Берік Жүсіп. Ақбастының азабы
12.05.2021
1767
0

(немесе Танталдың тағдыры)

Ислам эсхатологиясы бойынша, азап – өлімнен кейін, жаханнамның табалдырығында, қабірстанда болатын сұмдық екен. Алла сақтасын, әрине, біз сөз ойнатып, ой қашыртып, желбуаз әңгіменің жетегіне еріп отырған жоқпыз. Туған топырағым Арал ауданына қарасты Ақбасты ауылы тұрғындарының жанайқайын дәл осы, тура мағынада түсінуден басқа амал жоқ. Бақидың жағдаятын бажайлай алатын кім бар екенін білмедім, алайда фәнидегі  азапты күнделікті тартып отырған жандардан артық ешкім түсіне алмайтыны хақ. Кіші Аралдың иінінде орналасқан осы аядай елді мекендегі 76 шаңырақтың бүгінгі мүшкіл халі тап осындай-ақ, әлгі айтылған жұмбақ жайда болатын ғазабаттан бір мысқал да кем емес, артық та емес.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы


         «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман келгенін айтып, жаһанға жар салып жүрген бүгінгідей ақжарылқап кезеңде осылай демеске амалымыз қалмады. Әрине экономика, әлеуметтік, саяси жағдайдың қалыпты дамуы үшін су стратегиясы басты назарда болуы шарт. Өйткені  заманында сұраусыз болған су тапшылығы қазір әлем халқының бас ауруына айналып отырған күрделі мәселе. Десе де, Ақбасты шалдыққан созылмалы кеселдің аужайы сәл өзгешелеу. Ит басына іркіт төгіліп жатқан мына ХХI ғасырда да бұл ауылдың су тапшылығынан арылмай келе жатқанына, анау-мынау емес, қазір табаны күректей 60 жыл болды. Мұның алдында да, тек айдынды теңіз бен оның түбіндегі су маржаны – күнкөріс үшін ауланатын балығын айтпасаңыз, мұнда қай кезде де жағдайдың жетісіп тұрғаны шамалы еді. Сол баяғы, биік мінберден жұдырық түйіп, білек сілтеп айтылған «ұзын арқан, кең тұсау» уәделердің ақыры  бүгін, міне, запыранды зарға айналды.

         Азуын айға білеген Совет Одағы тұсында да бұл ауылдың халқы бас-басына шегенді құдық қазып алып, еспенің суымен күн көретін. Аты су демесеңіз, ол да бір өлмешінің күні сияқты еді ғой. ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап Арал теңізінің аңқасы кеуіп, жергілікті жұрттан береке қашты. Бұл жайында кезінде шағым айтылмаған жоғары орын қалып жарыған жоқ. Түйткілді мәселенің мәнісіне орай талай мақала жазылып, телехабарлар жасалған. Ақыры осы жерде өсіп-өнген бір тайпа ел туған топырағын тастап, беті ауған жаққа қарай үдере көшіп, амалсыздан өзге аймақтарға тарыдай шашырап кетуге мәжбүр болды. Халықтық дәстүрдің ойран-ботқасын шығарған мәдениет экологиясын айтпағанда, тұз тозаңынан тараған улы заттар әлемнің талай түкпіріне жетті. Сөйтіп, бір заманда жергілікті халыққа сынақ есебінде қолдан жасалған, адамзат тарихындағы сұмдық пандемиялардың бірі – қара індеттен қынадай қырылған аз ауыл Ақбастыда ата-бабасының ескі қорымын күзетіп, төрт түлік малын бағып, соның өнімін күнкөріс көзіне айналдырған, шаруа баққан жұрт қана қалды.

         Алладан басқа панасы да, ағасы да жоқ, басқа өңірлердің адамдары тәрізді облыс пен аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырып, босағасын жағалап, қыңқылдап жағдай айтуға да онша ықылас таныта бермейтін, тек ағадал малымен күнін көріп, туындаған мәселесі болса – өзара шешіп, былайғы жұртқа дымын да, жымын да білдірмей келе жатқан ақбастылықтар, әсіресе биыл, су тапшылығынан тығырыққа тірелді. Осы ауылдың перзенті болған соң, барлық жағдайды көзбен көріп, шиеленіскен ахуалды біліп отырғаннан кейін, айтуға бекіндік. Құлан жорытпас құлазыған қу медиенде көңіл жұбатып, «ел қатарлы» өмір сүріп келе жатқан ағайынның бүгінгі жағдайын ойлағанда, жүрек шіркініңіз атша тулап кетеді.

         Бір кездері жергілікті тұрғындардың жанайқайы ақыры Елбасының қаперіне жетіп, мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілгеннен кейін, Ақбастыға Республикалық бюджет есебінен «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры тартылатын болып шешім қабылданғаны жайында тараған сүйінші хабарды естіп, қуанғанымыз рас. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында әлгі құбырға қосу тармақтарын салу мен елді мекендерді сумен жабдықтау құрылыс жұмыстарының жобасын әзірлеуге облыс бюджетінен қаржы бөлініп, әзірленген жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін «Мүліктерді Арал ауданының коммуналдық мүлік деңгейінен республикалық меншікке беру туралы» Қызылорда облысы әкімінің қаулысы шыққаны, соған сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің теңгеріміне беру жұмыстары жүргізіліп, аудан әкімдігі облыстық салалық басқармалармен бірлесе отырып, аталған жобаны 2020-2021 жылдары  қаржыландырылатын тізімге  енгізу бойынша біршама іс атқарғанынан да хабарымыз бар.

         Араға ұзақ жылдар салып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын жасаған мамандар мен бұл салаға қатысы жоқ адамдардың көп жылғы дабыра-далабасына нүкте қойылып, ақыры Кіші Аралдың айдынын қалпына келтіру мақсатындағы бір деңгейлі теңіз мәселесіне негізделген «САРАТС-2» жобасының техника-экономикалық негіздемесін қаржыландыру ісі қайта қолға алынғанын айтып, Гүлшара Әбдіқалықованың облыс халқының жүрегіне үміт сәулесін ұялатқанын да білеміз. Бұл ересен жұмыстар енді өз мәресіне жететініне, болса да, сеніміміз кәміл. Әрине, мұның бәрі бүгін, ертең біте қоятын жедел қызметтің жеңіл түрі емес, белгілі бір уақытты талап ететін жоспарлы жұмыстар.

         Осыған дейін Ақбасты тұрғындарының қолдан қазылған шегенді құдықтан су ішіп келе жатқанын айттық. Ал оның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайының мүшкілдігін сөз етпей-ақ қоялық, басқа ылғал көзі болмаған соң, бұған да шүкір демеске амал жоқ. Өкінішке қарай, 2020 жылдан бастап ауылдағы әлгі лаж құйылардың көзі тартыла бастады. Елдің қазіргі жағдайы тек өлмешінің күні дерсің. Бүкіл ауылға жалғыз көлікпен, ит арқасы қияннан жеткізілетін аз суды тұрғындар шелектеп емес, қасықтап бөліп ішіп отыр. Ол жағдайды Ақбастыға табаны тиген әркім-ақ көзімен көре алады. Ол аз десеңіз, жыл он екі ай бойы көз аштырмайтын дауыл тұрып, құм соғады, қысы тым қатал, жазы аптап ыстық, көктемде басқа ауылдарды селдетіп жатқанда бұл жерге көктен тамшы тамбайды. Әкімшілік, мектеп, фельдшерлік мекемесінен басқа жұмыс орны жоқ, бірыңғай мал сүмесімен күн көріп, жан бағып, бала-шаға асырап отырған Ақбастыда мұнан да басқа азаптың түрі жетерлік. Оны кейін, ыңғайына қарай шет-шепірлеп айта жатармыз. Тәуекел, ел аман, жұрт тыныш болса, қалған шаруаның бір амалы табылар, кемтігі де біртіндеп жолға қойылар.

         Адам баласының тілі бар, қысылса жанайқайын жеткізе алады, тіпті қаталап бара жатса, татым суды дүкеннен де сатып алып ішер-ау. Ал осы аз ауыл азын-аулақ түлігінің аяқ суын қайтпек? Шынын айтқанда, ақбастылықтардың шыбын жаны соның үстінде деуге болады. Өйткені  ағадал малынан басқа қосалқы табысы да, жұмысы да жоқ бұл момақан ауыл еңбек мәселесін көтеріп те көрген емес. Құдайдан береке тілеп, бейбіт жатқан бір бұйығы жұрт. Биыл қыста жылдағыдай жерге қар да түспеді. Оны айтасыз, қас қылғандай, қара күзде аспаннан жаңбыр да тамбай қойды. Міне, соның салдарынан қазір қара жердің түтесі шығып, оны көзі қарайып қар орнына қарбытқан мал қаталап, әр жерде сыриып өліп жатыр. Биыл теңіз деңгейінің орасан төмендеп кетуіне қарай, айдынның суы шамадан тыс тұзданып, түйеден басқа түліктің ішуіне жарамсыз болып қаған. Су тапшылығынан әбден күйі тайған қылқұйрық күзде батпаққа батып, қыста су іздеп әлсіз қатқан мұздың үстіне шығып кетіп, ақыры қарық болып, арам қырылды. Мұз бетінде шатқаяқтап жүріп, шаты айрылып жатқан түлікте қисап жоқ.

         Осыны көргеннен кейін, бөгде шаруаны ысырып тастап, Ақбастының жерасты су көздеріне орай іздестіру жұмысын жүргізіп, гидрогеологиялық карталарға қоса біршама мұрағат (фонд) материалдарымен танысып шыққан кезде, көп нәрсеге көзім жетті. Қазылған ұңғымалардың (скважиналардың) құжаттарын, оларға қатысты мамандардың ғылыми есебін, хаттамаларын көріп, көңіл құлазып кетті. Әлі сол баяғы, кеңбалақ қазақтың «Жаны ашымастың басы ауырмас» дегенінің кері екен ғой. Әйтпесе, ертеректе қазылғаны бар, бұрғының кейінгі жылдары түскені бар, Ақбастының айналасы толған ұңғыма екен. Өкініштісі сол, қазба жұмысын жүргізушілер әуелде жердің тектоникалық ерекшелігін толық зерделеместен, тек алдын-ала бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, бөлінген межелі қаржыны тезірек игеру мақсатында атүстілеу жұмыс жасағаны көрініп тұр. Әйтпесе, 1967-жылдары, желтоқсан айында, гидрогеологиялық мақсаттан тыс, мұнай көзін іздестіру жұмыстарына орай қазылып, жергілікті тұрғындардың өтінішімен көзін жаптырмай алып қалған, ескі құжаттарда №2010 ұңғыма болып белгіленген, аяқ суға жарамды атпа қазылған. Әуелгі жылдары 42° көрсетсе де, ыстық судың қызуы төмендеп, кейінгі жылдары атпа қуаты мүлдем азайып кеткен. Алайда  жергілікті халықтың 60 жылға жуық пайдаланып келе жатқаны осы 900 метрден атқылап тұрған кермек су. Ал өңірге мұнан өзге бұрғы салғандардың қай-қайсысы болсын, 500-ден әрі аса алмапты.

         Совет  Одағы тұсында бұл стратегиялық аймақ тізімінде болғандықтан, алып империя аталмыш топырақтың ұлтарақтай жеріне дейін үңги зерттеуге тырысты. Оның жайынан шет-шепірлеп білетініміз бір тоғыз, арнайы мекемелердің шаң қапқан мұрағатында жатқан, қарауға рұқсат етілмейтін құжаттар тоқсан тоғыз екенінде күмәніңіз болмасын. Мәселе сонда, Ақбастыға қатысты гидрогеологиялық мәліметтер жеке зерттеуші, болмаса аймақтық әкімшілік, оның жауапты мекемелері тарапынан толық зерделенбек түгілі, ат ізі түспегені байқалады. Жергілікті тұрғындармен де ешқандай түсіндірме жұмыстары жүргізілмепті. Бәрі де көзін алған көбелек сияқты, айналасында қандай ұңғыма жатқанынан бейхабар. Міне, біздің билік пен халықтың арасындағы қатынастың бүгінгі сиқы.

         Әйтпесе кезінде И.В.Мушкетов, Н.А.Северцов, Н.С.Шатский, А.Л.Архангельский, И.Г.Кассинков, Б.А.Петрушевский, Н.С.Зейберлих сияқты белгілі геолог, Г.Я.Яцкевич, Р.Р.Нестеров, В.В.Дмитровский тәрізді гидрогеолог мамандар тарапынан біз айтып отырған аймақта қисапсыз зерттеулер жүргізілген. Алғашқы жұмыстардың дені, негізінен, рекогнисцировкалық, яғни аймақтың орналасу ерекшеліктері мен оны барлау мақсатында іске асып, 1:1000000-дық, 1:500000-дық ауқымдағы карталар жасалған. Ең бастысы, солардың дені бұл елді мекенде жерасты суының мол екенін меңзейді. Олай болса, неге Жаратушының өзі жарылқаған байлықты аңқасы кеуіп отырған ақбастылықтардың игілігіне пайдаланып, халықты су азабының құрсауынан босатпасқа? Әй, бірақ, жаны ашымас пен басы ауырмастар жеңіл абырой әпермейтін, ондай бейнетті тірлікті қайтсін?

         1930 жылы ілгерідегі һәм кейінгі ғалымдар жүргізген зерттеулер бір жүйеге келтіріліп, Шығыс Арал бойы картасы жасалып, ол Н.Г.Каниннің редакциясымен жарық көрді. Мен бұлардың сыртындағы Ф.Ф.Бестров, В.И.Толстунова, Б.А.Петрушевский, М.Б.Воскобойникова, Д.Б.Назаренконың еңбектері мен 1953 жылы шыққан А.Л.Яншинның «Солтүстік Арал бойы геологиясы» («Геология Северного Приаралья») монографиясын бұл тізімге қосып отырған жоқпын. 1952 жылы В.В.Дмитровский өзіне дейінгі зерттеу құжаттарына сүйене отырып, Қызылорда облысындағы жер асты суларының түсіндірмесін жасап шықты. Араға 11 жыл салып В.И.Дмитровский мен М.В.Васильева аймаққа 1952-1962 жылдар аралығында жасалған гидрогеологиялық экспедицияның көл-көсір материялын қамтыған қорытынды есеп түзді. Аталмыш жұмыстар ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға болатын су қорының болашағын зерделеуімен ерекшеленеді.

        Балықшы ауылдарын сумен қамтамасыз ету мақсатында 1971-1974 жылдары Арал бойы гидрогеологиялық іздеу, барлау жұмыстары болашағы бар су көздерін анықтап, кей жерлерде оның минералдық құрамы 1,0 г/дм³, яғни қазіргі қолданыстағы бұлақ суымен бірдей екенін көрсетті. Араға тағы да 10 жыл салып (1982-1985 жж.), Қызылорда гидрогеологиялық экспедициясы шаруашылық орталықтардың мүддесін қанағаттандыру мақсатында тағы бірнеше зерттеу жұмысы жүрді. Мұның бәрін не үшін тізбектеп отыр дейсіз ғой? Бастысы, бұл аймақта табиғи жер асты суының мол қорын ғылыми тәсілмен зерделеп, ендігі түсетін ұңғыма бұрғысын барынша тереңге салу қажет. Мұндай, 1000-1500 метрден әрі қазатын арнайы техникалар Қызылорданың өзінде болмаса, Шымкент пен Алматы қалаларында бар, бағасы да аса бір ышқынып тұрған жоқ. Мемлекеттің негізгі байлығы – халықтың тағдыры, оның басты қажеті – судың жағдаяты сөз болған жерде, қаржы мәселесі бетке шіркеу болып, әңгіменің ақыры арзымайтын тиынға тіреледі деп ойламаймын. Егер аймақ басшысы немесе осы салаға қатысты министрлік тарапынан жедел шешім қабылданып, Ақбастыдан ұңғыма қазу жұмысы қолға алынса, табиғи қысым күшімен атқылап шығатын тұщы судың, ең болмағанда төрт түліктің мейірі қанып ішуіне жарамды, сәл кермек судың болсын, мәселесін түпкілікті шешудің мүмкіндігі тумақ.

         Түрлі мұрағаттарды тіртінектеп жүріп, Ақбасты ауылының маңынан әзірге 6 ұңғыманың ізін шығардық. Оның төртеуі елді мекенде, екеуі солтүстік-батыс бағытта ауылдан 3, екіншісі 11 шақырым жерде жатыр. Әрине, бұлардың қай-қайсысының да суы тұщы деп айта алмаймыз. Соңғы рет «Оңтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті мемлекеттік мекемесінің» ұйытқы болуымен, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеттің жобалауымен «ГЭОЭК» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігі 2012 жылы тамыз айында, Ақбастыдан тереңдігі 430 метр ұңғыма қазған. Өкінішке қарай, табылған судың мол қорына қарамастан, мұның да минералдық құрамы 28,2 г/дм³-ты көрсетіпті. Әрине, ауылды тәулігіне 362,9 м³ сумен қамтамасыз ете алатын, қоры 27 жылға жететін мұндай ұңғымамен ауылдың малын да, жанын да жер асты суымен толық қамтамасыз етуге болады. Қазба жұмысын жүргізген мамандардың ұсыныс еткеніндей, мұның басына жедел түрде ауқымды су тазартқыш қондырғы (опреснительный установка) қойылса, мәселе шешімін тез табар еді. Алайда оған да бас қатырып отырған әзірге ешкімді көріп отырғанымыз жоқ. Оған қоса, жер асты суы табиғи қысыммен, өздігінен атқылап тұрмаған соң, сорғы (насос) пайдаланудың өзіндік машақаты да бар, әрине. Мына жапсарлас жатқан қысық көз көршіміз осындай су көзін тапса, сөз жоқ, көп ойланып жатпастан заманауи ауқымды құрылғының бірін орната салған болар еді. Бірақ бізде «Оны түсінетін бала қайда?» дегеннің кері ғой. Заманауи технология біздің немізді алған?!

         Кезінде Қызылорда облысының 11 ауылына жүргізілген іздеу жұмыстарының «Отчет о результатах пойсково-разведочных работ для обеспечения запасами подземных вод 12 сел Кызылординской области» деп аталатын қорытынды есебінде 1966-1968 жылдар аралығында Арал бойы гидрогеологиялық экспедициясы тарапынан Ақбастыға барлау жүргізіліп: «…в результате чего был выявлен перспективный участок, в пределах которого вскрыты верхнеэоценовых отложений с минерализацией до 1 г/дм³. Перспективный участок расположен северо-западнее пос. Акбасты в 45 км.», –  деген қорытынды беріліпті. Ауыз суға жарамды ұңғыманың және бірі ауылдан 2,5 шақырым жерде жатыр. Күдік пен күмән ұялатуға, әрине, бұл менің ойдан шығарған қисыным емес, кәсіби гидрегеолог мамандардың жасаған ғылыми тұжырымы. Бұл дегеніңіз, Ақбастының тап іргесінде бұлақ суына пара-пар тұщы судың мол қоры жатыр деген сөз.

         Өкінішке қарай, біздің мамандығымыз гидрогеологиядан алыстау, бар болғаны сүлейлердің, қала берді, қазақ руханиятының жоғын іздеп, барын қайта жаңғыртуға тер төккен фольклортанушымыз. Жоғарыда аталған ғылыми экспедициялар жайын жалпақ жұртқа түсініктірек болсын деп һәм жауапты мекеме мамандары шолақ қайырып, «Ақбастыда су жоқ…» демеуі үшін, мұнан әрі шегінетіндей жер қалдырмау ниетімен әдейі ұзақтау келтіріп отырмын. Қазақ «Жоқтың түбі жоқ!» дейді. Міне, жылдар бойы айтылған сондай әңгімелердің, кезіндегі сілтейсалды, немкетті әрекеттердің ақыры Ақбасты ауылын, ондағы қыруар жанның тағдырын бүгінгідей азапты жағдайға әкеліп тіреп отыр. Онсыз да қыл үстінде тұрған мәселені бұдан әрі ұзын арқан, кең тұсау тәсілге салып созбалауға, енді жағдай көтермейді. Күннің көзі жылт етіп көктем шығып, оның арты шілденің шіліңгір ыстығына ұласқан шақтан бастап, ақбастылықтар биыл төрт түлігіне су тауып бере алса, жақсы. Жауын-шашын көп түсетін жылдары бұған шыдауға болатын еді, бірақ биылғы ахуал өзгеше. Қуаңшылық салдарының қаупі зор. Сол үшін жедел түрде қаржы көзін тауып, Ақбасты ауылынан, болмаса сол маңайдағы мал жайлымдарының бірінен табиғи қысым жолымен атқылап шығатын ұңғыма қаздырмаса, ахуал қиын.

         Біздің жұрт «Мал ашуы – жан ашуы!» деген сөзді бекер айтпаған. Маңдай терін үгіп, табан етін тоздырып, жүздерін күн қағып, еріндері кезеріп жүріп, бейнетпен тапқан қара орманынан айдың, күннің аманында айрылып қалудың ақыры кімге абырой алып бермек? Сол үшін қай нәрсенің де алдын алғанға не жетсін?! Иә, бұған билік басында отырған кейбіреулердің қайыратын жауабының жобасы болса да белгілі ғой. Әрі кеткенде, «Біздің міндетіміз ауыз сумен, жарықпен қамтамасыз ету, жеке меншік малдың өлім-жітіміне жауап бере алмаймыз» дейтін шығар. Алайда сол төрт түліктің амандығының арқасында бір қауым ел күнін көріп, бала-шағасын бағып, үнем айырып отырғанын қаперге алу – Жаратушы жалғыз бен биліктің құзырындағы заңға онша томпақ келмеу керек. Жұттың басы – қуаңшылық, ал оның жеті ағайынды екенін ешқашан қаперден шығаруға болмайды.

         Бұл не деген қасақы тағдыр? Жапандағы жалғыз ауыл – Ақбастының басындағы мына тауқымет әйгілі грек мифологиясында айтылатын, иегіне дейін тұнық айдынға кеңірдектеп тұрса да, таңдайына бір тамшы су тимейтін жер асты патшалығындағы Танталдың қасіретті тағдырын еске түсіре береді. Дәуірлердің арасын мыңдаған жылдық аңыз мұнары басып жатса да, мұндай да адам айтса нанғысыз ұқсастық болады екен-ау? Амал қанша, ескі мұң бүгінгінің есті құлағына жетіп, ақбастылықтардың тілегі қабыл болатын күннің жуық арада туатынына сенейік. 

P.S. Енді, міне, қара жерде қылтанақ жоқ, құм бұрқырап, боз даланың шаңдағы шығып жатыр. Былтыр басталған қуаңшылықтан биыл жылдағы әдетінен айнып, жер де көктемей қалған.

Далалықта «Енесінен көз жазып қалған төрт бота қосылып боздап жүр екен»  дегенді естігенде жаным түршігіп кетті. Басына қандай күн туса да, тіпті төлінің өлі тұлыбына келіп те ыңыранып, исініп тұра беретін ойсылқара бекерден бекер ботасын тастап кетпеуші еді ғой…

Міне, сәуіріңіз енді ғана күрмелді. Күннің аптабы әлден мынау, құйқаңды қуырып бара жатыр. Алдыңда мамыр, маусым, шілде, тамыздың ыстығы келе жатыр. Көтеремдіктен ыңыршағы айналып тұрған төрт түлік ертең маса-сонаға қалай төтеп берер екен? Әуелде су деп едік, енді су мәселесіне от қосылды. Көктен ылғал тамбағасын жердің аңқасы кеуіп, дүние шіркінің қурап тұр…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір