Әлі де күмбірлейді сол қоңырау…
24.07.2025
684
3

Заманбек ӘБДЕШЕВ

Толғау

Толғансам, туған өлке, даланы айтам,
Ойнақтап өскен сай мен саланы айтам.
Өзіңе сағынышпен келем тағы,
Ассалаумағалейкум, қала Зайсан!

Қалды артта қаншама жол, қолат-қырат,
Бұлдырап жеткізбейді қалам бірақ.
Тұсыңнан өтіп барам, Жайсаң көлім,
Ассалаумағалейкум, Қарабұлақ!

Саржыра, Жарсу, Кеңсай ауылдарым,
Бақасу, сонша өзіңді сағынғаным.
Аман ба, Көгедай мен Айнабұлақ,
Ыстықсың жүрегіме сенің бәрің.

Дайырым, Қараталым, Сартерегім,
Туған жер, қандай сұлу, көркем едің?!
Балауса шалғыныңа аунап-қунап,
Келеді жас сәбидей еркелегім!

Жамбылым, Қуанышым, Ақаралым,
Бағалы әр бұтаң мен қарағаның.
Армысың, Көкжыра мен Біржан ауыл,
Аман ба, атай-әжей, ағаларым?!

Шілікті, Тасбастау мен Жалшилерім,
Шүршітсу, Жаңатұрмыс, Саршилерім.
Есімде осы өлкеден білім алып,
Қиғаш қас, ай дидарлы жар сүйгенім.

Аман ба, туыс-жолдас, құрдастарым,
Ежелден тағдыры ортақ сырлас жаным.
Бөлейік әсем әнге бүгінгі күн,
Зайсанның жұлдыз жапқан түнгі аспанын.

Қауыштық, көрдік аман тағы елімді,
Қабыл ал сағынышты сәлемімді.
Қабыл ал, туған жерім, шын жүректен,
Арнаған осы толғау өлеңімді.

Зайсаным – ордасы ғой ұлы өнердің,
Отаны небір дүлдүл – Құлагердің.
Ғажап жер көп болғанмен, тек өзіңе
Келеді аттың басын бұра бергім.

Дүниеден өткен жерлес – талай дарын,
Қарты бар қырау басқан самайларын.
Өнерлі қаншама өрен жас кетіпті,
Марқұм боп қадірлі апай-ағайларым.

Салтымен, о ағайын, бұрынғының,
Соларды еске алайық бүгінгі күн.
Жүргендей қазір бірге өздерімен,
Ашайық сахнаның шымылдығын.

Халайық, көңілің кең, жаның ізгі,
Түгендеп жоғымыз-барымызды,
Қамшының сабындай бұл қысқа өмірде
Сыйлайық, құрметтейік бәрімізді.

Иманы жолдас болсын өткендердің,
Солмасын қызыл гүлі көк белдердің.
Шалқысын Зайсан даңқы алау болып,
Мәңгілік арасында Көк пен Жердің!

***
Ей, Өмір, сенің әкең Икеп деген,
Жан еді бастан құрмет-сый кетпеген.
Денеге сызат түспей аман келді,
Бес жылғы жауған оқтан түйдектеген.

Қапсағай батыр тұлға, қыран қабақ,
Талайлар бой түзейтін бұған қарап.
Мың тарау сын сағатта қайыспады,
Арқаға батпан-батпан жүк арқалап.

Жектіріп қос құла айғыр шанасына,
Зырлайтын сонау Зайсан қаласына.
Сипайтын кіші көрсе маңдайынан,
Үлкеннің жармаспайтын жағасына.

Ширатып қара мұртын бабыменен,
Киетін киімін де сәніменен.
Кісіні жақын келген дос тұтатын,
Жақсының сыйласатын бәріменен.

Өр қалпын заманына сай ұстады,
Сардардай қанды майдан, сайыстағы.
Көрсе де бұл ғұмырда сан тауқымет,
Сынбады біріне де, майыспады.

Өзіне серілік те жарасатын,
Ден қойса болар еді-ау тамаша ақын.
Түсіріп көрген емес өр еңсесін,
Жоғалтып алған емес парасатын.

Кісі еді ортасына ол бір көсем,
Жарасар ер десең де, есіл десең.
… Әр ұлдың шын парызы сол емес пе
Әкенің жаққан отын өшірмесең!

***
Әлі де күмбірлейді сол қоңырау,
Көз тіксем біздер өткен жолға мынау.
Селдіреп қалғаның ба ішінде өскен,
Қайран ел, менің қара орманым-ау?!

Алдынан мол тәрбие-тәлім алар,
Азайып қалыпты абзал қариялар.
Айналған сағынышқа жастық дәурен,
Бұл күнде бұлдыраған сағым олар.

Сағым олар қуғанмен жеткізбейді,
Күтумен қанша ғұмыр өткіз мейлі.
Бұл жүрек әлденеге алағызып,
Бұл көңіл әлденеден жоқты іздейді.

Ауылға неше келіп, неше кеткен,
Тулайды жүрек шіркін не себептен?
Достарын сағына ма бірге оқыған,
Жастығын сағына ма кешегі өткен?

Тағы да мектебіме келіп тұрмын,
Иіліп жұртқа сәлем беріп кірдім.
Алаңсыз осы ордада білім алған,
Келеді бала кезді жолықтырғым.

Тұрғанда тоқсандағы дана кейпің,
Хақың бар мені шәкірт бала дейтін.
Ақ шалған басымды идім өзіңе кеп,
Алтын ұям, ассалаумағалейкум!

Шетінен секілді кіл қарлы шыңдар,
Ардагер ұстаздарым, армысыңдар!
Бәріңді құшағыма қысып тұрып,
Айтатын шын жүректен алғысым бар!
Ғибрат ап ұстаз берген тәлім істен,
Оқушы ек білім нәрін қанып ішкен.
Бақилық болған ағай-апайларды,
Дұға оқып, еске аламыз сағынышпен.

Дөп тиер айтқан сөзім нысанаға,
Өткенін саналы адам ұмыта ала ма?
Ағамның Хасен атты адал жары,
Аяулы жеңгем еді Мүкарама.

Бұл мектеп атында ғой сол кісінің,
Бұл, демек, басқаны ғой өрге ісінің.
Еңбегі сіңген жанның шын құрметке,
Осы ғой бөленуі болмысының.
Біз келдік қуанышпен әр қиядан,
Көңілде көктем күні жарқыраған.
Тоқсанға толған тойың құтты болсын,
Мерекең құтты болсын, алтын ұям!
***
Толыпты жарты ғасыр жұптасқалы,
Жұбайлық жолға түсіп нық басқалы.
Шаңырақ содан бері шайқалған жоқ,
Аспанын қарақошқыл бұлт баспады.

Жарымен ғұмыр кешкен жарасымды,
Бұл ағам күллі ауылға аға сынды.
Елу жыл қол ұстасқан аға-жеңгем,
Көзіме елестетер дара шыңды.

Сездірмей қыс суығын, күзгі ызғарын,
Өсірді аман-есен ұл-қыздарын.
Тараған осы әулеттің ұрпақтары,
Елінің жағар талай жұлдыздарын.

Шаршасаң, той-думаннан шаршаңыз да,
Тойлаймыз бүгін сіздің арқаңызда.
Алтын той құтты болсын, аға-жеңге,
Қуаныш ортақ болсын баршаңызға!

Тастайға

Жұмбақ көп көңілімде, ашпай келем,
Бүгіннен өткенге көз тастайды өлең.
Жалынды шақтарымда, Сыр бойында,
Жолықтым бір аруға Тастай деген.

Тойда бір ойда-жоқта кезігіп ек,
Жарастық тапты-ау сезім, о, құдірет!
Сол қыздың аты – Тастай, өзі – Жібек,
Сол қыздың заты – тастай, сөзі – жібек.

Жүректі сезімдердің безбені ғып,
Отырдық көзбен сөйлеп, көзбен ұғып.
Дүние қас-қаққанша гүлге айналып,
Дүние бара жатты өзгеріліп.

Жігіт ек бір-бір арман арқалаған,
Думан той таң атқанша тарқамаған.
Ертеңгі автобустар жолға шықпай,
Жақсы еді-ау Шиеліде қалса маған.

Бұл ойға нелер кетпес, нелер келіп,
Бірер күн аялдасақ, өлер ме едік?
Мың міндет күтіп алда тұрғандай-ақ,
Әйтеуір, кеттік жүріп, бөгелмедік.

Ұқпаған уақыттың қас-қабағын,
Жас едік, жан да жалын, бас та жалын.
Асығыс аттанысқа өкінсем де,
Отырдым көлігіне астананың.

…Қиялмен сапар шексем сол құрдасқа-ай,
Көңілімнің көк дөнені болдырмастай.
Көрші ойнап, алма жүзі бал-бұл жанып,
Жүргендей Шиеліде сол бір Тастай.

***
Оңашада сырласады қыз-жігіт,
Көз алмайды бір-бірінен үздігіп.

Соған қарап жанарында нұр ойнап,
Мынау жеңгей өткен күнін тұр ойлап.

Отыр екеу… Ұмытқан бәрін алаңсыз,
Күзгі күнмен талаурайды балаң жүз.

Әлгі жеңгей күзгі бақта жүр сұлық,
Жоғалтқандай қымбаттысын күрсініп.

… Көңіл шіркін көктем гүлін іздеген,
Көңілсіз-ау қанша айтқанмен күз деген.

***
Өңімде шешілмеді жұмбақ мынау,
Түсімде жақын келіп тіл қаттың-ау.
Ойыма оңашада сен түсесің,
Сен мені ойлайсың ба, қымбаттым-ау?

Сен мені ойлаймысың анда-санда,
Мен үшін отқа күйіп-жанбасаң да.
Сәулешім, ризамын өңімде емес,
Түсімде бірге жүріп алдасаң да.

Жүректе ұйтқып жатса тылсым ағын,
Сезімнің сөндіре алар кім шырағын?
Өзіңмен қауышайын, сырласайын,
Түсіме жиі кіріп жүрші, жаным.

***
Екеуміз ойда-жоқта жолығысып,
Білмеймін нені ұқпадық, нені ұғысып.
Әйтеуір, көкке өрледі көңіліміз,
Сезімнің бал шарабын бөліп ішіп.

Десем де бастап тұрмын бүгін нені,
Ақылға шіркін жүрек жүгінбеді.
Бұл менің шашпай жүрген сырым ба еді,
Бұл менің жазбай жүрген жырым ба еді?

Бұл жайды байыз тауып түсінбедім,
Дұрыс па, бұрыс па бұл ісім менің?
Кінәлап қарамашы, тағамысың,
Өзіңді ұнатқаным үшін де мін?

Күдікке бой алдырып, сенбей сынап,
Сен маған әлсін-әлсін берме сұрақ.
Ауыздан сөз боп шықса өңі қашар,
Әйтпесе кеудемде сыр көл-көсір-ақ.

Жұмбаққа жолықпайды кісі небір,
Бұл күнде жиі енеді түсіме гүл.
Ағаңның аялаған жан сезімін,
Өзіңнің сезіміңдей түсіне біл.

Атардай сені ойласам күліп таңым,
Гүл жапты көңілдегі үміт бағын.
Қажеті – төлеуі емес құштарлықтың,
Қажеті – сенің мені шын ұққаның.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 27.07.2025 | 13:19

Керемет

Аноним 27.07.2025 | 19:02

Ғажап Өлең, ЗӘКЕ! КЕРЕМЕТ!

Аноним 28.07.2025 | 02:33

Мақтанышым, әкетайым😘😘😘😘

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір