Жұлдыздармен сырласқан
28.07.2025
567
1

Жанайым Ауғанбай – әдебиеттегі тың есім. Ол – шетелден оралған қандасымыз. Қазақы топырақта көктеп өскен тұғырлы ана тілімізді, ұлттық мінезімізді, әйелге тән қадір-қасиетімізді, махаббат-мейірімімізді шашауын шығармай тал бойында сақтап, атамекен елімізге сағынып жеткен, киелі ұямыз – қасиетті қара шаңырақты аңсап оралған қазақ қызы. Өмірінің мағынасын өнерге теліген, жоғын жырдан іздеген ару.

Ол – Қытай телеарнасының бас дикторы бола жүріп, көмейіндегі әуезді әнді сызылта шырқап, туған еліне деген сүйіспеншілігін көңілінің түкпірінде аялап, жүрегінде сақтап, өз еліне, қасиетті топырақ – атамекеніне құстай ұшып жеткен өнер саңлағы.
Жалпы, «шет елдік қандастарымыздың бізден ерекшелігі қандай?» деген сауалға оралсақ, тіл тазалығын берік ұстанып, ұлттық салт-дәстүрімізге қылау түсірмей, қазақы мінез-құлқымызды өз қалыбында ұстап келген жаз көңіл, жайлау мінез жандарға тәнті боларымыз анық. Олардың бойында шынайылық, тереңдік, тектілік, нәзік әсершілдік, қазақы эмоция берік сақталған. Әрбір сөздің астарына терең мән беріп, мазмұнына үңілген, айтар ойын кестелі сөзбен жеткізіп, айшықты мазмұндауға тырысқан, парасат-пайымды жоғары бағалап, адамгершілік негізді басты нысана етіп алған қандастарымыздың жөні, әрине, бір бөлек. Осы қасиеттердің бәрі бір Жанайымның бойында бар десек, қателеспейміз.
Шет елдік қандастарымыздың ішінен өлең жазатын сыршыл ақын-қыздар әйелге тән нәзіктік, сыршылдық, ұяңдық пен әдеп, қазақы парасат, ұлттық пайым секілді асыл қасиеттерді өздерімен бірге ала келіп, қазақ әйелінің жаңа да биік образын әлемге паш етті. Олар ана махаббатын, таза сүйіспеншілікті, ақыл парасат пен адалдық туын көтеріп, кеңістік әлемін өздеріне жалт қаратты.
Жанайым Ауғанбай – солардың бірегейі. Бірнеше жыр кітабын жарыққа шығарып, Марфуға Айтхожина секілді апайынан бата алып, ақын сіңіліміз жыр айдынына бет түзепті.
«Жұлдыздар сөйлеген түн». Қаламгердің өткен жылы «Балауса» баспасынан жарық көрген жыр жинағы осылай аталады. Жалпы әрбір пенде, әсіресе қаламгерлер қауымы аспан әлеміне құмар. Себебі ол – жұмбақ та тылсым, қол жеткісіз биік әлем. Әрбір өнер иесі белгісіз, құпия, тылсым сырға толы көктегі жаратылысқа ұмтылып, оның сырына үңілгісі келеді. Толықсып туған ай, жарығын шашқан жұлдыздар шоғыры, тылсым көк, бұлтсыз көгілдір аспан, жарқыраған күн сәулесі – бұлардың бәрі биіктікке, тазалыққа қол созған адам жанымен егіз дүниелер. Ол жақта жаратылыс күші және рухы бар.
Пенде баласының жаны да, арманы да биік. Ендеше, неге биіктікке қол созбасқа?!

Сол аймақта менің құным бар,
Сол аймақта менің гүлім бар.
О, сонда ғажап сырым бар,
О, сонда азап, мұңым бар.

Тілдесем кейде жұлдызбен,
Мен өзім айдан жаралғам.
Ай болсам егер күндіз мен,
Түнде оның нұры таралған.

Теңізге ғашық жүрегім
Кеудемде жатып бұлқынған.
Мен өзім де бір түн едім,
Тани алмайсың сыртымнан,– деп Жанайым өзінің жан тербелісін аспан болмысымен суреттейді. Иә, әрбір адам тылсым, ол табиғат құпиясымен пара-пар құбылысқа ие.
Елге оралған аз ғана уақыт ішінде Жанайым Ауғанбай тынымсыз еңбегімен танымалдылыққа ие болды. Оның қаламынан шыққан «Жанның жазбалары» атты шағын кітабы ой түйіндеріне, өмір сабағына, философиялық толғамдарға негізделген. Автор алақандай кітапта үлкен ой айтуға ұмтылып, өз оқырманын жақсылық пен ізгілікке, отбасылық қарым-қатынастың құндылығын пайымдауға, күнделікті өмірдің әр сәтін бағалауға, адамгершілікке шақырады. Содан да болар, аз да болса саз жазбаларымен өз оқырманын тауып, жүрек түкпірінен шыққан шынайы дүниелері сұранысқа ие бола бастады.
Өз ұстанымы, өнердегі із-өрнегі бар, ішкі мәдениеті қалыптасқан, ізденіс жолдарынан табаны таймаған, ізетті мінезге ие Жанайым Ауғанбай көптеген әдеби-мәдени шараға мұрындық болып, демеушілік көмек көрсетті. Жақсы істің жанынан табылып, азаматтық бейнесін танытты. Әуезді әндердің авторы ретінде сахна төрінен шырқалған ән мәтіндерінің авторы да – өзі. Көрнекті ақын Бауыржан Жақып рухани қарындасын: «Шынайы жүрекпен жазады», – деп бағаласа, тағы бір жыр дүлділі Несіпбек Айтов ағамыз: «Қазақ поэзиясына үкілеген ақ бота өз үлгісімен, өзіндік қолтаңбасымен қосылған екен. Бұндағы нәзіктік – қазақтың ибалы келінінің нәзіктігі. Жанның тазалығы Жанайым поэзиясынан басталып тұрған секілді», – деп ақ батасын беріпті. Сондай-ақ аға буын өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Марфуға Айтхожина апайы: «Жанайымның қаламынан ақын сезімінің шынайылығы, жүрегінің адалдығы, сөзінің өткірлігі байқалады. Оның өлеңдерінің арқауы адал махаббат, іңкәр сезім, достық пен сүйіспеншілік, адамның асыл сезімдері», – дей келе, қазақ поэзиясының салқар көшіндегі ақын сіңілсінің қадамына сәттілік тілепті. Дуалы ауызды сөз кемеңгерлерінен өнер қуатын жинаған қаламгер бар күшін сарқи жұмсап, поэзияның жұмбақ әлеміне тереңдей түсуді мақсат тұтқаны анық.
Ой өрнегінен кесте тігіп, жібек матаға маржан тізген нәзік әйел жаны әлемді аналық махаббатпен, жарға деген мөлдір сезім, кіршіксіз адалдығымен әлемге өзіндік үнмен өрнек салғысы келеді. Қарапайым жыр жолдарымен пенде баласын қанағатқа, мейірімге, кешірімшілдікке, жан тазалығына шақырады. «Ақ орамал» кітабында қазақ әйелінің басындағы ақ жаулықтың шаңырақ шаттығы, отбасы құндылығын паш ететін парасат белгісі екенін терең ұғындырып, перзент сүю, бала тәрбиелеу бақытын әйел қауымына үлгі ете отырып, оны өзіндік үнмен, жарасымды пайыммен жырлайды.
Әрбір адам баласының жүрек түкпірінде өзіндік жазба бар. Кім-кімнің де өзіне тән айшықты өмір, тағдыр жолы бар. Жасынан анасыз өсіп, жетімдіктің тауқыметін тартқан қалам иесінің жанындағы жазулары өшпепті. Таусылмайтын сағыныш өрнегі, сәулелі мұң арудың қолына қалам ұстатқан. Қызылды-жасылды сан құрақтан сұлулық жасау, қоршаған әлемді, маңайын көркемдеу Жанайымға ғана тән мақсат болса керек. «Әлемнен іздеген тыныштықты өз жүрегімнен тапқанда барып, жаным тынышталды», – деп өзі айтқандай, мейірім шуағын таратқан дүниеден өз керегін іздеген және тапқан да сыңайлы.

Мен шаршасам шындықты айтып шаршаймын,
Мен жыласам ақиқатты аңсаймын.
Адам түгіл бұл жүрегім сыздайды,
Жалғыз талға нұры түспей қалса айдың.

…Шындық менің бақытым да, қазынам,
Бір сәтім жоқ оны айтудан қажыған.
Мен әлемнің маңдайына жазылсам,
«Шындық» деген жазу болып жазылам,–
деп жырлағаны да сондықтан болар. Оның үстіне бота көзі мөлдіреген ару сіңіліміздің өзіне ұқсаған шынайы да, мөлдір сезімдеріне сенбеске амалымыз да қалмағандай. «Өлеңге әркімнің де бар таласы, бірақ та олардың бар таңдамасы» деп хәкім Абай айтқандай, жыр әлеміне құлаш ұрған, жұлдыздармен сырласқан ару ақынның қадамына сәт-сапар тілейміз!

Шәмшия ЖҰБАТОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.07.2025 | 00:31

Астроном ба деп қалсам ақын екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір