«ДОҢЫЗДЫҢ ТЕРІСІ»
Ауылдағы керосин, тұз, басқа да кәкір-шүкір сатылатын шағын дүкен қашан ашылар екен деп, қысыр әңгімемен уақыт өлтіріп отырған екі-үш кісі, Болысбектің күрең биесі жегілген арбадан түсіп жатқан Есжан шалды көргенде:
–Ау, қария, ат-көлік аман-есен бе? Текелінің базарына барып, базарлы болып келесіз бе? – десіп, қалбалақтасып қалды. Алқа топты айналып өтіп кете алмай діңкесі құрыған Есжан шал, амалсыздан жаңағы сәлем бергіштердің сәлемін алып, қастарына келіп тізе бүгіп отыруға мәжбүр болды.
– Иә, бәрі де емен-есен, екі-үш мөшек жүгерінің дәнін апарып сатып едім, бәрі де өтіп кетті…
– Базардың нарқы қалай, бәнкісі қанша екен?
– Он бір бәнкісін бір сомнан саттым ғой…
– Қап, арзан сатқан екенсіз… Өткен жолы мына отырған Молдақұл сегіз-тоғыз бәнкісін бір сомнан сатып, қарық болған…
– Е, енді, базардың бағасы бірде былай, бірде олай деген емес пе…
– Рас-ау…
…Осы жерде мен сіздерге аздап анықтама бере кетейін. Осы әңгіменің оқиғасы өтіп жатқан күндері, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кәдімгі жүгері дақылының айбары аспандап тұрған заман болатын. Жер де, көк те, тау мен тастаққа, құмға да дала аруы – жүгері дақылы себілетін. Содан, собығынан аршып алынған жүгерінің дәнін базарға апарып, ауыл адамдары он бәнкісін (сыйымдылығы жарты литрлік шыны бәнкі) бір сомға сатып, отбасының қант-шай, одан да басқа керек-жарағын айыратын… Кейде, базарда жүгері дәнін сатқыштар көп болса, апарған тауарын өткізе алмай, кері алып қайтатын да жағдайлар болып жататын…
– Апарған дүниеңізді кері алып қайтпай, түгел сатқаныңыз жақсы болған екен…
–Томпиған тоқ қоржыныңызды көргенде, базарлық дәметіп… дегендей…
– Өй, не қылған базарлық дейсің… қант-шай, кәкір-шүкір… Өзім киейінші деп, бір керзі етік сатып алдым…
– О-о, құтты болсын!
– Игілігіңізге киіңіз…
– Қане, көрейінші… Пах-пах-пах! Мына етік кемінде бес жыл киіс беретін етік қой, қараңдаршы, тігісі қандай…
– Уай, деген! Табанына қарасаңшы, нағыз тасұлтан ғой мынау!
– Шегесі қандай, сары шегемен шегендеп тастаған ғой, табанын…
– Иә, сары шеге дегенің, тот басып, шіріп түсіп қалатын темір шеге емес, біле-білсеңдер…
– Былғарысын айтсаңшы, нағыз әписер киетін етіктің былғарысы ғой!
– Ірбіттен жасалып шыққан дүние екені көрініп тұр, не деген керемет!
«Ірбіт» дегеннің не екенін түсіндіре кетейін, Ресей мемлекетінің Орал таулы аймағында 19-ғасырдың аяғында, 20-ғасырдың басында өндірісі өркендеген «Ирбит» атты қала болған. Сол, Ирбит қаласынан шыққан бұйымдардың (тауардың) сапасы өте жоғары саналатын.
– Қария, бұны енді, жақсылап тұрып жумасаңыз обал болады…
– Иә, иә, жуу керек, әне, Нұрәділ де дүкенін ашайын деп жатыр…
Мақтағанды, мақтанғанды кім жек көрсін. Осыншама мадақ сөздерге жүрегі елжіреген Есжан шал, ышқырына тығып, түйіп қойған шүберегінің орауын жазып, құны үш сомдық көк қағазды бері қарай енді бөліп ала берейін дегенінде, осы ауылға күйеу болғандықтан, кім көрінгенмен қылжақтасып, әзілдесіп ойнай беретін Молдақұл етікті қолына алып ары төңкеріп, бері төңкеріп, шұқшия қарап:
– Қайнаға, етігіңіздің былғарысы теңбіл-теңбіл екен, доңыздың терісінен тігілген-ау деймін! – деді, бүйректен сирақ шығарып. Сол-ақ екен, елдің көзіне түсіп көзайым болып қалған үш сомдық қағаз ақша қайтадан ышқырға сүңгіп жоқ болды да:
– А?! Не дейт?! – деп, әлденеден шошынған, жиіркенген кейіппен Есжан қария керзі етікті ауыл дүкенінің сатушысы Нұрәділге қарай лақтырып жіберіп: – Әй, мына етікті біреуге сатып, ақшасын маған қайтарып бер, білдің бе! – деді де, қоржынын иығына салған күйі үйіне қарай адымдай басып жүріп кетті. Қапелемде не болғанын түсінбей, ауыздары аңқия ашық қалған Нұрбай мен Байбол:
– Үйің күйгір-ау, доңыздың терісінде нең бар еді, ішейік деп отырған тегін нәпақадан қақтың ғой аузымызды! – деп, Молдақұлды жерден алып, жерге салып, әбден күйіп-пісті.
МАХАББАТ ОТЫНА ӨРТЕНГЕНДЕ…
– «Қыз айттырдық» дегеннен шығады-ау, – деді иегінің ұшында үш-төрт тал сақалы бар, қызыл көзі үнемі сулана беретін сары шал, өз-өзінен қутыңдап… Есіктің шыға берісінде кәлөшін мықшыңдап кие алмай, ырс-ырс ете жер тепкілеп жатқан, кәлөшін киіп алса да, мына қараңғы далаға бірінші болып шыға келуге жүрексіне сәл аялдап қалған, кәлөш киюге кезекке тұрған шалдардың бәрі селт етісіп, тағы да бір тың әңгіменің ұштығы шыққанына қуанғандай-ақ, қалт тұра қалысты.
– Әлгі, ақ қоянның жұты болатын жылдың қысында ғой деймін, ұмытпасам…
– Ақ қоянның жұты, Стәлін өлетін жылдың алдындағы қыс қой?!
– Иә, сол жылдары… Қыс қатты болды ғой. Қар қалың. Үскірік аяз бет қаратпайды. Сондай боранды күндердің бірінде… Әй, Боқаштың Тұрарбайын білесіңдер ғой? Білсеңдер, сол Тұрарбайға әйел іздеп, Кемеращыға қарай құлқынсәріден салт атпен шығып кеттік. Қарсы алдымыздан соққан жел «а» деген даусыңды естіртпей, сөзіңді айдалаға жұлып әкетеді. Кішкене жылынып алайықшы деп, жынды судан аздап-аздап ұрттап алғанбыз. Жуандығын ортан қолдай ғып, кәзитке орап алған махоркемізді түтінін бұрқырата тартып келеміз. Қойшы, әйтеуір, Тұрарбайдың болашақ қайын енесінің үйіне:
«Құдайы қонақпыз!» – деп, кіріп бардық. Шалы соғыстан оралмаған екен. Жесір қатын, жетім қыз дегендей…
«Келіңіздер, төрлетіңіздер!» – деп, қалбалақтап қалды байғұстар. Аязбен барбия ісінген саусақтарым икемге көнбей, тымағымның шиеленісіп қалған бауын шешіп болғанымша сүт пісірім уақыт өтті-ау деймін… Бір кезде, қыздың шешесі «баж» ете қалды: «Әй, қыз-ау, бірдеңенің күйік иісі шығады ғой, көрпе-жастығың өртеніп жатқаннан аман ба?» – деп…
Қойшы, әйтеуір, тымағымның бауын шешіп болып, енді, қой терісінен тігілген тонымның белбеуін ағытып, шешіне бергенім сол еді, кеуде тұсымнан көк түтін «бұрқ» ете қалды. Киімімді қолына алып, ілгішке ілуге дайын тұрған қыздың шешесі: «Астапырр»-дан арғысын айта алмай, ауызы аңырая қыйсайған қалпы, екі көзі алақтай шалқасынан түсті. Біз айттыра барған қыз шыңғырып жіберіп, қоржын тамның қарсы бөлмесіне қойды да кетті… Тұрарбай маған қарағанда жасырақ қой, лып ете, тез қимылдап, шелектегі суды «быж» еткізе кеудеме қарай шашып жібергені, мұндай әбүйір болар ма… Сөйтсек, махоркенің шоғы желге қарсы жүріп келе жатқанымызда, тонымның жағасынан ішіме түсіп кетіпті де, қойдың жүнін сырып тартқан жылы күпім бықсып жана беріпті, жана беріпті. Бәсе, қыздың үйіне кіре бергенімде, кеуде тұсым «шыым» ете, күйіп бара жатқандай болып еді… «Онысы несі, бұл үйдің қызын алатын мен емес, Тұрарбай еді ғой, кеудем неге ысып бара жатыр, әлде суық тиіп, ауырайын деп тұрмын ба?» – деп ойлағамын да қойғанмын. Қайдан білейін, кеудемді махаббат оты емес, махоркенің шоғы өртеп бара жатқанын…
– Ой, бөсесің-ау, сен де…
– Ха-ха-ха…
– Пісмілла! Жарықтық, айдың көзі қораланып тұр ма, қалай өзі…
– Мені қолымнан жетектей кет, маған қарағанда сенің көзің әлі тың ғой… Шәрипа кемпірдің есігінің алдына дейін жеткізсең болды, ары қарай сипалап жүріп, жолды өзім де тауып аламын ғой…
– Мәке, байқаңыз, бағана құдық басында мұртын едірейтіп Байбол ақсақал Шәрипаның шәлісінің ұшынан ұстап алып, жібермей тұрған.
– Ө-өй, сен де… Қылжағың қалмайды екен…
Қыдыр Байдүйсенов