Қазақтың «Үлкен үйі»
1980 жылдардың орта шенінде жазылған Тұтқабай Иманбековтың «Үлкен үй» романын бүгінгілер біле бермейтін шығар. Уағында көп оқырманды сүйсіндірген көрінеді. Өз заманындағы бір әулеттің өмірінен хабар беретін шығармадағы бір сюжетте Қатша ананың немерелері үлкен үйге жиналады. Қос ұлдан туған немере қыздар ауыл шетіндегі суға шомылып келіп, бірінің көйлегін бірі ауыстырып кигеніне мәз болып, осы қуаныштарын бүкіл әулетпен бөліседі. Осы кезде Қатша ананың келіні, екі қыздың бірінің анасы өз қызының үстіндегі көйлекті сыпырып алып, қақ айыра суға лақтырып жібереді. Сол кезде Қатша ана: «Алтындарым-ай, бір-бірінің көйлегін ауыстырып кигеннің не сөлекеті бар. Бауырдың ықыласын, ағайынның жақындығын содан көрмес болар ма. Туысқанның иісі сіңген киім бір-біріне жақсылық ауыстырмас па. Онсыз ет жақыныңды, қаныңды қайдан сезінерсің. Қайдам, алжыдық па, әлде… Әйтеуір татулықтарынан тандырмағай, тәңірім! Сендердің жүз шайыспай жүргендерің мен үшін жұмақ қой», – деп іштей тілек тілейді. Қай дәуірде болса да, үлкен үйдегі әр ананың тілегі осындай болары сөзсіз, алайда, бүгінгі қоғам ананың тілегі мен үлкен үйдің ұстанымына аса құлақ аса бермейтін болды. Қазақтың отбасы ұғымындағы «үлкен үй», «қара шаңырақ» сөздерінің мән-мағынасы терең. Әулеттің алтын қазығы секілді осы ұғымдар кезінде қоғамдық қатынастарды реттеуде үлкен маңызға ие болғаны белгілі. Ал бүгін ше, бұл ұғымдарды қазіргі ұрпақ қалай қабылдап жүр. Бүгінгі отбасы, оның ұстанымы мен келбеті қандай деген сауалдар төңірегінде философ, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамды, педагог ғалым Сараш Қоңырбаеваны, отбасы тақырыбын қаузап жүрген белгілі журналист Айнаш Есалиді әңгімеге тарттық.
– Қазіргі қазақ отбасының ұстанымы қандай? Сіздіңше олар қандай құндылықты басты орынға қояды?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ:
– Отбасылық құндылықтар халықтың тарихына, мәдениетіне, тұрмыстық жағдайына байланысты өзгереді. Қазақтың басынан бір ғасырдың ішінде талай жағдай өтті, соған сәйкес қазақ бір ғасырдың ішінде үш рет күрделі өзгерді. Жиырмасыншы ғасырдың басында патриархалды өмір болды, Ресейдің әсері күшіне ене қоймаған. Одан кейін Кеңестік идеология келіп қазақ ішінара тағы өзгерді. Кейінгі жылдардағы нарық «Пайда ойлама, ар ойла» деген қазақты пайда көздеуге үйретті. Қазір құндылықтар тым ұсақ. Кеңес тұсында да, одан арғы заманда да қоғам мен мемлекет отбасы мәселесіне жіті көңіл бөлген, адамдар арасындағы қарым-қатынас пайда көздеген мүддеге емес, адамгершілікке негізделген ар-ұятқа құрылатын, отбасында әр адамның өз орны болған. Нарық заманы неғұрлым көп пайда табуды көздейтін болды. Бұл мақсат қазақ отбасын адам ойламаған өзгерістерге душар етті. Сүттей ұйыған берекелі отбасы мүшелері өзара пәтерге, үйге, жерге, машинаға таласатын болды. Бауырмалдық қарым-қатынас материалдық қажеттілікке төтеп бере алмай қалды.
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА:
– Қоғамды ізгілендіру отбасынан басталады. «Отбасы – әлеуметтік институт» деп айтып жүрміз. Рас, оның қоғамда атқаратын өзіндік қызметі бар. Отбасы өз қызметін ерлі-зайыптылардың әлеуметтік деңгейі, білімі және өмір сүрген ортасына сай атқарады.
Тек қазақ отбасыларына қатысты айтатын болсақ, әлеуметтік ортасына сай бірнеше түрге бөлінеді: ауыл қазақтарының отбасы, қала қазақтарының отбасы және жұмысшы отбасы, зиялы отбасы, космополит (шала қазақ) отбасылар. Тіпті, соңғы кезде бізде «годвин отбасылар» пайда болды. Бұлар ата-аналары ажыраспағанымен, бір отбасында қатар отырып бала тәрбиесіне атсалыса алмайды. Қызмет бабымен үнемі сыртта жүреді.
Қарап отырсаңыз, мұны бір қалыпқа сыйғыза алмайсыз. Сондықтан бір өлшеммен де өлшеу де қиын. Аталған отбасылардың өмір салты бірдей болмағандықтан, олардың ұстанымдары да әр түрлі ғой.
Қай заманда да «қатардан қалмау» деген ұстаным болған. Бұл жердегі «қатар» – өмір салты, таным-түсінігі, деңгейі ұқсас орта. Қазір таным-түсінік «тереңдеген» сайын «ешкімге ұқсамайтын өмір сүру» ұстанымы да еніп келе жатқаны рас. Бұл, меніңше, адастыруға апарады. Демек, құндылықтар өзгеріске ұшырайды деген сөз.
Адамзатқа тән құндылықтардың бәрі отбасы үшін маңызды. Өмірге бала әкелу, оны өсіріп тәрбиелеу, білім беріп, мамандық таңдату, оларды аяқтандырып, немере сүю сияқты сабақтаса беретін бүгінгі қазаққа түсінікті басты құндылықтарды ешкім тәрк етпесе керек.
Отбасына қажетті материалдық құндылықтарды да жоққа шығара алмаймыз. Себебі, баспана, мал-мүлік, көлік, жеке кәсіп, шаруашылық, т.б. өмір сүру қажеттілігі. Алайда, материалдық құндылықтарға берілген басымдық адамдарды тоғышарлық, тойымсыздық, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз әдеттерге душар етеді. Осындай жаман әдеттердің салдарынан туған озбыр да сорақы қылықтарды осы күні жиі естіп жүрміз.
Айнаш ЕСАЛИ:
– Осы күндері ұлтымызға бір ортақ отбасылық ұстаным бар ма? Жібі үзілмеген жетелі тәрбие жалғастығы қандай? Осы сұрақтар емес пе, бізді ойландыратын.
Халқымыздың алағай да бұлағай замандарда көрген қиындығы, кеңес өкіметі кіріктірген кері жүйе, тоқырау жылдарындағы күйзелісті кезеңдердің зардабы – осының бәрі тұтас отбасылық ұстанымның қалыптасуына тек кедергісін жасап келді. Қаймағы бұзылмаған құндылықтарымыздан ажырап қалдық.
Қаланың қазағы бір бөлек, даланың қазағы бір бөлек. Асфальтта өсіп, ауылға барған қазіргі заманның адамы Айдан түскендей болып отырады. Осы заманның үрдісі әкелген өзгерістер Азия мен Еуропаның отбасылық ұстанымдарын мидай араластырып, әр үйдің өз гөй-гөйін жасап жатыр. Жаһанданудан босқа үркіп жүрмегеніміз де содан… Өз басым қазір қазақ отбасының ортақ ұстанымы деп айтатындай, тұтас картина көріп жүрген жоқпын.
Сондықтан да бұл сұрақ жүз сұрақтың басы, сан алуан сауалдарды туғызып отыр. Отбасылық құндылықтардың әр қыры өзекті. Отбасында маңызды емес мәселе жоқ. Отбасындағы әрбір құндылық көкейкесті.
Қысқасы, «Еркек айбатты болмай, әйел ұятты болмайды» қағидасына қайта оралу керек. Әулеттің ұстыны азаматтың өзі болмай, отбасылық құндылықтардың ешқайсысының қадірі жоқ.
– Кейінгі жылдары отбасы институтының әлсірегені туралы айтылып жүр. Бұған не әсер етті деп ойлайсыз?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ:
– Әр құндылық заманның ауанына, қоғамдағы қарым-қатынастарға қарай өзгереді. Қоғамдағы қарым-қатынастың өзгеруіне біріншіден, бізге ұқсамайтын, өзге елдің өмір сүру тәсілінің ұдайы насихатталуы себеп. Батыстық өмір салт мүлде басқаша, олардың өз мәдениеті, өз құндылықтары, отбасы мүшелері арасында қалыптасқан өз заңдылықтары бар. Ол батыс отбасыларының өзіне жарасады, ал бізге жат. Айталық, бір отбасы өзінің 18-ге толған баласын өз бетінше өмір сүруге жібереді. Австрияға барғанда бір әйелдің өз баласымен осындай шартқа отырғанына куә болдым. Мұндай шартпен өмір сүру үлгісі батыстың адамдары үшін үйреншікті жағдай, олар соған бейімделген. Ал біз үшін өте ерсі, тарихымызға, мәдениетімізге, болмысымызға, ұлттық ұстанымымызға мүлде жат. Алайда, нарықтық қатынастардың қыспағы біздегі отбасы институтын бірте-бірте ыдыратып барады. Кейінгі жылдары ажырасу көбейіп кетті. Інілері мен ағаларының арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдай емес. Оның бәріне себеп – ақша. Жапония бұл тұрғыда өзін-өзі сақтап қалды. Олар жаһанданудың экономикалық жағынан керегін алып, отбасылық қарым-қатынаста өздеріне тән дәстүрді сақтай алды. Тіпті, жұмыс бабында да отбасындағы бауырмалдықты ұстанады. Әр мекеме басшысы өз қарамағындағыларға әкесіндей қамқор болады. Қазақтың отбасындағы қарым-қатынасы да керемет мығым болды. Бір әулеттің бас көтерері әулеттің бар баласына бірдей қарап, сол қамқорлық сезімді, бауырмалдылықты ұрпақ бойына сіңірген. Осы дәстүр әлсіреп барады, оған жол беруге болмайды.
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА:
– Шіркін, осының формуласы табылып, еліміздегі барлық отбасы бір үлгімен өмір сүрсе…
Отбасы институтының әлсіреуі – отбасы өз қызметін дұрыс атқармауы деген сөз. Қазіргідей білім мен ғылым, техника қарыштап дамыған заманда қазақ отбасының жан-жақты қызметін төмендегіше қарастырып жүрмін:
– өмірге адам әкелу;
– тәрбиелеу және әлеуметтендіру;
– қарым-қатынастық және психологиялық реттеушілік;
– экономикалық және шаруашылық;
– әлеуметтік-мәртебелік;
– бос уақытты тиімді пайдалану.
Отбасының бұл қызметтері бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырады, өзара үйлесім табады.
Қазіргі отбасын құрушылар – кәмелетке толған, қоғамның толыққанды мүшелері. Бәрі білімді, сауатты. Отбасын құру, жар таңдау мәселесі – өздерінің құзырында. Шоқан оқуын бітіріп келіп, әкесі Шыңғыс: «Енді дұрыс қыз таңдап, сені үйлендіруіміз керек» дегенде, «Бұл менің өз шаруам» деп көнбей қояды. Сонда әкесі: «Балаға еуропаша білім бергеннің қиын жері осы екен», – дейді. Қазір бұл проблема әр отбасында бар десек болады.
Бұрынғы замандағыдай қыздар мен жігіттерді бөліп оқытып, танып-білуіне кедергі болып жатқан қоғам жоқ. Ата-ананың келісімімен «бел құда», «бесік құда» болып үйленгендерге экзотика деп қараймыз. Сонша еркіндік берілгендігіне қарамастан жар таңдауда қателесу көп. Ол қателік ажырасуға әкеп соғады, ажырасу салдарынан отбасы өз қызметін толық атқара алмайды.
Бұрынғы қазақ отбасыларының ажырасуы өте сирек кездесетін себебі: отбасы құруды тәжірибелі адамдар жоспарлайтын. Ата-аналар балаларын «танитын». Соған сай жар таңдайтын. Бұл негізі көп айтылып жүрген мәселе, дегенмен осыдан дұрыс жол әзірге болмай тұр…
Отбасы қызметі әлсіреуінің бірнеше себептері бар. Оның ең біріншісі – әйел адамдардың жұмысбасты болуы. Ата-ананың бала тәрбиесімен жіті айналысуға мүмкіндігі аз. Өз бетінше білім іздеу, көргенінің бәрін қабылдау балаға дұрыс бағдар беріп жатыр ма?..
Қоғамдық тәрбие қатты әлсіреп кетті. Ешкімнің ешкіммен жұмысы жоқ. Мынау кімнің баласы, мына ісі дұрыс емес-ау деп ешкім іздеп барып ата-анасына айтпақ түгілі, амандаспағаны, дұрыс жауап бермегені үшін балаға да ескерту жасамайды. Тіпті, мұғалімдердің өзі мектебінен басқа жерде тәртіп пен тәрбие жөнінде әңгіме айтпайды. «Шаруаңыз қанша, өзім білем!» деген жауап естіп қалудан сақтанады.
Ауыл ақсақалдарының, үлкендерінің, аға-жеңгелерінің әлеуметтік қоғамдық-қызметіне атүсті қарауы қазақы ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне әкеп соқты.
Айнаш ЕСАЛИ:
– Біздің өміріміздегі құбылыстардың барлығы бір-бірімен тығыз байланыста. Тіпті, адам ағзасының бір мүшесінен дерт табылса, ол келесісіне әсер ететінін білеміз ғой. Отбасылық тәрбиеде кездесіп жүрген кінәраттар да біріне-бірі байланысты, тәуелді.
Балам, балам деп жүріп, жарыңа қарамасаң, жұмыс-жұмыс деп, отбасын ойламасаң, мансап қуып, қызық қуып жүріп ұл-қызының тәрбиесін ұмытсаң түбі не болатынын көріп жүрміз.
Соңғы жүз жылдың көлемінде қазақтың көрмегені жоқ. Осының бәрі қазақтың дүниетанымына, көзқарасына, отбасындағы жауапкершілігі мен міндетіне тікелей әсерін тигізді. Оның барлығы оң болды деп айту да қиын…
Әрине, әлеуметтік мәселелер, тәуелсіздікке ауысар тұстағы ер-азаматтардың жаңа жүйеге мүлде дайын болмағаны, басқа да факторлардың барлығы – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қалыптастырған ғажайып отбасылық дәстүрлерден айырғаны баршамызға аян. Дегенмен, дәтке – қуат дейтініміз, әлде де біздің халықта иман бар. Осы заманның тілімен айтқанда, соның жұрнағын ұстанып отырған тамаша отбасыларды, әкесі қадірлі, шешесі өнегелі адамдарды үлгі тұтып, сондай болуға талпынатындай насихат, идеология керек. Және оны насихаттаудың тетіктерін кейінгі жастар иланатындай етіп кәсіби түрде жүргізуге болады.
– Осы күнге дейін отбасы құндылығын арттыратын, мейірімге үндейтін шығармалар әлемдік әдебиетте, қазақ әдебиетінде де жақсы жазылды. Ал кейінгі жылдарда осындай мейірімге үндейтін, отбасындағы жылуды насихаттайтын шығармалар жазылып жүр ме? Отбасы мейірімін насихаттау фильмдерде қалай көрініс беріп жүр?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ:
– Әлем әдебиетінде отбасы туралы көптеген керемет романдар жазылған. Отбасында қандай жағдай болса, ол мемлекетке әсер етпей қоймайды, әрі «Теңіздің суы тамшыдан» дегендей, елдің жағдайынан, қоғамның келбетінен хабар береді. Әлемге белгілі Джон Голсуорсидің «Форсайттар туралы сага», Томас Манның «Будденброктар», Гюстав Флобердің «Бавари ханым», Лев Толстойдың «Анна Каренина», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Максим Горькийдің «Клим Самгиннің өмірі» атты романдардың барлығында да отбасының, әулеттің жайы сөз болады. Ел басындағы трагедия отбасындағы өзгерістер арқылы айтылады. Дәстүрлі тәрбие қалай өзгергенін, оған не әсер еткенін осы романдардан біліп, сол арқылы қоғамды танимыз. Қазір өкінішке қарай ондай романдар жоқ, бар болған күнде оқитындар некен-саяқ. Менің ойымша, қазіргі жазушылар, драматургтер мен кинорежиссерлер осы мәселені ойланғаны абзал. Отбасы проблемасын терең, байыпты түрде зерттеу керек. Сонда ғана біз өзімізді-өзіміз, өмір сүріп отырған қоғамды түсінеміз. Қазір фильмдердің көпшілігі отбасындағы шынайы жылылықты өз деңгейінде көрсетпейтін болды. Голливудтың стандарттары, штамптары бүкіл әлемді басып кетті. Ресейдің фильмдері де ылғи атыс-шабыс. «Форсайттар туралы сага» романының желісімен жақсы фильм түсірілген. Қазір интернеттің халыққа әсері өте керемет, әсіресе, жастар фильмнен көргенін бейсаналы түрде өздеріне сіңіріп алады. Сол себепті де, бізге осындай фильмдер керек. Тобырдың мәдениетіне ілесіп кетуге болмайды, оның арты соқпақ. Оңтүстік Кореяда фильмге атыс-шабыс, ішімдік туралы сюжет енгізбейді екен, осындай қадағалау көп мемлекетте бар. Қытай халқы да фильмнің моральдық-этикалық жағына көп мән береді. Фильм қоғамдағы стереотиптің қалыптасуына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.
Сараш ҚОҢЫРБАЕВА:
– Осы сұраққа келгенде ұялыңқырап қалдым. Себебі, өзімді қазақ өнері мен әдебиетіне немқұрайлы қарамайтын, тіпті жанашыры ретінде сезініп жүрсем де соңғы уақытта қандай көркем шығарма оқыдым деп ойланып қалдым. Иә, кәсіби-ғылыми еңбектерден қол босамайды екен. Оған қағазбастылықты қосыңыз…
Қазір әдеби шығармаларды тәрбиелік мәніне қарай таңдап оқитын орта қайда бар? Әлеуметтік желіде жазушылар-журналистер, әдебиетшілер арасында кітап жарнамасын жандандырып, сатып алып оқып, пікірлерін жазып жүретіндер бар. Бірақ көп емес. Тәрбие жұмысымен тікелей айналысып жүргендердің өзі мына кітаптың тәрбиелік мәні жоғары екен деп, талдап жатқанын көріп жүргем жоқ. Кітап жазылып жатқан шығар-ау, оқып жатқандар аз. Оқып жатқандар да бар шығар-ау, оны тәрбиеге ендіру тетігін білетіндер аз. Мен солай деп ойлаймын.
Ал қазір қаласаң да, қаламасаң да еріксіз кинофильмдерді көру мүмкіндігі көп. Себебі, қайда қарасаң – экран. Отандық киноөнімдер ішінен «Сатай-фильм» туындыларын осы отбасы құндылықтарына басымдылық бергендігімен жоғары бағалаймын. Әрине, өнер туындыларын тек тәрбие құралы деп қарау біржақты түсінік болар. Педагогикалық қызметім санама сіңіп кеткендіктен бе, өнердің тәрбиелік функциясына аса мән беріп отырамын. «Ағайындылар», «Сұңқар», «Қара шаңырақ» атты фильмдерге заманауи бола тұра, ұлтқа тән мазмұн болғаны үшін де ішім жылиды.
Айнаш ЕСАЛИ:
– Балаларға арналған әдебиеттің ақсап жатқаны жиі айтылып жүр, насихаты да кемшін. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін түрлі әдеби байқаулар ұйымдастырылып жүр. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені, тәрбие берудің өзі қазіргі заман адамдарының көзқарастары секілді түрлі қайшылыққа толы.
Бір қазақтың баласы еуропаша тәрбиеленуде, біреулер жапондарға еліктейді, енді біріміз ақпараттық технологиялар адам айтқысыз жылдамдықпен дамып, интернет әке-шешенің орнын басқанда заманда шалғайдағы ауылда өсіп келеді.
Осында ала-құла уақытта ала-құла киноленталар түсіріліп, заманауи әдебиеттің өзі бір ізге түспей тұр, отандық режиссерлер аздап талпыныс жасап жатыр. Ауызды қу шөппен сүрте берген де дұрыс емес, әр салада қазақы ұлттық тәрбиеге негіздеп, жұмыс істеуге талпынып жатқан мамандар бар. Алайда, мұның бәрі жаһандық ақпараттың таралуы қарқынының жанында тым әлсіз, үні де бәсең естіледі.
Тәуелсіздік тұсында әлі жүз жыл және жүз рет көрсең де жалықтырмайтын, жүрегіңнің қылын қозғайтын ғажап дүниелер тумай жатыр. Неге? Талантты адамдар көп, бірақ ұлттық құндылықтарға алаңдайтын қазақтардың қолы қысқа болып тұрған жайы бар…
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.
ПІКІРЛЕР1