«ШАМШЫРАҚ» ШЫРАҒЫҢДЫ АШАДЫ
13.12.2022
3568
0

«Менің – Әуезовім» дегенді өмірінде ту етіп ұстанған академик Зейнолла Қабдолов: «Қаламгерлікті, ғалымдықты, ұстаздықты үйлестіру – аса қиын ұстаным. Мені осы жолға салған ұлы талант­ты дарын иесі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Өйткені шәкірт кезімде менің шекеме оның демі тиген», – деуші еді, үлкен залды тыныштыққа ұйытып. Қазіргі таңда қиын жолды «қиядан шаба, қисысын таба» игеріп жүргендер бар. Солардың бірі – қос тізгін, бірі шылбыр – ақындықты, ғалымдықты, ұстаздықты тоқайластыра тынымсыз жүрекке бағындырған – Шәмшабану Хамзақызы. Мен ақынның өлең-жырларымен бала кезден сусындап өскен едім. Ұстаздығын шәкірт­тері дәріп­теп, ғалымдығын ғылыми айналым дәлелдеп отыр.

Ақынды таяуда тағы бір қырынан танығандай болдық. Алматыдағы «Аршын» баспасынан Хамзақызының «Шамшырақ» ат­ты мақалалар, сұхбат­тар, ой-толғаулар, балаларға арналған шығармалар жинағы жарық көрді. Біз кітаптың мақалалар, сұхбат­тар бөліміне тоқталып, уақытымызды зая еткіміз келмеді. Өйткені ондағы материалдармен оқырмандар республикалық баспасөз бет­тері арқылы бұрыннан таныс.
Зерделеу барысында менің назарымды ерекше бұра тартқаны – Шәмшабану ақынның Абай болмысына бас иетіндігі. Ұлтымыздың «Бас ақыны», түркі дүниесі әдебиетінің классигі «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп толқыса, Хамзақызы:
…Поэзия алып таудай еңселі.
…Поэзия мәңгі гүлдер көктем ғой,
Көк нөгердей талай жырды
төккен ғой.

…Поэзия – домбыраның күмбірі,
Мөлдіреген бұлақтардың сылдыры.
Тіршілікке тиянақ боп дарыған
Поэзия – шүлен шумақ Күн нұры.

Поэзия – жас жүректің дірілі,
Сол дірілден туған ғажап жыр үні.
Поэзия – самал желдің әуені,
Поэзия – Күннің нәзік қылығы.

Поэзия – көздің мөлдір жанары,
Сұлулықтың, ұлылықтың аралы.
Поэзия – иісі жұпар аңқыған,
Жадыраған жаздың жібек самалы, –
деп, Абай тұжырымын асқақтата дәйектейді. Қазақ өлең-жырының ішкі әлеміне бойлатады. «Ақынның бақыты – өлеңі» екенін сезінесің. «Шер толқытса, шығатын сөздер» жүректі күмбірге бөлейді. Осы бір тұста:
…Ер туған, балуан туған
ардақты ана,
Өмірдің бәйгесінен қалмапты ана.
Мұң-шерін қос ішектей домбыра етіп,
Осылай ел мұрасын жалғапты ана, –
деп, Шәмшабану ақынның басты мұраты – ұрпақ молайтқан ана екенін, өлең-жыр аналық мерей, мейірімнен ағытылатынын сезінесің.
Ақынның философиялық ой-толғау­лар бөлімінде Абай тағылымына тағы бір қанығасың. Оның «үш сүюіне» тәнті боласың.
«Бірінші сүю»:
«Сен де сүй ол Алланы жаннан тәт­ті», – дейді. Алла адамды айуаннан парықты етіп, адамға сана, сезім, ақыл, ой беріп жаратқаны үшін Алланы шексіз сүюге құштармыз.
Екінші:
«Адамзат­тың бәрін сүй бауырым, деп», – дейді. Мұндағы мәселе бүкіл адам баласын дініне, тіліне, түр-түсіне қарамай сүю керек.
Үшінші:
Алланы, адамзат­ты сүю дәстүрін хақ жолы, әділдік деп, әділет­тікті сүю дейді. Осы үш сүюді ақын имани гүлге балап, ойын былайша өрбітеді:
«Ойлан дағы үшеуін таратып бек,
Басты байла жолына, малың түгіл», – дейді. Демек, осындай жолға түссең, дінге сенгенің, мұсылман болғаның. Осы үш сүюді терең меңгермей, тек көріністегі ораза, намаз, мұсылмандық парыздармен ғана шектелсең, ол дін болмайды. Абай – діни реформаға әуел бастан-ақ ден қойған ойшыл. Ол ненің болса да өмірге қажет­тілігіне, өміршеңдігіне қат­ты назар аударған», – деп Абайдың түсінік, ұстанымын әлемдік философиямен астастырады. Хакімнің басты мұраты – дінді де тәрбие құралына айналдыру екенін дәріптейді.
Хамзақызы Шығыс әдебиетінің діңгегі, данышпан ақынның дәнегінен нәр алып келіп, құдай қосқан қосағы, этнограф, фольклорист, жазушы, зерт­теуші ғалым, марқұм Зейнолла Сәніктің мұраларына келіп аялдайды. «Ақылы терең адамның аясы кең келеді, тамыры терең шынардың саясы кең келеді» демекші «жазба әдебиеті тапшы бір халық үшін айтқанда оның тарлан тарихының сұлбасына терең үңіліп, жай сүрдектен жан сүйсінтерліктей із тауып, оған қан, сөл беріп, қайта қаз тұрғызуың – шынында қиын іс қой. Осы салада менің де азды-көпті ізденгенім бар», – дейді зерт­теуші Сәнік. Жазған ғылыми еңбектерінің бәрі оқырмандар жүрегіне жол тапқан. Сол Зекеңді ақын апамыз мақтап, мадақтаудан аулақ. Еңбекқорлығын Едисонның: «Егер жеңіске жетем десең, табандылықты – дос, тәжірибені – ақылшы, сақтықты – күш, үміт­ті – қарауылшы ете біл» – дегенінен ауытқымағанының нәтижесі еді дейді. Зейнолла Сәнік «Хан батыр Қабанбай», «Басбай», «Сергелдең», «Демежан батыр», «Қайрақбай күйші», «Көкше әулие» сынды тарихи кесек тұлғалардың образын сомдаған. Бексұлтан Нұржекеевтің: «Бұл күнде әлем әдебиетінде деректі жанрдың құны артып барады. Зейнолла Сәнік тарихи шығармаларына дереккөздерін егжей-тегжейлі пайдаланатын стилімен, өзіне тәнті ететін дереккөздерінің құндылығымен ерекшеленетін еңбектер жазды…», – дегенімен түйіндейді. Осы тұста жазушы, ғалым Зейнолла Сәніктің образы «менмұндалап» тұр.
Хамзақызының өз тұрғыластары жайлы «Шуақты күндер» толғауы да өмір дәйектеріне бай. Әдебиет факуль­тетінде шәкірт­теріне қазақ тілінде білім нәрін еккісі келген жиырма шақты ғылым, білім өкілдерін ұлтшылсыңдар деп қудалауға ұшыратуы – Қытай мемлекетінің «солақай» саясатының жүзін айғыздайды. Бірі түрмеде, бірі еңбекпен түзету колониясында болып, қайсыбіреулерінің жер қазып, кетпен шапқан азапты күндерін ақын апамыз:
«…Сор кешіп жиырма жыл
шыға келсең,
Қалыппыз қыздар – кемпір,
бала – шал боп», –
деп күлкіге көме бейнелейді. Оқып отырып, өзіңіз қыжалат тартасыз. Содан соңғы олардың жарасты күндеріне шуақ сепкен «Әдебиет және искусство» журналына жүрегің жібиді. Олардың өмірге қайта келген қаламгерліктерін айғақтап, бет-бет өлең-жыр, әңгімелерін жариялайды. Қайтпас, қайсарлықпен бәрін де жеңіп, қалам, қағаздарына қайта оралғандарға сүйсінесің.
«…Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады, жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады. Сен ақынсың, сондықтан маған жақынсың», – деп өзін игі жақсылармен бірге дастарқанына шақыратын, әріптестерімен ортада: «Жабырқамай, жасқанбай тік жүріңдерші. Міннің көбі мінезден туады. Сендер ашық-жарқын, тік жүріңдер!» – деп ақыл беретін Бәтима (Бәту) Құлмұқанқызы Жакулина қақында:
«Жайшылықта жайсаң да
боп көрінген,
Қызмет­те қайсарлығы көрінген.
Аяулы жар, асыл ана, жақсы адам –
Осы бірдей, үш қасиет
Асыл ана – Бәту апаның,
Өн бойында өрілген», –
деп төгіле шалқуы аса орынды. «Тек­тіден текті туатыны» айғақталып-ақ тұр.
Хамзақызының жастарға кеңесінің де берері мол. Кеудесін кере асқақтап, 60 жастан асқандарды «о дүниеге» ат­тандырыңдар»» деп жарлық берген көсегесі көгермегір патшаны кебежеде жатып айтқан ақылымен елін шөлден, өзенге түскен сағымымен алдап, көптеген жанкештілерді өлім құштырған алтынның құз жартаста екенін айтып, өзгелердің өмірін сақтап қалған асақалдың көнекөз білімділігіне бас идіртіп, «60 жастан асқандардан ақыл сұраңдар» дегізген ақын апамызға ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын дегіміз келеді. Өзге толғау­ларының да тағылымынан аларымыз баршылық.
Енді ақын Шәмшабанудың балаларға арналған шығармаларына қарай ойысайық. Қаламгер Ыбырай Алтынсариннен өнеге ала отырып ертегі, әңгімелерін ағартушылық тәсілге құрған. «Бұғының өкініші», «Мысық пен тышқан», «Алтын сақа», басқа да төлтумалары жоғарыдағы ойымызды бекіте түседі. Бір байқағанымыз – ақын балалар әдебиетіне бой алдыра отырып та, ғалымдығын, зерт­теушілігін алдыға тартады. Мәселен, әл-Фараби: «Ненің жақсы, ненің жаман екенін адамның тек қана ақыл-ойы шешеді. Адам өмірінің басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде деп тұжырымдайды, әрі мұндай адамгершілік халықтар достығы – адамның-ойы мен қабілеті тек тынымсыз іздену, оқу-үйрену арқылы жетіледі», – десе, Жүсіп Баласағұни, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, тіпті Бұқар жырауға дейін бәрі де оқу-үйрену, өнер-білімді – өмірдің тірегі тұтады дейді. Міне, тағылым, тәрбие, таным осындайдан бастау алады. Орыс педагогы С.Макаренко: «Баланы негізінен алғанда бес жасқа дейін дұрыстап тәрбиелемесеңіз, оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу алғашқы тәрбиелеуден әлдеқайда қиын» деуінде де шындық бар. Өйткені ес білген бала өз қалауындағысын жүзеге асырғысы келеді.
Хамзақызының әңгіме, ертегілері тағылым, тәрбиеге құрылған. «Бұғының өкінішіне» зер салайық:
«Бұғы су ішіп тұрып дариядан өзінің мүйізін көріп мақтанып, ал аяғын қораш санап тұрғанда, бір бүйірен жолбарыс шыға келіп, тұра қуыпты. Бұғы қаша жөнеліп, орманды паналамақ болғанында мүйізі ағаштың бұтағына ілініп қалып ұсталып, жауына жем болып қалады.
Сонда ол: «Қораш көрген аяқпен қашып құтылғанда, мақтан тұтқан мүйі­зім жауыма ұстап бергені-ай», – деп өкінген екен дейді. Яғни он екі мүшеге қатысты қажет­тіліктердің пайдалы тұстары барын, оларды ретіне қарай пайдалануды оймен шешу керектігін жас өскіндерге ескертеді.
Ақынның балаларды ойынға еліктіретін өлеңдерінің үйретері мол. «Ханның 9 сұрағы» мен жауабы да тартымды. Оқиық:
«…– Бір дегенім не?
– Бір дегеніңіз бір Құдай,
Тең келетін жан болмас.
Екі дегенім не?
– Екі дегенім – ерлі-зайыпты
екі адам,
Қастық қылған жан оңбас.
– Үш дегенім не?
– Шідердің үш бұтағы,
Атқа салсаң, жылжымас.
– Төрт дегенім не?
– Зират­тың төрт құлағы.
Дауыл соқса, мызғымас…» –
деп, жалғастырып, тыныс-тіршіліктегі білуге тиіс жайларды құлағыңа құяды. Әрине, үйренуге ұмтыласың.
Шәмшабану ақынның «Шамшырақ» жинағын барлап оқысаң, көзіңді шырағдандай жандыратын түсініктерге жиі ұшырасасың.
Жинақты құрастырушылар С.Әкі­рам­ұлы мен Ж.Сәленұлы кітаптың әр бөлімінің оқырмандар талғамына сай болуына баса назар аударған екен.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір