КҮЙ-ҚҰДІРЕТ
11.11.2025
122
0

Күй-аңыз

Мерзияш арқан бойы көтерілген күнге көзін көлегейлей қарап қойып, ойлы жүзін маған бұрды.
– Сенің Тоқсан атаң керемет күйші болған деп естуші едім, саған оның өнері дарымады ма? – деп сұрады ол, қызығушылық танытып.
– Жоқ, өкінішке қарай, үлкен атамның өнері маған қонбады, – дедім мен, басымды шайқап. – Бәлкім, дарушы да ма еді, егер Нұрғожа атамның өзі аз-маз қолдау көрсеткенде. Бірақ, сонау бір зобалаң замандардан санада ұялап қалған әлдебір үрей, қорқыныштан ба, біздің үйдің төрінде домбыра ілініп тұрмайтын. Әйтпесе, бала күнімде мені «Қисық шеке» атандырған аздаған тентектігім болса да, саққұлақ едім. Тоқсан атам тартқан күйлердің көбі құлағымда қалып қойған. Олардың біразы сонау нәубет жылдарында атын сыбырлап қана айтатын атақты Қожекенің күйлері екенін кейін таныдым ғой.
– Күйшілік өнерді игеріп алуға талпынсаң, әлі де кеш емес, інім, – деді Мерзияш, жұбату айтқандай. – Кісінің бойында бір қабілет болса, ол ешқайда жоғалмайды екен. Өзің жақсы білетін Омархан күйші өнерге егде жасында-ақ қайта оралған еді ғой. Шынымды айтсам, мен Күрті ауданындағы «Құйған» совхозын алты жылдан астам уақыт бойы басқарып тұрғанымда, қол астымда қарапайым қойшы болып істейтін Омарханның қолына домбыра ұстағанын мүлдем көрген емеспін. Сен айтқандай, төрінде домбыра ілініп тұрмайтын. Оның сырын араға он алты жылдай уақыт салып, бір-ақ білдім ғой. Бір күні теледидар қосып қалсам, өнер зерттеуші Жарқын Шәкәрім екеуі күй туралы әңгіме қозғап отыр екен. Өз көзіме өзім сенбей, қайта-қайта үңіле қарап: «Әй, пәлі, мынау өзіміздің Омархан қойшы ғой», – деп қоямын. Омархан Жетісу күйшілері жөнінде, оның ішінде бұрын-соңды айтыла бермейтін Қожеке туралы келелі сөз айтып, оның күйлерін келістіре тартқанда, өнеріне тәнті болдым. Әрі-беріден соң оны қойшы деуге қимай қалдым.
– Содан кейін оған жолыға алдыңыз ба, аға? – деп сұрадым мен.
– Омарханмен арадағы қатынас біршама уақыт үзіліп қалса да, сырттай амандығымызды сұрасып тұрдық қой, – деді ол, басын изеп. – Омекеңнің менен бір-екі жас үлкендігі бар. Екеуміз бажа боп келеміз. Оның Сөгетіде тұратынын білетінмін, әлгі хабардан кейін өзім арнайы іздеп бардым. Үйінде қона жатып, жеңгейдің қолынан дәм татып, Омарханның күйлерін айызым қанғанша тыңдадым. «Омеке-ау, мынадай ғажап өнеріңді көзден тасада ұстап келгенің қалай?» – деп тамсана сұрадым одан. «Е-е, Мырзеке, қу тірліктің құлы болып, құнттамадық қой», – деді ол, зорлана күліп. «Қап-ай, ә, сол кезде білсем-ші, – дедім мен, өкініш білдіріп. – Баяғыда жарты патшалықтай билігі бар Асанбай Асқаров үйіңде қонақта болғанда, оған осы күйлеріңді тартқаныңда ғой, ендігі атағың жер жарып кетер еді. Асекең қойшылығыңды қойдырып, Алматы қаласының қақ төрінен пәтер алып берер еді ғой. Мұндай өнеріңнің бар екенін білгенімде, өзім-ақ талай мәрте дәмдес-тұздас болған Нұрғиса Тілендиев ағамызға тікелей ертіп апарар едім». Омархан: «Өзім де күйшіліктің қадірін енді ғана түсінгендеймін. Осының өзіне қанағат», – деп, домбырасын құшағына қысып қойды.
– Омархандай күйші болмаса, Қожеке, Сыбанқұл, Қосдәулет, Бестібай, Тілеміс, Шіде, Түсіпхан, Кәтіптердің күйлері бізге жетуі неғайбіл еді, – дедім мен. – Тағдыр тәлкегімен отыз жыл бойы қолына домбыра ұстамай кеткен адамның алпыстың жотасынан асқанда жігіт шағындағы күй сарындарын ес-жадында жаңғыртып, өнерсүйер көпшіліктің назарына ұсынуы таңғалдырмай қоймайды. Бір ғажабы, мен бұлардың атын білмесем де, кейбірінің күйлерін Тоқсан атамнан естіген екенмін. Соған өзім де таңмын.
– Сен де Омархан сияқты жас кезіңнен өн бойыңда жасырынып жатқан өнеріңді жадыңда жаңғыртып, жарыққа шығарсаңшы, – деді Мерзияш, маған қозғау салғысы келгендей. – Кім біледі, Тоқсан атаңның аруағы қолдап кетер.
– Аға-ау, енді оған сана еліксе де, саусақ илікпейді ғой, – деп, мырс етіп күлдім мен. – Мен жас кезімнен құймақұлақ болсам да, көбіне сөз өнеріне, тіл мен әдебиетке үйір болып, қаламгерлікке бой ұрған адаммын.

Күй-тағдыр

– Керімқұл атам мен Рәпия әжем мені Әубәкір әкем мен туған шешем Ауалдан қырқымнан шыға салысымен бауырларына салып, өздері тәрбиелеп өсірген, – деді Омархан, маған табақтағы басты ұсынып жатып. – Керімқұл атам құралайды көзге атқан мерген, атқан оғын құр жібермейтін аңшы еді. Аңшылық кәсіппен жиған мол дәулетімен, кісілік келбетімен Албан-Қызай еліне сыйлы болған. Мен алты жасымнан ашамайға мініп, атаммен бірге ел, жер араладым. Ойын баласы болсам да, басқа балалар сияқты қызық ойынға қосыла кетпей, үлкендердің әңгімесіне құлақ түруші едім. Әсіресе, домбыра тартылған жерден мені ешкім сүйретіп шығара алмайды.
Мен Омарханның әңгімесін зор ықыласпен тыңдай отырып, бас ұстауға ептілігімді байқатып, оң жақ езуінен кесіп, ортақ табаққа салдым да, екінші езуін өзім жедім. Өзім жақсы білетін қазақы дәстүрмен екі құлағын кесіп алып, Омекеңнің екінші әйелі Зейнеханнан туған екі ұлына, екі көзін ойып алып, марқұм бәйбішесі Дәменнен туған екі қызына тілек айтып ұсындым.
Омекең маған риза кейіппен әңгімесін жалғастырды.
– Бір күні атам мені Қожеке күйшінің ұлы Рақышқа алып барып: «Осы баланың аңсары домбыраға ауады да, тұрады. Талабын байқап көрші», – деді. Ол: «Ойбай, аға, сіз де алдыңызға жан салмайтын домбырашысыз, балаңызды өзіңіз-ақ үйрете бермейсіз бе?» – деді. Атам басын шайқап: «Жоқ, қарағым, мен мұны маңдайынан сипай отырып, үйрете алмаспын. Әкең Қожекедей алдына жан салмайтын домбырашы, дәулескер күйші болу үшін темірдей тәртіп, тәлімді тәрбие керек қой. «Еті сенікі, сүйегі менікі», өзіңнің орныңды басатын күйші етіп шығар, ақысына ақ жорға мінесің», – деді нық сөйлеп.
Рақыш мәймөңкеге салынбайтын, турашыл кісі еді. Домбыра үйренгісі келген балаларды жиып алып: «Мен киіз үйдің ішінде отырып күй тартамын. Сендер сыртта тыңдайсыңдар да, маған қайталап тартып бересіңдер. Дұрыс тарта алмағаның менің алдыма қайтып келмейсің», – деп, қатаң талап қойды. Мен зеректік танытсам керек, қасына алып қалды.
Омархан етті турап болды да, табақты маған жақындатып: «Қонағымсың ғой, өзің баста», – деді ілтипатпен. Майлыққа қолын сүртіп жатып, әңгімесін үзбей, сөзін сабақтай түсті.
– Рақаң мені он алты жасымда Құлжа қаласына алып барып, үш аймақ – Іле, Тарбағатай, Алтай өнерпаздары бас қосқан үлкен жарысқа қатыстырды, –деді ол, байсалды қалпынан аумай. – Бірнеше күнге созылған осы жарыста мен ұстазымнан үйренген жүз жиырма күй тарттым. Ақсақалдың өзі жарысқа қатыспаса да, маған дем бергендей, әкесі Қожекенің екі жүзге жуық күйін тартып берді. Үлкен кісілерден қырғыздың пайғамбар жасындағы күйшісі Асаналы қатысып, тоқсанға тарта күй тартып берді. Бас жүлдені Асаналы ақсақал жеңіп алды. Екінші жүлде маған бұйырды. Сонда ол маған әзілдеп: «Қырғыздың да күйін үйреніп ал, байекемнен қалған асыл мұра еді деп айта жүрерсің», – деп, бірнеше күйін тартып көрсетті.
– Аға, сонау отызыншы жылдары Ошуруулы Асанаалыдан Александр Затаевич он екі күй жазып алғанын білемін, – дедім мен, ол атақты қырғыз күйшісі туралы хабардар екенімді білдіріп. – Олар кейін Мәскеуден шыққан жинаққа еніпті. Үлкен атам Тоқсаннан Асаналының атын естуім бар. Сіз одан кейін оны көре алдыңыз ба?
– Жоқ, одан кейін көре алғаным жоқ, – деп, басын шайқады Омархан. – Мен елге қайтып келгенде, оның бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кеткенін естідім. Сол кезде жасы сексенге таяп қалса керек.
– Елге қайтып келгеннен күйшілікті қойшылыққа айырбастауыңызға не себеп болды, аға? – деп сұрадым мен, суыртпақтап.
Омекең басынан тастамайтын тақиясын майлы қолының сыртымен бір қозғап қойып:
– «Басқа түскен баспақшыл» деген ғой, – деп бір қойды да, әңгімесін сабақтай түсті. – Бірақ, мен елге келгесін бірден қойшы боп кеткем жоқ. Рас, маған Қытай жеріндегідей серілік құру бұйырмады. Әншейін, ауыл арасында домбыра шертіп жүргенім болмаса, кейде соның өзі де болмай қалады. Сол тұстарда Алматыда халық арасынан таланттарды іздеу, әсіресе, өрден келген ағайындардың арасында әлі елге танылып үлгірмегендерді жарыққа шығару үшін Ғылым Академиясы жанынан арнайы экспедиция құрылды. Экспедиция Жетісудан өнер саңлақтарын іріктеп, Алматыға алдыртып, байқау өткізді. Олардың ішінде менімен бірге өзім бұрыннан жақсы танитын әнші Дәнеш Рақышев бар еді. Кезінде Шынжаңдағы қазақ радиосының әуе толқынында біреуіміз әсем ән шырқап, біреуіміз күмбірлеген күй шертіп жүруші едік.
– Талдықорғанда Дәнеш ағаның концертінде болып, қатты әсер алғаным бар, – деп қостым мен.
– Әлгі байқауда елден озып шыққан екеумізге оқуға жолдама берген-тұғын, – деді Омархан. – Дәнешті Талдықорғанға, мені Қарағандыға жіберді. Дәнеш кейін он жылдай Панфилов ауданында халық театрының режиссері қызметін атқарды. Содан соң ол Талдықорған филармониясының әнші-солисі және осындағы «Тамаша әзіл-сықақ кеші» тобының жетекшісі болды.
Ал, мен байқаудан өтіп, арманым орындалып, көктен тілегенім жерден табылғанына қуанып, алып-ұшып, ауылға жетіп барсам, алдымнан шыққан Рәпия әжем көңілімді су сепкендей басты. «Омархан домбырасын құшақтап, әртіс болып кетсе, бұл әулеттің күні не болмақ?» деп қатты уайымдаған әжем өнер айдынына кемемді салғалы тұрған маған:
– Әй, Омархан! Мен асарын асап, жасарын жасаған адаммын. Сүйегі қаусаған мені қойшы, мына шиеттей бала-шағаңды қайтпексің?! Өзің сонау Шымкенттен, Қарағандыдан көшіріп әкелген туыстарыңның жағдайын кім ойлайды?! Кетпек болсаң, мені біржола көміп кет! Сенің әртіс атанып, жын-шайтанға үйір болғаның маған керек емес! – деп, кесіп айтты.
– Апырмай, қатты айтқан екен анамыз, – дедім мен.
– Иә, алғашында мен абдырап қалдым, – деп, басын изеді Омархан. – Не дерімді білмей, бір сәт қалшиып тұрып қалсам керек. Әйтсе де, өзімді сәби кезімнен бауырына басып, аялап өсірген асыл әжемнің сөзінен қайда асамын? Қолымдағы үкілі домбырамды жерге бір-ақ ұрып сындырдым да: «Апа, сіздің айтқаныңыздың бәрі дұрыс. Шын айтам, менікі ақымақтық болған екен. Енді қолыма домбыра ұстап, күй тартсам, мені балам деп санамаңыз!» – деп, ант-су іштім. Содан бастап мен күйшілік өнерді емес, енді қарапайым елмен бірге өмір сүрудің, күн көрудің жолын таңдадым.
– Сөйтіп, қолыңызға қойшы таяғын ұстауға бел будыңыз ба, аға? – деп, тәптіштей түстім мен.
– Оның өзі бір сәті түскен шаруа болды, – деді Омархан жылы жымиып. – Өйткені, бұл Хрущевтің кебек ұнға қаратып қойған кезі еді. Жұмыстың жоқтығынан өрден келген біздер тұрмақ, жергілікті жұрттың өмірі нашарлап, күнкөрісі қиындап кетті. Қарапайым халық жетіспеушіліктің, жоқшылықтың тауқыметін тарта бастады. Осынау бір қиын шақтарда Жалаңашқа «Құйған» совхозы директорының орынбасары Шаяхмет деген азаматтың жолсапармен келе қалмасы бар ма? Кездейсоқтық па, әлде құдайдың бір құдіреті ме, мен онымен танысып, екеуара әңгімеден оның совхозына адам күші жетпейтінін білдім. Ол мал бағатын адамдар болса, көшіріп әкететінін айтты. Мен: «Егер совхоз бізге өмір сүруге дұрыс жағдай жасайтын болса, шаруашылыққа мал бағуға он отбасын көшіріп апарамын», – деп едім, «олай болса, келістік, уәде беремін», – деді ол, қолын ұсынып. Соңыра Шаяхмет уәдесінде тұрып, көлік жіберді. Сөйтіп, «тәуекел түбі – желқайық» деп, «Құйған» совхозына көшіп бардық. Міне, сол сәттен бастап мен алдыма бір отар қойды салып, қойшы боп шыға келдім. Балқаш көлін жағалап, қамысы мен тоғайын аралап жүріп, қой бақтым. Өзің де білесің, ол жақ Жалаңаш секілді таулы, ауасы қоңыр салқын емес.
– Жалаңаштың табиғаты бөлек қой, – деп тамсандым мен.
– Асқар таулы, мөлдір бұлақты, қоңыр салқын жерде туып-өскен маған алғашында жерсіну ауырлау болды, өйткені, Балқаш дегенің – ұшы-қиырына көз жетпейтін бұйрат-бұйрат ұлан құмды, сай-саласы сулы, қамыс-қопасты, нулы болып келетін, тораңғылы, жиде-талды, сексеуілді тоғайларынан адам адасатындай, тек аң-құс, мал-жануарға бай өлке көрінеді, – деп, көз алдыға келтірді ол. – Оның құмы мен желіне көндіге алмай, «бізді айдалаға айдап әкелдің» деп күңкілдеуді шығарған ағайын-туыстарыма: «Оу, ағайын, совхоз барлық жағдайыңды жасап беріп отыр ғой, ең бастысы, қарның тоқ, киімің бүтін емес пе? Бұрынғы жоқшылық, жетіспеушілік жоқ, кімге ренжисіңдер?» – деп ақылымды айтып, жөнге салып отырдым. Өзім де жаңа өмірге көндіге қоймасам да, қазақтың «тас түскен жеріне ауыр» деген байырғы қағидасын мықтап ұстанып, еселеп, еңбек ете бердім. Сол табандылықтың арқасында бәріміз жақсы өмір кештік десем де болады. Араға бірнеше жыл салып, мен ферманың аға шопаны болдым. Озат малшы ретінде аудандық, облыстық жиын-тойларға жиі-жиі шақырылып, талай рет марапатталдым.
– Аға, сіздің үйде алғаш рет қонақ болғаным есіңізде болар, – деп, еске салдым мен. – Сонда совхоз директоры Шернияз: «Ол озат шопанның үйінде обком басшысы, ел құрметтеген Асанбай Асқаровтың өзі қонақта болған», – деп, сізді сыртыңыздан таныстырып еді.
– Иә, Асекең біздің үйде жетпіс үшінші жылдың қысында болды, – деді ол, есіне түсіріп. – Дәмен екеуміз сүрініп-қабынатындай пәлендей дайындала қоймасақ та, пейілімізге, жайған дастарқанымызға көңілі толса керек, риза болып, ақ батасын берді ғой. Асекең қазақтың ескі салт-дәстүрі бойынша жөн сұрасып, қандай қиыншылықтар барын білгісі келді. Мен оған ешнәрсе қажет емес екенін айтып, совхоздың барлық жағдайды жасап отырғанын, жәрдем беріп тұратынын баяндап, өзімнің үш жыл қатарынан «социалистік жарыс жеңімпазы» болғанымды атап өттім. Мемлекет, ел мүддесі туралы жағымды сөздермен Асекеңнің көңілін көкке көтеріп, аттандырдық.
– Аға, сіздің үйде алғаш болғанымда қабырғада домбыра ілулі тұрғанын көрмегенім әлі есімде. Әжеңіздің алдында ант-су ішіп, өзіңізге серт берсеңіз де, күйшілік өнеріңізді жадыңыздан қалай шығардыңыз? – деп сұрадым мен.
– Құдайдың берген қабілетін қалай ұмытарсың? – деді Омархан. – Мен өрісте қойдың соңында жүргенде, кей кезде көзіме домбыра елестеп кететін. Ондайда құм үстіне жамбастап жатып алып тыңдайтын жалғыз ермегім Қазақ радиосы болды. Кішігірім қобдишадай радиоқабылдағыштың құлағын бұрап, жаңалықтарды тыңдаймын, түрлі хабарды, қазақ эстрадасының концерттерін қызықтаймын. Әуезді, тынысты, жанға жағымды әндер әуелете шырқалса, көңілім көтеріліп, бір жеңілдеп қаламын. Ал, енді домбыра тартылып, күй шертіле қалса, көңіл-күйім нілдей бұзылып, радиоқабылдағышты тез өшіре қоямын.
Омархан майда әжімдер сызғылаған кең маңдайын орамалмен бір сүртіп қойып, желпіне түсіп, әңгімесін жалғыстырды.
– Күндердің бір күні қойды өріске жайғап тастап, радиоқабылдағыштың құлағын бұрай қалып едім, шіркін-ай десейші, өзім жақсы білетін Дәнештің дауысы жазды күнгі ақ нөсердей құйылып кеп бергені! – деді ол, көзі жарқ-жұрқ етіп. – «Айналайын Дәнеш, сенің айың туып оңыңнан, жұлдызың туып солыңнан, түу биіктен көрініп, жарқырап келе жатыр екенсің-ау, арыстандай арысым!» деп еріксіз есім шыға қуанып айқайлап жібергенімді өзім де білмей қалдым. Қуаныш, шаттығым басылғаннан кейін: «Әттең-ай, өзіме берілген жолдамамен Арқа төсіне, Қарағандыға барғанымда, мен де Дәнеш сияқты осылайша радиодан өнерімді көрсетіп, күй тартып отырушы ма едім!» – деп, өкінішпен тобылғы сапты қамшымның сабына жармаса кеттім. Бір кезде өзімнің «Әттең-ай, әттең» деп әлдебір әуенді ыңылдап айтып отырғанымды аңғардым. Пәлі, кеудемнің терең түкпірінде, көкейімде белгісіз бір күйдің мұңлы сарыны ойнағандай бола ма, қалай өзі?.. Көңілім босап, көзім жасқа толып, өкінішке толы өксік көмекейіне тығылды да қалды. Одан әрі қарай ыңылдауға да шамам жетпеді…
Осыны бір айтып кідірген Омархан:
– Міне, осылайша өнердің үлкен жолын қуа алмай арманда кеткен менің жігіттік шағымдағы осы өкінішім көп жылдан кейін «Әттең-ай» деген күй-тағдыр болып домбыраның ішегінен құйылып түсті, – деп жеңіл күрсінді.

Күй-толғау

Омарханның екі көзін жұмып алып, жеңіл теңселіп қойып, күйді шертіп тартқанына бажайлай қарап отырып, көз алдыма қобызда ойнаған бақсыны елестеттім. Өз байқауымша, Омархан күйші домбыраны шерткеннен бастап күйді аяқтағанға дейін екі көзін жұмып алып, жеңіл теңселіп отырады екен. Әй, бірақ та, Омекеңді бақсы деуге келіңкіремейді-ау. Бақсы дегенің Омекең тәрізді жәй, жеңіл ғана теңселмейді ғой, шайқалып кетеді. Олай болса, бақсы деуге көбірек келетін күйші Нұрғиса Тілендиев ағамыз болса керек. Оның жөні бөлек қой, әлбетте.
Омарханның домбыра тартысы мен күйге елтіп отырғанымда, балалық шағым есіме түсіп кетті. Еміс-еміс болса да, көз алдыма Тоқсан атамның осы бір күйді шертіп отырғаны елестеді. Сонда бұл кімнің күйі болды екен?..
Күй аяқталғанда, мен Омарханға сұраулы жүзбен қарап:
– Мына күйді мен бала күнімде естіген сияқтымын, аға. Атамның ағасы Тоқсан атам күйші болған ғой. Әйтеуір, маған бала күннен таныс сияқты, – дедім, күйден алған әсерімнен арыла алмай.
– Осы уақытқа дейін Тоқсан атаңнан басқа ешкімнен естімеген болсаң, бұл тыңдағаның – Қожекенің «Сарбарпы бұлбұл» атты күйі, – деді Омархан, қасын керіп. – Пәлі, олай болса, сенің Тоқсан атаң Қожекенің күйлерін білген болып тұр ғой.
– Соған өзім де таң боп отырмын, – дедім мен, ағымнан жарылып. – Бала күндегі естігенім есіме еміс-еміс келеді емес пе?
– Әдетте, мен әңгіме арасында күй шерткенде, оның тарихын баяндай отырып орындаушы едім, – деді өз кезегінде Омархан. – Қожекенің мына «Сарбарпы бұлбұл» күйіне келсек, Сарбарпы – адамның құсқа айналған түрі екен дейді. Баяғыда елден асқан оқымысты адам болыпты. Көктің де, жердің де, судың да, оттың да, құстың да құпиясын біліпті. Бірақ, адамзатқа ешбір пайда келтірмепті. Сондықтан, Алла тағала оны құсқа айналдырып жіберіпті.
– Қызық екен, аға. Мен Қожекенің «Сарбарпы бұлбұл» деген күйі бар екенін білмесем де, осы аттас күй-аңыздың басқа бір нұсқасын білуші едім. Оны сіздің де білуіңіз мүмкін, тыңдап көріңізші, айтып берейін.
– Айта ғой, айналайын, құлағым сенде. Қазақта «адамның білетіні – тоғыз, білмейтіні – тоқсан тоғыз» деген сөз бар ғой. Мен дәулескер күйші Қожекенің ғана «Сарбарпы бұлбұл» күй-аңызын білемін. Бәлкім, басқа бір біз білмейтін күйшінің де осы тақырыпта шығарған күйі бар шығар, – деп өз долбарын айтты Омархан.
– Оны білмедім, аға. Менің естігенім – ауыз әдебиетінің үздік үлгісінің бірі ретінде белгілі осы күй-аңыз нұсқасы, – дедім мен. – Бұл аңыз бойынша, баяғыда бір Сарбарпы деген өзі асқан сұлу, өзі әнші, сайрауық құс болыпты. Сарбарпы бұлбұл сайрағанда, ұшып бара жатқан құс қона қалып, жүгірген аң тоқтап, естіген адам ұйып тыңдайды екен. Оның осындай ерекше қасиеттерін – сұлулығын да, әншілігін де қызғанған көктегі қырғи, құрлықтағы жылан бұлбұлдың балапандарын жеп қоя беріпті. Сарбарпы енді ұясын су жағасына салады. Мұнда су жылан да тыныштық бермепті. Көкте қырғи, жерде жылан тұқымын құрта берген соң, бұлбұл зар еңірей сайрапты. Оның сайрағанынан күн тұтылып, су тартылып, тау шайқалып, дауыл көтеріліпті. Бірақ, ешбір аң, не құс жәрдем бермепті. Бұл жағдайды бір аңшы көріп, естіп, Сарбарпы бұлбұлды әлгі озбырлықтан құтқарыпты. Ол әнші құсты өзінің үйіне әкеліп, төрінде бағыпты. Содан бастап Сарбарпы бұлбұл адамның айнымас досы, жыршы құсы болыпты.
– Расында да, ауыз әдебиетінің үлгісі боларлықтай әдемі аңыз екен, – деп Омархан, домбырасын қайта қолға алды. – Мен енді «Шіденің сарынын» шертіп берейін.
Омекеңнің шабыты келсе керек, күйді ұзағырақ тартты да, бір кезде кілт тоқтатып, домбырасын құшақтай отырып:
– «Шіденің сарынын» күйшілер бірде домбыраның құлақ күйі ретінде тартса, бірде арқасы ұстағанда, сарынға сарын қосып, аттың басын жіберіп, тоқтамай тартатын болған, – деп түсіндірді де, әңгімесін жалғастырды. – Шіде Сыбанқұлдың немере інісі болып келеді. Ол ел ішінде танымал күйші болумен қатар, қол өнерді де қатар меңгерген шебер екен. Туғанынан екі көзі су қараңғы болса да, өз тіршілігімен айналысып, алақанымен сипап отырып, домбыра, астау шауып, ел керегін де, өз қажетін де өтеп отырған.
– Сіз де қол өнерінен құр алақан емессіз ғой, аға, – деп еске алдым мен. –Сіздің үйде алғаш болғанымда, неше түрлі қамшыларға, ат әбзелдеріне көзім түскен еді.
– Күйшілік өнерді өрімшілік өнерге алмастырғаным, сөйтіп, өзімді-өзім алдандырғаным рас, – деп ағынан жарылды ол. – Алты таспадан отыз екі таспаға дейін барлық өру әдістерін игердім. Осы өнерім өзіме көп көмегін тигізді. Былғары-қайыс көпке шыдас беретінін жақсы білетін малшы қауым, атбегілер қолқа салады. Өрттей қызыл тобылғысын, тапқандары не еліктің, не қарақұйрықтың әдемі сирақтарын әкеп, қамшы өрдіріп, саптатып алады.
– Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың алпыс жылдық мерейтойына сіз арнайы өз атыңыздан алпыс қамшы өріп апарғаныңызды сол тойға қатысқан жұртшылықпен бірге мен де көрдім, – деп қостым мен.
– Иә, тойдың барысында өткен өрім өру жарысында жүлдегер атанып қайтқан едім, – деп еске алды ол.
– Ал, енді, аға, отыз жыл бойына үзіліп қалған күйшілік өнеріңізге қайта оралуыңызға қандай жайт мұрындық болды? – деп сұрадым мен.
– Зейнетке шыққан соң аталарымның кіндік қаны тамған жеріне қайта оралғаннан кейін көнекөздер «домбыра тарт» деп қолқалайтын болды, – деп, есіне түсіре бастады ол. – Мен оларға: «Ой, қойыңыздар, баяғы заман өтті- кетті ғой. «Оралыңның барында ойна да күл» дегендей, ол кезде жас болдық, көңіліміз мас болды, күш-қуатымыз тасып тұрды. Енді алпысты алқымдаған кезімде баяғы дүрілдеген заманым қайта орала қоймас. Көзден бұлбұл ұшты, көрген түстей болды. Қазір не, ой шабан, көңіл пәс, бойдан күш-қуат кеткен. Баяғыда сағақта жүйріктей жорғалаған он саусақ бүгінде бүгіліп, тарамыстай тартылып қалған», – деп, ырық бермей жүрдім.
Күндердің күнінде өзі де өнерден қара жаяу емес ауыл ақсақалы, менің нағашы ағам боп келетін Нүптекенің консерваторияның жоғары курсында оқитын Базаралы деген ұлы: «Дипломдық жұмысым ел ішіндегі өнерпаздар туралы еді. Тыңнан қосар кім бар?» – деп сұрайды әкесінен. Ол: «Ой, пәлі-ай, Омарханнан артық кім керек саған?» – деп, баласын маған бағыттап жібереді. Мен Базаралыға: «Е-е, қарағым, домбыра жайына қалып, қойшының таяғын ұстап кеткен жоқпыз ба? Егер домбыра тартып, күй шертіп жүрген болсам, мына қабырғада үкілі домбыра ілулі тұрмас па еді?» – деп, шығарып салдым.
Ертесіне қара домбырасын қолтықтап Нүптеке қария табалдырығымды аттағанда, шегінерге жер таппадым. Амалым қалмай, ол кісінің қолындағы «көнекөзге» қол создым. Бірақ, бақсам, расында да, өзім айтқандай-ақ, он саусағым қатып қалған, шідерлеген аттай кібіртіктеп жүрмейді. Домбыраның құлақ күйін келтірудің өзі қиынға соғып, қатты қиналдым-ақ. Болмағасын: «Ертеңге дейін маған мұрсат беріңіздер», – деп, әке мен баланы қайтардым.
Омархан қолындағы домбырасын аялай сипап, сөзін сабақтай түсті.
– Шынымен де, қарайып қалыппын. Бірақ, тобылғы түсті домбыра қолға тиген соң Рақыш пен Асаналының, туа көзден айырылған Шіденің аманаты есіме түсті. «Ақылдының сөзіндей ойлы күй» деп Абай айтпақшы, олардың маған үйреткен, «Маған сөз сөйле дегенше, күй тартқызыңыздар» деп төрден есікке, есіктен төрге күй ырғағымен қозғалып, көз алдындағыны, ел айтқан аңыз әңгімені күй тілінде жырлайтын Сыбанқұлдың тылсым дүниелерін мен қалайша атаусыз қалдырамын? Олар кетті, ал, мен дін аман жер басып жүр емеспін бе? «Сонда мен кімге бәлінсіп отырмын?» деген ой жон арқамнан шып-шып тер шығарып, денем мұздап сала берді.
Бір уақытта Қосдәулеттің «Арманын» тартқанымда, «қатып қалған» жүрекке қан жүгірді. «Әттең-айды», одан өзге де күйлерді еске түсіргенімде, көңілдің көкжиегі кеңіп, ойым шалқи түсіп, құлағымның түбі алуан түрлі сарынға толып кеткендей болды.
Ертесі еске түскеннің біразын Базаралы үнтаспасына жазып алды. «Мен үшін бұл ұлы жаңалық болды, аға, бастаған ұлағатты ісіңіз алға баса берсін, тағы келемін», – деп, қатты қиылып кетті.
«Ел құлағы – елу» деген, әңгіме жерде жата ма, «Омархан домбырасын қайта қолына алыпты» дегенді естіп, ағайындар келе бастады. Аттай қалап отырып, Қожекенің «Ойбай, жаным!», «Бұлбұл», «Көкенейдің зары» атты күйлерін, оның «Мұңлық-Зарлығын», теріс бұраумен тартатын Сыбанқұлдың «Жосыған құлын», «Салды-қашты Сарыөзен», «Телқоңыр» деген күйлерін және де оның үш бөлімнен тұратын «Үш аққуын» («Аққудың атамекеніне қайтқаны», «Аққуды бидайық құстың қуғаны», «Аққудың балапандарын аймалағаны»), қырғыздың қыл қобызынан қазақтың домбырасына түсірілген Асаналының шығармаларын сұрайды. Кейбір күйлердің атын білмесе, тіптен сарынын ыңылдап айтып есіме түсіреді. Сөйтіп, жан жолдасым болған қара домбырамен қайта қауыштым, – деп, әңгімесін қорытындылады Омекең.
– Осы уақытқа дейін неше күйді еске түсірдіңіз, аға? – деп сұрадым мен, қызығушылық танытып.
– Баяғыдан өзім білетін жүз жиырма күйдің алпыстан астамы алғашқы жылдары-ақ ойыма оралды, – деді ол ойлы жүзбен. – Қазір енді жүзден аса күйді жадымда ұстап отырмын. Бір қызығы, қолыма домбыра алсам болды, алуан сарындар бірінен кейін бірі келе береді. Күн сайын кеміп бара жатқан денсаулық сыр беріп қалмаса, барлық күйді қайта қалпына келтіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырып кетсем, мақсатыма жеткен болар едім.
Омекең домбырасының құлақ күйін келтіре отырып:
– Өзім шығарған күйлер де жетіп артылады, – деді, масаттанып. – Саған енді менің нәзік жанымды тербеп, көңілімді толғандырған, әрі намысыма күш-қуат беріп, өнер айдынына кемемді қайта салдырған ел-жұрттың шын ықыласына, пейіліне арнап шығарған «Толғау» атты күй-толғауымды тартып берейін.

 

 

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
эссеші-жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір