Сахнамен сырласқан 25 жыл

Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Түркі әлемінің үздік педагогі» медалінің иегері, құрметті өнер жанашыры Шаһаризада Сапарованың өнер жолында жүргеніне 25 жыл толды. Атаулы мерейтой аясында, өзі ұстаздық ететін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Ән өлке» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті.
Шаһаризада Сапарова – еліміздің халық артистері Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы халықаралық әншілер конкурсының 1-орын иегері, Жас опера орындаушылары конкурсының, «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің дипломанты. Өнер мен білім жолында талай шәкіртке жол нұсқап, қос саланы қатар алып жүрген тәжірибелі ұстаз.
Кеш барысында өнер иесінің шығармашылық жолындағы айшықты сәттер еске алынып, «Ән өлке» кітабының мәні мен мазмұны кеңінен таныстырылды. Бұл еңбек – тек ән өнеріне арналған дүние ғана емес, ұстаздықтың биік өнегесі мен руханият әлемінің шынайы айнасы іспетті.
Шараға арнайы келген Шаһаризада Әмірқызының өнердегі жетекшісі, ардақты ұстазы Мақсұт Оразұлы алғы сөзінде: «Бүгінгі тұсаукесер жай әндердің жинағы емес, бұл өте мәнді, мағыналы шығармалар және оның вокалдық өнерге қосқан үлкен көмегі болады. Өйткені методика бар. Қалай және нені орындау керек, ондағы техникалық ерекшеліктер, соның бәрі осы кітаптың ішінен табылады. Сонысымен маңызды»,– деді.
Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның оқу және оқу әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Ергөбек Шыңғыс Құлбекұлы жылы лебізін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
Шараға әншінің ұстаздары, еліміздің әр өңірінен келген шәкірттері, туыстары мен төл өнердегі және ұстаздық қызметтегі әріптестері қатысты.
Гүлайым ЖҰМАШ