ҚОС ӨРКЕНИЕТТІҢ ТЕЛҚОҢЫРЫ
26.04.2023
634
0

Көркем мінезімен, нұрлы ақылымен ерекше көзге түскен жігіт­ті қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп айдарлайтыны бар. Мен осындай қошемет­тің үдесінен шығатын бір азамат­ты білемін. Есімі – Дүкен, сойы – Мәсімханұлы. Ақырын жүріп, анық басқан қимылынан, адамның көзіне тіке қарап сөйлеу мәнерінен, әуезді қоңыр дауысынан Ұлы дала даналығын көргендей боламын.

Иероглифті көлеңкесінен таныған

  Пекиндегі Орталық ұлт­тар университетінде аудармашы-филолог мамандығы бойынша алған білімі қабілет-қарымына қанат бітірді. Содан кейін Үрімжіге келді. Үрімжіде табандатқан 6 жыл еңбек ет­ті. Қалың қытайдың ішінде жоғалып кеткен жоқ. Шығармашылық ізденісте, ғылымда, әдебиет­те өзіндік қолтаңбасы бар азамат өсіп келе жатқанын алдыңғы толқын ағалары да, кейінгі толқын інілері де байқады. Халқының үкілі үмітіне айналды. Аз халық қашанда оқығандарына үмітпен, сеніммен қараған ғой. Сол үміт, сол сенім оны алға жетеледі. Алайда, Қазақ­стан дербес елге айналған сәт­тен тарихи Отанға оралу идеясы оның жүрегін де, санасын да жау­лап алды. 1993 жылы арманы ақиқатқа айналды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің табалдырығынан ат­тайды. Университет ректоры К.Нәрібаев пен проректоры Ә.Дербісәлі қандас бауырымызға қолдан келгенше жәрдемін берді. Әрине, арада ширек ғасырдан астам уақыт өткенде дүниеден озған Көпжасар ағасы жайлы естелік жазатынын, Әбсат­тар ағасының орнына Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметіне келетінін Дүкен сол сәт­те білген жоқ.
Тез есеюіне екі елде де қолайлы ахуал септесті дегенмен генетикалық, яғни тұқым қуалау факторын да қаперден шығармау керек деп ойлаймын. Бұл әулет­тен шешендік өнер, ән-күйге, өлең-жырға құмарлық ертеден тарқамаған екен. Жер жәннаты Жетісу мен Шығыс Түркістанға әділ билігімен, сөз тапқыштығымен атағы жайылған Нақыспек шешеннің тікелей немересі, жаңа заманның төлі бұрынғы аталарынан дарыған қасиет­терді жаңаша түрлендірді. Ақын, аудармашы, қытайтанушы ғалым, ұлағат­ты ұстаз, әдебиет­танушы деген салалардың бәрінде бірдей жемісті еңбек етіп, бәрінің де ұшар биіктеріне көтерілді.
Ғылымда жұрт мойындаған күмәнсіз ақиқат бар. Ол – қандай да күрделі құбылыстың ақиқаты мен жұмбағы танымның, ғылымның үйлесімімен, кірігуімен табылатыны. Д.Мәсімханұлының интеллектуалды өрлеуінің, шығармашылық табысының, барша болмысының өзегін қос өркениет аясында есеюі мен кемелденуі құрайды. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында дүние есігін ашқан, ат жалын тартып, азамат болған шағында Қытайдай алып империя астанасында жоғары білім алған, оны орда бұзар отызында тарихи отанына оралып, суығына шыдап, ыстығына көнген қос өркениет­тің телқоңыры десек еш қателігі жоқ. Ол, әрине, он сегіз мың ғаламға қазақтың көзімен қарады, несімен ерекшеленетінін байқады, төл тарихының, тілінің, әдебиетінің гуманитарлық, қоғамдық-саяси құндылықтарының өрі мен ылдиын ұлт­тық және қытай ақыл-ойының биігінен зерделеді.
Бұл жерде қазақы танымның аясы тар екен-ау деген пікір тумауы керек. Мәселе білімпаз жан қанша тіл білсе, таным қуаты сонша есе артатынында. Ал қуат­тың бір кілті қытай тілінде болғандықтан, тілеуқор ағасы Сұлтан Жанболатов жазғандай, әр иероглифті көлеңкесіне дейін дөп басып таныған Д.Мәсімханұлының ғылыми, әдеби, сыни шығармалары, оқулықтары мен сөздіктері сүбелі нәтижелерімен көздеген мақсат-міндет­терін толық атқаруы әбден заңды, әрі орынды. Осы тұрғыдан келгенде жас қазақтың қабілет-қарымы аса тегеурінді екенін мейлінше сақ, кірпияз, жыланның аяғын көре алатын Аспанасты елінің де мойындауы көп нәрседен хабар береді. Әйтпесе, 27 жасар шағында жазған еңбегі ҚХР аз ұлт әдебиетін зерт­теу саласындағы үздік шығарма сыйлығына ие болар ма еді?! 1991 жылы оған әдебиет пен ғылыми зерт­теу саласындағы Бүкілқытайлық жастар сыйлығы, 1993 жылы ҚХР Жазушылар одағының «Тың талант» сыйлығы берілер ме еді?! Пекинде, Үрімжіде шыққан кітаптары өз алдына бір төбе. Тарихи отанына оралғаннан кейін Пекинде 2007 жылы жарық көрген «Алтынның буы» жинағына ерекше тоқталғанымыз жөн болар. Қасірет­тің өзіне оптимизиммен қарайтын коммунистер елінде ақынның поэзия тілімен өмірдегі келеңсіз құбылыстарды сынауын, туған халқы үшін жан беруге де даяр екенін, сауатсыздар мен бөсербайлардың алға шыққанын жақтырмаған ұстанымдарын көре тұра цензурадан өткізгеніне қайран қалмасқа шараң жоқ.
Жалпы Дүкен Мәсімханұлының ғылым мен әдебиет­тегі, ұстаздықтағы жеткен жетістігін бір мақала ауқымында тұтас тізбелеп, санамалап шығу мүмкін емес. Сондықтан мен оның басты-басты, қадау-қадау жетістіктеріне тоқталғанды жөн көріп отырмын.

Мәртебелі поэзияның өкілі

Сөзімнің басында Дүкен Мәсімханұлын «сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп сипат­тап өт­тім. Дүкеннің ғалымдығы, аудармашылығы, зерт­теушілігі бір бөлек, ал ақындық талантын да көзі қарақты қауым жақсы біледі.
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бірнеше мәрте республикалық және халықаралық мүшәйралардың жеңімпазы, талант­ты ақын Дүкен Мәсімханұлының: «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Аркүрең арман», «Өз аспаным өзімде», «Сап, сап көңілім», т.б. жыр жинақтары жарық көрген.
Дүкен ақынның поэзиясы бірде сарсаңға түскен адам жанын мөлдіреп аққан тау суындай рахатқа бөлейді, бірде баяу ғана желпіп өткен тау самалындай көңіл күйіңді, рухыңды лезде көтереді, енді бірде тосыннан соққан тау бұрқасыны сияқты жан дүниеңді астаң-кестең күйге түсіріп, жан әлеміңді мүлде басқаша тербейді…
Ақын, әрине, өзінің жан тебіренісін, тіршіліктегі барлық жақсылық пен жамандық атаулыны, өмірдің келеңсіздіктерін, қоғамдағы түйткілдерді, яғни бәрін-бәрін лирикалық туындылары арқылы жеткізеді. Оларды алдымен өзінің нәзік жүрегі арқылы өткізеді. Жаны қиналады, азаптанады, түрлі қиындықтарды бастан кешеді. Бұлар ақынның жеке басының ғана өкініш-күйініші немесе жан тебіренісі емес, ол – қоғамның шынайы көрінісі. Соның бәрі ақын сезіміне әсер етіп, жүрегін тілгілеп өтіп, жыр шумақтары болып өріледі. Сондықтан да ол – ақын, ол – қоғамның тамыршысы.
Ақын «Құла айғырдың үйірі» ат­ты өлеңінде былайша толғанады:
«Дос-дұшпанды иісінен айырып,
Тік тұрады «алғы шепте»
күн, ай, жыл…
Бір үйірді қабағымен қайырып,
Қос құлағын қайшылайды
құла айғыр.

…Көкжалдарың күндік
жерден безеді,
Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.
Құлын тұр ғой, қыл бермесін сезеді,
Сосын басын өзге жаққа бұрады.
…Әт­тең дейсің!
Әт­тең, қазақ жұртының,
Тамырынан айырылғаны сор екен.
Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,
Ер жігітке үйретері көп екен…

Бір ауылды қабағымен қайырған,
Туған елін бермейтұғын дауылға.
Қара қылды қақ екіге айырған,
Құла айғырдай бір жігіт жоқ
ауылда…»
Ақын бұл күндері заман ағымына сай ер-азамат­тардың бойынан жоғалып бара жатқан сол бір қазақтық қасие­тімізді, ірі, өр мінезімізді құла айғыр образы арқылы көзге елестетіп отыр. Осы арқылы ұлт­тық тәлім-тәрбиеміздің ақсап бара жатқанын ақын жүрегі езіле отырып жырлайды, оқырман санасына құйғысы келеді.
Ақын «Жаншуағым – Отаным» ат­ты лирикалық поэмасында патриот­тық тақырыпта өзгеше мәнде ой толғайды. Поэма шағын болғанмен, мағынасы терең, өте әсерлі әрі мазмұнды, оқырманын асқақ рухқа бөлейтін туынды. Оқып көрелік:
«Менің ұлы туған елім,
ар-намыстың жалауы,
Өзің барда мәңгі өшпейді
рухымның алауы.
Мендегі бар арман-үміт
жаратылған өзіңнен,
Бойдағы қан, кеудеде
жан – сенің ғана қалауың.

Менің ұлы туған тілім,
Тәңірімдей ардағым.
Сенсің менің бойтұмарым,
мақтанышым, бар бағым.
Мендегі бұл ар мен намыс
жаратылған өзіңнен,
Өзің барда мәңгі нұрлы менің
атқан таңдарым.

Менің ұлы туған далам,
сай-саласы тұнған нұр,
Мейіріміңе шөлдеп келдім,
сарығымды бір қандыр.
Мендегі бұл жан да,
тән де жаратылған өзіңнен,
Төрім түгіл, көрімді де
шуағыңмен нұрландыр.»


Ұлтқа керек «Үлкен сөздік»

Дүкен Мәсімханұлы өнімді еңбек еткен тағы бір сала – көркем аударма. Жалпы өзі шығармашылық адамы бола тұра, өзге тілден көркем дүниелер аударып, туған халқыңа ұсыну – бұл енді нағыз жанкештілік. Ал менің ойымша, Дүкен Мәсімханұлы көркем аудармаға мақсат­ты түрде барған секілді. Себебі біздің еліміз үшін Аспанасты елін, ханьзу халқын танып-білу – кезек күт­тірмейтін мәселе. Ал қытайды өзінің қаламгерлері, сол қаламгерлері сомдаған таза қытайы образдар арқылы танып-білудің жөні, өнімі тіптен бөлек. Д.Мәсімханұлы көркем аудармаға міне осы мақсатпен келген деп ойлаймын. Бұл тарапта да оның жеткен жетістіктері аз емес. Қытайдың классик жазушылары Лу Шүннің («Повесть және әңгімелер»), Ба Цзиннің («Әулет», роман), Мао Дуннің («Түн», роман) көлемді шығармаларымен қоса, әр жылдары Коңфуцзы, Ли Бай, Ду Фу, Ба Цзинь, Лао Шэ, Ай Циң, Юй Гуанчжуң, Ваң Мэн, Мо Янь, Чжаң Чэңчжы, Те Ниң, Юй Хуа, Бэй Дао, Гу Чэң, Чи Цзицзянь,Чэнь Дуңдуң, Чжау Лихуа, Диң Даң секілді қытай ойшылдары мен талант­ты қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынып келеді. Бұның өзі бір адам үшін аз еңбек емес.
Дүкен Мәсімханұлының отандық қытайтану ғылымы мен лексикография ғылымдарына салған тағы бір қомақты олжасы – «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» десек асырып айтқан болмаймыз. Ғалымның ғылымдағы да, өмірдегі де қосағы, ғылым докторы, доцент Айнұр Әбиденқызымен бірлесе отырып, он жыл уақыт­тарын сарп етіп шығарған бұл сөздік – уақыт талабына, заман ағымына сай жасалған құнды да іргелі дүние. Себебі, қазіргі кезде елімізде қытай тілін меңгеруге деген құлшыныс күн санап арта түсуде. Білім қуған жастар әлемдік тілдің бірі ретінде қытай тіліне барынша ден қоюда және көршілес мемлекет­те түрлі салада еңбек етіп жүргендер де, білім қуып жүрген қазақ­стандық жастар да аз емес. Соған байланысты мұндай оқулықтарға, анықтамалық оқу құралдарына, кешенді сөздіктерге деген сұраныс уақыт озған сайын артпаса кемімейді.
Бұл арада менің баса айтарым, сөздік жасау, әсіресе кешенді үлкен сөздік құрастыру – айтқанға ғана оңай. Шыны керек, ондай ауыр жұмыспен арнайы маманданған ұжымдық топтар көп жыл бойы еңбектеніп жүріп жарыққа шығаратынын жақсы білеміз. Ал ерлі-зайыпты ғалымдар Дүкен мен Айнұр ат­тай он жыл бойы алтын уақыт­тарын, көз май, жүрек қандарын сарп етіп, осы сөздікті жасаған қажырлығы мен еңбекқорлығы жас мамандарға және ізденістегі ғалымдарға үлгі болса керек.
Аталған «сөздік» туралы қазақ­стандық ғалымдар өте жоғары бағалар бергенін айта кеткен жөн. Бұл рет­те, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның «Қазіргі заманғы Қытайды зерт­теу орталығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қытай тарихының ғана емес, қытай тілінің де білгірі Нәбижан Мұхаметханұлы: «Үлкен сөздіктің» жарық көруін отандық гуманитарлық ғылым саласындағы маңызды жаңалық, сондай-ақ отандық лексикография (сөздіктану) зерт­теудің үлкен нәтижесі деп санайды. Өйткені елімізде қазірге дейін дәл осындай 70 мың сөзден тұратын Қытайша-Қазақша кешенді сөздік жарық көрген жоқ.
Әрине, қытайтану саласында еңбектеніп жүрген мамандар құрастырған қытайша-қазақша, қытайша-қазақша-орысша, қытайша-қазақша-орыс­ша-ағылшынша сөздіктері жарық көріп келеді. Бірақ бұл сөздіктердің көлемі шағын, олар негізінен қытай тілін оқытатын оқытушылар мен қытай тілін оқып жүрген жоғары оқу орындарындағы студент­терге арналған. Ал мына «Үлкен сөздік» елімізде комплексті түрде кешенді жасалған бірінші сөздік болуымен де маңызды. Әсіресе «Үлкен сөздіктің» атап айтуға тұратын және бір ерекшелігі – қытай сөздері мағынасының қазақ тіліне дәл, әрі толық тәржімалануында дер едім. Сөздік аудармасында қазақ тілінің байлығы тамаша сәулеленген, тіпті қытай сөздерінің астарлы мағынасы да айтарлықтай ашып көрсетілген. Демек «Үлкен сөздік» өзінің атына заты сай жасалған, қоғамдық қажет­тілікті қанағат­тандыратын құнды еңбек болып табылады» деп жоғары бағасын берген болатын. «Сөздік» туралы Нәбижан Мұхаметханұлынан асырып не айтуға болады?!

Қытайтанудың білгірі

Ғалым ретінде Д.Мәсімханұлы сан алуан тақырыпқа қалам тартқан ой иесі. Әрине, басты нысаны – Қытай әлемі. Әділіне жүгінетін болсақ, әрбір еңбегі – ұлт­тық тарихнамаға қосылған үлкен олжа. Олар Қытайдың төлтума діні дао мен діни наным-сенім жүйесі, сәулет өнері, дәстүрлі музыка және би өнері, ұлт­тық жаңа жылы, мифологиясы, мәдениетінің даму кезеңдері, Қытай, Жапония, Моңғолия елдеріндегі түркология ғылымы, ежелгі ортағасырлық елдер әдебиеті, түркі әдебиеті тарихын дәуірлеу, «Оғызнама» – осылай жалғаса береді.
Өміржолының қазақ­стандық кезеңінде ғалымның есімін республикаға кеңінен танытқан бір ісі – «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азат­тық идея» тақырыбына жазылған кандидат­тық диссертациясы (1999). Еңбекті жазу барысында Дүкен Мәсімханұлы жойқын білімпаз Рымғали Нұрғалиевтің мектебінен өт­ті.
Кейін осы кандидат­тық диссертациясының негізінде «Жыр – жебе» ат­ты монографиясын жарыққа шығарды. Аталған монографиясында қытайдағы қазақ әдебиетіне ұлт-азат­тық идеяның қашан, қалай таралып, дамығанына ғылыми талдау жасайды; ұлт-азат­тық идеясын жырлаушы ақындардың тағдыр-талайын сол кездің тарихи-әлеумет­тік жағдайымен байланыстыра қарастырады; ұлт-азат­тық идеясын жырлаушы ақындардың көркемдік әлемін ғылыми тұрғыда зерт­теп, сол арқылы олардың тек саяси ұранның жетегіне ермей, қайта олардың әрқайсысы көркем ойдың көшелі нұсқасын жасап кеткендігін ашып береді.
ХХ ғасыр басында КСРО жөргегінде тұншықтырғаннан кейін Алаш-азат­тық идеясы қытайдың Шыңжаң өлкесінде өркен жайғанын білеміз. Ол өзі қалай болып еді?! Алаш-азат­тық идеясын Шыңжаңға алып барып, ондағы халықты ұлт-азат­тық қозғалысына кешенді түрде жұмылдырған кімдер еді?! Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Ақыт қажы Үлімжіұлынан бастап, Әріп Тәңірбергенұлы, Жүсіпбек қожа Шайых­сіләмұлы, Көдек Маралбайұлы, Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазыұлы, Асқар Татанайұлы, Бұқара Тышқанбаев, Мағаз Разданұлы, Құрманбай Толыбаев, Омарғазы Айтанұлына дейінгі Алаш азат­тық идея­сының жанкешті насихатшысы болған алашшыл ақындардың өмірі мен шығармашылығы, осы кезеңнің алды-артында өмір сүріп, ұлт-азат­тық күрес жолында шаhид кешкен батыр, күйші Қожеке Назарұлы, Оспан батыр, Әкбар мен Сейіт, т.б. тарихи тұлғалардың өмірі мен күрес жолы Д.Мәсімханұлы зерт­теуінің өзегі ретінде қарастырылып, аталған тұлғалардың шығармашылық hәм азамат­тық тұғырнамасы Қазақ елінде тұғыш рет азат сана, ұлт­тық мүдде тұрғысынан сараланып, қазақ оқырмандарына, ғылыми айналымға жол тартқан болатын.
Сондай-ақ аталған еңбегінде ғалым бес жыл тәуелсіз ел ретінде өмір сүрген Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен жойылу барысы; Сталин мен Мао-ның ШТР туралы құпия жоспарлары; Республиканың алғашқы төрағасы Әлихан Төре Сағуни, Ахметжан Қасыми, Дәлелхан Сүгірбаев, Ысқақбек Мөнинов, Абдукерим Аббасов қатарлы тұлғалардың да өмір жолы мен қызметі туралы тың деректер мен байыпты тұжырымдар ұсынған болатын.
Дүкен 2008 жылы Қазақ және қытай әдебиетін салыстырмалы әдебиет­тану ғылымының теориясы мен принциптері тұрғысынан салыстыра зерт­теп, докторлық диссертация қорғады, елдің іші-сыртындағы жетекші ғылыми басылымдар бетінде көптеген зерт­теу еңбектері мен мақалаларын жариялады.
Тұлғатануға апарар жол көп. Солардың ішінде Дүкеннің құлашын кең сермегені салыстырмалы әдебиет­тану ғылымы. Әсіресе «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» монографиясын бөле-жара айтуымыз керек. Бұлар екі халықтың интеллектуалды шамшырақтары, тарихи-әдеби үдерісіндегі көк сеңгірлері, рухани ұстаздары. Әрі замандастар. «Сондықтан, – деп жазады ғалым бауырымыз, – біз осы зерт­теуіміздің ұзына бойында негізінен М.Әуезов пен Лу Шүннің көркем және ғылыми, публицистикалық шығармаларындағы ұлт­тық дәстүр мен жаңашылдыққа ұстаған позицияларын, сол туралы ой-пікірлерін салыстыра қарастырамыз».
Докторлық диссертациясы негізінде даярланған кітапта екі ел әдебиетіндегі тарихи сабақтастықтың бастаулары мен негіздері, ғасырлар тоғысындағы ұлт­тық әдебиет­тің жаңа бетбұрысы мен өрлеуі деректік, мазмұндық, методологиялық қырларынан ашылған. Ұлы суреткерлердің өз елдерінде ғана емес, адамзат өркениетінде азат­тық пен ағартушылық тұғырнамасын асқақтатқаны кемел дәйектелген.
Зерт­теудің өресін, нәтижелерін және маңызын диссертация түрінде-ақ жазбай таныған ғұлама ағаларды айтпай кетуге болмайды. Әйгілі Ахаң – Ақселеу Сейдімбек диссертацияны қорғау үстіндегі жарыссөзде былай деген екен: «Біз білмеген, білуді мақтан ететін, болғанын мақтан ететін өте кесек деректер бар. Ол қазақ халқының, «қазақ» деген этнонимнің тарих сахнасына шыққанға дейін қазақ руханияты, қазақтың ақын-жазушылары қытай халқымен қолтықтасып, соның тілін игеріп, я болмаса, олар біздің тілімізді игеріп, біз олардың ән-күйін пайдаланып, олардың кейбір техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, қоян-қолтық, өмір салтымызды бірге өткізген кезеңдерімізді айтатын мезгіл жет­ті. Біз тек ғана теке-тірес, соғыс кезеңдерімізді тарихқа арқау еткен, сөйтіп орыс халқынан басқа халықтармен ылғи қырғи-қабақ жағдайды ғана насихат­тайтын идеологиядан кіндік үзуіміз керек… Дүкеннің диссертациясы өте мінсіз, жақсы, сапалы орындалған, қазақ әдебиет­тану ғылымына олжа салған еңбек деп білемін».
Бүгінде ұлт­тық әдебиет ғылымының абызы С.Қасқабасовтың берген бағасы ешқашан маңыздылығын жоймақ емес. «Ұлт­тық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін, – депті ағамыз, жап­пай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным белең алды да, «салыстырмалы әдебиет­тану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, тек осы идеяны «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Сөйтіп, ұлы Мұқаң (Әуезов) бастаған қазақ қаламгерлері «орыс қаламгерлерінен үйренген, үлгі алған» ретінде қарастырылып келді. Ал Дүкен Мәсімханұлының қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті қытай қаламгері Лу Шүнмен салыстыруы – шынымен де қазақ әдебиет­тану ғылымы үшін үлкен жаңалық болды».
Иә, Дүкен – қос өркениет­тің телқо­ңыры. Қытайдың өткені мен бүгінінен білгенін, көргенін Астанадағы, Алматыдағы ЖОО студент жастары мен жас мамандарға табан аудармай риясыз дәріс беріп келеді. Бір өзі жүзден астам қазақ­стандық жаңа буын қытайтанушыларды даярлап шығарды. Олар Қазақ­стан мен Қытай елдеріне қатысты мекемелерде жемісті еңбек етуде. Өзі де Қазақ­станның атынан таяу-алыс шетелдердегі алқалы ғылыми, әдеби басқосуларға жиі шығып тұрады. Қазақ: «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген ғой. Менің түсінігімде, Дүкен замандастарының ішіндегі нағыз көнекөзі. Оқығаны көп, тоқығаны одан да көп.
Бәрінен де маңыздысы, ол туған халқын, азат­тықты бәрінен жоғары қоя­ды. Онысын жаһанға жар сала жариялап «Азат­тығым мен қазақтығым» атаулы кітабымен дүниенің төрт бұрышына тарат­ты. Қазақтығы мен азат­тығының алтын діңгегі – туған елі, туған тілі, туған ұлы даласы. Бойындағы құдай берген қасиет пен қуат­ты осыларға қалт­қысыз, риясыз арнап келеді. Көңілінде күдігі де жоқ емес. Қойын дәптеріне «түртіп» қойған ойтолғанымда ғалым былай дейді: «Мен туған халқыма деген махаббатымды қалай бейнелеудің жолын таба алмай-ақ өмірден өтіп кетем бе деп қорқамын». Халқым деп соққан жүрекке ешқашан мамыражай тыныштық жоқ шығар, сірә.
Иә, қайда болса да бейнет­тің зейнеті де болмай қалмайды. Өмірінің қазақ­стандық кезеңінде де Дүкен сый-сыяпат­тан кенде қалған жоқ. Әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университет­те кандидат­тық (1999), Астанада докторлық диссертациясын (2008) қорғады. 2012 жылы «Алаш» әдеби сыйлығымен, 2013 жылы «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапат­талды, өткен жылы «Парасат» орденін омырауына тақты.
2009 жылы «ҚР ЖОО үздік оқыту­шысы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Алғаш құт­тықтағандардың бірі ретінде:
– Енді сен «дүкен» емессің «супермаркетсің», – дегенім бар еді.
Сөйтсем, Дүкеннің азан шақырып қойған есімі Дулат екен. Осыны жақында ғана білгендіктен, екі ойға қалдым: бірі – қос есімді азамат­тардың, екіншісі – Дулат есімді қазақтардың дені ірі тұлғалар екені.
Қазір Дүкен Мәсімханұлы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры. Бұл қызмет­те де ол ұжымдағы ғалымдарды жұдырықтай жұмылдырып, Қазақ­стан мен Шығыс елдерінің қарым-қатынасына, Шығыс елдерінің іш-сыртқы саясатына қатысты һәм іргелі, һәм өзекті ғылыми жобалармен өте жемісті жұмыс істеп жатыр.
Бір ауыз сөзбен айтқанда Дүкен (Дулат) Мәсімханұлы – шын мағынасында ірі тұлға. Тарих қателескен жоқ. Тарихты алдап кету де мүмкін емес.

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҰҒА академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір