Ғажайып кептер
08.10.2025
401
0

Бірнеше күн болды, көршім көрінбеді. Бір жағынан көңілім тынышталған тәрізді. Ертемен менің сыртқа шығуымды күтіп тұрғандай алдымда пайда болып, «Бармысың-ей, көрші» дейтін Құнахунның сәлем орнындағы осы екі ауыз сөзі кейін бір тағар болып, намысыма қатты тиетін. Асығыс екенімді білдіру үшін сағатыма қайта-қайта қарап қоямын. Түсіне қойсашы.
Қызық. Көндігіп қалдым ба, әйтеуір, біртіндеп оның жоқтығы біліне бастады. Ақыры шыдамай, бақ тамандағы қорықтан айқайлап шақырмақшы болдым.
– Құнахун, әй, Құнахун…
Алдымен, кәндек иттің ащы дау­сы естілді. Артынан-ақ әйелі Гүлшән гәлөшінің соңын басқан бойы жүгіріп шықты. Бет-әлпеті аянышты.
– Бармысыз, Гүлшән! Құнахун көрінбейді ғой?
– Әссалам, біздің Құнахун бүгін он күн болды…– ол сөзінің соңын шығармай, орамалының шетін бетіне апарып жылай бастады.
– Ой, не болып қалды? Аман ба, әйтеуір?
– …
– Сабыр етіңіз, Гүлшән. Не жағдай болды? Ауруханада жатып қалмаған шығар?
– Ауруханаға түссе мейлі ғой. Абақтыда жатыр. Түрмеде. «Мелисті ұрдың» деп қамап қойды, – ол тіптен ентігіп, өксіп қоя берді.
Қолдау көрсеткендей болдым. Сосын, қайсы бөлімшеде екенін анықтап, жағдайды білуге уәде беріп, жұмысыма кеттім.
Жол бойы Құнахун есімнен кетпей қойды. Көп сөйлейтін демесең, қойдан да жуас. Арақ та ішіп кетпейді. Темекіні де, қымбаттағаннан кейін тастап, насыбайға өтіп алған. Әй, бірақ мені көрсе болды, құмары ұстап кетеді. Біз көрші болғалы екі қыс өтті. Балаларының бәрі қалалық болып кеткесін, ол да ауылдағы қара шаңырағын арзан бағаға сатып, біздің жұртқа көшіп келген. Бұл жерден алған екі бөлмелі үйді ұлдары бір жазда-ақ бұзғызып, төрт өзбекті жалдап, орнына қуыршақтай үй салып берген болатын.
Құнахун мен Гүлшән шағын жерін күтіп, мәпелеп, мәуелі ағаш отырғызып, гүлзарлық жасап, адам танымайтындай өзгертіп жіберді. Әйтпесе бұл жерде тұрған орыс шал шошқа асырап, айнала дем алғысыз еді. Сондықтан Құнахундар көшіп келгенде, қазақ-ұйғыр – бәріміз өте қуанған едік.
Оның үйі сенбі-жексенбі күндері ерекше қайнап кетеді. Үш ұлы бала-шағасымен келіп, монша жағып, кәуәп пісіріп, тамаша отырыс ұйымдастырады. У-шуға қарағанда, немерелері де біраз бар сияқты. Бірақ бәрі орысша сөйлейді. Бұларға қосылып, Құнахун мен Гүлшән де шорқақ тілдерімен, кекештеп өздерінше «орысша» әңгімеге түседі әлі. Екеуінің келіндері ұйғыр болғанымен, «ата қоныстары» қалалық болғасын, жерүйде тұруды ұнатпайтын көрінеді. Бұл шаңырақ Құнахунның балалары үшін саяжай орны тәрізді.
Біздің көшедегілер де оңып тұрғанымыз жоқ. Ұйғыр деген атымыз төлқұжатта ғана. Немерелер орысшаға барады. Сол тілде ойлайды, сөйлейді. Әйтпесе үш отбасы қазағымызды есептемегенде, қалған қырық түтін ұйғыр. Және келіп, көбісі ауыл-аймақтан жиналғандар. Үш-төртеуіміз, намысқа тырысып, газетке жазылып қойдық. Бұлардың арасында Құнахун жоқ. Әу баста оған «бұл өзі жаңа көшіп келді, намысы бар шығар» деген оймен, «Көрші, газетке жазылып қояйық» деп ем, тез жауап қайтара қойды.
– Көзім нашарлап кетті. Оқи алмаймын. Гүлшән бейшараның газетке қарайтындай уақыты жоқ. Балалар, немерелер ұйғырша оқи алмайды. Қазіргі қағаз тапшы деген кезде, жазылғанмен пайдаланбасақ бекер, өкіметке де зиян ғой, – деп алдымды бөгеп қойды. Өте қатты ренжідім.
Араласпайын десем көрші. Көрші ғайыптан деген сөз бар емес пе. Күнде көре бергесін, аулақ жүруге шараң жоқ. Сыпайы, жуас бұл отбасы басқалармен де қою араласады. Ал менімен ерекше. Үндемейтінімді пайдаланып, ол маған тіптен жақындап алған. Екі-үш қойын бордақылайтын қора мен тауықханасын біз таманға жақындатып салып алды. Арғы жақтағы көршісінің әйелі біраз ұрысқақ. Бәріміз аулақ жүруге тырысамыз.
«Ай, Құнахун, Құнахун» деп қоямын өзімше, ол туралы ойлаған сайын. Өзі бір сараң жан. Көшіп келіп, аз уақыттан соң қол арбасын сүйреп, қоқыстардан отын-ағаш, темір-терсек және істен шыққан мәшине доңғалақтарын жинай бастады. Соңғысын көріп мен «қап, мынау оңбаған бүлдіретін болды-ау» деп ойлаған едім. Айтқандай-ақ, ертесі оның моншасынан шыққан ащы түтін мәхәллені бір алды. Құдды, өткен ғасыр басындағы паровоздарды еске салатын бұндай көрініс, әлбетте, ешкімге ұнаған жоқ. Құнахун екінші рет монша жаққанда, қайсыбіреу­лердің шағымдануынан үйіне учаскелік полиция мен өрт сөндіру мекемесінің бір уәкілі келіп, «баталарын» берді білем, іс сонымен тоқтады.
…Жұмысқа келісімен ұжымдағылардан кімнің ішкі істер органында танысы бар екенін сұрай бастадым. Дегенмен біреу­дің араласатыны, біреудің қайынағасы және біреудің құдасы, әйтеуір, біраз бар екен. Көп «кандидаттардың» ішінен мен атағына сай, мәселені шеше алады-ау деген біреуді лайық көрдім.
– Әй, сол көне қояр ма екен? – дедім оны ұсынған қызметтесіме күмәнмен қарап.
– Ақша не істемейді дейсің? – деді ол.
– Рас айтасың, бәрін шешетін сол ақша деген пәле, – деді және бір дос сөзге араласып.
– Мейліші, бала-шағасы бар емес пе, бір нәрсе етер. Кеше ғана ауылдан келіп, бүгін түрмеге кетсе, ел-жұрттан ұят, – дедім Гүлшәннің жылағаны көз алдымнан кетпеген соң.
***
Қымбатты оқырман, мен Құнахунды азат ету «операциясының» егжей-тегжейіне тоқталуды жөн көрмедім. Бұл – көрген кісіні ғана емес, естігендерді де сескендіретін өте нәзік, лас шаруалар. Онсыз да адамдардың сіркесі су көтермейтін бүгінгі жағдайда оны әңгімелеп беру бірнеше жылғы өміріңді қысқартып жіберетін, жүйкеңді тоздырып, рухыңды сындыратын мәселе болуы да мүмкін. Бұл оқиғалар Құнахунның үлкен ұлы Илахун мен әлгі біз жалдаған делдал кісі арасында қалсын.
***
Құнахунды жұрт болып, салтанатты түрде күтіп алдық. Отбасы қой сойып, ет асыпты. Ауылдан келген туған-туыстары да жетерлік. Көшемізде имамдық етіп жүрген жас жігітті шақырып, Құран бағыштады. Оны демеп жүрген аруақтардың рухына да атап ұзақтан-ұзақ аят-дұғалар оқылды. Құнахун үнсіз отырды. Ләм-мим демеді. Өңі өшкен. Үй ішінің де көңіл күйі жоқ.
Арада бір апта өтті. Баяғыдай «бармысың-ей, көрші» дейтін Құнахуннан еш дерек жоқ. Арба сүйреп оны-бұны жинайтын әдеті де біржола басылған сыңайлы. «Әй, бұл бар ма, жоқ па? Әлде ауылға кетіп қалды ма?» деп, олар таман құлақ саламын. Күндегідей, кәндегі ауласында үріп қояды. Тауықтары да тынбай шақырады. Өздері ілгеріде де көп жұмыртқа беретін. Әтеші де күніне 4-5 мәрте міндетін атқарып тұрады. Бірақ сол әртүрлі нотадағы дауыстар ішінен мен қандай да бір ғажайып үнді ерекше айыра бастадым. Е, айтпақшы, бұл дауыстар арғы көшедегі кәсіби кептер асыраушы Николайдың бұғ-бұғ сайрайтын кептерлерінікіне ұқсап кететін. Оның түрлі-түсті, әдемі кептерлері бар. Күнде бір кез ұшырып қояды. Бұл құстар көк аспанда сондай әсем самғап, аударылып би билегенде, балалар ғана емес, ересектер де қызығып қарайтын, бірақ олардың үйі бізден біраз алыс. Үн тарқатушыны қосқан жағдайда да, бізге естілуі мүмкін емес. Бұл ғажайып дауыс, неге екен, маған Құнахунның ауласынан шығып жатқандай сезілетін. «Бұ-бұ-бұғ, ғұ-ғұ-ғұғ, құр-құр-құр». Тоба, бұл не болғаны? Әлде бұл да әуесқойлықпен мен білмейтін бірер құс бағып алды ма?
Не болса да қызығушылық таныттым. Қазір есімде жоқ бір нәрсені сылтауратып, қалтама екі қорап темекі салып, қақпасын ұрдым. Өзім дәл сол ғажайып дауыс шыққан кезді таңдаған болатынмын. Шеткі есік дереу ашылды, бірақ Құнахун бөтен біреуді күтпесе керек. Мені көріп сасқалақтап, шашылып, артына шегінді.
– Е, сен бе едің, досым. Гүлшән бағана көшеге кетіп еді. Кілтін тағы да ұмытқан шығар деп ойлаппым.
Мен сасқанымнан, тілім сөзге келмей қалды. Бір жағынан, алғаш рет «досым» дегені құлағыма қонбай жатқан сияқты. Ол қолындағы сырнайға ұқсаған бір затты қойнына жасырды да, екеуміз бір-бірімізге қарап қатып біраз тұрғаннан кейін, ауласына бастады.
– Темекі шегіп, осы бақшаңда отыра­йық – дедім жазғы шай ішетін орынды нұсқап. Ол қарсы болмады. Берген темекіні дереу аузына апарды. Тұтатып бердім. Өзім де біреуін тұтандырдым. Ол екеуміздің әңгімеміз, әдеттегідей, солай басталушы еді.
– Не болды, көрінбей кеттің ғой? – дедім шыдамым таусылып.
– Солай, досым, маған сыртқа шығуға болмайды.
– Не үшін?
– Үйіңде біреу бар ма?
– Жоқ. Бәрі жұмыста.
– Арағың бар ма?
– Бар.
– Онда сенікіне шығайық. Гүлшәннің келетін уақыты болып қалды. Саған бәрін айтып берейін, бірақ «біреуге тіс жармаймын» деп, еркекше уәдеңді бер.
– Ал бердім.
– Саған сендім, досым. Бәрібір, сырымды біреуге айтпасам, шын жынды болып кететіндеймін.
Мендегі таңдану енді қорқынышты сезімге айнала бастағандай. Көше арқылы емес, қорықтан секіріп, біздің аулаға кірдік. Мен көрші-достың маған ғана сенім артқан сырын тыңдауға асығып, тездетіп бақ ішіндегі оңаша жайға дастарқан жайдым. Оның зор сеніміне ие болу үшін ашылмаған бір құты қымбат темекіні ортаға тастап қойдым.
Көршімнің әңгімесі мен күткеннен де қызық, шырмалған және сырлы еді. Мен оның басынан кешкендерін тілменен жеткізуге әлсіз болсам да, адам ақылына лайық қабылдағандарымды баяндайын.

***
– Барлық пәле-жала қатыннан екен, досым, – деді ол үлкен стақандағы арақты жұтып жіберіп, аузына бір тал темекі салған соң. – Мен әлгі күні саған «Гүлшәннің еш уақыты жоқ» дегенім есіңде ме? Ол жәйбасардың қайдан уақыты болсын? Шаһарға келе сала ұялы телефонға үйренді. Сонымен жатып, сонымен тұрады. Не туралы сөйлесетінін білмеймін. Бұл Құдай ауызды не үшін жаратқан. Сол күнгі бұл келеңсіздік осы телефоннан басталды. Ол таң атпай келіндерге телефон соғуға кірісті. Тапқан «жаңалығы» – немерелердің біреуінің дене қызуы көтеріліп кетіпті. Кейін ол бұл хабарды таныс-білістердің бәріне дәл жеткізіп, ақыл сұрады. Біреудікі біреуге ұқсамайды. Соңында, Гүлшән бұл емдеу әдетін қорытындылап, немеремізге кептер қанының дәрі екенін анықтады. Ертеңгі ас ішпегеніме қоймай, кептер балапанын әкелуге жұмсап, үйден айдады. Тура кептерші Николайдың үйіне бардым. Ол менің өтінішімді естіп, мазақ еткендей мырс етіп күлді.
– Сен менің кептерлерімнің бағасын, жобалап болса да білесің бе?
– Кептер де сатыла ма?
– Менікі сатылады. Себебі олар дүнидегі аз кездесетін құнды кептерлер. Шетелдерден алушылар іздеп келеді. Ең арзаны 500 доллар, – деді ол күліп.
Мен оны әзілдесіп жатыр деп ойлап­пын. Немеремнің ауырып жатқанын айтып, жалынып көрдім.
– Ей, – деді ол ашуланып, – Алматы көшелерінде не көп, кептер көп. Қалауыңша ұстап алмайсың ба. Сосын, су тегін. Әйтпесе құс базарына бар. Сайранда.
Ақыры мен такси жалдап ол айтқан мекенжай бойынша жетіп бардым. Шындығында да, ит-мысықтың түр-түрі, құс атаулы толып жатыр. Николайдыкіне ұқсаған кептерлер де көп. «Бұл кәпір менің басымды қатырмаған шығар» деп, бағаларын сұрастырдым. Рас екен. Адам құнынан да қымбат па бұл пәлелер деп ойлаймын. Кәдімгі өзіміздің кептерлерді іздеп зорға таптым. Көп болған соң, қадірі жоқ қой бұл байғұстың. Сатып жатқандар 30-40 жастар шамасындағы екі ұйғыр. Түрлеріне қарасам, өзіміз сияқты ауыл жақтан келіп, жұмыс таппай, бір шишаға зар болғандай көрінеді.
– Кептерің нешеден, інім? – деп сұрадым.
– Бес мың сұрап тұрмын. Сізге төртке берейін.
Дір етіп артыма құлауға аз қалдым. Ашуым келіп, өзімді зорға бастым.
– Ей, аузыңды шәйіп сөйлесеңші! Мына жұрттың бәрі сен сияқты көшедегі құсты ұстап алып сата берсе, әлдеқашан бай болып кетпей ме?
– Бай болғанның не зияны бар. Қаласаң ал, қаламасаң жолыңмен жүр!
– Әй, жарымаған, – дедім де әрі қарай кеттім. Көп араладым. Қырсыққандай, басқа жерлерден кезіктіре алмадым. Амалсыздан әлгі екі сатушының қасына қайта баруға мәжбүр болдым. Бұл жолы олар тіптен еркөкірек болып алыпты.
– Жарайды, ала ғой, аға. Таңдап ал, бірақ бағасы енді түспейді.
Мен оларға немеремнің ауырып жатқанын, тездетіп қанын сүртпесек жағдай ауыр екендігін айтып, жалындым.
– Маған үлкені емес кішісі керек. Бес мың берейін, екі балапанын бер, – дедім.
– Өй, аға-ай, бағанадан «бачка» деп айтпайсың ба. Оны қазір қайдан табасың? Балалары әлдеқашан үлкейіп кеткен ғой. Бачканы келесі көктемде табасың енді, – деді олар.
– Ойбай, енді не істесем екен, бейшара немерем…
Әріректе және бір ұйғыр бұны байқап тұрған екен.
– Ағасы, кептер қаны деген бір ырым. Жасына қарап не істейсіз, – деп сөзге араласты. «Дұрыс-ақ, деймін ішімнен, кептер болса болмады ма. Мынау екі арамтамаққа бес мың теңге бергенше, қасымыздағы көп қабатты үйлердің ауласында дән теріп жүрген кептерден қалауымша ұстамаймын ба» деп ойладым да, кері қайттым. Жол-жөнекей дүкеннен бір уыс тары сатып алып, әлгі аулаға келдім. Ол жер, бұл жерде кемпірлер, кішкентай бүлдіршіндер нан уақтарын шашып, кептерлерді дәндетіп жүр екен. Арырақ барып, тарыны шашып ем, бір топ кептер пыр етіп келіп қонды. «Осылар балапандары ғой» деп жобалап, екеуін ұстап, қалтама салдым да, үйге жүгірдім.
Сонша әуреленіп қолға түсірген олжамды үйге жеткізу несіп болмады. Екі жүз қадам да басып үлгірген жоқпын. Ала жасыл шырақ жағып, гүрілдеп жетіп келген патруль мәшинесінен түскен екі полиция қызметкері қолыма кісен салып, қастарына отырғызды.
– Қош, бауырым, дорбада не бар? – жасы жиырма бестер шамасындағы томпақ капитан дереу сұрай бастады.
– Кептер.
– Сен, өзің кімсің?
– Құнахун. Аюпов Құнахун боламын. Бұл жерге былтыр көшіп келдім.
– Күніне неше кептер ұстайсың?
– Иллабилла, алғаш рет ұстауым.
– Жаңа бізге қоңырау соққан кісілердің сөзіне қарағанда, күнде кептер ұстайды екенсің.
– Өтірік. Бар-жоғы екі дана. Ол да өзім үшін емес…
– Тоқтат! Шыныңды айт, күніне нешеуін жейсің, әлде сатасың ба?
Мен кептерді өлтіріп жегенше сатқанның жазасы жеңіл шығар деп ойлап, оңайы­рақ құтылу үшін сатамын дедім.
– Нешеден?
– Бес мың теңгеден.
– Так-так, күніне екі кептер. Он мың теңге деген сөз. Айына есептесек, үш жүз мың, жылына 3 миллион 600 мың теңге! Пай-пай, слушай, бұл бір жақсы кәсіп екен, ә? Яғни заңсыз пайда табу. Бұл үшін неше жылға кететініңді білесің бе?
– Жоқ, жолдас капитан. Жаңа сізге өтірік айттым. Немеремді емдеу үшін амалсыз ұстаған едім. Сенбесеңіз әйелімнен сұраңыз. Бұл істі де соның айтуымен істеген едім.
– Біріншіден, мен саған жолдас емеспін. Түсіндің бе? Екіншіден, әйелің саған куәгер бола алмайды. Бұл заңға қайшы. Шыныңды айт. Жазаң біраз жеңіл болады.
– Жол… капитан інім, әзбірәйі Құдай…
Екінші полиция ішіме қатты бір ұрып еді, ішегім алмасып қалғандай болдым. Бұлардың атағы кішілеулері ірілеу келетінге ұқсайды. Анау сұрақ сұраса, бұл ұрып береді екен. Жоқ жерден пәлеге қалғаныма өкініп, не айтарымды білмей қалдым. Шынымда айтсам да, екеуі сене қоймайды. Бір-екі жұдырықтан соң есімді жиғанша, капитан маған уағыз оқи бастады.
– Қайта анау орыс кемпірдің ұяты бар екен. Қала үшін, табиғат үшін жаны ашиды. Сен оңбағандар кеше ауылдан келіп, бүгін шаһарымыздың ауасын былғадыңдар. Сүйікті қаламыздың символы, жоқ, бүкіл дүние халқының бейбітшілік символы болған кептерлерді шетінен қырып жеп, сатып, елімізге едәуір зиян тигізіп жатырсыңдар. Сендерге қарағанда әне, аналар жақсы…
Оның сөзі таусылар емес. Мен бұл екі сақшының мені масқара етпек болғанын түсіндім де, өзара келісуге көндірмек болдым.
– Өзің неше дейсің?
– 20 мың теңге берейін. Айналайындар, немерем ауырып жатыр. Сенбесеңдер…
– Ей, шал, сен бізді ақымақ көріп тұрсың ба? Ол ақшаңа мысық күнгейге шықпайды. Тағы да бір нөлді қос.
Енді мен ашуландым.
– Сонда мынау бір кептердің құны жүз мың теңге болғаны ма? Өй, пагон таққан рэкеттер, одан да қаматып тастаңдар! Атып таста! Қарай гөр, бұл арамзаларды…
Сержант мені жерге сүйреп түсіріп, ұрып-теуіп, томпылдата бастады. Қай жерге ұруды біледі екен өздері. Бетіме тепкен жоқ. Көбінесе ішке, бауыр мен бүйрекке тиісті. Қарасам, тектен-текке қор болатын түрім бар.
– Келістім, – дедім тілім зорға сөзге келіп.
Олар бір-біріне мұқият қарады да, қолымды босатты.
– Қасымда ақша жоқ, үйге бару керек.
– Мекенжайыңды айт.
– Әне, анау көк дарбазалы үй. Бірақ сендер осы жерде күтіңдер. Мен үйге кіріп, ақша алып шығайын. Көрші-қолаң көрмесін.
– Жоқ, көрсін. Сен сияқты қанішер, табиғаттың нағыз жауларын халық білсін.
– Әзбирайы, капитан мырза, міне, төлқұжатымды ала қойыңыз…
Ішек-қарным тынбай ауырып жат­ты. Өзім сандырақтап жүріп, үйге зорға жеттім. Кірсем, Гүлшән пышақ-қайрағын дайындап отыр екен. Аузы ашылып, көзі жұмылды.
– Қайда жүрсің, маубас? Елгезерге шығып, ерге тиген қатындай. Доғдыр шақыртып, баланы әрең емдеп алдық.
– Аузыңды жап! Жағдай ушықты. «Кептер тап» деп мені қып-қызыл пәлеге ұрындырдың. Дереу 200 мың теңге бермесек, соттап кететін түрі бар. Бол, тездет! – маған сөйлеудің өзі қиын еді. Ішімдегі бір ішек үзілгендей ауырып, шаншып, жанымды жегідей жеді.
Бірақ Гүлшәннің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, дүрсе қоя берді.
– Әй, қаңғыбас, өзіңді сатса бес тиынға да алмайды. Және 200 мың деуін қарай гөр. Бар айда, ә десе, бада-бада болып келіп алатын ауылдағы туған-туысқандарыңа айт.
Айқайлауға әлім келмейді. Отыз жылдан артық шаңырақ көтерген қатынымды, тіптен танымай да қалдым. Ол кейінгі жылдары ерекше өзгерді. Ұялы телефон арқылы 99 кісімен сөйлесіп, солардың айтқан кеңесімен жүретін болып алған. Жұмыртқа, ет, көкөніс сатып, тапқан зейнетақыдан үнемдеп жиған ақшаға, теңгенің құны түсіп кетті деп, біртіндеп доллар алатын. Кейін алтынға көшті. Жақында тағы бір досының «»Ойбай, Түркияда үй арзан екен. Қазір алып қою керек» дегеніне еріп, енді бар жиған-тергенді евроға айналдыруға өтті.
Біздің талас-тартысымыз біраз ұзаққа созылып кеткен сыңайлы. Күтпеген жерден әлгі өгіздей сержант баса-көктеп кірді.
– Аюпов, сіздің уақытыңыз бітті. Енді түрмеге отырасыз, – деп қолыма кісен салды.
Гүлшән сол кезде ғана есін жиды. Бозарып-қызарып, артына құлағалы аз-ақ қалды. Мен де оған қаһарлы және өшпенділікпен бір қарап едім, тіптен бұтына жіберіп қойғандай халде болды. Сосын, бір басып, екі басып, серванттан қобдишасын алды да, 200 мың теңгеге жобалап 400 евро ақшаны сержанттың қолына ұстатты. Қалғанын кеудесіне басып, тұрған орнында шүк отыра кетті. Оның қолындағы көлемді орамды көрген анау өгіздің көздері ойнап қоя берді.
– Күйеуіңіз біраздан соң кіреді, – деп мені тағы да жұлқылап далаға сүйреді.
Олар мені мәшинеге отырғызып қойып, сыртқа шығып ұзақ сөйлесті. Мен болсам, «Уһ, енді құтылатын шығармын» деп, өзімді сәл жеңілдеу сезіне бастаған едім. Өкініштісі, көретінім әлі алда екен.
Екеуі енді екі жағыма отырды да, тергеуді қайта жалғастырды. Біреуі сұрайды, екіншісі ұрады.
– Сен, Аюпов, сөйтіп, өз теңгемізді де менсінбейді екенсің, ә? Жұмсайтының евро, тамағың қымбат құс пен жануарлардың еті. Мінгені «Джип». Анау тұрып жатқан үйің кемінде 100 миллион тұрады. Мәселе былай, Аюпов, «ауа райы» өзгерді (жаңа мен шыққанша бұлар кептерлерді қылқындырып өлтірген екен). Енді есепте, бұлар тірі болғанында, келер жылы әр қайсысы 4-5-тен балапан шығаратын. Келесіде саны жиырмадан артылатын еді. Барып қатыныңнан тағы 1600 евро алып кел. Әйтпесе түрмеде шірисің.
Мен енді бәрінен кешкен едім. Аузыма келген сөзбен оларды қарғап, сөге бастадым. Осындай парақорлардың, жалақорлардың кесірінен бүкіл ел азап көріп жатқанын айтып, «прокуратураға, президентқа шағым жазамын» деп, қорқытпақ болдым. Айтқаным сол-ақ екен, олардың зор денелісі басымды артқа қайырып, мұрынымды жұмып, екінші қолымен жағымды тартып, аузымды керіп ашты. Екіншісі бұлқылдатып, аузыма арақ құя бастады. Басқасы есімде жоқ.
…Ақыл-есімді жиғанымда, мені тергеуге алған жас офицердің маған жаны ашығандай болды.
– Кінәңіз біраз ауыр екен, Аюпов. Мас күйіңізде кішкентай бүлдіршіндер ойнап жүрген алаңда кептерлерді өлтірген екенсіз. Адамдарға тіл тигізіпсіз. Тәртіп сақшыларына да қол көтеріп, киімдерін жыртып, пагондарын жұлып тастапсыз. Бір емес, үш куәгер сіздің кінәңізді растайтын құжатқа қол қойыпты. Бұған не айтасыз?
– Еш нәрсе есімде жоқ, – дедім. Енді біреуге бірдеңе деуге сенім жоқ еді менде. Ақша сұрап, ұрып, азаптамаса болғаны. Қалғанына мен риза. Сондықтан «кінәларыма лайық жаза кесе беріңіз» дедім.
…Бірақ кейін барлық нәрсе лезде өзгере қойды. Мен ештеңе түсіне алмадым. Өзін адвокат деп таныстырған кісі:
– Сізді ұзақ жылға соттайтын түрі бар. Одан құтылуды қалайсыз ба? – деп сұрады.
– Әлбетте, – дедім.
– Онда, мен айтқанды орындаңыз. Мынау таблеткінің бір данасын әр күні тіліңіздің астына салып аласыз. Камераға кіргеннен кейін аузыңызға келген сөзді айта беріңіз. Айқайлайсыз ба, ән айтасыз ба немесе біреуді қарғайсыз ба, өз қалауыңыз, – деп қоштасып шығып кетті.
Не дәрі екенін білмеймін, бірақ мен оны пайдаланғаннан соң, балалық шақтарыма барып келгендей боламын. Айқайлап ән айтудан зерігіп, құстарша сайрайтын әдет шығардым. Ол жерден құтылған соң, әлгі кісі маған:
– Енді сені бәрі жынды деп танитын болады. Білдірме. Әйтпесе қылмыстық іс қайта қозғалады. Тыныш жүр. Тағы да шатақ жасайтын болсаң, психологиялық диспансерден бір-ақ шығасың, – деп баса айтты. Әнеукүні Николайға барып, мынау мүштекті сұрап алдым. Кептерше сайрайды.
Әңгіме осы жерге келгенде, Гүлшәннің:
– Ай, Құнахун, қайда жүр бұл қаңғыбас, – деген удай ащы даусы естілді.
Құнахун тездетіп мүштекті аузына салды да, бір минуттай «Бұ-бұ-бұғ, бұ-бұ-бұғ» деп сайрады. Гүлшәннің де үні өшті.
– Енді не істемексің? – деп сұрадым.
– Жұрт білмесе екен, үкімет мені бәрібір жындыға шығарып жіберді. Бұл істер біраз тынышталсын. Сосын, әлгі екі жалақорды тауып, атып тастаймын. Маған бәрібір ештеңе істей алмайды.
– Сен оларды атқаныңмен, ертең тағы да оны шығады. Қой, Құнахун досым, одан да тыныш өмір сүр. Бұл дүние қазір өзгере қоймайды.
– Бәлкім, сенікі дұрыс шығар, – дей келе қалған арақты қағып тастап, бір қорап темекіні ептеп қойнына сүңгітіп жіберді. «Жақсы, досым, мен барайын» деп орнынан тұрды.
Содан бері көршім жақтан бейбітшілік құсы – ғажайып кептердің бұғылдап сайрағанын естіп жүрмін. Ол тынышталып қалса, кәдімгідей уайымдап, қорық бағанасына жақындап, «Құнахун» деп айқайлаймын. «Төбет» бұрынғыдай-ақ үре бастайды. Тауықтар да қоқылдай береді. Олар басыла қалса, Құнахуннан хабар жетеді. «Бұ-бұ-бұғ, бұ-бұ-бұғ…»

Ахметжан ИСРАПИЛОВ

Ұйғыр тілінен аударған
Минәмжан Асимов

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір