Мен сенің жайлауыңмын ән салдырар
01.10.2025
380
0

Болат Құрманғажыұлы

ЖҰМБАҚ АРУ
Кер жорғасын тағалы қарқындатып,
Таулы жолдың тастарын жарқылдатып.
Тоқ жыландай қос бұрым ат сауырда,
Барады ару таңғы түн барқындатып.

Бір ауылдан тайпалтып өте берді,
Иттер шулап, кәрі саулық жөтеледі.
Ерте тұрған намазға қарт таңданды,
Қос етегін арудың жел көтереді.

Масатыдай жайлаудан шаң шықпады,
Қауларына жайқалған таң шықтады.
Аққан жұлдыз секілді ару барад,
Өрттей жігер, жалынын жан жықпады.

Талай ауыл қалдырып зымыратты,
Жолатпастай жанына зұлыматты!
Төбетайдан үкісі бұлғақтаса,
Аққұба ару жарқылдап жалын атты.

Жігіттер де жінікті естіп арттан,
Есі кетіп, елеуреп есіл аттан.
Бір көруге дәт қылмай тұра қуды,
Қайран жастық, құштарлық есік ашқан!

КЕПТЕЛІС
Кептеліс ұзын сонар сағаттаған,
Қашанғы келеңсізден тағат табам?!
Ол аздай құйды нөсер шелектеген,
Бұл сыйға кенелуде абат далам.

Көліктер бірін-бірі тықсырады,
«Жедел жәрдем» жол таппай ысқырады.
Көліктен түсті амалсыз қуығы бос,
Қарт кісі қолы кетпей ышқырдағы.

Қабағат аптап тұрды шыжғырардай,
Пендесін бір қауызға сыйғызардай.
Жас ана толғатады арсы-гүрсі,
Кіндігін тәксишіге қиғызардай.

Кешіксем шығарады жұмысымнан,
Көрмегем бұл сұмдықты тумысымнан.
Несие жұқартып жүр жан жүйемді,
Қайырды күте алмайсың туысыңнан.

Япыр-ау, бізге де әлем табынар ма?
Қалаға қабат жолдар салынар ма?!
Қамыты жемқорлықтың үстімде әлі,
Әйтпесе мендік арман қағынар ма?!

ЖЕРЛЕСІМЕ БАЗЫНА
Бәйшешек қаулап, боз жусан жапқан жер бетін,
Ғаламат шіркін, Ерентау, сенің келбетің!
Таңқурай, шие, долана тәтті, қарақат,
Екеуміз сонда туғамыз, Жеңіс, жерлесім.

Сол таудың екі емшегі құдды суалмас,
Сарылға ұйып шыңында ұлар шуламас.
Қорқыс пен Қызыл өзендер еді тербеткен,
Тентектік қылсақ анамдай бізді қузамас.

Қыстауы Камал, шоқысы анау Байқонақ,
Қонбады оған құдайы келген қай қонақ?!
Құдықсай қалды, мөп-мөлдір болған Тасбұлақ,
Құладық талай Керегетастан тайғанап.

Малшыға қоныс, қыраттан үркер арқарың,
Күнгейің құтты, сан жұмбақ сонда тарқарың.
Сағынсам кейде сені ойлап қоям сырласар,
Жасынан жүзген құнарлы жырдың шалқарын.

Бабалар өтті дүбірі жерді жарардай,
Дастан қып жазсам құмарым сонда қанардай.
Өтерміз біз де жаңғыртып ізін солардың,
Сорғалап көктен қырандай аңын алардай.

Ереннің сеңгір шыңына ерте талпындың,
Қатырып басты қиырға самғар талқының.
Туған жер десем, үзілер бүгін өмешек,
Сағыныш деген санаға ерген жалқымын.

Қалғандай, Жеңіс, сәлемің маған сараңдап,
Қалмаймын бірақ жырыңа сөнбес алаңдап.
Тетігін бұрап жүрмісің құмда мұнайдың?
Немесе ойлы шегендеп қалам табандап?

Айтарым, бауыр, бір үзік қана базына,
Жоқ нәлет мүлде бұйырған өмір жазына!
Жеткізем елге деп жүрмін таңды таңға ұрып,
Арқамда жүгім – салмағы ауыр қазына!

КЕМПІРҚОСАҚ
Найзағай көктің жүзін күркіретіп,
Қоңырқай жазғы бұлттар үркіп өтіп,
Құйса кеп Алла нұрын сіркіретіп,
Жолаушы жаяу қалған дір-дір етіп.

Туылып жатқаннан соң ғайыптан да,
Жаралған ғажап мінез айыққан ба?!
Аспанның ақырғаны керек бізге,
Беретін мол ырысын тарыққанда.

Секілді табиғаттың шаңырағы,
Кемпірқосақ жарқ етіп жамырады.
Таңырқасты жаз күнін сағынған жұрт,
Бүлкілдеп сезім қаны тамырдағы.

Қазақ сәби мәз болар баладайын,
Жаннат құшақ көңілі даладайын.
Келші тағы жарқылдап, кемпірқосақ,
Сені басқа қымбатқа баламайын!

КЕЛЕДІ КҮН ЕСІРКЕП
Келе жатыр күн шығып,
Көріп тұрмын,
Бар құдірет жүзінде көрік нұрдың.
Аймалаумен лезде өпті келіп,
Табиғат пен мен еккен өрік гүлін.
Апай төс те кеудесін тұрған ашып,
Шатқалдарда көлеңке нұрдан қашып.
Бар әлемді мейірге бөлемек боп,
Қараңғыны күн сұлу қуған асық.

Мың өлсек те тіріліп, арып-ашып,
Жалғыз күнмен келеміз шалқып-тасып.
Діңкелеуден күйеді қарауытып,
Талаураған жанарын қалғып-ашып.

Жүр құлаққа естіліп жағымды үндер,
Бар деп ғылым әлемде тағы күндер.
Рас болса, біздікі жалғыз емес,
Бірін-бірі табар ма тағып гүлдер?!
Күннен жарық беретін ай серігі,
Ұстағанын көрмедік қай жерігі?!
Өзі ұйықтаса, самсатар жұлдыздарын,
Таңырқатар сертіне сай берігі!

Жұмбақтарды шешпедік ашылмаған,
Тылсымына пенде жоқ бас ұрмаған.
Дос пен жауды келеді күн есіркеп,
Бірдей шашып сәулесін жасырмаған.

ҚАНҒА ТАРАП…
Құрмет қой шығарса төрлегенің,
Құлдырау – оңай,
Қиындау өрлегенің.
Өрнекшідей биікке өрмеледім,
Есімнен кетпес сонда шөлдегенім!

Тырнақ сынып, қанталап көбелерім,
Жанымнан ұшқандай боп көбелегім.
Альпинистей арқан жоқ, санда қамсау,
Үміт бұлдыр, атаққа кенелерім.

Қара термін,
Қалтырап буындарым,
Таңдайланған Сахара құмындамын.
Өзімді құбыжықтай сезінемін,
Диназавр ұмтылды,
Бұғынбадым.

Шайнап жатқан секілді тісі мені,
Арпалыстан миым да ісінеді.
Кісікиік етімді пысырады,
Тұлпарым да мені іздеп кісінеді.

Кеберсіген ернім де жібігендей,
Кім жалғады тірліктің жібін нендей?
Зәмзәм суын жұтқызып періште отыр,
Көзімді аштым,
Туым да тігілгендей.
Нем бар еді биік те?
Тірі қалдым,
Пірі екенсің деп жатыр ірі нардың!
Нұр жауғандай жүрекке жыр ұялап,
Қанға тарап жатқандай сыры нәрдің!
 

ПЕРІ ЖЫР
Пері жыр, соқшы мені ғашық қылып,
Жаныма дарытпастан пасық қылық!
Есейін шу асаудай ауыздықсыз,
Өзіңмен қосылуды асық біліп!

Пері жыр, шыныңды айтшы ақтарыла,
Сандалтпай тылсым, сырлы қатпарыңа!
Батайын түндеріңе жұмбақ шешіп,
Бөленіп шуағыңа бақ барында.

Пері жыр, қиынға сал, сына тағы,
Жүрегім соқсын саған жылағалы!
Адам мен ту табиғат бас шұлғысын,
Ұнатып тасқа біткен қынадағы.

Пері жыр, соқшы аямай, тасқындайын,
Сезімге сенен туған қас қылмайын!
Тартайын адырнасын қалт жібермей,
Жебесін ой түйрейтін тасқа ұрмайын!

Арқырат, өзеніңдей сарқылмайын,
Отыңнан жасындайын жарқылдайын!
Пері жыр, тұнық қиял бер тұғырлы,
Әлемдік ақындардан артылайын!

ӨЗІҢ БОЛАМ
Жаннаттай жасыл құшақ таңғалдырар,
Мен сенің жайлауыңмын ән салдырар.
Пейілің – дарқандығың армандайтын,
Сап-сары бал қымызың тамсандырар.

Мен шексіз аспаныңмын – көк зеңгірің,
Тәкаппар тауларыңмын – көк сеңгірің.
Шіліңгір аптабыңмын ми қайнатар,
Жайқалтар жаңбырыңмын, өнсе гүлің.

Жөңкіліп өткел бермес өзеніңмін,
Жарқылдар жасыныңмын, төзе білгін!
Төсіңді жапқан алау гүлдеріңмін,
Шырынын жұтқан ара өзегінің.

Қабағын түнгі ұйқыдан түрген ақ таң,
Мөп-мөлдір бұлағыңмын керден аққан.
Жер бетін малындырар ақ сәулеңмін,
Сыр тұнар түндеріңмін жұлдыз таққан.

Қарағай, қайсар емен, қайыңыңмын,
Қасқарып қарсы алатын қайғыны мың.
Ғарышқа құлаш жайған құсжолыңмын,
Шалқыған кит тулар айдыныңмын.

Тап-тарғыл құмдарыңмын, құба дала,
Қоңыр аң, сырласатын құла…

ТОСЫН
Бұлттар төнді жауарға буазыған,
Жаным менің жабырқап құлазыған.
Қиялымды қыдырған шақыра алмай,
Іздеп жүрмін сандала құба қырдан.

Еркелетсе самалын шақырып таң,
Рақат табар аптабым қапырықтан.
Сезім шалқып баурайды аяқ асты,
Ойыма үкі тағып тақырыптан.

Өмір заңы кімдерді илемеген?!
Бақсыз дәрмен не табар кимелеген?
Озбыр өтті талмастан өзектері,
Соңы қаран зомагер ел билеген!

Алса ерікті иектеп тоғышарлық,
Пәрмен берсін намысқа соғысарлық!
Азғындықтан жүре алман аяқ алып,
Рухың өшсе амал не болысарлық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір