ҰЛЫЛЫҚ ҰШҚАН ҰЯДА
02.04.2025
404
0

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Шілде. Әкеге арнау

Ыстығы шіліңгір шілденің,
Шыдатпас, айнала тұр аптап.
Жырыма қосатын бір менің,
Кеудеме қалған ой тұрақтап.

Туған жер, өзіңнен бата алдым,
Керегі шамалы жат елдің.
Байырғы қонысы атамның,
Киелі мекені әкемнің.

Өзің жоқ, жан жүдеу, жаралы,
Жүрекке мейірім ексең де.
Жеткіздің сен тоғыз баланы,
Ал өзің жетпедің сексенге.

Біз жүрдік тірлікпен қалада,
Ойласақ, жанарды шалар мұң.
Жеті жыл өткен соң арада,
Артынан ат­тандың анамның.

Сыйладық, бейнеңіз тым ыстық,
Қадірлеп үлде мен бүлдеге.
Ал қазір мүлгіген тыныштық,
Не кінә артамын шілдеге?!

Ай мен жыл өтсе де қаншама,
Мұңымды ұғады кім менің?
Күн аптап, тым ыстық болса да,
Суығын сезіндім шілденің.

Сынақта бәйге алды тұлпарың,
Көгеріп, өстік біз батадан.
Бүгінде көбейді ұрпағың,
Ал өзің жалғыз ең атадан.

Бұл – біздің өзіңе сертіміз,
Қатеміз болса егер, кешіргей.
Жеті ұл менен екі қыз!
Келеміз отыңды өшірмей!

Қара шаңырақ

Ойсыздықтан арылып бөтен,
Тәуекел туын тағынып бекем.
Ауылдан алыс ұзаған шақта,
Қара шаңыраққа сағынып жетем.

Ақылды ұлдың түйері бөтен,
Өзіңді мендей сүйеді ме екен?!
Ұлы далаға сапарым басталған,
Қара шаңырағым – киелі мекен.

Бөгде ой жоқ санада жалған,
Көп болсын деймін, балада арман.
Қара шаңырақтың киесі үлкен,
Әкеден қалған, анадан қалған.

Ақылың келте, өрең демеңіз,
Тірлікпен жүріп, әрең көреміз.
Алыста жүрсек, алдымен келіп,
Қара шаңыраққа сәлем береміз!

Баталы сөз – аталы сыйым-ой,
Қызға да үйден қырық тыйым ғой.
Қадір тұтып, қастерлей алатын,
Қара шаңырақ – үлкен үйің ғой.

Қиындыққа қарсы тұра аласың,
Еңкеймесін, сірә да, басың.
Бауырларменен өсіп, ержеткен,
…Қара шаңырағың құламасын!

Ауыл түні

Тіршілік сәнімен,
Күй болып ырғақты.
Мың бояу әнімен,
Қызарып күн бат­ты.

Құт кірер әр үйге,
Тіршілік күніге.
Қымбат қой, әрине,
Ауылдың түні де.

Кешкі әуен толтырар,
Көңілді бүтін қып.
Балалар отырар,
Жасап ап түтіндік!

Қонады қолыңа,
Масасы мазасыз.
Елемей оны да,
Ұйқыға батасыз.

Жатасың жамыла,
Тым аса дала да,
Жайлы ғой жаныңа,
Масаханада.

Ай жылжып барады,
Жұлдыздар жамырап.
Ұзақ қой, таң әлі,
Мүлгіген бәрі бақ.

Беймезгіл ойлантар,
Мияуы мысықтың.
Ұйқыңнан оятар,
Үргені күшіктің.

Жоқ бір сәт тынымы,
Ақынның күні – ой.
Шегіртке шырылы,
Түннің бұл үні ғой.
Туады жырды нақ,
Түн ұзақ, таң әлі.
Арықта сылдырап,
Су қашып барады.

Өткенін жоқтамас,
Түсінген ұғынар.
Тіршілік тоқтамас,
Түннің де сыры бар.

Уақыт

Мінез қызық. Кейде көктем, күздейміз,
Алыс кетсек, сағынысып іздейміз,
Күн мен айың сағатпенен өлшенер,
Уақыт­тың бағасын біз білмейміз.

«Шүкір» десіп, барға көңіл жайланған,
Түн ауысып, күн зымырап айналған.
Барар жерің, басар тауың белгілі,
Бүкіл өмір уақытқа байланған.

Күтеміз біз елегізіп таңды аса,
Ал үмітсіз өмір сүру далбаса.
Уақыт­тың барлығынан не пайда,
Сөйлесуге бір минутың болмаса.

Сыйластықпен бірге қатар жүргесін,
Адал болу, адам болу – күнде сын,
Айналаңа астамшыл боп қарама,
Уақытың келіп қалып жүрмесін.

Күнде үнемі бола бермес ырыс-той,
Кейде келер санаға да бұрыс-ой.
Бес күн жалған, қысқа мынау тірлікте,
Бәріне де уақыт тапқан дұрыс қой.

Ертең емес, сыйлайтын кез, жер осы,
Қоғамның бұл ұлағаты, кеңесі.
Қиналғанда қайырым бер, пендеге,
«Уақытым жоқ» демеші!

Алматым – Алатауым…

Қаланың шуынан кетем жылыстап,
Шабыт-қиял жетегімде менің.
Тұнық ауада терең тыныстап,
Тебіреніп тұрмын етегіңде сенің.
Таразы тартар кезім де жет­ті,
Арманын ақтап дара қауым елдің.
Жастық шағым өзіңде өт­ті,
Алматым – асқар Алатауым менің.

Болғаны жақсы балада қылық,
Түбі болмас жалған арманның.
Қырық арудан қалада жүріп,
Қара торыны таңдап алғанмын.

Келешек үшін сөзінде тұрып,
Қос ғашық, сөйтіп, қосылып еді.
Есейіп бүгін өзіңде жүріп,
Көтерді көкке қос ұлым мені.

Жол сілтеп алға самғатып едің,
Сөз етпес керек таласар жайды.
Ажары кірген Алматым менің,
Армандар мүлде аласармайды.

Келтіріп қала келбеті сәнін,
Арналды тауға…
Айға жырларым.
Алматы түні тербетіп әнін,
Асқақтап тұр найза шыңдарым.

Өзіңді мәңгі жырлап өтемін,
Қосайын әнге таңды да атыра.
Жүрегімдегі – жұмақ мекенім,
Туған жер менен Алматы ғана!

Туған жер туралы толғаныс

Баураған жанымды менің,
Көкорай сағымды белім.
Қалайша ұмытайын,
Балалық шағымды менің.

Ойлаған жырдың дарасын,
Есіңе ал, Сырдың баласын.
Қалды ма, балаң іздерім,
Ойнаған құмды қарашы!

Кешегі баланың үні–
Бүгінгі қаланың жыры.
Жаһаннан жол іздеген,
Мен едім, даланың ұлы!

Қыздарды қылығы жаққан,
Бозбала ем, бұрымын тартқан.
Бәрін де есіме аламын,
Бұлақтың сылдырын аққан.

Жас келсе, көзіме ерік,
Қауышам өзіңе келіп.
Асығып, сағына жетем,
Ұлыңмын сөзіне берік.

Көрсем де дананың бәрін,
Шырайлы қаланың таңын.
Ұлылық – ұшқан ұяда,
Ұғарсың баланың жанын.

Бұл жырды тыңдапсың далам,
Биіксің, сұңғақсың әмән.
Тұнған сыр, шежіре-тарих,
Туған жер, қымбатсың маған!
Төменарық!

Өмір және өзім

Сыр айтсам да, ашылып саған не бір,
Қайта айналып келмейді маған өмір.
Бала шақ та, болашақ, бәрі қымбат,
Уақыт жылжып барады. Алаң көңіл.
Өмір сынақ бір құлап, бір тұрасың,
Түсінгенге қызығы, шырқы басым.
Кеткен жылдар, өмірдің сабағы боп,
Жеткен жылға үмітпен ұмтыласың.

Теке тірес өмірдің алаңы да,
Сыйын тартпас үнемі саған мына.
Адамның барлығы да бірдей емес,
Кез­десер жақсы менен жаманы да.

Жамандыққа жазықсыз таланар кім,
Жақсылыққа жанымыз қараған күн.
Адалдықтың алдында басымды иіп,
Ағалардың жанынан сабақ алдым.

Өжет­тік өрлетеді дара шыңға,
Қанымда қайсарлық бар, нанасың ба?!
Мін емес, мінез – жанның айнасы ғой,
Ақиқат, туралық та, бәрі осында.

Сәулесі жанға тарап ашық нұрдың,
Тарт­ты өзіне музасы ғашық жырдың.
Жақсылардың қолынан сыбаға ап,
Жамандардың жолынан қашық жүрдім.

Несібесі өмірдің берген бақыт,
Салмағын иығыма көрген артып.
«Балын жұтып жүргенше өтіріктің,
Шындықтың уын ішіп өлген артық».

Саясат деген…

Жаратқандай сайтан ғып,
Өтірікті де айта алдық.
Саясат деген – ойын ғой,
Саясат деген – сайқалдық!

Басылды жастың өрт-демі,
Жетпей тұр бізге ең кемі.
Әділдік пенен ақиқат,
Биліктің бітпей ертеңі.

Өз елім десем… Өзегім,
Сеземін оны. Төземін.
Ашылмай жатыр әлі де,
Жұмбағы Жаңа Өзеннің.

Жасыра алмай сыр бүгін,
Уақыт­тың аштым түндігін.
Қаперсіз қалай ұмытам,
Тұманды қаңтар қырғынын.

Көз жасы тамшы халықтың,
Бәрін де көрер жарық күн!
Сотына олар барады,
Отына күйіп тамұқтың.

Көбейді тұлға бақталас,
Ешкім де оны ақтамас.
Саясат деген – билік қой,
Саясат деген – тақ талас!

Ой туралы ой

Сенімсіз ой сенделткен,
Сөйлейтін көп… бір леппен.
Түпсіз терең – шексіздік,
Түбіне ойдың кім жеткен?!

Иман, ары жойылған,
Адамдар бар тойынған.
Өзге түгіл өзіңнің,
Шошисың кей ойыңнан.

Бойлай берме, күнім-ау,
Ой деген – түп шыңырау.
Жете алмай түбіне,
Талай ғұмыр бүлінді-ау.

Мәнді, мәнсіз қиялдың,
Қалыбына сыяр кім?
Ойлы деген адамның,
Ойсыздығына ұялдым.

Жыр-қиялым…түс-ау де,
Мені тартқан күш-әулие.
«Ой деген – бір шыңырау,
Сені қуған кісі әуре».

Бәзбіреуде бақ басым,
Арлы адам – жақтасым.
Ойланып бек жүрелік,
Ойсыздықтан сақтасын!

Шалқар шабыт – аспан көк,
Малын ойсыз шашқан көп.
Ат үстінде келемін,
Ойлы дүние жазсам деп…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір