АХАҢ — мыңжылдықтардың адамы
20.01.2023
738
0

Алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын Қазақ Елі барынша ұлықтап, тарихқа таспалады. Осындай айтулы жылдың естен кетпес оқиғасынан бір ғасырлық тарихы бар қазақ радиосы да қалыс қалмады. Әуе толқынынан «Ұлт ұстазы» ат­ты хабар ашып, дара тұлғаны жан-жақты насихат­тауды борыш санады. Оның басты себебі, 1921 жылы
Орынбор қаласынан қазақ даласына радионың үнін алғаш рет естіртіп, хабарды таратқан да Ахмет Байтұрсынұлы болатын.

«Ұлт ұстазы» хабарының қорытындысына Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуді ұсынған, жыл бойы ізгілікті істердің орындалуына мұрындық болған руханият жанашыры, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлын шақырған болатынбыз. Сұхбат 2022 жылдың соңында «Қазақ радиосында» берілді. Жыл бойы эфирден жүрген хабардың сіргежиярын газетке арнайы ұсынып отырмыз. 

Кез келген тойдың соңында ізгі істер қалуы керек

– Құрмет­ті Алтынбек Нұхұлы, бір жыл бойы республикамызда және ЮНЕСКО деңгейінде Алаш баспасөзінің атасы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кең көлемде аталып өт­ті. Міне, жылдың соңына да келіп жет­тік. Байқағанымыз, еліміздегі зиялы қауым өкілдері, билікте отырған азамат­тар Ахмет Байтұрсынұлы тақырыбында анда-санда төбе көрсеткенімен, артық айтқаным емес, сіз сияқты жүйелі түрде жұмыс істеген азамат­тарды көрмедім. Сіз осы 2022 жылдың басынан бастап, шешімін таппай жүрген қаншама істің нәтижелі шығуына мұрындық болдыңыз. Әңгімені осы атаулы жылдың басынан бастайықшы. Жоспарланған істердің нәтижесіне ризасыз ба? Қандай істер толық атқарылмай қалды?
– Сауалыңыз өте ауқымды, Толқын. Ұлы Ахаңның 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп, өте көп іс-шаралар атқарылды деп нық сеніммен айта аламын. Бәрін басынан бастап айтатын болсақ, Ахаңның 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде тойлау және бірнеше іс-шаралар атқарылуы туралы депутат­тық сауал жолдаған болатынмын. Ұсыныстардың қабылданып, халықтың қошеметіне бөленген Ахаңның 150 жылдығы үлкен деңгейде тойланып өткендігі бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялат­ты. Атқарылған жұмыстар өте ауқымды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұған дейін де ЮНЕСКО деңгейінде тойланған 14 қазақтың ішіндегі Ахаң тойы – жан-жақты кең мағынада аталып өткен мерейтой болды деп айта аламыз.
Кез келген тойдың соңында ізгілікті істер қалу керек деп есептеймін. Депутат­тық сауал жолданғаннан кейін мемлекет­тік комиссия құрылып, 63 пункт­тен тұратын жалпыреспубликалық жоспар қабылданған болатын. Осы жоспарға ұсынған ұсыныстарымыз толығынан енді. «Жоспарланған істердің нәтижесіне ризасыз ба?» дедіңіз. Иә, толығымен ризамын. Себебі, өзіміздің сауалымызда көтерілген мәселелердің 90 пайыздайы орындалғандықтан, мен бұл жылға да, жасалынған іс-шараларға да ризамын деп айта аламын. Себебі, 63 пункт­тен де басқа, жоғары оқу орындары, мектептер, колледж деңгейінде болсын, жалпы Ахаңның тойында қосымша іс-шаралар көптеп жасалынып, біз ойлағаннан да асып түсті. Мысалы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің бас ғимаратында Ахмет Байтұрсынұлы кабинеті ашылса, сондай-ақ бірнеше оқу орындарында да Ахмет­тану орталықтары ашылды. Жыл соңында тағы бір қуантарлық іс – ол Ахмет атамыздың ұрпағы, жиені Айман апайдың екі бөлмелі пәтердің кілтін қолына алуы.
Биыл тәу етер Тәуелсіздігімізге 32 жыл толып отыр. Осы ұлық мереке кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы, ғұлама, ел тарихында өшпес із қалдырған ардақты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықтың көңілінен шығып, абыроймен өт­ті деп нық сеніммен айтуға болады.
– Биыл тіл ғылымдары саласындағы ғалымдардың атқарған істері ұшан-теңіз. Қаншама мұрағат­тар ақтарылып, көптеген еңбектер жазылды. Шет тілдеріне аударылды. Мүмкіндік болса осы еңбектерге тоқталып өтсеңіз.
– Рухани көсем тұлғасын айшықтау жолында жасалынған жұмыстар өте көп. Ең көлемді еңбектің бірі – Ахаңның 12 томдық толық шығармалар жинағының жарық көруі. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Жүсіп пен Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми гранты негізінде ұлт ұстазының 12 томдық мұрасын даярлап, жарыққа шығарды. Бұл осы жылдың ірі мәдени-интеллектуалдық еңбегі деуге толық негіз бар. Жинақты даярлау барысында профессорлар Дихан Қамзабекұлы, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер, тағы да басқа ғалымдардың сіңірген еңбегі өте зор. Бұл жинақтың тұсауы 11 қараша күні «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» ат­ты ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференцияда кесілді. Конференцияның өте жоғары дәрежеде өтуіне және оны басқарған Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен орынбасары, ақын Бауыржан Жақыптың рөлдері зор болды.
Бұдан басқа әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті үш томдық еңбегін басып шығарды. Ал Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орталығының директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешовтың басқаруымен «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) кітабының жинағы шықты.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдық академиялық толық шығармалар жинағын дайындап шығаруы өте көлемді дүние болды. Ахаң атын алып отырған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институты «Ахмет Байтұрсынұлы. «Тіл құрал» басылымдарының графикалық проекциясы» ат­ты еңбекті өмірге келтірді. Туған жеріндегі «А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» сіңірген еңбек те ерекше. Атап айтсам, белгілі аға буын азамат­тар Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Алмасбек Әбсадықтың Ахаңа арнаған жеке-жеке кітаптарының жарық көруі – биылғы жылдан қалған ізгілікті іздер болары сөзсіз.
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың орыс тіліндегі «Ұлт ұстазы» деген кітабы да – Ахаң мұраларын толықтыратын құнды дүние болып отыр. Тағы бір ерекше бөліп айтатын еңбектің бірі – филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет­тің «Ғасыр саңлағы» ат­ты еңбегі. Бұл еңбектің маған ыстық болатын себебі, оған өзім де пікір жазған болатынмын. Мен «Ғасыр саңлағы» еңбегін оқығаннан кейін Ахаңа деген көзқарасым тіпті тереңдей түскендей болды. Кітапта Ахаңның бүкіл шығармашылығы, қайраткерлігі жан-жақты сарапталып, зерт­телген. Ахмет атамыз ұлт жүрегінің төрінен орын алып, туған халқы «Ұлт ұстазы», «Ұлт­тың рухани көсемі» деп ардақтап ат берді. Ұлт ұстазының есімін ұлықтау арқылы тұғырлы тәуелсіздігімізді нығарлаймыз әрі ұлт мұратының жүзеге асып жатқандығының тағы бір белгісі деп те білеміз.

30 жылда 50 кітап жарық көрген

– Ахмет атамыздың тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өт­ті деп отырмыз. Енді шетелдегі тойлан­уына тоқталып өтсеңіз.
– Ахаңның 150 жылдық мерейтойы тек қана Қазақстанның көлемінде ғана тойланып қойған жоқ. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ЮНЕСКО-ның деңгейінде аталғандықтан, Парижде негізгі шараның бірі өт­ті. Франция астанасының төрінде тойлануы – бұл еліміздің әлемдік деңгейдегі бет-беделін арт­тырды деп ойлаймын. Сондай-ақ Түркия елінде бірнеше ірі іс-шаралар өт­ті. Соңғы естіген жақсы жаңалығымыз Анкарада Ахаңның ескерткіші бой көтерді. Бұл – Қазақ елі үшін үлкен абырой, Ахаңның рухының жаңғыруы, асқақтауы деп білемін. Ескерткіш авторлары – белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Сонымен қатар бұл талант­ты мүсіншілер – Алматы қаласында ашылған Ахаң ескерткішінің де авторлары. Әзербайжан елі Ахаңның тойын құрметпен атап өт­ті. Президентіміз Ахаңның қазақ халқы үшін тұғырлы тұлға екенін жан-жақты ашып көрсетіп айтқандығы – ел үшін үлкен абырой болды.
– Өзіңіз ғалымсыз. Ғылыми еңбектерге аса мән беретініңізді де білеміз. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы қанша ғылыми еңбек жазылған? Биылғы жылдың үздік мақаласы деп қай еңбекті атап өтер едіңіз. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаны бүгінгі ұрпақ санасына қаншалықты сіңіре білдік?
– Ардақты Ахаңның бес рет түрмеде отырып, екі рет итжеккенге айдалғандығын білеміз. Оның есімін Кеңес үкіметі 50 жыл айтқызбады. Тәуелсіздіктің таңы атар алдында қайта оралған Ахаңа арналып соңғы 30 жылда 50 кітап баспадан шыққан екен. 30 докторлық, 60 кандидат­тық диссертациялар қорғалыпты. Биылғы жылы жарық көрген мақалалардың санында есеп жоқ. Алаштану, ахмет­тану саласында еңбек етіп жүрген алдыңғы толқын ағаларымыз – атақты академиктер Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Өмірхан Әбдиманұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Айгүл Ісмақова, Орынай Жұбай, Анар Салқынбай, Қайрат Сақ және тағы да басқа көптеген ахмет­танушылардың есімін атап өту керек деп санаймын. Тағы бір айта кететін жайт, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» басшысы, алаштанушы ғалым, биылғы шыққан 12 томдық кітаптың авторларының бірі Дихан Қамзабекұлының рөлі өте зор. Ол кісі басқаратын газет­те өте тұшымды, мазмұнды мақалалар жарияланды. Соның бірі «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Бірдің бірегейі» ат­ты ғалым ағамыз Қойшығара Салғараның мақаласы еді. Ал бұл жолда жастарымыз да аянып қалып жатқан жоқ. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлының «Ахаң – ғаламдық деңгейдегі ғалым» деген мақаласы да көңілімнен шықты. Осы тұста бір ғалымды жеке айтқым келіп отыр. Ахаң мұрасын насихат­тау жолында көп еңбек сіңіріп жүрген профессор Айгүл Ісмақова. Бұл кісі ахмет­танушыларды көптеп дайындап қана қоймай, қазақ тілінде болсын, орыс тілінде болсын Ахаң және оның еңбектері туралы жазып, айшықтап көрсетіп жүрген ғалым ретінде сыйлаймын. Міне, Ахаңның соңында қалған мұраларын насихат­тау жолында ғалымдардың, өнер қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың еңбегі өте ауқымды әрі нәтижелі болды деп айта аламын.
Әрине, Ахаң мерейтойын кең түрде насихат­тауда баспасөз құралдары, газет пен журналдар, радиохабарлар, телеарналар, әлеумет­тік желінің атқарған рөлдері өте зор.

Біздің рухани көсеміміз – Ахмет Байтұрсынұлы

– Алтынбек Нұхұлы, өзіңізді руханият жанашыры ретінде жақсы білеміз. Әрдайым өнерге, әдебиет пен мәдениетке қолдау көрсетіп жүресіз. Соның бір айғағы – өзіңіздің ықпалыңызбен «Ахмет», «Қаныш», «Жер-жаннан қымбат» (Жұмабек Тәшенов) ат­ты поэмаларын моноспектакль ретінде қазақ радиосының «алтын қорына» таспаладық. Мұның сыры неде?
– Өз тарапымнан үлес қосу да ойда жүрген іс еді. Әрине, Ахаңа арнап жазылған өлең-жырлар аз емес. Алайда, Ахмет жайлы поэма жаздыру деген идея көптен мазалап жүрген болатын. Оның іске асқанына қуаныштымын. Ахаңның бүкіл ғұмырын сурет­тейтін өткір де бейнелі тілмен айшықтайтын көлемді дүние туды. Осы идеяны іске асырған ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы ағамыз. Оны өзіңіз де білесіз. Қазақ радиосының әуе толқынынан «Шабыт» радиотеатры хабарынан моноспектакль жанрында бердіңіз. Тыңдарман қауым оң бағасын берген, көңілден шыққан поэма болды деп ойлаймын. Поэмада Несағаң, Ахаңның 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлауды бастап беріп, депутат­тық са­уал жолдаған өзің едің деп айтатын тұсы бар. Мұны не үшін еске алып отырмын? Депутат­тық сауал жолданғаннан кейін сол кездегі Сенат спикерінің орынбасары Нұрлан Әбдіровтың жақсы сөзі маған тірек, қозғаушы күш болды. «Ал енді Алтынбек Нұхұлы, өзіңіз жолдаған депутат­тық сауалдан кейін осы істі бақылауда ұстаңыз және орындалуын да қадағалап отырыңыз» деп еді. Содан бұл істің орындалуын басты назарда ұстап отырдым. Себебі, айтылған дүниелердің барлығы қағаз жүзінде қалмай, оның орындалғаны керек қой. Жоғарыда айтқандай, ізгілікті із қалдыратын дүниелер өмірге келу үшін үнемі «телефонның құлағында» болдым. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен, Қазақстан Жазушылар одағы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі және ЖОО ректорларымен үнемі байланыста болуға тырыстым. Жалпыреспубликалық жоспардағы істердің алға басуына, рухани тұрғыдан атсалысуға тырысқанымды жасырғым келмейді. Осы істердің орайымен орындалуы – көптеген ұжымдардың зор еңбегі. Халқымызда бір сөз бар ғой, «бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, ал мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» дейді. Ахаңның өзі ғасырдың ғана адамы емес, «мыңжылдықтың адамы» ғой. Міне, сондықтан осындай еңбектердің өмірге келуі – бұл мыңжылдыққа бастайтын егілген дән деп айтуға толықтай хақымыз бар.

Ахаңның атына әуежай берілді

– Қандай да бір тұлғаның мерейтойы болса, ол туған жерінде аталып өту керек деген бізде бір жазылмаған дәстүр қалыптасқан. Міне, биыл осындай дәстүрге сенген Ахаңның жерлестерінің үлкен жоспарлары іске аспай қалды. Табиғат апатынан той кейінге қалды. Жалпы осы дұрыс па? Мүмкін мерейтойларды атап өту форматын өзгертерміз?
– Сауалыңыз өте ауқымды болған соң бір ғана сұрақтың төңірегінде жауап беру мүмкін емес. Алайда, тағы да айтып кетер дүние – бұл қостанайлықтардың еңбегі. Жалпы Қостанай облысында өткен той болсын, оның алғашқысы қиын жағдайда өрт мәселесіне байланысты өтпей қалғандығы немесе артынан той өтіп, Ахаң мен Жахаңа жеке ескерткіш ашылуы, сол жақтағы үлкен музейдің күрделі жөндеуден өтуі, туған жері Сарытүбектегі үйінің орнына жаңадан музейдің ашылуы, бұлардың бәрі ауыз толтырып айтарлық еңбектің жасалғандығын көрсетеді. Сол еңбектерді облыс басшылығы өз деңгейінде жасауға тырысты, бірақ та оның проблемалары болғанына қазір тоқталып жату артық болар. Ашалап айтқым келетіні сол жердегі тойлардың, аталған іс-шаралардың дұрыс деңгейде өтуіне, халықтың ниетінің орындалуына атсалысқан азамат­тар аз емес. Соның бірі Ибрахим Атығаев ағайдың ұйымдастырушылығының арқасында Ахаңның ата-анасының басы көтерілуі, Ахаңа жеке бір кесененің салынуы әдемі шықты. Ұйым­дастыру жұмысын атқарған Ахаңның жақын туысқаны Рашиля Мурсалиева апайымыздың еңбегі зор. Ахаңның тойы басталар алдында арнайы қоғамдық штаб құрылып, оған Сенат депутаты Дана Нұржігіт, Мәжіліс депутат­тары Қазыбек Иса, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, сол кездегі депутат, қазіргі кезде Ұлытау облысын басқарып отырған Берік Әбдіғалиұлы – осы азамат­тармен барлығымыздың басымыз қосылып, бір жылдың ішінде басталған бастамалардың рет-ретімен іске асқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Әрине, сол штабтың ішінде журналист Анар Төлеухан, белгілі жазушы Амангелді Кеңшілікұлы, осы іс-шара жайлы жыл бойы жазып жүрген Амандық Әмірхамзин, Берік Бейсенғалиев, Жомарт Түбекбаев, Еркебұлан Жамаубаев сынды азамат­тардың аталарына жасаған еңбектеріне ризамыз. Сол кеште айтылған ұсыныстар мен ойларды ретке келтірген, депутат­тық сауал жасаған мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ұсынысы болды. Олардың ішінде ерекше айтатынымыз – Қостанай қаласындағы әуежайға Ахаңның аты берілгендігі. Бұл деген зор қуаныш, сол елге ұшып келген кез келген жолаушы бірден Ахаңның есімін көретін болса, Ахаң еліне келдім деген күш-қуат, рух бермей ме?! Осының бәрі жақсылықтың нышаны деп айтқым келеді.
Болашағымыз жастардың қолында ғой, жастардың да еңбегіне тоқталып өткен дұрыс ғой деп ойлаймын. Сондай бір ауқымды шараның бірі – сонау Ахаңның туған ауылынан бастау алып, Сарытүбектен Ыстамбұлға велосипедпен жеткен журналист Ернат Мелсұлының жасаған сапары – халықтың жүрегінен ыстық ықыласпен орын алды деп есептеймін. Тағы да басқа жасалған көптеген экспедициялар, алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың жазбалары, көптеген хабарламалар беріп отыруы, ахмет­тану жолындағы мұндай жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Сондай-ақ тағы бір жас азамат­ты ерекше атап өткім келеді. Ол – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының тұрғыны Амантай Акишев деген азамат. Ол өз қолынан тастан ойып жасаған Ахаңның мүсінін бірнеше жерде қойып шықты. Міне, нақты атқарылған үлкен жұмыстар. Ал танымал суретші Алмас Сырғабаевтың еңбегі тіпті ерекше. Ол ең алдымен атаулы жылға байланысты логотиптің авторы. Одан бөлек Ахаңның ғұмырбаянын толықтай қылқалам тіліне аударып, тұтас көрме жасап шықты.
Сонымен қатар осы жылдың ең көлемді дүниесі «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмі. Режиссері әрі сценарисі Мұрат Есжан, сценаристері Ұларбек Нұрғалым, Ұшқын Сейдрахман, продюсері Айсәуле Әбілдә басқарған ұжымның еңбегі орасан зор. Ахаңды сомдаған белгілі актер Байғали Есенәлінің халықтың жүрегінен ерекше ықыласпен орын алғандығына бәріміз куәміз. Ахмет­танушылардың ізбасарлары осылай көбейе береді деп үміт­тенемін. Осы азамат­тар жуырда «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін жарыққа шығарып, бүкіл Қазақ елін тағы бір қуант­ты.
Сонымен қатар өзіңнің де еңбегіңді атап өту керек. Жыл бойы қазақ радио­сының әуе толқынынан «Ұлт ұстазы» деген хабарды жүргізіп келдің. Осы хабарда талай-талай ғалымдар, мамандар ойларымен бөлісті. Өзіңмен бірге іске асырған Ахаңа арналған «Ахмет» поэмасы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа арналған «Қаныш» поэмасы, одан бөлек жерімізді қорғай білген жаужүрек ағамыз Жұмабек Тәшеновке арналған «Жер – жаннан қымбат» ат­ты поэманы радиодан насихат­тағаныңа көптен көп рақметімізді айтамыз. Ахмет жылында осындай еңбектердің жасалғандығы, насихат­талғандығы өте орынды дүние болды деп санаймын.
Бұқар жырау бабамыз айтқан екен, «Көп білген адам кемеңгер емес, сол білгенімен халқына пайдасын әкелген адам кемеңгер» деп. Расында да даналықтың дәнін сеуіп, ой тереңдігі жағынан дәуірдің дара туған біртуар тұлғасы Ахаңның соңына қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Бұл мұраны насихат­тау, зерт­теу, болашақ ұрпақтың бойына сіңіру, сол арқылы Ахаңның есімін аңызға айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал аңызға айналудың өзі де екінің бірінің маңдайы­на жазылмаған ғой. Алайда ақиқат­ты, арды ардақтай білген қасиет­ті тұлғалар ғана аңызға айналатынын білсек, сол аңызға айналған адам ол біздің – Ахаң.

Бір жылда 11 көше, 13 мектепке Ахаңның аты берілмекші

– Ахмет Байтұрсынұлының есімін бірнеше оқу орнына беру, ескерткіш ашу, көше атауын беру түсінген адамға өте мағыналы дүние. Әуежайға есімін бергенде де таңырқағандар болды. Бұл игі істер Ахмет атын ұмытпай, келер ұрпаққа аманат етудің бірден-бір жолы емес пе?
– Жалпы, Ахмет атамыздың 1988 жылы ақталғанынан бастап, өткен 34 жылдың ішінде, ғұламаның есімі берілген нысандар аз емес. Бүгінгі күні Республика бойынша 1 ауылға, 200-ден астам құрамдас бөлікпен 40 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге және 1 скверге берілгендігі жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен ақпарат алған болатынбыз. Осы жылдың өзінде тек қана 11 көшеге, 13 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі деген де хабарды алдық. Елордамыздың өзінде екі мектепке есімі беріліп отыр. Осы мектептің бірі – «Бином» мектебінде «Ахмет» поэмасының тұсаукесерін өткіздік. Бұл оқушылар арасында Ахаңды насихат­таудың бір жолы болды. Осындай кездесулер, конференциялар көптеген кітапханаларда, мектепте, колледжде, ЖОО-да өт­ті. Салыстырмалы түрде айтсам, Ахаңның осыдан 25 жыл бұрын 125 жылдығы өткендігін білеміз. Ол кездегі насихат­талу бір деңгейде болса, міне, биылғы мерейтойда насихат­талуы өте жоғары деңгейде өткендігін қайталап айтамын. Жыл өткен сайын ғұлама Ахаңа берілетін баға өзінің лайықты орнын алып келе жатыр. Менің ойымша, тағы бір 25 жылдан кейін, Ахаңның еңбегі тіпті жоғарғы деңгейге көтерілетініне күмәнім жоқ. Себебі, өздеріңіз де жақсы білесіздер, Хәкім Абайдың 175 жылдығында қандай үлкен істер атқарылды?! Абайдың әрбір қалада ескерткіші бар, Абайдың туған жеріндегі жасалған дүниелер, кіндік қаны тамған жеріне үлкен қаражат­тар бөлініп, керемет дүниелер жасалды. Ендеше, Абайдан кейінгі Ахаңның 175 жылдығында бұдан да үлкен дүниелер жасалып, Ахаң есімі шарықтай түсетіндігіне сенімім зор. Кеңес үкіметі кезінде «Оқы, оқы және оқы» деген Ленинді төбемізге көтеріп, күнкөсем көрген жоқпыз ба?! 5 қыркүйек Ахаңның дәл туған күнінде Еуразия Ұлт­тық университетінде үлкен трибунадан «Ахаңның портреті ұлт ұстазы ретінде Қазақстанның 700-ге жуық мемлекет­тік мектептерінің төрінде ілініп тұруы керек» деп айтқан болатынмын. Осындай насихат­талудың арқасында біз күн көсемімізді танимыз! Жыл өткен сайын күн көсеміміз өте биік дәрежеге көтерілетіні сөзсіз.
– Құрмет­ті Алтынбек Нұхұлы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын абыроймен өткізу жолында замандастарыңызға, жастарға көшбасшы болдыңыз. Атқарылған шаруалар көңіл қуантады. Қазақ радиосының әуе толқынында жыл бойы жүрген «Ұлт ұстазы» хабарының да қорытынды сөзін өзіңіз айтсаңыз.
– Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ахаң – бір басында сан салалы өнер тоғысқан телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі» десе, ал кешегі өткен ғажап жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт­тық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға» деп еді. Шын мәнінде халқын болашаққа бастаған ұлт­тың ұлы ұстазының жолын, Алаштың идеясын, ұлт­тық идеология қыла алатын жастар үшін жарқын жол деп санаймын. Ахаңа көрсетілген құрмет – ұлт­тық жаңғыруға бастайтын жол деп ойлаймын. Тарих дөңгелегін Ахаң сияқты дара да дана тұлғалардың жылжытатындығы Алаш идеясында менмұндалап тұр. Ендеше, ұлт­тық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлғаны насихат­тау жолындағы жұмыстарға атсалыса білсек, ол да біздің маңдайымызға біткен бақыт деп санар едім. Ахаң тойының нәтижелі әрі игілікті істері ізгілікті із қалдырсын!
– Сұхбатыңыза рақмет!

Толқын СҰЛТАН,
Қазақ радиосының
редактор-жүргізушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір