы,
Пешенеме жазылған сөз жарлығы…
Ал ендеше, тағы оза түс,
Қайырылма,
Қуаныш та,
Үміт те сен,
Қайғым да…

* * *
Қапылита
Көкіректі бунаған,
Аһа, күңгірт ойларым- ай,
Түу, надан…
Айға қарап теріс беті құлаған,
Жүрегіме теңестіріп,
Мынаған
Сендім ғой мен сенгендей боп
Күн жаман.
Болады деп құдай сөзін ұрлаған –
Қасиетсіз тақуалар кейпінде,
Сөйлеп кеттім бей тілде…
Жыл өзегін бойлап аққан күнге ұсап,
Жүрегімді алған жайлап мұңлы шақ.
Мен сендерге болсам-дағы қарыздар,
Андюлар
Көкірегімде қар-ызғар,
Жатады енді айлар бойы жібімей,
Сол азапты тартатын да тірідей,
Мәңгі ұйықтамай ояу жатар бар өмір,
Ескі жүрек,
Тозған көңіл…
Және бір
Шанағынан күй қашатын домбыра,
Күмбірлейді құмарды естен тандыра…
Уақыттарды мың жылдықпен қаусыра,
Тарихыңды түгендейді таусыла
Жыртығынан жел гулеген ескі естен,
Жылтыңдайды қара бала, көште өскен…
Бір тамырын балта қиған сәмбі тал,
Толқындармен жағаласып қан жұтар
Қос бұрымды әлдилеген самал жел,
Ертең оған тікен ұрар…
Маған кел
Опасыздар еліндегі мың қауым,
Түнге берер жүрегінің нұрларын…
Ал, қош енді,
Барлығыңа
Қолың бер,
Жорықтарға аттанатын толымды ер.
Сөздің десін топ ортада басым қып,
Жауатұғын таңдайларға жасыл бұлт.
Көшіп жүрер жүрегінде жыл бойы,
Ол – адамның пайғампардай ізгі ойы…
Сыңғырлатып бұлақтардың күмісін,
Аралатып таудың жұртын, ну ішін
Қайтар едім, сенің оған баратын,
Жоқ орайың, жоғалыпты сағатың…
Саған сенем, сенгендей боп Құдайға,
Ей, ізгілік
Жанымдағы шын айғай
Оқыс келген жалғыз ойға жылынып,
Шың басында қала берді ілініп!

* * *
Сезесің бе қайғымды ұлы
Айдың нұры және
Шарап толы бокалдар…
Ащы сигарет
Өз түтініне қақалған?

Жапырлаған сұрақтар,
Жасқа толған қарашық,
Ит пен мұңның таласы…
Қою түтін ішінде
Қалғандаймын мен өзімнен адасып!

Құдярбек,
Көтерейік сенің
Сәтің үшін өміріңнен құтылған,
және
менің жолдарымның қара түнге жұтылған
Біржақ ұшы тәңірінің дәргейінде
Енді бір саласы,
Адымыма байланған…
Тағы да,
Бір қара көлеңке бар
Соңымда
Ұзақ ойланған!

Сапарлардан оралмаған бақытты
сол жандардың
Құрметіне сен де алып қой
Бір бакал
Ей, Жамалқайғы,
Көздерінде мұң тұнған!
Бейіттердің құлыптасына
және де
Жазылмай қалған
Сөздер үшін ұмытылған…

Тереңінде қалғып тұрған
Түйсіктерге тіл қатпай,
Тербете бер,
Ей, Тамбура,
Тәңірінің
Махаббатынан ұшып шыққан
Үндерден шашыраған ырғақтай…
Бізге
Түнге кету керек күн батпай.

Қашқын матрос

Капитан,
Рұқсатың бер,
Кетем жолға,
Ұстама ұстамасты бекер қолда!
Енді қайта шығуға құлқым да жоқ
Қан мен жасқа шыланған сапарларға.

Ажал иісті майданның өтіндегі
Есіңде ме Сантяго жетімдері?
Бейкүнәлар өлімі қан суытып,
Жанды ауыртты кек пен шер жетілгені…

Бұлақ аққан көзден жас кесектері,
Марянна…
Жаныңа не септеді?
Матростың ойнағы иі қанбас
Махаббат тер мүңкіген төсектегі…

Не сыйлады бұл өмір сұстан басқа?
Көк теңізге алмадай ұшқан бастар.
Екі ауыз сөзге келмей өлтірісер,
Бір-біріне қас емес, дұшпан достар!

Жағалауға бір күн де дамылдамай,
Оһо, адам мекені,
Қалың қалай?!
Қаңғылестеп келеміз ай аунатып,
Иен арал, еш айлақ қабылдамай!

Самарқау бір көз тастап өткеніне,
Қауым отыр қанжарын кекке білеп…
Тоң ұрады көздердің қарасы да,
Жез сіміріп алғандай беттері де!

Аяусыздыққа алмасқан ақыл алма,
Ажал еккен қолдар-ай аты маңға…
Теңіз болып толқиды түсімде ылғи,
Жуылмаған жұққан қан сапыларда!

Тебіренбес көңілдің мұзы қалың,
Білем сеңнің бір күні бұзыларын…
Толқындарды қып-қызыл қанға бөлеп,
Күн құлайды теңізге жүзі жалын!

Жапырағын жанымның жел құлатып,
Осынау бір қайырсыз жолды ұнатып.
Мен кемеге мінген күн
Зар жылаған,
Бір әуенге тұншығып өлді бақыт…

Бізбен бірге жүр мың сан аруақ жүзіп…
Есімде туған жердің жәннат күзі.
Көне қала,
Байырғы шарапхана,
Тапылика,
Ескі дос,
Қалмақ қызы…

Капитан,
Рұқсатың бер,
Кетем жырақ,
(өлім болсын, мейлің, өтеуі бірақ…)
О, қара бұлт!
Мұрнымда шарап иісі
Келе жатыр зәулімнен бокал құлап…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 18.12.2025 | 12:53

ойлы, обыразды, қорғасындай салмақты өлеңдер.
құтты болсын !
Т.А

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір