Ғұмырлық өкініш
02.04.2025
578
1

Алтай өңірінде саумал иісті қоңыр күздің борбайлатып келіп қалған кезі еді. Қала күзінің тым-тым момақан басталған мезетінде күнде кешке өзен бойымен серуендейтін әдетіммен жүріп келемін. Ертістің бойына жарыса жайғасқан мейрамханалар мен дәмханалардан шаң-шұң еткен құлақ тұндырар неше түрлі, неше тілді музыка ойнап адамды мезі қылатынын сезіп өзенге жақынырақ, айқай-шудан алысырақ жүрген екі-үш адамның қатарына барып мен де қосылдым. Біз сол тобымызбен Ертістің бойымен біраз өрлеген соң, алдымызда келе жатқан егде тартқан әйел, қасындағы отағасына:
– Әне, тыңдашы тағы да сол ән, – деді бәрімізге естірте. Бәріміз де тобымызбен тоқтай қалдық. Жақын маңдағы мейрамханадан әлдебір әннің жеңіл де жүрекке жылы сазы естіледі.
– Кімнің әні, сіздер білесіздер ме? – деген манағы әйелдің сұрағы да оқыстан қойылды. Іле-шала оның:
– Қандай мұңға толы әдемі әуен, сағыныш пен өкініштің енді қайтып келмейтін, мәңгілікке жоғалтқан мұңды сазын, сыңсыта айтып тұрғандай, – деді.
Бәріміз үнсізбіз.
Айнала, тіпті қала іші, құлаққа ұрған танадай тыныштық күйде. Бейтаныс әйел өзінен-өзі елегізіп, «дәл соның өзі, тағы да сол әнді әншілерге айт­қызып жатқан, Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» әні» дегенде, дауысы қат­тырақ шығып кетсе де, көңілі әлі де секемшіл күй кешіп.
Біз тобымызбен мейрамханаға жақынырақ келіп тоқтағанда әннің соңғы шумағының:
«…Қурайлар сыңси қаққанда,
есіңе мені алғайсың…» деген сазға толы, мұңды әуенін естідік.
Ән аяқталса да, бәріміз орнымыздан қозғалмастан әлі тұрмыз.
Қала іші ала көлеңке тартып, мұңды әуеннің сазымен көмескілене бұйығы мүлгиді. Мынау тұрлаусыз тірліктің, белгісіз бозалаң тұманды өмірінің сонарына ән сазы бәрімізді де итермелейтін секілді. Жақын маңдағы Ертіс өзені де арнасын азайтып, қорлана ағатындай. Аспандағы күз айының қошқыл да жер бауырлап жатып алатын қорғасын бұлт­тары күн батысқа барып жайғасыпты. Манағы әуен қайшыласа сапырылысқан қала өмірін жалғызсыратқандай халге түсірген.
Енді ұлы тыныштықты бейтаныс әйелдің отағасысы бұзды:
– Осылай біз орнымызда тұра береміз бе жүрейік, әлі күндегі баратын жерімізге біраз бар, әлде қайтамыз ба? – деген сөзінен ке­йін бәріміз мейрамхана маңынан алыстай бердік. Араға біраз уақыт салып манағы әуен қайта жалғасын тапты.
Бірақ бәріміздің алға жүрген аяғымыз кері кетіп, көп ұзамай өзен жағасының ән естілер тұсындағы орындықтарының біріне жайғастық. Ақшам жамырап, кешқұрым болып қалған. Орталық мешіт жақтан ақшам намазына шақырған азаншының дауысы алыстан талмаусырап әрең естіледі. Мезгілі жетіп, дәурені өтіп бара жатқан сар­ыала күздің сарабдал реңі мен Ертістің арнасы азайып, тартылған момақан күйі, бейтаныс әйелдің көңілімен үндестік тапқандай. Мені мазалаған ойлар отырған орнымда тыныштық бермеген соң, амалсыздан бейтаныс әйелден:
– Мұқағалидың мына өлеңіне қатысы бар қандай құпияны білесіз? Әлгінде алдындағы, «дәл соның өзі» деген бір ауыз сөзіңіз тым-тым қатқыл да, өкінішке толы шықты сіздің аузыңыздан, – дедім мен.
Бейтаныс әйел менің сұрағымнан ке­йін аз-кем кідірістеп екі ойда қалды. Мұңға толы келбетінде уайым табы біліне отырып, айтсам ба, айтпасам ба деген ойларын таразының екі басына салғанымен өзінің анаға тән мейірбандық сезімі басым түскен секілді.
– Мына жалған өмірдің өкініші болған оқиға еді, – деді көңілі босап, оның самайына қарай әжім шала бастаған өңі алақұйынданып кет­ті. Ол осылай деді де, оның момақан тұп-тұнық аялы жанарына жас ұялады. Іле қасындағы бізден қысылып-қымтырылмастан көзінен шыққан ыстық жасын ақұлпа кішкене орамалымен сүрте өксікке толы жанарымен булыға отырып тіл қат­ты.
– Ана, мейрамханадағы жігіт­ті мен сырт­тай ғана танимын. Менің туыстарымның жақын араласатын адамы. Қазіргі заманның тілімен айтсақ, бай болып, бағы көтерілген бизнесмен. Осы қаладағы еті тірі, төңірегіндегілерге аты танылып қалған тәуір жігіт көрінеді айтушылардың сөзіне қарағанда. Қайдан біле­йін, өз басым санасы биік, тәрбие көрген сенің ішіңдегіні айт­қызбай білетін зерек, алдыңғы ұрпақтың адамдарын құрмет­теймін. Қазіргі нарық заманының жастарының санасын тек қана ақша билеген. Ақша дегенде аға­йынын, теңге дегенде туысқанын, доллар дегенде досын сатып жібереді бұлар.
Ой жалған-ай десеңші… Бірді айтып, бірге кетіп қалдым ғой деймін, – дегенде оның көзі тағы да жасаурап, дауысы жарықшақтанып шықты.
Отырған бәрімізде үн жоқ. Бейтаныс әйелдің әңгімесінің басталар сораңын күтіп, ынтыққан күйімізде құлақ түрістік. Егіліп отырған ықшам денесін қозғап алып, дауысы да дірілсіз анық естіліп, ол мұңға толы әңгімесін әрмен қарай жалғады:
– Мейрамханадағы жігіт­тің аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, қажеті болмас сіздерге.
Осы сөзді уайыммен, әдемі жүзі ағара жүдеп, толқып отырып айт­ты. Оның қазіргі үнінде манағы мұңға толы толғаныс толқулардың қайта оралған лебі сезіледі.
– Ол жігіт­тің анасы жаратылысынан, жүрегі жұмсақ адал жан еді, – деп бастады, қаланың ұзақ сонар хикаясын, ұлына деген еркінен тыс аналық аңсарымен ет-жүрегі елжіреп тұратын. Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен, тұла бойы тұңғышын дүниеге әкелгенде, жан-жары күйеуін қара жердің қойнына берді. «Жалғыз ұлының қамын ойламай, басқа бір ерге шықса, оның көңіліне көлеңке түсіріп жатағынан түңілген құлындай өзіне жат бауыр болып кетеді ғой» деген оймен бөтен қадамға да бармады жарықтық. Өле-өлгенше жалғызына ана болып ақыл беріп, әке болып айбар беріп, қайрат­тандырып отыратын. Уақыт шіркін, зымырап, тәуелсіздіктің заманы келгенде, осы жігіт жоғары оқу орнын жаңа ғана бітіріп келген жас маман еді. Осындайда еске түседі ғой.
Ол кез орнынан қозғалған калидоскоптың шынысындай мың құбылған нарық пен сауданың айналмалы кезеңі болатын. Ұмытпасам, жігіт­тің нағашысы уақытында үлкен қызмет­те жекешелендіру, мемлекет мүлкін тарату, сату жұмыстарын облыс бойынша жүргізді. Сол кез­де еститінбіз нағашысының арқасында осындай байлыққа иелік етіп қалды деген-ді. «Өзі жеткен қыз төркінін танымайды» дейтін бұрынғылар, сөз бекер айтылмаса керек. Бертін келе естиміз ғой елден, жігіт­тің осындай мол байлыққа жеткізген жақынын да жарылқамағанын.
Алғаш рет оның анасын, осы бала үйленгенде көрдім. Жалғыз ұлын үйлендірген қуанышына менің туыстарым ортақтасып, оларды үйлеріне қонаққа шақырды. Сол кез әлі есімнен кетпейді. Менің аты-жөнімді сұрап танысқан соң, анасы біртүрлі адамды баурап іш тарта сөйлейтін парасат­ты жан екенін сездіріп, менімен жаны жақын адамдарша әңгімелескен еді. Өзі де ақылы көркіне сай мұң мен құпия сырға толы бота көздері күздігүнгі қарақат­тай мөлдіреп, бір көрген адамға ілезде ұнайтын. Ол кісінің ұстамдылығы мен парасат­тылығы қандай еді?! Сөйлеген әрбір сөзі алапаты артық ерекше жаратылған жан болатын.
Бұрынғылар айтыпты дейтін «Гүл берген қолда, гүлдің иісі қалады» деп. Әлі есімде сол кісімен әңгімелескеннен ке­йін, қиялымда небір керемет сұхбат, жолығысуларды елестетуші едім. Өткен жылы болатын, бір басқосуда қайтатын уақыт болған кез­де ол кеш бойы ешкім қолына алмаған домбыраны бауырына ұзақ басып отырып, айналасындағы болып жатқандардың бәрін ұмытып, өзімен-өзі болып, бөлек мінез таныт­ты. Тебірене толқумен отырып, домбыраны баяу қағып, «Есіңе мені алғайсың» әнін айт­ты. Әнді айтып болған соң бал-бұл жанған өңінде көп қуанышты сезімнің лебі есіп, аялы да, аянышты жанарына мұң мен уайым ұялап, көпке де­йін ол қиялдың құшағында отырды да қойды. Сол кез­дегі шіркіннің дауысы, ешкімде қайталамас сазы әлі күнге де­йін, туысқанымның шаңырағында баяғыша қалқып тұрғандай көрінеді маған. Өмірдің мәні, мына оқиғаға қатысты әңгіме, барлығымыздың көкейімізге мұң ұялатып, белгісіз бір құдірет­ті ұғымға бас игізгендей күйге түсірді. Кеңес заманының алаңсыз күндері еске түседі ғой осындайда,– деп қасында отырған біздерді елең еткізе әңгімесін әрмен қарай жалғауға ыңғай таныт­ты.
– Бізді заман тәртіпті де таза күйде тәрбиеледі емес пе, соның арқасында ешқайсымыздың да бұла боп өскеніміз шамалы. Осы отырған барлықтарың куә, совет­тік өмірдің адамдары бір әке, бір шешеден шыққан ұрпақтай бір- бірімізге жақын болып, тағдырымыздың маңдайымызға берген қуанышы мен мехнатын тең бөле көтерісіп жүрдік емес пе! Ұмытпасам, осы Баянның менен екі-үш жас қана үлкендігі бар ғой деймін, – деді жігіт­тің анасының есімі Баян екенін еске алып, алғашқы таныстығымыздан соң мені өзіне жақын тартып, араласып жүрдік. Араласқанда анда-санда той-томалақта кез­десіп, көбінде телефон арқылы хабарласып, бір-екі рет үйінде де болдым. Қашан болсын сөзін «Балам үйде жоқ, бизнестің әлегімен жүр» деп бастайтын марқұм. Ол кез нарық пен сауданың қаһарланып тұрған кез еді. Біреуді-біреу өлдім десең де, көмек қолын созбақ түгіл жоғалып кетсеңде ешкім іздемейді. Біздің де бір Құдайдан басқаға керегіміз шамалы еді ғой, оны өздерің де білесіңдер. «Өткен күнде белгі жоқ», таңбалаған ешкім жоқ дейтін ескіде, тіптен рас екен сол сөз. Басымыздан өткен ғұмыр шырматылған өрмекшінің торындай елес берген соң бірді айтып, бірге кетіп жатқаным ғой. Бәрі де жігіт­тің әйелін осы ресторанға шақырған күнінен басталып еді. Сонымен, байлығы бір басына жетіп-артылатын, асып-төгіліп отырған баласы, сәрсенбінің сәтінде кешқұрым үйіне ертерек келіп, жұбайын мейрамханаға шақырады емес пе… Келіні енесінің ауру екенін сезді ме кім білсін, әйтеуір, тәрбие көрген бала болса керек: «Сенің, пір тұтып қадірлейтінің, жаныңа жақын тартатының мына мен болғаныммен, ойлап көрші, оның басқан ізіне де татымаймын. Осы өмірде бір әйел бар соны апар, ал мен келесі кезекті күте­йін», – деген екен. Әйелінің бұл сөзі ана сабазыңды елең еткізіп, «апырай, ә, ол кім болды екен?» деп өзінің осы уақытқа де­йін жақын араласқан қыз-келіншектердің алғашқысынан, соңғысына де­йінгілерді көз алдына бір сәт елестетіпті. «Осылардың қайсысын әйелім біледі екен» деген жымысқы ойлар оның жүрегін шабақтап өтсе керек. Өзінің тығырыққа тірелгенін сездірместен әйеліне қарсы сұрақ қойып:
– Ол кім? Өзің айтсаңшы, – дегенде, әйелі іркілместен: «Ол сені жарық дүниеге әкелген, осы күйге жеткізген сенің анаң», – депті. Содан әйелі оған сол кісінің ақыл-айбарының арқасында сен осындайға жет­тің десе, өзінің осы кісіге келін болып келген кез­ден бастап көрген шапағатын еске алып, тілге тиек етеді. Сонымен, келіншек күйеуінің шығар күндей шырқыраған шындықты әлдеқашан ұмытып кеткенін есіне түсіріп қана қоймай, терең құрдым шындықтың шұңқырынан өзі алып шықпақшы ниетпен дәл бүгінгі күні жігіт­тен мейрамханаға туған анасын алып баруын өтінген.
Ақыры не керек, келіншегі өзінің орнына енесін күйеуіне ертіп, мейрамханаға шығарып салады.
…Хош, сонымен, қысқасы, сол күні баласы екеуі ғана түннің бір уағына де­йін мейрамханада демалып қайтады ғой. Анасы үйге қайтып келе жатып томаға тұйық кейіпте ұзақ ойдың шырмауынан босана алмай:
– Балам, баршылығы мен жоқшылы­ғы, аштығы мен тоқшылығы, жақсылығы мен жамандығы алма кезек ауысып келген ғұмырымда өз басым дәл бүгінгідей пендеге лайық зор қуаныш кешіп, өзімді-өзім бақыт­ты санаған кезім, осымен екінші рет қана. Алғашқысы, сен мына жарық дүние есігін ашқанда болатын. Қолың жұмыстан босаған күні айтсаң болды, мен сені бүгінгідей етіп, осы мейрамханаға шақырамын. Басқаның барлығын талақ етіп тастап, өзіңмен, тек қана жалғызым сенімен бүгінгідей, менің сүйіп тыңдайтын әндерімнің әуенінде тағы бір рет демалсам, бұл фәнидегі үшінші қуанышым орындалар еді, сөйтіп, соңғы арманыма жетсем болды, өзгенің маған керегі болмас, – деген екен марқұм.
Бірақ Баянның жалғыз ұлы қолы босамады ма, әлде анасының тілегін елемеді ме, әртүрлі сылтауларымен күнде «ертеңмен» жүріпті. Осы әңгімені соңғы бір жолыққанымызда құлаққағыс етіп маған айтып еді, аққұба өңі алақұйын­данып, іштей егілген мұңлы кейіп танытып. Оның аялы жанарына көзім түскенде, менің іші- бауырымды езіп, аласұрған жүрегімді мұздатқан ой нөсері сан сақтан қаумалап кететін. Байлықтың қызуы, ақшаның арыны баласының бойына астамшылық әкелгенін, өзінің көшкен жұртқа тастап кеткен ескі ыдыстай керексіз екенін сезінгендей болған марқұм бірде көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл жылаған да еді. Көзге көрініп, көкейге қонар Баянның тақылет­тес өмір жолын ойлағанда, менің оған жаным ашып, іштей «енді қайтсын!» деген сезімнен әріге бара алмадым. Мұнан әрі өзім де оның айт­қан арманын үнсіз қабылдап, елеусіз қалдыруға тырыстым. Өйткені ол бірдеңе десем, булығып ұзақ жылағандай халде болды. Өзінің өзгеге айта бермейтін тірлігінің қалтарыстарын, маған деген сенімін таныта сөз қозғап отырып ең соңында: «Бөтен біреу түгіл, өз жақындарыма айтпаған имандай сырым ғой», – деп көкірегі қарс айырылып, әңгімесінің соңын аһ ұрып аяқтаған болатын жарықтық.
Бұл Баянның менімен соңғы кез­десуі болса да, ке­йін маған деген ақырғы лебізін хатпен жолдапты. Ол қайтыс болған күннің ертеңінде пошта арқылы «заказной» қалың конвертпен хат алдым. Хат­ты Баян өз қолымен біраз күн бұрын жазса керек. Конверт­ті ашып қарасам, бір парақ қағазға түскен маржандай сөздер тізілген қысқа ғана жазылған хат пен шақыру қағазы шықты. Сондағы Баянның өлер алдындағы маған аманатқа жазған өтініші мынандай еді:
«Мен өмірден өткен күнімнен бастап жеті күн өткен соң, осы мейрамханаға барып басшысымен жолығасың, өзім күні бұрын тапсырыс беріп, ақшасын төлеп те қойғанмын. Оларға болған жайды түсіндіріп, менің бұл дүниеден озғанымды айтсаң болды бәрін өздері шешеді. Сенің маған істеген ақырғы қызметің болсын, шақыру қағазын менің ұлымның жұмысына мекенжайы көрсетілген жерге табыс етсең болғаны» деп жазыпты.
Қойшы, сонымен мен оның өтінішін орындап, аманатқа қиянат жасамай түгел атқарып шықтым, – деді әңгімесін аяқтап.
Бәріміз де отырған орнымыздан тапжылмастан, мұңлы да аянышты оқиғаға құлақ түріп қиялымызды сейілте алмаған күйі үнсіз отырмыз. Көкейім­дегі сұрақтың жауабын, одан әрі не болғанын естімесем өзімді-өзім кешірместей көрген халде отырып:
– Сонымен, баласы Баянның шақыруын қабыл алып мейрамханаға келді ме? – дедім мен шыдамсыздана. Аз ғана үнсіз отырып ол әңгімесін әрмен қарай жалғады:
– Баласы шақыруға келді ме дейсің ғой… өлім шыққан үйдің шаңырағының көңілін көтеріп, жұбату шайына шақыру ескіден келе жатқан көне дәстүр ғой. Сондай шақырулардың бірінде ұлы әйелімен мейрамханаға келіп біраз отырып, енді қайтарында даяшылардың бірі жігітке әкеліп конверт ұсынады. Ашып оқыса, хат­ты біраз күн бұрын анасы жазған екен. Оқыған соң жалғыз ұлы басын құшақтап ұзақ жылады дейді, осы оқиғаға куә болғандар. Хат­та ресторанның ақшасын ұлымен болған әңгімеден ке­йін төлеп, бәріне күні бұрын тапсырыс беріп қойғаны жазылыпты. Тек қана жалғыз арманы өзінің ұлымен бірге отырып, ана мен бала арасындағы мәңгілік сағынышы мен қуанышына жету үшін оны әлі күтіп жүргені айтылған екен, өзінің мына қысқа өмірінде. Марқұм өзінің ұзақ өмір сүре алмайтынын, қатерлі ауруға шалдыққанын, тіпті ешкімге да айтпастан жасырып, өзімен бірге ана дүниеге алып кет­ті, жарықтық. Құдай кешсін, білетіндер айтады, анасының жазылмайтын дертпен ауыратынын ұлы соңына де­йін білмей кеткен сияқты. Шешесінің өлер алдында сұраған соңғы өтінішін орындап, бұл жалғанның жарығында көрсем, жетсем деген ақырғы қуанышына жеткізе алмаған ұл кімді жарылқар дерсің. «Анасын қадірлемеген ұрпақ екі дүниенің ар азабына қалады» дейді шариғат­та. «Алтынды көрсе періште жолдан таяды» дейтін қазақта сөз осындайда айтылса керек. Періштеге алтын керек емес, салыстырмалы дүние ғой, қазақ періштедей таза, пәк адамдар ақшаның құрбаны дегені болар. «Ашыққаннан, құныққан жаман» деген сол әне.
Мұқағалидың осы өлеңін қай жерде естісем де, өткінші өмірдің жарығында бір өкініш, бір үміт арқалап өткен
Баянның сүйкімді, нәзік өңді, тау қызғалдағындай үлбіреген ақ торғын жүзі көз алдыма келеді, – деп қос жанарына толып қалған жасты ақұлпа кішкене орамалымен сүртіп бейтаныс әйел әңгімесін аяқтады.
Әңгімесін аяқтағанымен өзі алысқа, тым алысқа сонау көкжиек әлемінің қараңғы тұңғиығына қарап қалған. Осы бір оқиғаны ой елегінен саралай өзінің әйелге тән санасында қайта жаңғыртып, көзінің алдынан өткізіп отырғандай. Оның мұң басқан келбетінен мәңгілікке, қайтпас сапардың жолына түскен Баянның аяулы жанары елестей көлбеп жоғалғанын бәрімізде іштей сезіндік. Іле-шала сезімге толы әңгімеге куәгер болғандар, осы бір аянышты оқиғаны саналарынан арылта алмай, жанарларына жас тұнып жүректерін тебіренткендерін жан дүниесімен сезді.
Түн жамылғысының қарабауырлана көмкерген етегін айқара қымтанған Ертіс өзені өзінің аласұрған қаһарлы зәрін ішіне бүгіп, жағаға атылуға да­йындалған ашулы толқынын сабасына түсіріп, момақан күйге берілген сияқты. Мүмкін, оның қазіргі кейпі аяусыз ажал, қатерлі дерт алып кеткен Баянның жалғыз баласына деген анасының бір өкініш, бір үмітін жеткізе алмай іштен тынғаны болар. Көз жұмар шағы жеткенде адам арыз-арманын, үміт-тілегін айтып, өзінен-өзі сергіп жүргісі келеді екен. Жалғанның жарығынан өтер алдындағы адамзат­тың бұл қимылын қазақта «бой жазу» дейтін көрінеді. Ал көз жұмар алдында өзінің ең жақсы көретін тамағын ішкісі келтінін айтады, ол ішетін асының аты «атау кере» болса керек. Не ішемін, не жеймін десе, соны әзірлеп беріп, өмірінің соңына де­йін, қабақ шытпай жақсы қараса ғана, адам баласы бұл фәни жалғаннан бақиға ризақоштықпен өкінішсіз ат­танады дейді шариғат­та. Қазақта марқұмның соңынан жақын туған-туыстары мен бала-шағасы дауыс салып ұзақ жоқтау айтып жылайды. Өмір есігінің босағасын ат­тап, жарық дүниеге шыр етіп келгенде, өз ұрпағын әсем ән-күймен жырлай қарсы алса, өлім жастығына бас қойып ақырет жалғанның босағасынан ат­тағанда қаралы жоқтау жырымен шығарып салады. «Осылай қазақ халқының бар ғұмыры әнмен басталып, әнмен ақырласады» дейтіні содан болар. Біз алыстап кеткен мейрамхана жақтан сол әннің әуені бәріміздің құлағымызға талмаусырап әлсірей жет­ті.
Қараша келген шақтарда,
Құлазып тұрған бақтарда,
Жапырақ жайрап жатқанда,
Қурайлар сыңси қаққанда,
Есіңе мені алғайсың.
Ән әуенін:
– Мынаны қараңдаршы, қандай сәйкестік, есептеп санасам, дәл қарашаның басында Баянның қырқы болады екен, – деген бейтаныс әйелдің үні бұзды.
«Ұлылардың сөзі – сөздердің ұлысы» дейді шариғат­та.
Бірақ көкейімізде апыр-ай анасының шақырған мейрамханасына бармаса да, жалғыз ұлы Баянның «атау кересін» беріп, «иман суын» ішкізіп, артынан жоқтау жырын айтып, өз қолымен жер бесігіне бір уыс топырақ салып перзент парызын өтеді ме екен?» деген сұрақ мазалай берді.
Иә, осылай Баян марқұм ақталмаған ақырғы да соңғы үмітін арқалап бақилықтың қайтып келмес жолына түсіп, ақ шағи ақ көрпесін айқара жамылып мәңгіліктер мекеніне мәңгілікке ат­танып кете барды. Жалғыз ұлы болса ұлы өмір шуылының көшінен кешігіп қалған жолаушысындай тұрақсыз да, тұрлаусыз жалғанның жарығының жыртық құрақ көрпесін арқалап ғұмырлық өкініш жолына түсті.
Ей, бақидың жалғыз аяқ жолы, сен Баянды қайтпас сапардың қараңғылығына – бейітке апарарсың, ал қатал тағдырдың қиянат­ты жолы перзент парызын өтемеген жолаушыны қайда апарасың?..

 

 

Тоқтарбек Мағзұмов,
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 02.04.2025 | 17:28

«бақилықтың….. ақ шағи көрпесін» «жалғанның жарығының құрақ көрпесін» деген не бәле,

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір