Команда
26.08.2025
342
0

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

– Екі алақаным қышып,
Өз-өзінен ысып,
Есіме бір жағдайлар түсіп,
«Команда» деген
Сықақ жазғым келеді.
Команда!
Қалай естіледі?
– Жақсы.
Ал, ендеше,
Сықағыңды жазып бақшы.
– Жазсам,
Бұл «Қайрат» емес,
Футболдан біз білетін.
КВН да емес,
Сан команда
Әзіл айтып, біз күлетін.
Әкімдер командасы,
Әкімдер!..
Басшысы қайда барса,
Соңынан бірге жүретін.
Команда!
Ойнамайды олар алаңда,
Кабинеттерде ойқастайды,
Жаман ба?!.
Осындай бір дерт таптық,
Мына жылмаң заманда…

Зауыт

Кеше:
Жарқыратып ашып жатты,
Біреулер шашу шашып жатты.
Әкім келіп сөйледі:
– Бұл зауыт па, дөй, – деді.
Өніміне әлден өшірет,
Үлгермесек, кешірет.
Айтып-айтпай не керек,
Сол күні бұл зауыттың
Құрметіне әдемі,
Естен кетпес вешір ед(і).
Бүгін:
Арада тек көктем,
Зауытың тұр көптен.
Сәл бейнелеп айтсақ,
Бір жамбасқа шөккен.
Әкім кеткен ауысып,
Тауысарын тауысып.
Жүр дейді барған жағына,
Дәл осындай жосықпен,
Жаңа зауыт салысып.
***
Істей ме, әлде тұра ма,
Тсс-с-с, сұрама оны, сұрама…

Мода

Қолында сол газеті,
Шай ішіп те
Көз алмайтын әдеті.
Кенет жерден
Жеті қоян тапқандай,
Сөзінің мынау әлеті:
– О, о, Бәшім де
Академик болыпты.
Біздің ғылым
Бір мықтымен толықты…
– Е, болсын,
Басқалар болып жатқанда,
Оған болмай не қыпты?!
– Жоқ, академиктің
Көптігін айтамын да,
Әлде, Алматыға барып,
Мен де
Академик болып,
Қайтамын ба?!
– Иә, сөйт,
Ғалым деген атағың бар,
Құр жатпай,
Академик атанып ал…
Осылай бұл үйде,
Аздап полемика:
Күйеуі Қазақстанда
Академик көп дейді.
Әйелі сен де
Соған өт дейді.
Кім білсін,
Тілектестік, ниеттестік,
Жақсы шығар ол да.
Бірақ
Осы біздің елде,
Көбіне сан қуу
Болып кеткендей ме,
Мода…

Шошыну

– Сәтөк,
Әлгі біздің
Болашақ келіннің
Тырнағы – ұзын,
Түсі – ақ.
– Лак де оны, лак!
– Кірпігі майысқан,
Мынадай.
Екі көзі жанып тұр,
Шырадай.
Көйлегі тізеден
Жоғары, тар.
Жасы дейсің бе,
Бір отызда бар.
Шашын
Сап-сары ғып,
Бояп тастаған.
– Мәссаған!
Басы үшкір
Біз туфлимен жүреді.
Білмеймін өзі,
Қазақша түсінбей ме,
Бірнәрсе айтсаң күледі…
– Е, е, солай ғой,
Құдай біледі…
***
Иә, шал мен кемпір,
Осылай,
Мына жағдайдан
Шошып отыр.
Қысқасы,
Үйге келінді емес,
Модницаны
Тосып отыр…

Иттің тістеуі

Өзі қолынан,
Нан беріп еді,
Үйшігіне есеп жоқ,
Сан келіп еді.
Сол ит мұны,
Тістеп алды.
Не істесін?!
Аяғын ауырсынып,
Ұстай қалды.
Дегенмен,
Кінәсін әлгі ит
Түсінді ме,
Мұның алдында
Құйрығын бұлғаңдатты,
Ырғаңдатты,
Ұзынынан жатты.
Басын бір түсіріп,
Бір көтеріп,
Уайымға салынғандай,
Күй кешті қатты.
Мына ағаттығын,
Мойындап,
Күйзелген итіне
Қарап тұрып,
Қосай да
Бір ойға батты.
Анада түк кінәсі жоқ
Мұны,
Қиқым да осылай,
Ренжіткен.
Жанын жаралап,
Ауыр сөзбен
Түйреп өткен.
Сол Қиқымға да
Талай
Жасап еді-ау,
Жақсылық.
Төрге де отырғызған,
Бас қылып.
Бірақ мен солай,
Көңілін қалдырдым-ау деп,
Шіркінің,
Кейін селт етпеген.
Кім білсін,
Адамнан кейде,
Дұрыстау ма өзі,
Ит деген…

Уәде

Тәйтік Көріктің үйінде қонақта:
– Иә, бала өсіремін!..
Тәйтік Өріктің үйінде қонақта:
– Иә, бала өсіремін!..
Тәйтік Бөріктің үйінде қонақта:
– Иә, бала өсіремін!..
Содан бері үшеуі де,
Осы уәдені тосып жүр.
Ал Тәйтік бұл жаман әдетін,
Басқа үйлерде де бөсіп жүр…

Депрессия

– Ассалаумағалейкум, дос,
Депрессияда жүрмін…
– Өй, не болды, Күлгін?!.
– Бәріне әлгі сапарым
Кінәлі.
Өмірімде бір
Шет елге шығып едім,
Жұрт айтқан
Эмиратың сондай ұнады.
Тап бір тұрғандай,
Көкті сүйіп,
Үйлері қандай биік!
Теңізі де ғажап,
Шалқалап та малтыдым,
Жұмақта жүргендей
Яхтасында да шалқыдым.
Білесің бе,
Дүкеніне кірсең,
Шай, кофе береді екен.
Асты-үстіңе түсіп,
Сыйлап,
Сені Құдайындай
Көреді екен.
Жуа ма, сорып ала ма,
Көшесінде бір шаң жоқ.
Келгеніме, міне, он күн,
Әлі жүрмін таң боп.
Қысқасы, депрессиядамын,
Әлгі турагенттіктің
күйгелі тұрған
Путевкасымен,
Әйелімнің мықты басымен,
Тағы барғым келіп,
Таусылғалы жүр
Шыдамым…
– Сонда депрессия деген
Немене?..
– Өй, мына біздің жаққа,
Нервің өзі көне ме?!
Екі елді салыстырып,
Анаған да қараймын,
Мынаған да қараймын.
Тақа тірлікті,
Көріп тұрғам жоқ,
Эмиратыңа тақайтын.
Арабта да мұнай,
Қазақта да мұнай,
Бірақ оларға беріп тұр,
Беретінін Құдай!
Бар байлығы – халыққа,
Ал бізде ел
Отыз жылда бір жарып па?!.
Тек білетініміз той…
– Өй, өй, Күлгін қой,
Осы арада тоқта,
Басқа ел саған бақ па?!
Одан-дағы уәде көп,
Қазағыңды мақта…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір