АКТЕРЛІК МЕКТЕПТІҢ «АТАМАНЫ»
Дана ӘМІРБЕКОВА,
Кинотанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері
Мақалада қазақ киносына тың серпіліс алып келіп, қазақ кино мектебін әлемдік деңгейге көтерген Асанәлі Әшімовтің шығармашылық жолы мен төл өнеріміздің өркендеуіне қосқан үлесі жайлы айтылып, таңдамалы фильмдердегі рөлдеріне талдаулар жасау арқылы кәсіби шеберлігіне кинотанушылық тұрғыдан баға беріледі.
60-шы жылдарда қазақ киносына тың серпіліс алып келіп, төл өнеріміздің төлқұжатына айналған Асанәлі Әшімов өз шығармашылық жолын ерте, бар-жоғы 19 жасар студент кезінен бастады. Кинодағы ең алғашқы рөлі – Сәбит Мұқановтың романының желісімен түсірілген «Ботагөз» (1957 ж.) фильмдегі Кенжетай бейнесі. Асанәлі Әшімов Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының театр факультетінде оқып жүріп, «Асау Ертіс жағасында» (1959 ж. Жанай), «Ұшы қиырсыз жол» (1960 ж. Болат) фильмдеріне түсті. Оқудан кейінгі жылдары «Менің ұлым» (1962 ж. Мұрат), «Торап» (1963 ж. Ескендір) фильмдерінде бой көрсетті. Дегенмен сыншылардың оң бағасын алып, кәсіби киногерлер мен көрермен қауымды шеберлігімен тәнті еткен алғашқы актерлік жұмысы – Мәжіт Бегалиннің «Тұлпардың ізі» (1964 ж.) фильміндегі Тұрар бейнесі.
Қазақ тілінде түсірілген тұңғыш фильм тақырыбы мен мазмұны, мәні мен мағынасы, дыбыстық қатары мен бейнелік шешімі жағынан жоғары деңгейде орындалған. Туындыда шопан өмірінің қызығы мен қиындығын шынайылықтың шегінен шықпай суреттеуде актерлар қауымының қосқан үлесі ұшан теңіз. Әсіресе өз рөлін Кәукен Кенжетаев, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова қатарлы кино өнерінің майталмандармен тең дәрежеде сомдап шыққан Асанәлі Әшімовтің ойыны мен кәсіби біліктілігіне өнер зиялыларымен қатар кинематографистер қауымы ерекше назар аударды. Бұған дейін кішігірім рөлдерде көрініп, тек жағымды кейіпкер бейнесін жасап жүрген Әшімов экранға жаңа кейіпкер алып келді. Ол сомдаған Тұрар бейнесі – қазақ киносында бұған дейін болмаған, сол кездегі Кеңес идеологиясына сай келмейтін, аса жағымсыз кейіпкер. Себебі екі сөздің басын қоса алмайтын, жалған сөйлегенге жаны жақын, жұмысқа мойны жар бермейтін, еріншек, бойкүйез, өзімшіл кейіпкердің басты рөлде жүруін елестетудің өзі ол заманда қиынға соғатын.
Осы ретте сценарий авторы Әкім Таразидің тапқырлығы мен қоюшы режиссері Мәжіт Бегалиннің табандылығының арқасында ғана жарыққа шыққан туындыдағы Тұрар рөлін шығару үшін – Әшімов өз болмысын адам танымастай трансформацияға ұшыратып, мүлдем өзге біреудің кейпіне ене білді. Жағымсыз кейіпкер бейнесін шығару үшін түрлі әдіс-тәсілдерге жүгінді. Мысал ретінде актердің алақ-жұлақ етіп елдің көзіне тік қарай алмайтын, сорпаны сораптап ішіп, әйеліне қол көтеретін сахналары, тіпті сөз саптауының тым жұтаң болуы да кейіпкерге деген жағымсыз сезім тудырады. Ал оның қарлы боранда досын өлімге қиып, өз басын құтқарудың амалын жасаған сәттері көрерменнің жеккөрініш сезімін оятады. Кәсіби шеберлігінің арқасында әп-сәтте жағымсыз кейіпкер болмысына барынша нанымды енуі – оның нағыз дарын екенінің дәлелі. Актердың кәсібилігіне қайран қалған кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев: «Тұрар – Әшімовтің осы күнге дейін ойнаған жалғыз жағымсыз кейіпкері. Шынында да, жағымды кейіпкерлеріне қарағанда, бұл рөлі өте қызықты шыққан», – деп оң бағасын берсе, Ефим Арон: «Әшімов кейіпкерінің бейнесімен біте қайнасып кеткен. Осы рөлімен ол актер ретінде жаңа қырынан ашылды», – деп, таңданысын жасырмаған.
Қазақ киносының шын мәніндегі жеңісі деп жоғары бағаланған «Тұлпардың ізі» фильміндегі режиссерлік жұмысы арқылы Мәжіт Бегалин өзін кино тілін жетік меңгерген, тамыры терең, ойы өрелі, дара суреткер ретінде көрсетсе, жастығына қарамастан, өз кәсібінің қыр-сырын бойына сіңірген Асанәлі Әшімов те актерлікке кездейсоқ келмеген, білікті маман ретінде танылды.
Әшімовтің кезекті үлкен рөлдерінің бірден-бірі ретінде Шәкен Аймановтың адамгершілік пен заң арасындағы текетіресті негізге алған, психологиялық жанрдағы «Жол қиылысы» (1963) фильміндегі сот бейнесін атауға болады. Аталмыш туынды жайлы кинотанушы Бауыржан Нөгербек: «Шәкен Айманов режиссер ретінде кинодағы актер ойынын басқа арнаға бұруға тырысады, яғни пафостық емес, театрландыруға қарсы, сабырлы, бірақ сонымен қатар күрделі психологиялық киноға қарай ойысады», – деп жазады. Осы ретте қарапайым адамның әлеуметтік мәселелерді көтерілуімен ерекшеленіп, өмірге деген терең философиялық ойтолғаулардан құралған бұл туынды актерлік шеберлікті талап етті. Демек, Асанәлі Әшімов пен Фарида Шәріпова бұған дейінгі ойнау тәсілінен бас тартып, түсірілім барысында өздеріне таныс емес, жаңаша ойнау тәсілін көрсетті.
Актердың шығармашылығында ерекше орын алатын келесі туынды ретінде Сұлтанахмет Қожықовтың «Қыз Жібек» (1970 ж. Бекежан) фильмін атай аламыз. Асанәлі Әшімовтің шығармашылығындағы өзге рөлдері бір төбе болса, Бекежан бейнесі бір төбе. Әшімовтің кейіпкер бейнесін сомдаудағы негізгі ерекшелігінің бірі – бір жақты көзқарас пен қатып қалған стереотиптерден барынша алшақтай түскенінде. «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанының түпнұсқасындағы Бекежан бейнесінен жұдырығының қаттылығына қарағанда жүрегінің қаттылығы басымдау, жау алдында қолы қалтырамайтын, тізесі бүгілмейтін, өз дегенін болдыру үшін екі ғашықты айырудан тайынбайтын қатал болмысты, қызу қанды, кекшіл сарбазды көрсек, Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміндегі Әшімовтің Бекежанның болмысынан ел басына күн туғанда халқын жаудан аман алып, еркіндік жолында жанын пида етуге дайын, ержүрек, аңғал батырдың бейнесін көреміз. Жібекке құлай ғашық болып, жауапсыз махаббаттың отына өртенген жауынгерді көреміз. Осыдан болар, фильмді алғаш көргенде Әшімовтің шеберлігіне тамсанған Ғабит Мүсірепов Бекежанның жанында тым қауқарсыз көрінетін Төлеген бейнесі үшін қатты алаңдаған екен. «Алғаш түсірілген материалды көрген соң Төлеген Бекежанның қасында әлсіз, жасқаншақ болып көрінеді, Құман жігерлене, батылдана ойнасын, жасқанбасын, қысылмасын, ал оның есесіне Асанәлі сәл өзін-өзі тежеп ойнасын деген де ескертулер жасалады». [Смайылов К. Фильм осылай туады. – Алматы, «Қазақ университеті». 2022 ж., – 88 б.]
Батырдың бейнесі жайлы Ақселеу Сейдімбек: «Асанәлі Әшімов Бекежан бейнесін далалық ноян деңгейінде тұлғалады. Оны фольклорлық шарттылықтан ғана аршып қойған жоқ, уақыттың қара күйесінен аршып халық болмысындағы азаматтық асқақтықты танытты», – деп жоғары баға берді. Шеберліктің шыңына жеткен аталмыш рөлі арқылы Әшімов қазақ актерлік мектебін әлемдік деңгейге көтерді десек қалт айтпаймыз.
Өнердің биік шыңына шығу қиын, бірақ шыққан соң сол шыңды ұстап қалу одан да қиын. Осы ретте Бекежан рөлінен кейін Әшімовке қойылатын талап күшейіп, жауапкершілік арта түсті. Мойнына артылған зіл-батпан жүкті абыроймен атқарған актер бұдан кейінгі рөлдерін де әсерлі етіп шығарды.
Солардың бірі – Қасымхан Шадияровтың өміріне негізделген «Атаманның ақыры» (реж: Ш.Айманов, 1970 ж.) фильмінен бастау алып, «Транссібір экспресі» (реж: Э.Уразбаев, 1977 ж.), «Манчжурлік жол» (реж: Гук Ин Цой, И. Вовнянко, 1989 ж.), «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (Қ.Ахметов, 2009 ж.) фильмдерінде жалғасын тауып, «Әруақ» (Қ.Ахметов, 2018 ж.) фильмімен аяқталған пенталогиядағы чекист бейнесі. Аталмыш рөлі жайлы әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев: «Асанәлі жасаған Шадияров рөлі ойлылығымен құнды. Мінезі, іс-әрекеттері иланымды. Қасымхан психологиясы жан-жақты ашылған, аз сөйлеп, сол сөздің тоғысқан түйінін ұстауға тырысты. Болмысында бекзадалық асыл қасиеті бар образ деңгейіне көтерілген. Қасымхан бойындағы бірте-бірте көрінетін парасаттылық мінез кім-кімді де баурап алады. Асанәлі Әшімовте орынсыз ойқастау, артық қимыл, лепірме сөз жоқ. Бәрі де өз үйлесімін тапқан. Кейіпкердің ішкі драматизмін ол табиғи бояулармен әдемі береді», – деп актердің шеберлігіне лайықты баға береді.
Кинода отыздан астам рөл сомдаған Асанәлі Әшімов, сондай-ақ «Ән қанатында», «Жаушы», «Нан дәмі», «Қазақы оқиға» қатарлы, т.б. көрерменнің көзайымына айналған фильмдерге түсіп, халқының ыстық ықыласына бөленді. «Жақсы актер өз рөлін нанымды ойнайды, ұлы актер сахнада өмір сүреді», – демекші, Әшімовтің әр рөлі шынайлығымен, нанымдылығымен ерекше.
Бұл тұрғыда белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Асанәлінің экрандық, сахналық кейіпкерлерінде бірін-бірі қайталамайтын адамгершілік қасиеттері мол, жарық дүние парқын таныр, көкірек көзі ояу адамдарға кезігіп отырасыз. Бұл – азамат актердың қоғам қажетін тек көрермен алдында шыққанда ғана жете түсінгендігі ғана емес, керісінше, суреткерлік жауапкершілігін айқын сезінгендіктен барып туған принцип. Сондықтан болар шынайылығы басым. Оның көрермен алдындағы отты да, ойшылдығы өзін-өзі ұстар жалындай жанып, өршелене өнер көрсетуі, сол баяғы өзіміз айта беретін шынайылыққа барып үйлесім тауып жатады».
Асанәлі Әшімовтің суреткерлік болмысының екінші бір биік қыры – режиссерлігі. 1981 жылы түсірілген З.Самадидің ΧІΧ ғасырда Шыңжаңда болған ұйғыр халқының көтерілісі туралы романының желісімен түсірілген «Аждаһа жылы» фильмі – оның алғашқы режиссерлік еңбегі. Ал Шоқан Уалихановтың қысқа да болса мәнді де мағыналы ғұмырын таспалаған «Шоқан Уәлиханов» (1985) фильмі көрерменнің көзайымына айналып, режиссерлік жұмысы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Туындыдағы негізгі рөлді Асанәлі Әшімовтің сара жолының жалғастырушысы, киноактер Сағи Әшімов сомдап, 22 жасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Асанәлі Әшімов сондай-ақ «Жусан» (1986), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (1992) және «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін түсірді. «Дарынды адам барлық жағынан дарынды» демекші Әшімовтің режиссерлігімен жарыққа шыққан бұл туындылар бүгінде «Қазақфильмнің» алтын қорына еніп, классикаға айналды.