«Жібек желдің» жемістері
«Жазушылық – кәсіп емес» дегенге саятын пікір қалыптасқан. Жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты, бұл өзі мамандық деуге де келе бермейтін, анықтаңқырап айтқанда, көне қоймайтын іс-әрекет қой. Жалпы, қолыңа қалам алып, оны өмірлік серік етуге бел байлау ағысқа, желге, өрге қарсы жүру емес пе?.. Ол бір басы бар да, не ортасы, не соңы көрінбейтін «соқтықпалы-соқпақсыз» әрі ылғи да өрге қарай бастайтын, қанша ысылып, тәжірибе жинақтасаңдағы жеңілдеуді білмейтін қалтарыс-бұлтарысты жол екен. Сонау 1977 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жібек жел» атты жинақты арада қырық сегіз жыл өткенде қайта бір парақтағанда осындай-осындай ойлар қаумалады.
Уақыт – сарапшы. Жиырма үш жас талапкердің әңгімелері енгізілген жинақ босқа шығарылмаған екен. Құрастырушы – жазушы Е.Әлімқұлов пен жастарға ақ жол тілеген ғалым Р.Бердібаевтың, сондай-ақ баспа ұжымының да үміттерін ақтапты дегенді ендігі жерде сеніммен айтуға болады. Бұл сол тұстағы жас баспа – «Жалынның» қалыптасу кезеңіндегі
баянды бастамаларының бірі болған десек те артықтығы жоқ. Шындығында қазақтың кітап шығару, оны тарату, әсіресе қалам ұстаған талапкерге қамқорлық жасау ісі сонау жетпісінші жылдары жан-жақты қолға алынып, мемлекеттік баспалардың саны мен сапасының еселеп артқаны жұрт жаппай кітапқа бас қойған мамыражай кезеңге сай келіп тұр. Енді, сол жетпісінші жылдардан небәрі он жылға шегініп көрейікші. Тақыр жер демесек те, әрекет пен қозғалыс жаңа басталған үмітті, ұмтылысты уақыт көз алдымызға оралады.
Алпысыншы жылдардың екінші жартысында біз жас едік, жоғары сыныптарға қол созып тұрған шағымыз. Алматыдан басталған дүмпудің әсері шығар, қазір тап басып айту да қиын, әйтеуір оң-солын тани бастаған қыз-жігіттерде кітап оқуға құмарлық артты. Бізбен қатарлас, жерлес әріптестеріміздің кейбірі анда-санда мектеп қабырғасында жүргенде-ақ атақты жазушылардың романдарын сүйсіне, түйсіне оқып, әдебиетке бет бұрғанын еске салып қояды. Мүмкін біреу ерте, біреу кеш… Бұ жағынан алғанда ұяттылаумыз. Атақты Ленин туы ауылымызда кітапхана бірде бар, бірде жоқ болып кететін. Ал осындағы сегізжылдық, кейінгі аудан орталығы Темірландағы орта мектепте кітапхана болған емес. Бір жақсысы, 4-5 адам кірсе, айнала алмай қалатын оқулықтар, дәптер, т.б. сататын дүкенде әдеби кітаптар да төбе көрсете бастаған. Біздің ықыласымызды аударған жұқа мұқабалы дүниелерде шығарған баспаның аты «Қазмемкөркемәдеббас» деп жазылып тұратын. Осы атаудан-ақ көп жайт аңғарылып тұрушы еді. Өзі бірден-бір, әмбебап әдеби баспа болса, оның атауы әлбетте осылай шұбатылып тұрмағанда қайтсін?
Үкілеп үміт артқан талапкерлердің бәрі бірдей кәсіби қаламгерлердің қатарын толықтырмапты. Жоғарыда шет жағасын еске салып өткен қиындықтар бірнеше жастың басқа салаға ауысып кетуіне себепші болғандай. Бұл жай жалпы қазақ, тіпті алыс-жақынды шола ой өрбітсек, аз санды халықтардан шыққан қалам иелерінің тек қана кәсіби жазушылықпен күн көруінің мүмкін еместігінен хабар беріп тұрғаны белгілі. Бала-шағаны асырау үшін әріптестердің күндіз ғана емес, түнде де жұмыссыз беймарал отыра алмайтыны әмбеге аян.
Жазушылық мұратына жетуіне тағдыры кесірін тигізетіндер де кездеседі. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп, танылуға қарай сенімді қадам басқан Мұса Рахманбердиев күтпеген жерден қайғылы қазаға ұшырап, саптан шығып қалғаны бар. Ал тұтастай алғанда «Жібек жел» желпіген ұл-қыздардың дені Жазушылар одағына мүшелікке өтіп, осы айтулы ұйымның абырой-беделін көтеруге тиісті үлестерін қосты деу орынды. Біразы әлі де тынымсыз еңбек етіп жүр. Былайша айтқанда, аталмыш жинақтың желпініп жеткізер жемістері жетерлік. Солардың өзім біршама білетін, еңбектеріне куә болып жүрген бір шоғырына қысқаша тоқталып өтсем деймін.
Әбсаттар Дербісәлиев – көрнекті ғалым. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас муфти болған арда азамат. Қазақстаннан шыққан тұңғыш шейх.
Ғылымға қосқан үлесін әңгімелесек, ұзаққа кетеміз. Сондықтан жазушылықтан басталған шығармашылық жолдың аз уақытта оны ғылымның қия жолымен сүріндірмей, сәтті алып жүріп, талай биіктерге шығарғанын ғана алға тартқымыз келеді. Бұл өзі назар аударатын жағдай. Арнайы зерделеп, зерттесе де болар еді. Себебі жазушылық жолда жүріп немесе қаламгер ретінде кәдімгідей танылған көптеген әріптестеріміз күтпеген жерден ғылымға ауыса қалса, жақсы нәтижеге көп ұзамай қол жеткізетіні көпшілікке мәлім. Демек тілді игеру, ойды түсінікті жеткізе білу, қорыту дегеніңіз әдебиет үшін ғана емес, ғылыми сапарда да білікті жолбасшы бола алады екен. Бұдан ғылыми жолды әдебиеттен бастау керек дегендей қағида тудырғымыз келіп отырған жоқ. Тек, қандай мамандықты игеремін десеңіз де көркем әдебиетсіз алысқа ұзай алмайтыныңыз, яғни кітап оқуды жинастырып қоюға болмайтынын ескерген жөн. Бұны осы жақында Димаш әншіміз өте орынды атап өтті. «Өнерпаздардың өмірін бір- жақты қызықтай бермей, жазушыларды да көбірек әңгіме арқауына айналдырсақ қайтеді?» – деді ол. Талантына санасы сай бауырымыз осы пікірі арқылы «Өнер алды – қызыл тіл» дегенді шегелеп еске салды. Дуалы ауыздан шыққан сөзге алып-қосарымыз жоқ.
Жинаққа енген авторлардың географиясына көз жүгірткенде-ақ кемелдеген социализмнің өзі жаңа қоғамдық формация – коммунизмге жол беру үшін сөз жүзінде ығыстырыла бастаған жетпіс жетінші жылы қазақ тілінің өмір сүру аймағы барынша тарылғаны бірден аңғарылады. Жиырма үш талапкердің он шақтысы, яғни жартысына жетеқабылы Шымкент облысынан. Жар жағалай жүріп, үмітті үкілеген жылдар ғой ол…
Әлдеқашан жеке архивіме түсіп кеткен кітапты есіме алып, қайта парақтауыма бір нәрсе себеп болды. Ол – кезекті Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру барысында бір үміткер Т.Сәукетаевқа қатысты әртүрлі әңгімелердің қозғалуы. Тұрысбектің шығармашылығы бойынша жеке пікірім қалыптаспаған-ды. Аламанға түскен дүниесі қолыма тимеген. Осындай сәтте «Жібек жел» ойыма орала кетті. Басқа тілге тиек етер ештеңе табылмағаннан кейін соны парақтап, замандастың «Қарауылтөбе» деген әңгімесін оқуға кірістім. Ә дегенде кезінде мән бермегеніме өкіндім. Тілі көркем әрі жас шамасына қарағанда, әлдеқайда бай болып шықты. Ауыл адамдарының болмысы мен қоршаған ортаны жеріне жеткізе суреттейді. Сөйлемдері жанды. Не туралы айтса да сол жай, сол көрініс, қимыл-қозғалыс көз алдыңа келіп, сурет болып тұра қалады. Мына шығарманы жас талаптың алғашқы әңгімелерінің бірі деуге келмейтіндей, қалыптасқан жазушы ғой дерсіз. Бір-екі сөйлемін мысал ретінде келтіре отырайық: «Көзі ойнақшыған мың-сан толқын ерсілі-қарсылы дамылсыз жүйткіп, нұр боратып жүр. Бақырып-шақырып мүйістен әрең дегенде құйрық үзген алып кеме көк шәйі айдынның етегін үтіктеп, сол үздік-создық боздаған күйі қаптал тұстан өте шықты. Ақ көпіршік арасынан шампанның тығынындай атып-атып аспанға көтерілген топ шағала бауыры жалт етіп, су бетіне шабақ шоршып еді, үп-үшкір қанаттарымен ауаны қытықтап, тұра-тұра қалды». Осындай суретті, жанды сөйлем-баяндаулар әңгіменің өн бойында тұнып жатыр.
Шымкенттің көпсанды талапкерлерімен көзге түскенін жоғарыда айтып өттік. Бір жақсы жері, сан сапаға қарай ойысыпты. Кезінде «Жібек жел» жебеген Жүніс Сахиев – Қазақстандағы бірді-екілі ғана фантаст жазушылардың бірі. Шамасы ол жердегі өмірден гөрі ғарыш, аспан әлемі, жұлдыздар туралы көпшілікке беймәлім құбылыстарды жақсырақ түсінетін сияқты. Жинақтың екінші бір авторы Жәлел Кеттебеков әдебиетке біржола берілген, өмірін онсыз бір сәтке де елестете алмайтын жан еді. Көп ізденетін, өзгеше жазуға ұмтылатын және солай ете алатын да. Ғұмыры қысқа болды, танылар шағында өмірден озып кете барды. Жиырма үштің арасындағы жалғыз сықақшы Мұхтар Шерім арада қаншама жылдар өткенде жалғыздық күйін кешіп жүргендей. Бірен-саран сатириктердің бірі болып отыр.
Замандастар арасында студент кезінде-ақ оқырмандар көзіне түсе бастаған жас таланттардың қатарында Серіктің де аты аталатын. Оның жинаққа енген «Зайтуна» әңгімесінің оқиғасы қою екен, хикаятқа тартып тұр. Автор соны іштей сезініп отырса керек, болған жайды асықпай, баппен баяндайды. Қарапайым қазақы сөйлемдер оқырманын оқиғаның тереңіне қарай еріксіз тартып бара жатады.
Жоғарыда тіл туралы ұшқындаған ойдың бір ұшқыны шығар, Серік университетті бітірген соң қазағы қалың Оңтүстікке келіп, тастай батып, судай сіңді. Басқа базбір замандастары сияқты Солтүстікке аттанып, көп ұзамай Оңтүстікке оралып, әуре-сарсаңға түспеді. Бір басына жетерлік атақтары бар. Қазақстанның Құрметті жазушысы. Бірақ… Серіктің шығармашылық жолына көз салғанда өзіне ғана мәлім өмір түйіткілдері кезінде, бәлкім, кейін де кең көсілуіне мүмкіндік бере қоймаған-ау деген ой қылаң береді. Себебі алғашқы дүниесі жарияланғанда анық көрініп, үміт сыйлаған ұзаққа сілтер шабысы мен жорғасы келе-келе асау мінез танытып, әлдеқайда алып қашар басберместік танытты ма, кім білсін? Бұны шығармашылық жолда кімде-кімнің де алдын тосып тұратын күрделі құбылыстардың болатынына бір мысал деп қабылдаған жөн сияқты…
Жинақта елеусіздеу, кейіндеңкіреп тұрған екі автор бар. Олар – Мархабат Байғұт пен Мереке Құлкенов. Махаң ол тұста отыздан асып қалған сақа жігіт. Мереке – жастардың жаңа толқыны қатарында. Қос қаламгердің тырнақалдысы дейтіндей әңгімелерін қырық жылдан кейін ой жүгірте оқығанда, яғни бүгінгі өмір шындығына ойыстыра пікір қалыптастыруға ниеттенгенде аламан бәйгенің үйреншікті бір суреттері көзге елестейді. Бала да болса бәйге талаптары мен аттың сырына біраз қаныққан шабандоздардың жүйрікті алғашқы айналымдарда еркіне жібермей, алға шығандамай, негізгі топқа ілесіп қана отыратыны бар емес пе. Олар әдетте жылдамдықты бірте-бірте үдетеді. Сөз тиегіне қосылған екі жас жазушы туралы ә дегенде қорытылуға бет алған ой сипаты осындай еді.
Журналистика мектебінен керегінше тәлім алған, әдебиетке ысылап барып, нық қадам басқан Махаң елуге қарай тізгінді еркіне жіберді. Бұл оның әдіс-тәсілі ғана емес, ғұмырының оған сыйлаған мүмкіндігі болатын. Көп жыл баспасөзде, одан кейін мемлекеттік қызметте жүріп, дүниенің ащы-тұщысына қаныққан
М.Байғұт біраз жыл Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстіктегі бөлімшесіне жетекшілік етті. Осылай әдебиет айдынында еркін жүзу бақытын иеленді. Бұл әрине, өз жемісін берді. Ол көркем әңгіменің шебері ретінде Қазақстанға, алыс-жақын мұсылман елдеріне жақсы танылды. Тіпті Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа қол созып тұрған сәтте аламанға қосылған жинағын құрастыру барысында кетіп қалған техникалық олқылықтың салдарынан мәреге сәл жетпей тоқтады…
Мереке Құлкеновтің шығармашылық жолы таза әдебиет әлемі шеңберінде қалыптаспағаны белгілі. Ол да көп жыл бойы баспасөз, баспа жұмыстарына жегіліп, өзі үшін ғана емес, басқалар үшін де жауапты мансап иесі болды. Осы жауапкершілік, іс-тәжірибе оны ҚЖО Басқармасының төрағасы қызметіне алып келді. Осылайша, ол жалпы қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына да алаңдаулы қаламгерге айналды. Ал… «Жібек желдегі» әңгімесін қайта оқығанда бір өзгешелік анық байқалды. Туынды сонау 77-де емес, кеше-бүгін жазылғандай әсер етеді.
Орысша қалам сілтейтін кейбір әріптестер, шыны керек, тәуелсіздікті тосырқай қарсы алып, біраз жыл социализмді аңсап жүрді емес пе?.. Міне, кешегі белсенді, бүгінгі міншілдеу осынау аз санды топ, «біз қалыптастырдық» деп пайымдайтын «ағашка» деген түсінік бар. Бір қызығы сол ағашкаңыз «Жібек желдегі» бір әңгімеде жүр. Дәл бүгінгідей. Көріне бермейді. Көріне қалса, ашылып сөйлемейді. Қай істі де үндемей тындырады. Мерекенің бір кейіпкері – дәл осындай ағашка! Жас автор оны дүниенің жарығына сүйреп, ішкі әлемін ашып тастауға тырыспайды. Оның кім екенін әңгіменің басқа, қосалқы кейіпкерлері реті келген жерде айдалаға айтылғандай естілетін бір ауыз сөзімен, күлкісімен, әзілімен көрсетіп қалады. Бас кейіпкер Қожантай өз әйеліне де, әйелінің ағашкасына да құлай сене, сүйсіне жүріп-ақ қапелімде, еркінен тыс бас көтеретін адамдық болмысының елеусіз көріністері арқылы әлгі екеудің қаншалықты қауіпті пенделер екенін айналасына аңғартып отырады… Шығарма осындай тұспалдау-болжауымен, оқырманды оқиғаға енгізе, ойландыруымен, ең бастысы, уақыттың алдында жүруімен құнды.
***
Жетпіс жетінші жылдың жазғы жібек желі желпіген жас жазушылар бүгінде алдыңғы толқын ағалардың қатарында. Болары болып, бояуы сіңген қырық жыл бұрынғы шығармаларды шолып өту олардың авторларына не берсін? Бұл мүмкін бүгінгі жас толқын өкілдерінің бір қажетіне жарап қалар. Керегі табылып жатса, оны бір кәдесіне пайдаланса, құба-құп дейміз.
Захардин
ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы