«Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар – ұлт сапасын арттырады»
02.09.2024
446
0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, қоғамдағы күрделі мәселелерді 9 бағыт бойынша шешуді ұсына отырып, үкімет алдына нақты тапсырмалар қойды және алдағы уақытта орындалатын іс-шаралар жоспарын таныстырды. 9 бағытқа ойысқан мәселелердің қай қайсысы да өзекті. Ұзақ уақыттан бері қордаланған, күн тәртібіне енуді сұранып тұрған мәселелер. Олардың ішіндегі мамандарды даярлау және кәсіби мамандарды насихаттаумен байланысты бағыттарға тоқталуды және осы мәселелерді өз пікіріммен сабақтастыруды жөн көрдім.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдаудың бесінші бағытында «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет» екендігін алға тарта отырып, «маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн» екендігін атап өтті. Әсіресе, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек екендігі шынымен де аса өзекті. Ғылымның қарыштап дамуы, ақылды және цифрлы технологиялардың жетіле түсуі, ақпарат (big data) көлемінің ұлғая түсуі, әртүрлі ұрпақтардың талғамының әртүрлі болуы, жаhанданудың үдерісінің күшеюі және т.б. факторлар жаңа нарыққа бейімделген мамандарды қажет етеді. Осыған байланысты «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленіп, жыл сайын жаңа мамандық түрлерімен толықтырылуда. Бұған жасанды интеллектінің қоғам мен экономиканың барлық саласына етене кіруі де септігін тигізуде деп ойлаймын. Бұл туралы Президентіміз Жолдаудың төртінші бағытында «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс» екендігін, сол үшін «келесі жылы «Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек» екендігін басып айтты. «Жасанды интеллект» пен «ақылды» және «цифрлы» технологиялар қазақтың көмекшісіне айналу үшін алдымен оларды әрбіріміз жетік меңгеруіміз керек. Өз саласында ғылым мен технологияның соңғы жетістіктерін пайдаланатын маман ғана өз кәсібін жетік меңгерген маманға айналып, ұлт сапасын арттыруға үлес қоса алады.

Біз жастарға кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізген кезде «қазіргі таңда қандай мамандық ең көп сұранысқа ие?» деген сұрақ ең жиі қойылады. Оның жауабы өте қарапайым. Таңдаған мамандығына қарамастан, «кім өз ісінің білгірі – сол сұранысқа ие». Мамандық емес, маман сұранысқа ие болады. Президентіміз өз Жолдауында «қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау туралы да құнды ойлар айтты. Ол 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялай отырып, «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» екендігіне тоқталды. Хакім Абай Құнанбайұлының дәріптеген бес асыл ісінің бірі – де осы еңбек. Адал еңбек — қоғамға әрқашан да пайда алып келген. Сондықтан оны насихаттаудың стратегиялық та, идеологиялық та, тәрбиелік те маңызы зор деп ойлаймын.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD, Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір