ҮРЕЙ
24.11.2025
137
0

Тұрысбек Сәукетай – 1950 жылы 14 қарашада Алтай өлкесінде туған.
1968 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім орта мектебін бітіріп, 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскен. 
Жазушы өзінің шығармашылық жолын өлеңмен бастаған және аударма саласында өнімді еңбек еткен. Көптеген әңгіме-повестер: «Сүткенже», «Айлы түн еді», «Қайыңдар, аппақ қайыңдар, «Көлеңкелер патшалығы» мен «Айқараңғысы», «Желқайық», «Эпилог», «Қызылбалақтың қазасы, «Мен — жындымын» романдарының авторы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. 2017 жылы «Мен – жындымын» романы Жылдың үздік кітабы болып танылды. Меценат «КZ» байқауының жеңімпазы. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
«Қазақ әдебиеті» газеті Тұрысбек Сәукетаевтың мерейлі 75 жасқа толған күнінде оқырман назарына «Үрей» романынан үзінді ұсынуды жөн санады. 

… Райкомның қазіргі дүркіреп тұрған дөкейі де көзтаныс азамат. Көп жыл ауаткомды басқарған. Ауданға депутат болған кезінде талай мәрте жиында бірге отыратын. Сөзі орнықты, байсалды. Ел аралағанда үйге түсіп, төр көргені бар. Баяғыда, Алматыда болатын қойшылардың Үшінші слеті ме еді, бір үлкен жиынға да өзі бастап апарған. Сол жиында айналайын әулие Қонаев ақсақалды көзбе-көз көріп, сөзін тыңдаған. Қазақшасы төгіліп тұрған жорға кісі екен. Қонаев қазақша сөйлегенде, ауылдағы райком, исполкомдар өңкей малшы, тракторшының алдында малтасын езіп неменеге орысша оттайды екен деп таңғалған. Кісінің сұлтаны деген сол шығар-ау. Жүріс-тұрысы қандай биязы. Жүзінен нұры төгілген бір меһирбан бекзат. Сыртына көзің тойып, сөзіне жаның мейірленеді. Суретін ғана көргені болмаса, тірі Димекеңмен бірінші рет дидарласып тұрған қойшы-қолаң топ-тобымен топырлап-үйіріліп қасынан шығар емес. Бәрімен қол алысып, басын иіп амандасты. Мұның қолын ұзағырап ұстап, омырауындағы қадалған қатырма қағазды көз қиығымен сыйпай, миығынан жымиды:
– О, екеуміз аттас екенбіз ғой. Хал-жағдайыңыз қалай? Ауылдағы малшы ағайынның нендей мұң-мұқтажы бар?
Бірдеңе деп қала ма деп қорықты ма, осы жігіт лыпыл қағып, жаны шығып кете жаздаған:
– Димаш Ахметович, бұл кісі – біздің ең маңдайалды шабанымыз, – деп ауыз аштырмай зуылдай жөнеліп еді, Димекең басын шайқай, әдемі жымиып алды:
– Шабан болса, қалай маңдайалды боп жүр? Шабан емес, шопан деңіз!
– …Иә, шопанымыз. Биыл жүз саулықтан жүз қырық қозы алып, облыс бойынша рекорд жасап отыр!
Сонда кемеңгер Димекең бастықтың бетіне ойлана қарап:
– Сіз бұл кісіге тек еңбек озаты деп қана қарамаңыз, ең бірінші адам екенін ұмытпаған жөн! – деп еді-ау. – Малшы қауымның тұрмыс жағдайына, балаларының оқуына көбірек көңіл бөліңіздер, төраға жолдас!
Ауылға келген соң, райкомнан бастап: «Қонаев ұстаған мүбәрак қолыңыздан біз де ұстайықшы!» деп бәрі жапырлап еді-ау. Сөйткен қайран Димекеңді де , міне, күстаналап ағашатқа мінгізіп жатқан жоқ па! Құбылмалы қайран дүние-ай! Өз басы оны ондай ғайбаттың біріне де қимайды. Ондай кісінің асылы ғаділеттен аттауы мүмкін бе? Бастан жыға қисайса, жоғарыдағы майысқақ жорғалардың жемтік аңдыған құзғындай шүйлігіп, қарғадай қарқылдап шыға келетін әзелгі әдеті ғой. Құдайдан артық құлдық ұрған Сталиндерінің сүйегін көрден сүйреп шығарып тастады. Хрущевті тақтан тайған күні-ақ басын боққа батырды волюнтарист, есерсоқ деп. Брежневі мынау, жиырма жыл жырлап, сонымен таңын атырып, күнін батырып еді, өлген соң бір-ақ күнде кәкәй болды да қалды… Бүгін – жақсы, ертең – жаман. Бұл үкімет шіркінің, елдің басын айналдыруға шебер ғой, қай құйтырқысына сенерсің…
Мұхаммед-Шәріп әр қиырды бір шалып, құйқылжыған қиялы құрғұрдың жетегінде отырып Самсоновкаға қалай жетіп қалғанын білген жоқ. Шаңқай түсте аңылжып жатқан тасжолды бойлай екі қабатты, еңселі ақ үйдің жанына кеп тоқтады. Жолды жиектей қойылған екі-үш машинадан басқа аула маңында қарайған жоқ. Атын талдың көлеңкесіне қаңтарып, шап айылын босатты. Қамшының сабымен етек-жеңін қаққыштап, ішке енді. Екінші қабаттағы жалтыраған қоңыр, үлкен емен есікті сықырсыз ашқан. Тұмсығы біздиген, үкі көз, сары келіншек жымия амандасып, жылы қарсы алды:
– Аға, қандай мәселемен келдіңіз? Мүмкін, бөлімдегілердің біріне барарсыз. Жанғали Тастанычтің қаурыт жұмыстары бар еді…
– Ой, қарағым, менің мәселем қиын. Тастанышыңнан басқа ешкім шеше алмайды.
Белі үзілген майысқақ сары келіншек «сен шалға дауа жоқ екен» дегендей бір жымың етіп, орнына отырды. Алдындағы қалың журналды ашып, аты-жөнін сұрады.
– Қай совхоздансыз? – деді.
– Менің сапқозым да, ауылым да жоқ. Айдалада қаңғып қалған шалмын.
Келіншек көкжолақ түкті кілемді былқ-былқ басып, бастығына еніп кетті де, көп аялдамай қайта шықты:
– Кіріңіз, – деп иіліп, алтын тұтқалы, жылтыр, қоңыр есікті айқара ашты. Бұл қаудырлаған сұрғылт брезент жадағайын шешіп, орындыққа көлденең асты да, үстіне қамшысын қойды. Бір аяғын сүйрете басып, алға аттады.
– Келіңіз, Шәке! – Жанғали төрдегі үстелді айналып келіп, жайдары дауыспен қолын алды. Айлапат ұзын үстелді қос жиектей қойылған күрпілдек, қара былғары орындықтардың ең жоғарғысына қолтығынан демей әкеп отырғызды. Денесіне май байланып, бұрынғысынан да шарғыланыпты. Жүрісі ауыр. Жылмита қайырған жирен шашының төбесі жиди бастаған ба қалай, түбі аққұйқаланып, селдірей шашырап тұр. Райкомға ауысқаннан бері жүздесіп тұрғаны осы.
– Жаңа қызметіңіз құтты-баянды болсын, қарағым!
– Рақмет. Партия сенім артқан соң, қадари-халімізше тырысып жатырмыз.
– Е, партия да бірдеңе біледі ғой. Қолынан іс келер өз азаматымызды өсіргені дұрыс болған.
Жанғали, бәрін білетін дана партияны «бірдеңе біледі ғой» деп нәумез ерін шүйіріп отырған малшы шалға «әй, қазағым-ай» дегендей жымия қарап қойды. Хатшы келіншекті шақырып, шай алғызды. Қызылы кәрлен тостақтың жиегіне жұққан ыссы шайдың иісі мұрын жарып барады. «Пай, райком болған жақсы-ау, баяғыда Алматыға жиынға барғанда ішкен үнді шайының дәмі ғой!» Төр иесі қарияны асықтырған жоқ. Шөлін қандырып алсын дегендей, өзі де алтын жиекті қаракөк тостақтың шетінен анда-санда сораптап қойып, өткен-кеткеннің жайбырақат әңгімесімен отыр. Жүзіне қараған сайын көңілін аяныш биледі. Серейген сом денелі, ақсары, ажарлы кісі еді, әбден шөжіп, тозып кетіпті. Ауырудан тұрған-ау, шамасы. Совхоз директоры боп жүрген кезінде дастарқаны таза деп үйіне таңдап түсетін. Талай сырбаздың басын мүжіген. Таңды-таңға ұрып «Бура» сызатын еді-ау совхоздың бетке шығарлары бірігіп ап. Қарабайыр қойшыға ұқсамайтын бойында бір сахилық бар. Сөзінен де, байыпты мінезінен де тегін кісі емесі аңғарылып тұратын.
Қария Жанғалидың ілтифатына дән риза. «Алды кең, сөзі биязы. Ел басқарса, осындай азамат басқарсын!» деп күпті көңілі әлдебір жақсы үмітке емексіп, тоғайып қалды. Оны-мұны әңгімемен аз-кем отырған соң, әлгіндегі есік көзіндегі келіншектің «Тастаныштың қаурыт жұмысы бар» дегені есіне түсіп, келген бұйымтайына көшті:
– Қазақта «бауырым» дегеннен жақын сөз жоқ. Жәке бауырым, сіздің көп уақытыңызды алмай, шаруамды айтайын… «Буденный» калқоз болғанда да, сапқоз болғанда да табандап жиырма сегіз жыл қой бағыппын. Қандай қойшы болғанымды өзіңіз білесіз… – Пенжағының ішкі қалтасынан қобыратып, бүктелген бір уыс қызыл ала, алтын мөрлі қағаз алып, үстелдің үстіне қойды да, бір-бірлеп қаттауын жазды. Бағана Жанғали болмай қалып, танымайтын бір бастыққа кірер болса, «мені танымасаң, мынаған қара» деп айдынтып көрсетермін деп әдейі ала шыққан. – Міне, Қазақстан Верховный Сәбеттің сегіз Гірәмітасы. Оның үстіне, талай рет ауданға депутат болдым. Басқа емес Қонаев ақсақалдың алдында рекорд жасаған қойшымыз деп өзіңіз мақтағансыз!
– Ой, Шәке-ай, сізді білеміз ғой. Сіз біздің ауданымыздың мақтанышы емесссіз бе!
– Білсеңіз, сол мақтанышыңыз қартайғанда сирағын қақпан шапқан қасқырдай ұлып далада қалды.
– Қалай?
– Міне, көріп отырған шығарсыз, бір жылдай сал боп жатып, басымды көтергенім осы. Ауырған соң малдарын айдап алды да, итпісің, кісімісің демей айдалаға тастап кетті. Не сібеті, не суы жоқ. Ауыру кемпір, ауыру шал, жұдырықтай екі баламен төртеуміз ескі қораның жұртында отырмыз көң иіскеп, бүргеге таланып. Балалар сонау көш жердегі стансыға барып оқып жүр. Осы қыста қасқыр қамап жеп қоя жаздады…
– Ойбай, сұмдық қой мынау! – хатшының шағыр көзі жарқ етіп шатынап кетті.
– Бұл өкіметке мал керек те, адам керек емес екен.
– Олай демеңіз. Бәрі адамының игі­лігі үшін емес пе…
– Әй, мына қылықтарына қарағанда, біз, жүдә, адам емес шығармыз осы!
– Ой, ақсақал сіз де… біз бірінші кезекте адамдардың жайын ойлаймыз!
– Ойласаңыздар, міне, жағдайымды айтып келіп отырмын. Ел ішіне көшкіміз келеді. Мектебі бар жерден баспана тауып беріңіздер. Ауыру кемпір-шал алай-бұлай боп кетсек, айдалада жұдырықтай балалардың күні не болмақ?
– Апыр-ай, сіздей кісінің әлі күнге үйсіз-күйсіз жүргені ұят екен! – хатшының көзінің алды жыбырлап, шықшыты ойнап кетті. – Совхоздың басшылары-ақ шеше салатын шаруа емес пе. Ана Байғарин мен Өтешев не қарап жүр?
– Олар шаруа бітірсе, сіздің алдыңызға келіп басыңызды қатырардай ешек мия жеген жоқ шығармын.
– Көрбілтеге салып, бұлары не бассыздық! Мен қазір звандап… – деп, Жанғали алдында көгенделген көп телефонның біріне қол соза беріп еді, қария ұшатын құстай қопаңдап, екі қолын бірдей сілкіледі:
– Әуре болмаңыз… Енді көрмегенім сол екі иттің алды болсын!
– Қатты кеттіңіз ғой, Шәке. Әбден көңіліңіз қалған-ау, шамасы? – хатшы уысында қылғына қыңсылаған қара трубканы тұғырына қойды.
– Қысты күні жанымызды бағып отырған екі-үш қарамыз тілін тістеп аш тұрғанда көргеміз олардың әуселесін. Әке-көкелеп алдарына барғанда, бір шана шөп беруге жарамай безірейген ол иттердің қай жері кісі?
Кенет Байғариннің бір қылығы хатшының есіне түсіп: «ескі өкпені кек тұтып, істеп жүрген қысастығы ма?» деп ойлады. Жүзін көлегейлеп, назарын төмен сала еріксіз бір жымиып алды. Ол кезде бұл – совхоздың директоры болатын, Байғарин – піштірілген бұқа мен қошқардың енін қуырып жеп, гүжілдеп жүретін веттехник білдей. Қойшылардың беті қызыл қатындарына қырғидай тисіп, «сарауыз Садық» атанған ауылдың жә деген Донжуаны еді. «Пәленшенің келіншегімен ымыртта маяның қалқасынан тізесін қағып шығып келеді екен!..» « Әлгі түгеншенің бітік көз, сары пұшығы Байғариннің аузынан түсіп қалғандай!..» деген сылқ-сылқ сыбыр қатын біткеннің аузында жел шайқаған қамыстай сусылдап сумаң қағатын. Бір күні көзі тұнған Байғарин оңашада Шәкеңнің үйіндегі жеңгейдің білегінен ұстай алады. Пай, пай, Нұржамалдың ажар-көркі бұл маңда жоқ, бұлықсып тұрған шағы еді-ау. Қуат тепсініп, сәмбі талдай солқылдаған дене бітімі қандай. Қыр мұрын, жәудіреген аялы көкшіл жанар, үлбіреген ақторғын жүзінде сәт сайын шалқи толқып ұят сәулесі лыпыл қағып тұрғаны.
«Замандас, ғашықпын сізге! – дейді артист Байғарин алқына сыбырлап. – Көптен көңілімді жеткізе алмай зарығып жүрмін!!!»
– «Қой, айналайын, ондай сөзді айтпа, – деп келіншек қолын жұлқа тартып, босатып алады. – Мен өзімнің Шәкеме ғана ғашықпын!»
– «Шалды қайтесің жас өміріңді қор ғып. Жаман шал жалпылдап қойын бағып жүре берсін. Керек болса, оны депутат жасайын, герой қыламын. Тірі қойларыңа өлді деп акті хаттап беремін. Шылқып отырасың… Тек екеуміз былай нетіп…» – дей бергенде, асау келіншек шарт еткізіп жақтан тартып кеп жібереді:
«Не оттап тұрсың, хайуан! Ол пейішіңді сарып тастап жүре беретін ана салдықыларыңның басына орнат. Жоғал, кәне!»
Теңселіп барып бойын әзер тіктеген Байғарин өңмеңдей ұмтылады:
– «Өй, әкеңді… қаңғып келген қаншық! Мен сені сатқын байыңмен қоса көзіңді бұл жерден құртамын!..»
Өжет келіншек саспайды, ошақта ұшы қызара түтіндеп жатқан шаланы жұлып алып, аузы қисалаңдап, жұдырығын білеп, дірілдеп-қалшылдап төне берген оспадардың құйрығына басып кеп алады. Байғарин бақырған күйі үйден атып шығып, сайдағы өзенге күмп ете түседі… Бұл сығыр сол қорлықты әлі ұмытпай жүр ме екен? Соған бола қиянат жасап жүрсе, азамат болмағаны.
Жанғалидің ашуы қабынып ішіне сыияр емес:
– Бұлары қызық екен! – деді қалың, сарғыш қастарының құйрығы шекесіне қарай тік шаншылып. – Сонда олар не сылтау айтады?
– Не деріңіз бар ма… Біздің атымызды естісе, бастық біткен қорасан шыққандай қорқатын болды ғой бүгінде. Бәрі Әзиз-Сұлтанымды бетімізге салық қылады. Балаларың – бүлікші, Сәбет үкіметіне қол көтерген саяси қылмыскер дей ме-ау. Оның әке-шешесіне қамқор боп өбектеп жатсақ, партия не дейді? Басымыз екеу емес, аулақ жүр деп оттайды, бір шана шөпті партиясы сығалап көріп тұрғандай!
Әзиз-Сұлтанның атын естігенде, Жанғалидың жүрегі солқ ете түсті. «Ойбай-ау, ол аты шулы бәленің мына шалдың баласы екені қалай есінен шығып кеткен? Ол деген былтырғы Желтоқсан көтерілісінде жастарды арандатқан бүлікшілердің басы емес пе. Кісі өлтірді деген дақпырты тағы бар. Өлім жазасына кесіліп, дүниежүзі шулаған соң, Горбачевтің өзі кешірім жасап, жиырма жылға сотталған. Бәсе, Байғарин мен Өтешев жөн білетін жігіттер еді, құйрығында осындай бір қалжуыры болған соң аяқ баспай отыр екен ғой өлер жерін біліп. Әсіресе парторг Өтешев – екі шоқып, бір қарайтын аса сақ, тістей қатып қалған тәртіптің адамы. Жаңа етқызуымен телефон шалып жібермегені қандай абырой болған. Әйтпесе ол сығыр әркім өз басын ойлаған мына алмағайып сәтте қырағылық танытып, «саяси қылмыскердің үй ішіне қамқорлық жасаңдар деп бізді мәжбүрлеп жатыр» деп жоғарыға сигнал айдап жібермесіне кім кепіл!»
Хатшының әлгіндегі арыны басылып, желі шыққан резина ойыншықтай мыжырайып, көрер көзге шөгіп бара жатыр.
– Апыр-ай… апыр-ай, ә!.. – дей берді қипақтап. – Осы уаққа дейін үй алмаған сіз де қызық екенсіз. Озат шабан болдыңыз, депутат болдыңыз…
– Бұлай болады деп кім ойлаған, қарағым. Үкімет өлтірмейді деп жүре беріппіз ғой.
Жанғали екі оттың ортасында отыр қылпылдап. Қарияны аяғанмен қорқынышы одан да зор. Желтоқсан бүлігінен бері жаңа басшылықтың беті тым қатты. Қонаевтың тұсында атқа қонған барлық буындағы басшылардың бәрін сол кісінің кадры, тілеулесі деген күдікпен қырық сылтау тауып, қызметтен ығыстырып жатыр біртіндеп. Міне, Челябі обкомында жай инс­пектор боп жүрген Шалушкин деген атсыз-затсыз біреуді екінші хатшы ғып әкеп, көкжелкесінен қыдитып қойды. Орынбасары болғанмен бастығынан бетер менмен, өктем. Арғы жағында сенімі болмаса, ондай көкірек қайдан келіпті. Партиялық жұмысты жаңаша жандандыру керек деп, тұмсығын тықпайтын тесігі жоқ. Тіміскілеп іргесінен ор қазып жүрген шығар. Оның үстіне әлеуметтік мәселелер тікелей соның ғұзырында. Оның басынан қалай аттап кетпек? Ертең бір шикілікті сезіп қойса, «а-а, бірінші хатшы жолдас, сіздің саяси бет-бейнеңіз мәлім болды!» демей ме! Мұндайда «саптаяқтың сабынан қарауыл қарап сақтанбасаң, аяқастынан ұшынуың бек мүмкін…» Өз ойынан өзі үрейленіп, берекесі қашты.
– Қап, ақсақал-ай, бұрынырақ келгеніңізде ғой!.. – Қалай жалтарарын білмей пұшайман күймен қарашығы ойнақшып, шалдың бетін сипай шолған. Хатшының жүзіндегі құбылысты хаттай оқып, көңілі суып сала берген қария:
– Қазір не бопты? – деді үні қатқылданып.
– Турасын айтқанда, қазіргі жағдайда бұл мәселені шешу қиындау. Совхоздағы жігіттер де соны ескерген ғой…
– Е, бәріңнің әнің бір болды. Өлмесең, өмірем қап дейсіңдер ғой. Неменеге сырғақсисыңдар табаны көк мұзға тиген қоспақтай бүгежектеп?
– Себебін өзіңіз де білесіз ғой. Бұл – жоғарының бақылауындағы саяси мәселе. Кейін бір орайы болар. Сәл дақпырт басылсын.
– Кейіндерің қашан? Мен өлген соң ба? Бала жастықпен бір білместік жасаған шығар. Біздің кінәміз не, сапқоздың отымен кіріп, күлімен шыққанымыз ба бар жазығымыз? Әрі-беріден соң, кісі өлтірсе несі бар? Талай қазақтың қаны төгіліп, намысы қорланып жатқанда, бір орыс кімнің шікірәсі екен?!!
– Қойыңыз, ақсақал, бұл жерде ондай сөз айтпаңыз! – хатшының көлкілдеп балбыраған жалпақ беті лап қызарып, орнынан ұшып түрегеле жаздады. – Саяси сөзді қайтесіз!
– Қоймаймын! – деді, ашу қысқандағы әдетімен өне бойы қалшылдап. – Осы жерде айтпаған сөзді қай жерде айтамын? Естіңдер ішімдегі қыжылымды, зарым мен запыранымды. Жамандығын айтпа, жақсы көр үкімет пен партияны дейсің. Қалай жақсы көрем мен сенің үкіметіңді. Жарылқағаны, коммунизмге апарғаны осы ма? Апарса, сендерді апарған шығар, мен биттеп-құрттап қойдың боғының үстінде жатырмын!
– Мені жамандасаңыз – жамандаңыз, боқтасаңыз да мейлі. Бірақ үкіметке тіл тигізбеңіз, ақсақал!
– Үкімет сендер емегенде кім? Әлде басқа біреу ме? Көзіме көрсетіңдерші көзін шұқып тұрып айтарымды айтайын. Неге менің мал құрлы қадырым жоқ? Мен қой бағатын қойшы ғана екенмін, қой соңында салпаңдаған көк шұнақ ит екенмін, адам емес екенмін. Әйтпесе отыз жыл қой баққанда, иттің ұясындай болса да, жапырайған бір жаман тамдық еңбегім сіңген шығар!
– Еңбегіңізге айтарымыз жоқ. Кілтипан басқада боп тұр ғой. Бізді де түсініңіз, ақсақал.
– Мені кім түсінеді? Бәрінен сая­сат іздейсіңдер. Екі балам оқусыз, бір үйлі жан құрттап-биттеп айдалада жатқанымыз саясат емес пе? Сәбетіңнің еңбек адамын жарылқағаны осы ма? Бауыздалып өлуден басқа не қалды маған, не қалды, айтшы кәне?!!
Екі қолын жайып, өне бойы селкілдей аса бір сұрапыл сұспен орнынан көтеріле бергенде, үстелдің қарсы бетіндегі бастық астындағы былқылдақ креслоны құйрығымен серпе ол да ұшып тұды. Ақиған оң жақ көзі қанталап, бет-аузы жыбырлап түтіге қабарған мына қияңқы шал ашу үстінде шынымен-ақ өзіне пышақ салып жүрмесін деп зәре-иманы ұшып кетті.
– Шәке, ақылды адамсыз ғой, сабыр етіңіз. Мен болмайды деп тұрғам жоқ. Бүгін болмаса да, орайына қарай көреміз…
– Маған сендердің ештеңелерің де керек емес енді! Мына көт сүртуге жарамайтын қызыл ала қағаздарыңның да керегі жоқ! – Үстелдің үстінде қатарлап жайылып жатқан «Құрмет грамоталарын» ортасынан бір-бір айырып, әуелете шашып жіберді. – Мә, өз боқтарыңды сүртіңдер!
Қария оралымсыз зор денесімен төңкеріле бұрылып, бір аяғын сүйрете есікке қарай ауыр қозғалды.
Жанғалида жан қалмады. Лениндік партияның білдей бір аудандағы көзі, құлағы, жүрегі… Бірінші хатшының кабинетінде мемлекет наградасын жырту деген сұмдықтың сұмдығы емес пе! Қарсылық актісі. Саяси қылмыс… Соңғы уақытта «үндеместер» кейбір басшылардың кабинетіне тыңдайтын аппарат – «жучок» орнатып қояды екен дейтін сыбысты еститін. Кабинетінің бір жерінде кенедей жабысып сондай пәле тұрғандай мүлдем есі шықты, аяқ-қолы дірілдеп, өзіне ие бола алмай қалды. Бағанадан бергі осында айтылған сөздердің бәрін Шалушкин тыңдап отырғандай, тіпті қазір түк білмегенсіп, жылмиып осында кіріп келетіндей. Мына жайрап жатқан қағазды көрсе, не дейді?!! Сасқалақтап еңкейе бергенде, жуан қарыны икемге келмей, құйрық жағы дар ете түсті. Шалбары жыртылды ма, әлде «мылтығы» түскір атылып кетті ме – оған қараған жоқ, тоңқаңдап, еденде шашылған қағаз қиқымдарын апыл-ғұпыл жинай бастады. Қос уысын толтырып әкеп, қоқыс себетіне салды. Беті қызара бөртіп тершіп, үлпершек майы аузына тығылып, ентігіп тұр. «Қап, әкең… мына шалды-ай!..» деп қояды ішінен кіжініп. Тамағын қырнай қақырынып, қағаздың үстіне былш еткізіп бір түкірді. Көңіліндегі үрей сонда да соңынан қуалап қалар емес. «Мына қағазы түскірді еден жуушы қатын тіміскілеп қарап, біреуге бірдеңе деп жүрсе ше? «Үш әріптегілер» ондай қатындарды да пайдаланды ғой. Анау «Көктемнің он жеті сәті» деген кинода сондай пәлені көрсетті емес пе… Құрысын, үйге апарып өртеп жіберейін.» Еденге газет жайып, себеттің ішіндегісін қақырығымен қоса төңкеріп орады да, жуан сары портфеліне салды.
Іштегі сөзді анық ести алмаса да, құлағын қайшылап «апыр-ай, не деп жатыр екен!» деген құмарлықпен қат­ты-қатты шыққан дауысқа сары келіншек елеңдеп отырған үкі көзденіп. Аяғы ақсаңдап, аузы қисалаңдай қорбаңдаған қара шал көлеңкедей түнеріп шыға келгенде, үрейленіп орнынан ұшып тұрған. Ашық қалған есікке жақындай берді де, теріс қарап тоңқаңдаған бастығының жарты қарыс жырықтан ағараңдаған құйрығын көріп, мырс ете жаздап, аузын алақанымен баса қойды. Есікті сыртынан сықырсыз жауып, бүйірін түрткілеген шайтаны ерік бермей екі иығы селкілдей жөнелсін кеп.

Тұрысбек Сәукетаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір