Таудың тұнық бұлағындай
«Шырғалаң» атты тұңғыш повесімен жарқ етіп танылған жазушы Арасанбай Естенов – «Ауыл таңы» (1985), «Баянжүрек баурайында» (1987), «Тасжарған ерте көктейді» (1991), «Айжаңғырық» (1996), «Жансауға» (2002) атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы. Жазушының «Әліппемен қоштасу», «Мектептегі мейрамдар» т.б. атты балаларға арналған өлең кітаптары да бар. 1995 жылы «Шырмауық» повесі үшін «Жалын» баспасы ұйымдастырған шытырман оқиғалы шығармалардың жабық бәйгесін иеленген Арасанбай Жексенбекұлы – өндіре жазып, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан қаламгер. «Таудың тұнық бұлағындай», «Сағыныштан туған аңсар есімді» жазушы жайындағы сөзді екі дәуірдің ұрпағы болғанымен, рухы, өзегі бір екі ұрпақтың өкіліне беріп отырмыз.
Редакциядан
Жаратылыс, тіршілік болған соң әртүрлі құбылыс, әртүрлі ауа райынсыз болмасы бесенеден белгілі. Жаратқанның бір күні жайма-шуақ, енді бір күні найзағайлы, нөсерлі, бір күні аязды, қытымыр, тағы бір күні алақұйын. Бірақ оның ешбірінің артықтығы жоқ. Ғылыми тілде мұны қазір табиғаттың тепе-теңдік заңдылығы деп жүр ғой.
Көркем әдебиет әлемінде де тап осындай. Біреулер оның есігін дауылдатып, бұрқасындатып ашып, түндігін түре кіреді. Енді біреулер қыр астынан қымсына шыққан мамыр шуағындай әдебиет әлеміне ұяңдау келіп, ешбір дабыра-дабырсыз-ақ сол қара шаңырақтың жаңа түскен келініндей үн-түнсіз ғана өз «қызметін» атқара береді. Әлдекімдердей «мен ананы сөйттім», «мен мынаны жаздым» деп тындырған ісін бұлдап, міндетсінуді де білмейтінін қайтерсіз.
Өз басым Арасанбайды осы екі топтың соңғысына қосар едім. Олай дейтін себебім – жазуына мінезі, жаны сай болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол да табиғаттың, жаратқанның берген үлкен сыйы, әрине. Оны қолдан жасап немесе әлдеқандай ілім-білім, дүниетаным кеңдігімен түзетем деу бос әурешілік әшейін. Ізімізді өкшелеп келе жатқан қаламгер ініміздің осы табиғи тазалығы қуантады мені. Әр туындысы өзі өскен таулы өлкенің кәусар бұлағындай мөлдірлігімен, шынайылығымен, лирикалық саздылығымен құнды, тартымды, жанға жақын. Бұл – көркем әдебиет үшін ең басты кредо.
1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып жүрген кезім, проза бөлімінің меңгерушісі марқұм Сайымжан Еркебаев кезекті нөмірге әзірлеген бір әңгімеге назар аударуға тура келді. Әдебиетте әлі таныла қоймаған, аты-жөні беймәлім бір жастың әңгімесін қос бетке беру хақында пікірталас туып қалған екен. Сәкең айтса, текке айтпайтынын білем. Сонда да болса, анық-қанығына көз жеткізіп, бұл таласты әділ шешу үшін әңгімені еріксіз оқып шығу керек болды. Әңгіме аты – «Бір бала», авторы – Арасанбай Естенов. Расында, әлі таныла қоймаған белгісіз есім. Соған қарамастан, шығарманы оқып шығып, «бұлақ көрсең – көзін аш» деген бөлім меңгерушісінің принципіне ризашылықпен қосыла отырып, жас автордың тырнақалды туындысын «Қазақ әдебиеті» газетінің ішкі қос бетіне суретімен жарқ еткізіп едік.
Сол жылдардан бастап жас қаламгер шығармашылығы назарымда келеді. Бір жылы редакция алқасының өтініші бойынша «Жалын» альманахына ұсынылған «Баянжүрек баурайында» атты үш таған әңгімелеріне пікір жазып бергенім де бар. 1987 жылы «Жазушы» баспасынан осы аттас прозалық жинағының жарық көруіне де септігім тиді деп білем.
Кезінде «Қазақ әдебиеті» газеті, оның сол кезгі бөлім меңгерушісі
Сайымжан Еркебаев қуана тұсауын кескен жас толқын Арасанбай Естенов бүгінде алты-жеті кітаптың авторы, белгілі қаламгер. Бұл – «бұлақтың көзін ашып», жанашыр болған ұжым үшін де, ақыл-кеңес қосып, тілеуқор болып жүрген алдыңғы буын ағалар үшін де үлкен абырой, зор мәртебе.
Сайын МҰРАТБЕКОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты