Болат РЫСҚАЛИЕВ, «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінің директоры: «ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ»
Халықтың өмірдегі, тұрмыстағы сұранысын өтеуде жұмысшы мамандардың маңдай тері жатыр. Негізгі тыныс-тіршілігіміз осы маман иелерімен тығыз байланысты. «Жұмысшы мамандықтар жылының» аясында Елорданың жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі – «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінде пресс-тур өтіп, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берілді. IT, мехатроника, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және құрылыс технологиялары бағытында жаңа буын мамандарын даярлаудағы үздік тәжірибесін көрсетіп келе жатқан колледж директоры Болат Құлмұханұлына біз де бірнеше сұрағымызды жолдадық.
– Болат Құлмұханұлы, жалпы, техникалық мамандық дегеніміз не? Олардың ерекшелігі қандай?
– Техникалық мамандықтар деп еліміздегі өндірістік, көлік, құрылыс, энергетика, ақпараттық технологиялар, автоматтандыру, электроника және машина жасау сынды салалармен тікелей байланысты мамандықтарды айтамыз. Бұл бағытта екі деңгейдегі кадрлар дайындалады:
Жұмысшы мамандықтар – дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы секілді нақты құралмен жұмыс істейтін мамандар;
Орта буын техникалық мамандар – мысалы, техник-механик, техник-құрылысшы, техник-байланысшы секілді жобалайтын, ұйымдастыратын қызметкерлер.
Аталған мамандықтар техникалық және кәсіптік білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына сәйкес бекітілген. Бұл бағыттағы мамандықтардың ерекшелігі сонда, мемлекеттің негізгі қозғаушы күштері десем болады. Өйткені әлеуметтің әр қажеттілігін, күнделікті тұтынатын тағамдардан бастап, жайлы өмір сүруге негіздейтін тетіктердің барлығында жұмысшы мамандардың еңбегі бар.
– 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осы бастаманың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз?
– Бұл – өте маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім. Себебі еліміздегі индустриялық-инновациялық даму білікті кадрларға тікелей байланысты. «Жұмысшы мамандар жылы» техникалық және кәсіптік білім берудің қадірін айшықтауға, ата-аналар мен жастардың көзқарасын өзгертуге жол ашты. Көпшілік техникалық мамандықтардың нағыз болашақтың мамандықтары екенін, қай уақытта да өзектілігін жоймайтынын ұғынды.
– Барлық техникалық мамандықтар жұмысшы мамандығына жата ма?
– Жоқ. Техникалық мамандықтардың барлығы бірдей жұмысшы мамандығы бола бермейді. Жұмысшы – өндірісте қолмен, құралмен жұмыс істейтін маман. Ал техникалық маман – жобалайтын, технологияны басқаратын, қадағалайтын кадр. Екеуінің айырмашылығы бар, бірақ екеуі де –экономиканың қозғаушы күші.
– Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға қызығушылық қай деңгейде? Қай салалар сұранысқа ие?
– 2025 жылғы қабылдау науқаны басталғалы техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта келіп түскен өтінімдердің шамамен 70 пайызы техникалық бағыттағы мамандықтарға тиесілі. Солардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар:
«Бағдарламалық қамтамасыз ету» – 1 орынға 5 өтініштен; «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» – 1 орынға 8 өтініштен; «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мен «Газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау» – 1 орынға 4 өтініштен; «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» – 1 орынға 3 өтініштен түсіп тұр.
2024 жылы колледжімізге 720 талапкер қабылданды. Бұл бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді.

– Жастар мен ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақтар қандай? Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуы туралы не айта аласыз?
– Талапкерлер мен ата-аналар тарапынан «Бұл мамандықпен қай жерде жұмыс істей аламын?», «Жалақы мөлшері қандай?», «Оқу барысында қауіпсіздік сақтала ма?», «Мемлекеттік грант бар ма?», «Шетелде оқуға немесе жұмыс істеуге мүмкіндік бола ма?» деген сұрақтар жиі қойылады. Колледжімізді тамамдаған түлектердің жедел түрде жұмыс тауып алатынына, біздің оқу орнымыздан шыққан мамандарға сұраныстың жоғары екенін уақыттың өзі дәлелдеуде. Биылғы оқу жылын аяқтап жатқан студенттерімізге жұмыс берушілерден жұмысқа қабылдау туралы шақырылымдардың көптеп келгенін нақты көрсеткіштермен айта аламын. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы, техник-механик біліктілігі бойынша 3 студент «Hyundai Premium Astana» компаниясына жұмысқа қабылданса, тағы үш студентіміз «Autolаndке» қызметке орналасты. Жалақыларының мөлшері орта есеппен 300 – 450 мыңның арасында.
2024 жылы колледжді 1 мың түлек, ал 2025 жылы 540 түлек тамамдады. Жұмысқа орналасу көрсеткіші – 78 %. Бұл – жақсы көрсеткіш.
– Колледждің материалдық-техникалық базасы қандай?
– Біз заман талабына сай жабдықталған құзыреттілік орталықтарын дамытудамыз. Колледжімізде CISCO, RedHat Academy, TP LINK, FESTO, Knauf, Технониколь, GROHE, ALINA, CERTIPORT, 1С секілді халықаралық брендтермен бірлескен оқу және зертханалық орталықтар бар. Бұл орталықтарда тәжірибе жинақтаған студенттер халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болады.
Кеше ғана CERTIPORT сертификаттау орталығынан колледжіміздің 4 студенті халықаралық сертификаттаудан сәтті өтті. Ол дегеніміз – АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Аустралия – барлығы 152 елде жарамды деп танылатын сертификаттар, яғни біздің студентеріміз үшін әлемдік еңбек нарығының да даңғыл жолы ашық деп сенімді түрде айта аламыз. Студенттеріміз болашақта осы елдердің қай-қайсысына да барып жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық, халықаралық серіктестік және WorldSkills Kazakhstan алаңдары арқылы шетелдік оқу орындарымен де, ұйымдармен де тығыз байланыс орнатылған.
– Дуалды оқыту қалай жүзеге асырылуда?
– Дуалды оқыту – басты бағыттарымыздың бірі. 2024 – 2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 55 пайызды құрады, ал келесі оқу жылында 65 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Студенттеріміз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы эксперименттік жобасы арқылы кәсіби тәжірибеден өтіп, жұмыс берушілердің оң пікірлерін алып жатыр.
Астана Инвест арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін 100-ден аса кәсіпорындармен, сонымен қоса «Қазақтелеком» АҚ, FREEDOM Telecom, KAZTELESYSTEM, IMBC, AUTOLAND, MEGA Motors Astana, Aster Auto Astana, Hyundai Premium Astana, BI-group, BAZIS-A, Сат-НС, Модекс және басқа да мекемелермен серіктестік байланыстамыз.
Біз колледжде еңбек нарығының сұранысын үнемі қадағалап, тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Атап айтқанда, Астана қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта орналасқан №1 Индустриялық парктің құрамындағы 130-дан астам кәсіпорынның инженерлік кадрларға деген қажеттілігіне талдау жасап, ең қажетті мамандықтар тізбесін айқындадық. Олардың қатарында дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер, мехатроника мамандары, электромонтерлер, бағдарламашылар, механиктер және құрылысшы-сметчиктер бар. Бұл деректер біздің оқу бағдарламаларымызды еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
– Қорытындылай келе, жастарға не айтар едіңіз?
– Бүгінгі күні техникалық және жұмысшы мамандықтарға нақты сұраныс бар. Техникалық мамандық – бұл тұрақтылық, табыс және болашақ кепілі. «ASTANA POLYTECHNIC» жастарға сапалы білім беріп, сенімді болашаққа жол ашады.
– Жұмыстарыңызға сәттілік!
Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА