Жетісудың жел жетпес жүйрігі
Жамбылдың ұстазы Сүйінбай бағалаған, Жетісудың бар суырып салма ақындары бас иген Қабылиса Асанұлы жыраудың талантты шәкірті, кезінде Жамбылға бата берген, ХІХ ғасырдың айтыс ақындарының тіліп түсер шар алмасының бірі – Бақтыбай Жолбарысұлы.

Бақтыбай Жолбарысұлының ақындығының сыры біріншіден, ол алдындағы айтыскер ақындардың асыл қасиеттерін бойына дарыта білсе, екіншіден, солардың жеткен жетістіктерін зеректікпен байыптап, байқап, бағалап, дамыта, ширата білгендігінде.
Сонымен қатар ол өзі бойына сіңірген суырып салма айтыскерлік, жыршылық, әншілік, күйшілік тағлымдарды шашау шығармай дамытып, өзінен кейінгі өнер қуған ақындарға, жыршыларға, әншілерге, күйшілерге өнеге, үлгі ретінде жеткізе білген ұлағатты ақын.
Бақтыбай Жолбарысұлы Сүйінбай, Түбек, Арыстан, Жамбыл, Әсет, Жүсіпбек қожа, Уәйіс секілді тарландармен, Тезек төре, Мәйке, Бәйімбет, Қыпшақбай секілді майталмандармен айтысқа түсіп, сөз қағыстырған қазақтың заңғар ақындарының бірі және бірегейі.
Жетісу жерінің дарынды айтыс ақыны, көлемді жырларды нақышына келтіре жырлаған жыршылық өнердің үлкен тұлғасы, өзі де бірнеше дастан шығарған, кезінде «Жалайырдың жел жетпес жүйрігі» атанған Бақтыбай Жолбарысұлы 1835 жылы қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Текелі қаласының маңында туып, 1902 жылы Текелі тауындағы Балдырған жайлауында қайтыс болған.
Сүйегі қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Өтенай ауылынан алыс емес жерге жерленген. Басына жұбайы, айтыскер ақын, Жалайырдың Сыпатай руының қызы, Мәйке екеуіне ескерткіш тас қойылған.
Бақтыбайдың бірінші әйелі Айбаладан Байқұлақ, екінші әйелі Мәйкеден Нұрыш (1889–1989) деген қызы, Нүсіпбек (Жүсіпбек) (1900–1961) деген ұлы болған. Нүсіпбектен ұл жоқ. Ал Нұрыш қызынан өнген жиен, жиеншарлары бар.
Бақтыбай Жолбарысұлының жасынан ән-жырға, айтыстарға, дастандарға деген қызығушылығы, ерекше дарыны оны тек қана шебер айтыс ақыны ретінде қалыптастырып қоймай өз заманының керемет әншісі, күйшісі, жыршысы ретінде де баулып өсірген.
Оның бір ғана дәлелі бүгінгі күнге жеткен «Бақтыбайдың желдірмесі», «Шабыт», «Жарыс», «Қаратал» және т. б. ән-күйлері, «Едіге-Нұран», «Қыз құлаған», «Төрт өнерпаз» т.б дастандарының бізге жетіп отыруы.
Өлеңдері әртүрлі тақырыпта келеді. Өлең-жырлары – өзі өмір сүрген дәуір шындығымен шыңдалған, тыңдаушы санасын тынымсыз шымшылайтын, өз дәуірінің шындығына жетелейтін құнды дүниелер. Шығармаларының тақырыптарына байыппен көз жіберсек, оның өлеңдерінде, айтыстарында адалдық, ынтымақ, теңдік, достық, жамандыққа төзбеушілік, қиын тұрмыстың қыры мен сыры, кейбір адамдардың озбыр әрекеттері жыр өзегін құрайтынын көреміз.
Бақтыбай – айтыстың алдаспаны, айтысқанын алысқа ұзатпай «алып та, шалып та» жығатын зор шебер және өзіне дейінгі, өзімен тұстас жыр алыптарынан үлгі алып, өзінің ақындық шеберлігін ширата, дамыта, көркемдік биігіне жеткізе білген ақын. Ол талай жыр жекпе-жегінде уәжді деректерді қалқан етіп, сөз семсерін мезгілінде батыл қолданудың арқасында жеңіске жетіп отырғаны ақынның осы қасиетінің арқасы болса керек. Ақын өмірден көріп, түйгендерін шешендік толғау, терме түрінде мақал-мәтел, ақыл-нақыл күйінде береді.
Қазақ халық поэзиясындағы суырып салмалық, төкпелік, ақындық пен әншілік, жыршылық өнердің үздік шебері Бақтыбай екенін, оның шығармаларынан, айтыстарынан, дастандарынан, әндерінен анық көреміз.
Бақтыбайдың қазақ поэзиясындағы суырып салма ақындық дәстүрге тән белгілерді қолдануы мен шығармашылығындағы қоғамдық-әлеуметтік мазмұнды игерген жаңашылдығы, өзіндік стилі – дәстүрлі жалғастықтың көрінісі.
Ақынның шығармалары кейінгі жылдары ғана толық жинақталып, әр басылымда жаңадан табылған өлең, толғау, айтыстары қосылып жарияланып жүргенімен оның есімі, шығармалары «Қазақ әдебиеті тарихынан» ертерек орын алып, назарға ілініп, академиктер, профессорлар М.Әуезов, С.Мұқанов,
Е.Исмаилов, Р. Бердібаев секілді ғалымдар, О. Исмаилов, М. Ысқақбаев, Ұ. Доспанбетов секілді жазушылар ол туралы пікірлерін білдірді.
Бақтыбайдың туған жылына байланысты деректердің әртүрлі болғанына қарамастан, Жетісу жері оның анық туған жылын бұрын-ақ анықтап түрлі мерейлі мерекелерін атап өтіп, жерленген жерін тауып, басына, туған ауылына ескерткіш қойып еске алып отырды.
Биыл туғанына 190 жыл толып отырған Бақтыбай Жолбарысұлын Жетісу облысының әкімшілігі ту етіп көтеріп, жас ұрпақты ата жолымен, өсиетімен тәрбиелеуді қолға алып отыр.
Бақтыбай – қазақ суырып салмалық ақындық өнерін шашасына шаң жұқпаған жыр сүлейі Сүйінбайдан қабылдап алып, Жамбыл секілді ұлы жырауға, суырып салма ақынға тапсырған, атағы алысқа кеткен, айтыстарымен талайдың сусынын қандырған Жетісудың жыр жүйрігі.
Қазақ халқы өзінің даналық сөздерінің бірі: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегенді бекер айтпаса керек. Осы ұстанымды берік ұстанған Бақтыбай өзiнiң ұстазы, Ұлы жүзде бар ақын бас иген Қабан жырауға тәңіріндей табынған. Небiр үлкен, шебер ақындармен айтысқанда Қабан жырауға сиынған, пiр тұтқан.
Майлықожа, Құлыншақ, Бодау, Сүйінбай, Құлмамбет, Майкөт, Түбек, Әсет, Арыстан, Уәйіс ақындар мен әншілердің шығармашылығы Бақтыбай өмірінде зор әсері болғаны оның айтыстары мен өлеңдерінде нақты көрініс тапқан.
Жастайынан жетімдіктің зардабын тартып, мал соңында жүрген бала, ақындыққа өте құштар болып, ақындық таланты ерте оянады. Жүрген жерінде ел аңыздарын тыңдап, өз айтыстарына таптырмас дерек іздей жүріп, ел тарихын құлағына құяды. Оның көптеген айтыстарда жеңіске жетуінің бір себебі, оның осы алғырлығынан болса керек.
Бақтыбай – төгіп те, тауып та айта біліп, талайды айтыста сүріндірген өзі естіген аңызды дастанға айналдырған ақын, жыршы. Оның туған, өлген жылдары көптеген ғылыми еңбектерде әртүрлі жазылып келді.
Бақтыбайдың туған жылы «Желқобыз» жинағында 1842 жыл, «Айтыс» (1966) жинағында 1844 жыл, «Бес ғасыр жырлайды» (1978), «ХІХ ғасырдың қазақ ақындары» (1978) және «Басылып жатқан қазынам» (2005) атты жинақтарда 1835 жыл деп деректер келтірілген.
Көп жылғы ізденіс, ақын өлеңдері мен оның айналасындағы адамдар деректерін салыстыра отырып, ақынның туған жылы 1835 жыл екені нақты дәлелденді.
Ал қайтыс болған жылына келетін болсақ, Бақтыбай дүниеден өткен кезде, баласы Нүсіпбек үш жасқа аяқ басқан.
Бақтыбайұлы Нүсіпбек 1900 жылы туып, 1961 жылы қайтыс болып, Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Аралтөбе, Бірлік елді мекеніне жақын, «Ханымның сүйегі» деп аталатын зиратқа қойылған. Зираттың «Ханымның сүйегі» деп аталуында да ашылмаған сыр бар. Оның бір шеті Шыңғыс ханға барып тіреледі. Тарихшы Т.Әбенайұлы және жазушы Б. Нұржеке-ұлы осы жер Шыңғыс хан өмірімен байланысты екенін баспасөз беттерінде жариялаған да еді.
Бақтыбай ес біліп, етегін жауып болмай төрт жасар інісі Тәттібай екеуі әке- шешеден жеті жасында жетім қалады. Бақтыбайға Балқаш көлінін жағасындағы Шұрық деп аталатын елді мекендеген нағашыларын паналауға тура келеді. Тәттібайды әкесінің ағасы Аю асырап алады.Нағашы жұрттында үш жыл жүріп мал бағып, нағашыларының өзін мал артына салып қойғандығына шыдамай, қашып кетеді.
Еліне қайтар жолында ұлы Жібек жолымен сауда жасап жүрген өзбек сауда керуеніне кез болып, олардың еліңе апарып тастаймыз дегеніне сеніп, керуенмен бірге Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Хиуа қалаларынан бірақ шығады. Бұл бір жарым жылға созылған сапар оған талай нәрсені көруге, талай әңгімелерді естуге, көрген, білгенін көңіліне тоқи, құлағына құя беруге мүмкіндік беріп, дүние танымын кеңейтеді.
Бір жарым жыл керуен көшімен жүру, оның бітпес ауыр тіршілігі әбден шаршатқанымен, біраз нәрсеге көзі ашылған Бақтыбай керуеннен кетіп, еліне оралады. Келе сала қайтадан атасы Аюдың ешкілерін бағады. Мал бағып жүріп шыңдала бастаған ақындығын кей кездері жиын-тойларда көрсетіп, түрлі тақырыптарға өлең құрастырып, ақындығын танытады.
Ақыры ел оның ақындығын мойындап, мал бағудан құтқарады. Бұл теңдік оған өлеңнің соңына біржола түсуге мүмкіндік береді. «Арқалап домбырамды сағым қудым» деген өлеңінде өз өмірінің осынау кезеңдерін нақты жырлаған.
Бақтыбайға ақындық қону туралы, өмірінің осы кезеңіне байланысты ақынның өзі де айтқан, халық арасына да тараған мынандай әңгіме бар. «Бақтыбай бір күні ешкі бағып жүргенінде, қатты нөсер құйып кетеді. Бақтыбай тоңған соң ешкілердің арасына тығылады. Суық жел, салқын жаңбырдан соң ортасы жылы ешкілердің ішінде отырған Бақтыбайдың денесі жылып, маужырап, ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде Қабан (Қабылиса) жырау аян беріп: «Балам қамығып жүрсің ғой, айт тез, көген аласың ба, өлең аласың ба? – деп сұрайды.
Бақтыбай: «Ата, көген алып көгерген тұқымымызда жоқ, өлең алам, өлең!» – деген екен. Сол-ақ екен оянып кетіп, апыл-ғұпыл атып тұрған Бақтыбайдың үні шықпай қалады да, жайылып кеткен ешкілеріне қарай тұра жүгірген оның аузынан өлең-жыр төгіліп сала береді.
Екінші аңызда Қабан жырау түсінде аян беріп, «Ата, көген алып көгерген тұқымымызда жоқ, өлең алам, өлең!» –дегенде, Қабылиса жырау айналасына ақ нұр шашып тұрған алтын балдағын (сақина) Бақтыбайдың саусағына өзі кигізеді де, «Алдыңа адам баласын түсірмей, жырлап өт, балам, әумин!» – деп бата береді.
Осы екі әңгіменің қайсысы аңыздан гөрі ақиқатқа, шындыққа жақын екенін тағы да ақын сөзінен іздейміз. Семейдің Үржар қаласында Арқаның атақты ақыны Қыпшақбаймен айтыс үстінде Жәлменде бидің өзіне қауіптене қарап отырғанын аңғарып: «Атам берген ақ балдақ, Бір шалдық, сірә, болмаса» деп Қабылиса жыраудың түсінде берген «айналасына ақ нұр шашып тұрған алтын балдағын (сақина) бекер иемденіп жүрмегендігін, өзінің сөзсіз жеңетіндігін Жәлменде биге сеніммен айтып өтеді.
Бақтыбай өмір бойы аузынан тастамай кеткен, көп уақытқа дейін тек ақындар өлеңдерінде аты кездесіп келген Қабылиса (Қабан) жырау кім?
Қабан жырау мұрасының көп жылдар жарияланбай, зерттелмей келуіне қарамастан, Бақтыбай айтыстары жариялана басталысымен, Қабан жырау есімі көпшілік құлағына жетіп, жырау мұрасына деген қызығушылық туа бастаған еді. Оның себебі Бақтыбайдың ұлы ұстазының атын жырларында да, айтыстарында да аузынан тастамай отырғандығы. Алғаш өлеңінде:
Өткен ғой Сүйекең мен Қабекең де,
Оларға қарасам мен жабы екем де,– деп Қабылиса жырау есімін насихаттайды. Бұл жыр жолдары кейінгі шығармаларында күшейе түсіп:
Ақын атам Қабылиса,
Бір шумаққа сыйғызған,
Он сегіз мың ғаламды, – деп Қабылиса жыраудың ұлы тұлғасын аша түседі. Кейін ақынның жыр, толғауларындағы Қабан туралы мақтаулар, жырау есімі Бақтыбайдың айтыста қарсыластарына қарсы шығарда көтерер туына айналған. Оның мысалы Қыпшақбаймен айтысындағы: «Қолдаса Бақтыбайды ақын Қабан, Желкеңнен бауыздармын қара нардай»,–деген жолдар мен Сүйінбай, Әсетпен айтыстарынан көреміз.
«Бақтыбайда ақындық бар» дегенге алғашқыда сенбей қараған ауыл адамдары күн сайын өлең айтпаса тұра алмайтын халге жеткен бала ақынның жырларын тыңдай жүре, оның ақпа-төкпе, ағыл-тегіл өлеңдеріне құмартып, оның ақындығын біртіндеп мойындай бастайды. Оның жеңгесіне арнаған бір жағы қалжың, бір жағы астарлы сөз болып келген алғашқа өлең жолдары ел арасына тез тарайды.
Бақтыбайдың жекелеген толғау, арнау, сықақ, жоқтау өлеңдері, дастандары болғанымен, айтыс өнері оны биікке көтерді, халыққа танытты. Оның бізге жеткен өлеңдерінің көбі, өз басынан өткен, айналасындағы оқиғаларға байланысты болып келеді.
Бақтыбай өлеңдерінің біразы әдемі қалжыңға құралған. Олар: «Тұрысбекке», «Андасбайға», «Азырақ әзіл болды-ау көңілашар», «Меңлібайға» және т.б.
Ақынның дүние танымы, өмірге көзқарасы, адамның психологиясын арыдан сезіп, түюі әрбір өлең, толғаулары, айтыстарынан жіті байқалады. Арнау жанрында жазылған өлеңдерінде Бақтыбай ақынның өзіндік даусы, өзіндік үні бірден көзге шалынады. «Сарыала тұйғын сен едің, Сарыала тышқан мен едім» деген жолдарды оқығанда, астарлы әзілді байқаймыз.
Бақтыбай өлеңдерінің бір шамасы юмор, сатираға құрылған. Бақтыбай жырлары өмірдің өзіндегі юморды көрсетеді. Күлкіге зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр бере өзінің өлеңдерін шығарады. Құрдасы Меңлібайға сұрай арнау түрінде арнаған өлеңінен, сынауды емес жеңіл қалжыңды көреміз, яғни ризашылықтан туған күлкіні көреміз.
Бақтыбайдың өлеңдерінің біразы жары әрі айтысып жүрген қарсыласы Мәйкеге де арналған. Мәйкенің талантына, сұлулығына тамсанған ақын, оны жоғары көтереді. Осылай жыр арнаған өмірлік жолдасы Мәйке Бақтыбай қайтыс болған соң біраз жоқтау өлең шығарып Бақтыбайдың ақындық тұлғасын жан-жақты ашып берген. Бақтыбайдың елден ерек әнші, таңды-таңға қосып жырлайтын дастаншыл жыршы болғанын алғаш айтқан да жары – Мәйке.
Бақтыбайдың айтыстарын сюжетті шығарма ретінде таратушының бірі де Мәйке секілді. Себебі Мәйке Бақтыбайдың барлық өлеңін жатқа білгендігі аян, тек хат танымай қор болған.
ХІХ ғасырда жыраулық поэзияның сарыны әлсіреп, аясы тарылғанмен, елдің қамын ойлайтын, оның арман-мүдделерін ту етіп көтеретін, бойында намыс оты жалындаған ақындар аз болмады. Сондықтан Бақтыбайдың Тезек ордасына келіп, ойындағы пікірін ашық айтуы кездейсоқтық емес, ежелден келе жатқан ақындық дәстүрдің жалғасы.
Ақынның арнаулары жеке адамдар атына байланысты болғанымен, елдегі кейбір шындықтардың бетін ашар сипаты бар, әлеуметтік мәні жоғары шығармалар. Ақынға тән сыншылдық өмір шындығына ұштасады, көбінесе, қоғамдық мәселелерді қозғайды.
Тезекке айтқан сөзінде оны мақтай отырып, зорлықшылдығын бетіне басады. Оның әрекетін әшкерелеп, «мақтамен бауыздау» әдісін қолданады.
Осы кезге дейін Бақтыбайдың айтылмай келген қасиеттерінің бірі – әншілігі. Артында әндерін, айтыс мақамдарын жете игеретін шәкірттері болмаған соң ақынның тек өлең, толғау, айтыс, дастандарының мәтіндері ғана жинушылар көмегімен сақталып қалған.
Әндерді, мақамдарды жеткізу тек музыкалық қабілеті бар адамдар арқылы ғана іске асатындықтан және Бақтыбайдың музыкалық мұраларын жоқтаушылар аз болғандықтан олардың көбі сақталмаған
Солай бола тұрса да Бақтыбайдың кей әндерін, күйлерін сақтап қалған бірлі-жарымды адамдар болған. Сондай-ақ оның әншілігі туралы, Әсет, Уәйіс секілді өз заманының керемет әншілерімен араласуын аз да болса осы деректерге сүйеніп айтуға болады.
Бақтыбай Уәйіспен айтыспас бұрын Уәйістің әншілік дарынын, ақындығын өзінің бірнеше өлеңіне арқау етеді: «Алаштың қысы мен болсам, Уәйіс әнші еді көктемі» деп бағаласа, кейін Уәйістің әніне құмарлығын және оның әндерін Абақ, Тараққа өзінің де таратқанын: «Әуеспіз Уәйістің ән-күйіне, Тараттық Тараққа көп сүйіне» деп жыр арнаса, Әсеттің өзінен артықшылығы көзі ашықтығы екенін: «Оқығансың, Әсетжан, Сен құсап мен шаба алман» деп жоғары бағалайды.
Бақтыбайдың әншілік өнері туралы бір дерек оның құрдастарына айтқан: «Бұлбұлдың тілін мен алты күн еміппін, егерде жеті күн емдім бар ма, жер жүзінде теңдесім жоқ әнші мен болып кететін бе едім кім білсін» деген әңгімесінен де көреміз. Бақтыбай мұраларын жинап, көшіріп кейінгі ұрпаққа жеткізген Нұржігіт Жүнісбеков қария «Бақтыбай Тезек төремен айтысқанда он алты түрлі мақамға салған екен» дейді.
Бақтыбайдың ақындығымен бірге жыршы, әнші, күйші болғандығы туралы өмірден ерте кеткен жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов: «Жетісу жерінің жезтаңдайы атанған Бақтыбай ақынның ел ішінде он алтыға тарта күйі тартылып жүр» деп жазған еді.
Бақтыбай әр айтыстың алдында домбырасына ерік беріп, есілтіп күй тартып, өзін-өзі шабыттандырып, толғамды, толқынды, дауыл сарынды саздарды төгіп, алай-түлей арындатып алады деген аңыздар да бар. Бұл ретте ол шабыт шақыруда Сүйінбайға ұқсайды.
Бақтыбай Жолбарысұлы шығармашылығын саралап отырғанымызда, оның өз заманының айтыс өнерінің ақиық тұлғасы, кемшілікті бетке тура айта алған алғыр ақын және таңды ХІХ ғасырда таңға қосқан жыршы, көмейіне бұлбұл ұя салған әнші болғанын анық байқаймыз. Бақтыбай қай ақынмен жыр тартысына түссе де ұшқыр ойды көркем тілмен безендіре, түрлендіре, сәндендіре құлпыртып, ұрымтал тұсын дәл басады.
Қабылиса жыраудың шәкірті Қатаған, Арыстанбек секілді қырғыздың төкпе ыршыларымен, Қаңтарбай, Майлықожа, Жантай секілді қазақтың суырып салма ақындарымен айтысып, Тезек төремен тайталасып, атын алты алашқа мәлім еткен Сүйінбай салған сара жолды аузымен құс тістеген, айтысқанын алшысынан түсірген Бақтыбай жалғастырған,
М.Әуезов өзінің айтысқа байланысты зерттеу еңбегінде көркем айтыстың мысалы ретінде Сүйінбай, Бақтыбай айтыстарынан мысал келтіріп, Сүйінбайға «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп баға берді.
Бақтыбайдың айтыскерлік дарыны сарапқа салынған, қазақтың игі жақсыларының алдында қамшы салдырмай көрсеткен жыр жарысы арғынның атақты ақыны, Омбыны мекен қылған Қыпшақбаймен Семей уезіне қарасты, Үржар қаласында өткен айтысы.
Айтыстың өтуіне негізі себеп Семей уезінің, Үржар қаласында өткен арғындар мен жалайырлардың адам құнына байланысты дауды шешу жиыны. Арғындарды Шәкәрім қажы, Жалайырды Жәлменде болыс бастап, біраз адам бұл жиынға арнайы дайындықпен келген.
Жиынға арғынның атақты ақыны Қыпшақбайдың, Жалайырдың аты алысқа кетіп жатқан ақыны Бақтыбайдың қатысуы да тегін емес. Күні бұрын ойластырылып, реті келсе екі ақынды айтыстыруды да көздеген. Айтыстың өту себебі кейбір жинақ, қолжазбаларда осылай өріледі. Тек бар мәтінде Шәкәрімнің аты Шәкірхан деп бұрмаланып беріледі.
Қиыннан қиыстырған Бақтыбайдың жұмбағы Қыпшақбайды сөзден тайдырды, арынды ақындығына тұсау салды. Оған Қыпшақбайдың ақындығы ғана емес төстен салсаң өрге озған Бақтыбайдың суырыпсалма ақындығы, тас жармаса бас жаратын тілі, айғайына адам шыдамайтын дауысы да себеп. Қыпшақбай Бақтыбайдың жеңгенін мойындады. Ол – көп ақынның бірі емес, талай тойда топ жарған, бүгін Шәкәрім сынды қажының, асылдың өзі сеніп айтысқа алып келіп отырған ақын. Қыпшақбай Жалайыр Бақтыбаймен айтысыпты деген хабар желдей есіп Омбыдан асып Арқа мен Алтайға тарап жатты.
Бақтыбай айтыстары дегенде ендігі бір назар аударарлық жай Бақтыбайдың Сүйінбай, Арыстан, Жамбыл ақындармен сәлемдесуі, сөз қағыстыруы.
Жалпы, Бақтыбай мұрасын зерттеушілердің назарынан тыс қалып келе жатқан нәрсенің бірі Бақтыбай өз айтыстарында Қабан жыраумен қатар Сүйінбайға да қатты еліктеген, яғни көп жағдайда Сүйінбай салған жолмен жүріп, сол жолды одан әрі дамытып, ширатып отырған.
Кезінде Сүйінбайды қанша асқақтатып көрсетеміз деп көп ғалым, зерттеушілер оны өз айналасынан шығармай, өзінен бұрынға керемет ақындарға жақындатпай, аспаннан түсе салған жекетұлға ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ Сүйінбай – ақындықтың қалыптасу, ширау, самғау жолынан өткен тұлға. Бұл айтыстағы ақ алмастай ақындарды бағалап, мақтан тұта білуді Сүйінбайдың Бақтыбайдан кейінгі шәкірті, кезінде Бақтыбайдан бата алған Жамбыл да жалғастырып, зерттеушілердің бұра тартқан пікірлерін жоққа шығарып былай жыр толғаған:
Майкөт ақын, Құлманбет,
Орын берді қасынан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған.
Бұдан ұлы жырау, айтыста желдей ескен Жамбылдың көптің көзіне түсе бермей, көңілден таса болып келген Майлықожа, Құлыншақты Сүйінбайдай пірім, кейін өзінен жеңілді деген Құлмамбеттің қасына отыруын өзіне мәртебе санаған шынайы, асқақ ақынды көреміз.
Бұларды айтып отыру себебіміз Бақтыбай да, Сүйінбай салған осы сара жолмен жүріп, өзі кездескен немесе арнайы іздеп барып сәлем беріп, сөз қағыстырған ақындарға зор құрметпен қарап, шынайы құрметі мен ілтипатын білдірген. Бақтыбайдың Арыстан ақынмен айтысуындағы жыр тіркестері біздің осы сөзімізді дәлелдейді.
Бақтыбайдың суырыпсалма ақындығы дүркіреп тұрған шағында, Қаратал мен Аягөздің бойын жайлаған, жалайырлармен көп жылдар қатар қоныс тепкен шапыраштылардың, оның ішінде жалайырдың жиені Сүйінбайдың, Сарыбай бидің ұйымдастыруымен Қордайға жақын жерге көш түзеуі және Сүйіінбайдың ел ісіне белсене араласуы, айтыстағы алдына үлгі тұтар, жыр толғаса шабыт берер Сүйінбайды Бақтыбайдан алыстатып тастаған еді.
Бақанастың бойындағы Жалайырдың Байшегірдің атасының елінде ұлы дүбір ас бар, асқа Сүйінбай келе жатыр деген хабарды естіп, Бақтыбай арнайы келіп, бұл кезде ауру меңдей бастап, қарттыққа шылбыр ұстатқан Сүйінбай ақынды күтіп жатып, кездеседі. Өлең, жырды:
Өлеңнің ұлы дария мұхитысың,
Жел сөзге кім пар келер желгеніңе,– деп Бақтыбай Сүйінбай ағасына керемет баға береді.
Сүйінбайды өлеңнің ұлы дария мұхитына теңеп отырған Бақтыбайдың сөзі жағыну үшін жай мақтау емес, жүрегінен шыққан шынайы пікірі, жыры.
Бақтыбай Жамбылмен жасы елу бестерден асқан кездерде, Жамбылдың жасы отыз бестерге келіп, атақ-даңқы енді шыға бастаған кезінде кездескен тәрізді.
Сөзді Бақтыбай бастап өзінің қандай ақындармен айтысқанын, атақ-даңқының алысқа кеткенін айтып, ортаға ой тастайды. Бақтыбай реті келсе Жамбылмен айтысуға қарсы емес екенін де білдіреді. Себебі айтыс деген сый-сияпат, алдыңа мал салу. Ол бар күнкөрісі айтыс пен өлеңге байланған ақынға артықтық етпейді. Бірақ жалындап аты енді шығып келе жатқан Жамбыл айтыстың тарланы Тезекті, Арыстанды, Қыпшақбайды сүріндірген Бақтыбаймен, оның үстіне ұстазы Сүйінбай жоғары бағалаған Бақтыбаймен айтыса ма екен? Жамбыл айтысу емес Бақтыбайдай ақынның батасын алып қалуға тырысады.
Егер сөзім ұнаса,
Оң батаңыз берілсін.
Ұнамаса өлеңім,
Онда менен жерірсің.
Жамбыл Бақтыбайдың көңілін тапты, батасын алды. Аты ары қарай алты алашқа тарай берді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Бақтыбай Жолбарысұлы ежелден Жетісу өлкесінде Қабан жырау негізін салған жыраулық, жыршылық өнерді де дамытқан жыршы, таңдайына бұлбұл ұялаған әнші, айтыстың көркін қыздырып алты алашқа аты шыққан дарынды да, дара туған, артында өшпес мұра қалдырған ұлы тұлға.
Анарбай Бұлдыбай,
профессор,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі