Бірқатар қаламгер мемлекеттік наградалармен марапатталды
04.11.2025
103
0

Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.
Қазақстанның халық жазушысы ата­ғына жазушы Ғ.Қабышұлы, ақын М.Айтқожа, ие болды.

 Ғаббас Қабышұлы – Қазақстанның халық жазушысы
Ғаббас Қабышұлы – көрнекті жазушы, публицист, аудармашы, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, 1994–1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының екінші хатшысы болды.
«Мінездеме», «Мысықта сақал неге жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім ғой…», «Халіңіз қалай?» «Кадр мәселесін… мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Екі хикая», «Көлденең кітап», «Сағыныш сазы», «Адамның кейбір кездері», «Жолаушылар», «Төрт хат», «Тарғыл тағдыр» т.б. кітаптардың авторы. Чехов, С. Михалковтың, украин, серб, түрік, молдован жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Марфуға Айтқожа – Қазақстанның халық жазушысы
Марфуға Ғалиқызы Айтқожа – көрнек­ті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Парасат, Құрмет ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейіннен әр жылдары «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Аққуым менің», «Қаракөз айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Жарқыра, менің жұлдызым», «Қыран жеткен», «Таңдамалы», «Сағыныш сазы», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау», «Аққу жүрек», орыс тілінде «Утверждение», «Голубые голуби», «Струна степей», «Горсть земли», «Украшение коня», «Летние росы» және т.б. өлеңдер жинағы жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы т.б. тілдерге аударылған.

II дәрежелі Барыс орденімен ақын Иран-Ғайып Оразбаев марапатталды.
Иранбек (Иран-Ғайып) Оразбаев – көрнекті ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Алғашқы «Жүрек жырлайды» атты жыр жинағы 1974 жылы жарық көрді. Кейін «Тың құрбаны», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Негізгі шаруа», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан–Абылай–Сабалақ», «Жәбекшаған», «ГүлНәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Махамбет», «Қашғария», «Былыққа батқан қала», «Керкеткен» атты драмалық дастандарын жазды. «Глаза ночи» (1983), «Царь слова»(1984), «Наследник» (1988) атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. 1990 жылы үштомдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалысы оқырмандар қолына тиді.

Ақын Әсия Беркенова  ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталды.
Еліміздің рухани кемелденуіне және зияткерлік әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін белгілі ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне және өндіріс саласының өкілдеріне Парасат ордені берілді. Олардың қатарында ақындар Ғалым.Жайлыбай, Серікбай Оспанұлы, Айтқали Нәріков пен белгілі қаламгер Жақыпжан Нұрғожаев бар.
Сол сияқты қаламгерлер Сәкен Сыбанбай,Талғат Айтбай, Сағынгерей Байменов, Алмат Исаділ, Әлібек Шегебай, Көлбай Адырбекұлы Құрмет орденімен марапатталса, Мәди Айымбетов, Берік Жүсіпов, Әшірбек Көпішев, Марат Тоқашбаев, Дандай Ысқақ,Сүлеймен Мәметов, Әлібек Қаңтарбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Серікзат Дүйсенғазы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері атанды.
Жанар Әбдешова, Гаухар Жұмағұлова, Ислам Жеменей, Асылбек Ихсан, Мақсат Мәліков, Магамедин Обылкасымов, Бейбіт Сарыбаев, Ырысбек Дәбей, Жангелді Немеребаев, – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақстанның халық артисі атағына музыка, театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері – Б.Әбділманов, М.Өтекешова, А.Жайымов, Т.Жанқұл, Ш.Жанысбекова, Б.Ибраев, К.Қазақбаева, Р.Машурова лайық деп танылды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері З.Алтынбаеваға, Ә.Алтынбекке, Н.Жмеренецкаяға, Б.Қажыбаевқа, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері И.Сауэрге және тағы басқаларға берілді.

 

Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратында 25 қазан – Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградаларға ие болған бірқатар қаламгерді марапаттау рәсімі болып өтті. Наградаларды Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов табыстады.

Салтанатты жиынды ашқан Мереке Әбдешұлы ұлттық мерекемен құттықтап, қаламгерлер қауымының Тәуелсіз Қазақстанды көркейту жолында жүзеге асырып жатқан жұмыстарын атап өтті.
Жиын барысында Жақыпжан Нұрғожаев Парасат орденімен, Талғат Айтбай, Алмат Исәділ, Сағынгерей Байменов, Көлбай Адырбекұлы Құрмет орденімен, Әшірбек Көпішов, Марат Тоқашбаев, Дандай Ысқақұлы, Сүлеймен Мәмет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен, Жанар Әбдешова, Гаухар Жұмағұлова, Мақсат Мәлік, Бейбіт Сарыбай, Магамедин Обылкасымов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының Құрметті жазушы атағын Бейбіт Қойшыбаев, Айша Көпжасарова, Ольга Шиленко иеленді.
«Терең білімді, ерен тәрбиелі тұлға – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болуы ұлттық руханиятымыздың қанатты қарыштауына жол ашты.
Мемлекеттік марапатқа ие болған, жалаулы жүйріктер ғұмырлы болыңыздар, сіздердің және өзімнің атымнан, Мемлекет басшысына арнайы рақметімізді «Тұран» күйімен жеткізуді жөн көрдім!» – деп II дәрежелі Барыс орденінің иегері, дауылпаз күйші Шәміл Әбілтаев қоңыр домбыраны сөйлетті.

***

Сол күні Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Қазақстанның халық жазушысы атанған көрнекті қаламгерлер Ғаббас Қабышұлы мен Марфуға Айтқожаның шаңырақтарына арнайы барып, қаламгерлерлерді Республика күнімен және құрметті атаққа ие болуларымен арнайы құттықтап, дендеріне сау­лық, отбасыларына бақ-береке тіледі.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір