103 жастағы жеңімпаз
«Ауыл» партиясы ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында биылғы Наурыз мейрамына орай өткен айда «Батамен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауын жариялаған болатын. Осы байқаудың облыстық кезеңіне 77 батагөйден
92 бата бейнежазба түрінде түсті. Байқауға қатысушылардың жас шамасы 35 пен 103 жастың аралығын қамтыды. Олардың арасында алты әже де бақ сынады.
Айтқали Нәріков және мақала авторы, Қазыбек Құттымұратұлы, Гүлмира Тілеубаева сынды жергілікті қаламгерлерден құралған қазылар алқасы екі сағаттан аса талдап-талқылау, елеп-екшеуден кейін бірінші орынға Бәйтерек ауданының тұрғыны, ғұмыр жасы 102-ден асып, 103-ке қараған, тыл һәм еңбек ардагері Серахитден Байғалиев ақсақалдың ақ батасы лайық деп тауып, ол байқау жеңімпазы ретінде танылды. Тіл-көзіміз тасқа, ғасырдан да ұзақ ғұмыр иесіне тура Наурыз мерекесінің қарсаңында 100 000 теңге ақшалай жүлде табыс етілмек. Екінші орынды Ақжайық ауданының атынан қатысқан еңбек ардагері Силкан Зинетов еншіледі (50 000 теңге). Ал үшінші орын казталовтық Есмақұл Мусин қарияға бұйырды (30 000 теңге).
«Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы аппаратының басшысы Ғайса Қапақовтың мәліметіне қарағанда, үшбу батагөйлер байқауы жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шараға айналмақ.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы