«МузАРТ»: Бір тамшы көздің жасындай…
19.03.2021
22325
0

 

Қазақтың ән өнерін, соның ішінде эстрада саласын мұзарттың бұлт оранған асқар шыңына шығарған «МузАРТ» тобының құрылғанына 20 жыл толыпты. Соған орай, өнерде өзіндік орны бар топ мүшелерінің және өнер мен әдебиеттегі тілеулес ағайынның ой-пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ:

БІРІНШІ ӘННЕН-АҚ КӨПШІЛІКТІҢ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ

Егемендік алған жылдардан кейінгі қазақтың ән өнерінде «МузАРТ» тобының орны ерекше. Мейрамбек, Сәкен, Мақсат үшеуі бастаған кезде эстрада жанры дүр сілкінгендей болды. Мейрамбек, бәріңіз білетіндей, алғаш өзімнен тәлім алып, сахнаға шықты. «Бозторғайды» орындап көпшіліктің көзайымына айналды. Бірге оқыған осы үш жігіт оқу бітіріп үштік топ құру жайлы ойланып, «Дос-Мұқасаннан» кейін үлкен топтар сирек болды, сол үрдісті жаңғыртуға ниет етіпті. Кәсіби деңгейде «МузАРТ»-тың деңгейі биіктен орын алды. «Ә» дегеннен-ақ Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Сенің көзің» атты әнді орындап, жұлдыз болып шыға келді. Әдетте, шет елдерде көптеген топтар үш-төрт альбомы шыққан соң ғана танымалдылыққа жетіп жатады. Ал бұлар бірінші әннен-ақ көпшіліктің ықыласына ие болды.
Мейрамбек өз балам секілді, Сәкен де жаныма жақын, өзі ән таңдағыш, қазақтың қадірін білетін, үшеуі де ұлттық коды мықты ауылда туған азаматтар. Алғашқы репертуар таңдауына біршама көмек еттім. Қолымнан келгенше кәсіби маман ретінде ұсыныстар жасап отырдым. Соның ішінде өзімнің әніме келсем, «Сағындым Алматымды» әні жарық дүниеге үш рет келді. Бірінші, «Алатау» эстрадалық ансамблінде домбырашылар триосымен бірігіп өзім орындап шықтым. Екінші рет Ресейдің Халық әртісі, тамаша әнші Валентина Толкунова орындаған кезде бұл ән екінші рет туылды. Ал үшінші рет туғызған осы «МузАРТ» тобы. Әлі күнге дейін репертуарынан, концерттік бағдарламаларынан тастаған емес. Әр уақытта орындап жүреді. Әннің өңдеушісі Қайрат Жәнібеков деген азамат болатын. Өте талантты жігіт еді. Одан кейін «Үшқоңыр» әні. Өлеңін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жазған, мен әнін жаздым. Бұл ән де «МузАРТ»-тың жұлдызды әні деп айтар едім. «Үшқоңыр» бүгінде халық әніне айналып кетті. Басқа да Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Ілия Жақанов, Арман Бексұлтан, Арман Дүйсеннің әндерін де жоғары деңгейде орындап шықты. Онан соң Қырғыздың әндерінен репертуарында 5-6 ән бар. Өзім Қырғызстанның Еңбек сіңірген әртісі болғасын ол жерден біршама композиторлармен таныстырып, шығармашылық байланыс орнаттық. «МузАРТ»-тың тағы бір артықшылығы – тек таза қазақ тілінде ән айтуы. Кейбіреулері орысша қосып немесе өзге халықтың әндерін аударып айтып жатады. Бірақ «МузАРТ» тек ұлттық нақышы бар, сапалы әндерді орындап келеді. Елдің құрметіне шынайы бөленгенінің бір себебі де осы қазақилығынан деп ойлаймын. Талай-талай гострольдік сапарларға Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға бірге бардық. Бәрі өзімнің аяулы інілерім. «МузАРТ»-тың қазақ өнерінің аспанында ұзақ ғұмыр жасайтынына бек сенемін. Шәкірттерімді жиырма жылдық мерейтойларымен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін!

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ:

САХНАДА БІРГЕ ЖҮРГЕН ТОПТАР САНАУЛЫ

Артқа көз салсақ, 20 жыл – аз уақыт емес. 20 жыл бойы көптің көңілінен шығып, әнімен тербеп, жұрттың ыстық ықыласына бөлену екінің бірінің қолынан келмейді. Жалпы, дуэт болсын, трио, квартет болсын, өнердегі өмірі ұзақ бола бермейді. Өзім өнерде жүрген 40 жылда талай топты, қаншама ұжымды көрдім, бірлесіп ән айтқандардың көбін білемін, қазір солардың басым бөлігі сахнада жоқ. Мүмкін жеке кеткен болар, бірақ құрылған соң 15-20 жыл сахнада бірге жүрген топтар санаулы. Сол санаулының бірегейі – «МузАРТ» деп айтар едім. «МузАРТ»-тың әндерін өзім де өте жақсы көріп, сүйіп тыңдаймын. Өйткені әндерінің өмірлік мағынасы бар, мәні өте терең. Жастардың да, орта буынның да, жасы үлкен тыңдарманның да талғамына жауап беретін тамаша әндері көп. Әрбірі – өміршең. Жігіттер – ән таңдауда, репертуар қалыптастыруда өте талғампаз. Міне, осы қасиеттер «МузАРТ»-тың сахнадағы өмірін ұзартып келе жатыр. Осы бағыттан таймаса, «МузАРТ» әлі талай шыңды бағындырады.
Мейрамбектің ел алдындағы сүйкімі, халықтың оған деген ықылас, махаббаты топқа кіргеннен кейін де бір мысқал кеміген жоқ. Талай концертте, сахналарда бірге өнер көрсетіп жүріп, тыңдарманның «МузАРТ» тобына, әсіресе Мейрамбекке деген сүйіспеншілігін, құрметін көрдім. Ал Сәкеннің үні қазақтың кең даласындай шарықтап шыққан кезде Мейрамбек пен Кенжебектің майда қоңыр, қазақы даусына бір биіктік беріп тұрады. Әр әнді айтқан сайын екінші тынысы ашылғандай үні ерекше бір серпін береді. Мысалы біздің көрермендер бір концертте өздері жақсы көретін барлық әншіні бірге көргісі келеді. Әрине, бір концертке барлық жақсы әншіні сыйғызу оңай емес. Осы тұрғыдан келгенде «МузАРТ» тобындағы үш жігіттің өз алдына жеке концерт өткізетін мүмкіндігі де, репертуары да жеткілікті. Көп құрметіне бөленген бауырларыма тек сәттілік тілеймін!

Дәурен ҚУАТ:

«АҚҚУДЫҢ ҚАНАТЫНА ӘН БАЙЛАҒАН»

Ел Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдан басталған заман аса күрделі заман болды ғой. Бұл кезеңді бір ауыз сөзбен бағалап айту – қиынның қиыны. Күрделіліктің ақжал толқынында аунаған тоқсаныншы жылдарда не болмады? Бәрі болды. Соның бірі – шетелдік эстрадалық әндердің қызыл судай қаптап келіп басып қалғаны еді. Туралап айтсақ, тұтас Қазақстан шетелдік эстрадалық әндердің экспансиясына түсті. Соның дені шетінен бұзылған, айқай-шуы, даңғазасы көп, мәтіні майысқан әнсымақтар еді.
О, тоба, сондай әнсымақтарды да табиғатынан әнші қазақ жұрты тыңдады, қол соқты, есі кете еліктеді. Оны айтасыз, біздің әйдік әншілеріміз де соларға еліктеп-солықтай бастады. Бұрыннан орысшасы озық Роза Рымбаеваның репертуарының басым бөлігі орыс тіліне көшті. Мақпал Жүнісова да Владимир Питерцев дегенмен бірігіп алып, орысша ән шырқайтынды шығарды. Нағима Есқалиева туралы бұл арада сөз қозғаудың басы артық, тіпті ең қазақы, ең колоритті әншіміз Мәдина Ералиеваның өзі түрік, өзбек тілінде әндетіп кетті. Ал жастар жағын елең еткізген «АБК» тобы «Тамшылар, тамшылар» деп бастағанымен, қазақ ән өнерінің топырағына дұрыстап бір тамбай «құрғап» қалды. Жеңіс Сейдоллаұлының танаулатып салатын авторлық әндері көпшілікті жалқы сәтке тамсандыра алмай-ақ қойды. Бақтияр Тайлақбаев «Жалаң аяқ қызды» қуып жоғалды. Сөйтіп қазақтың эстрадалық әндерінен береке қашқан бір заман орнады. Осы кезде қазақтың сәнді, салтанатты, сазды, бекзат әнін әуелетіп «МузАРТ» тобы келді. «МузАРТ» өзге әріптестері сияқты орыстың, басқаның әнін тыңдап, талғамы тоқыраған тобырдың деңгейіне бет бұрып, бейімделу дегенді қаперіне де алған жоқ, ең ғажап, ең аяулы әндерді домбыраның сазды үніне бөлеп, эстардалық музыкалық аспаптармен әрлеп төгілдіргенде, көкірегі көңсіп кеткен қазақ дүр сілкініп оянды, балбұлақ әндерге қайтадан бас қойды.
Қысқасы, «МузАРТ» қазақ даласын азып-тозған әндердің экспансиясынан азат етті, нәзік иірімге толы, кейде асқақтап, биіктеп кететін әндерді қайта оралтты. Өз басым сахнада да, өмірде де көркем жігіттердің ән майданындағы ерлігін осылай бағалаймын. Кейінгі 20 жылды қандай да бір құбылыспен байланыстырып атауды қажетсінсек, мен бұл жылдарды «МузАРТ» тобы «аққудың қанатына ән байлаған жылдар болды» дер едім.

Талант АРҒЫНҒАЛИ:

КҮНДІЗ-ТҮНІ БІРГЕ ЖҮРДІК…

«МузАРТ» құрылған бойда-ақ, әрбір әнін ел іздеп жүріп тыңдайтын топқа айналды. Оның басты себебі, Сәкен, Мейрамбек, Мақсаттың ән таңдаудағы талғампаздығында болса керек. Бір күні жігіттер: «Біз осы Мұқағали, Қадір, Тұманбай ағаларымыздың өлеңдеріне жазылған әндермен қанат қақтық. Енді өзің сияқты достардың да өлеңдерін әнге айналдырсақ қайтеді? Ұлықпан Жолдасов бізге бір ән ұсынды, соның мәтінін жазып көр», – деді. Сәкен бірден: «Осы әнді біздің өнерімізге ғашық аруларға арнайық, әннің аты «Махаббат гүлі солмайды» болсын», – деп ой тастады. Екі апта жүріп әрең жазған өлеңім жігіттерге ұнап, айтып шықты. Сол жылы ол ән Қазақ радиосы ұйымдастырған «Хит-шеру» байқауында бас жүлде алды. Алғашқы шығармашылық жұмыс осылай басталды. Енді күндіз-түні бірге жүрген соң олар да алыстан ақын іздемейтін болды. Күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен кәсіпқойы бар, әуесқойы бар, көптеген композиторлар хабарласады. Әндерді талдаймыз, мәтінін талқылаймыз, сөйтіп ортақ шешімге келетінбіз. Кейіннен Кенжебек қосылды. Негізінен, жігіттердің төртеуі де екі ауыз өлең құрай алатын азаматтар. Кей отырыстарда домбыраны қолға алып айтысып кететін өнерлері де бар. Алғашқы кезде гострольдік сапарларға да бірге шығатынбыз. Мейрамбек: «Бұрынғылар сапарға шыққанда әншісі, ақыны, батыры бірге жүреді екен», – деп қалжыңдайтын.
Содан бері мінеки жиырма жыл өтіпті. Талай ән жазылды, ол әндеріміз алыс-жақын шетелдерден бастап, еліміздің үлкенді-кішілі сахналарында орындалды. «МузАРТ»-қа еліктеп, «Жігіттер», «Жалын», «Жігер» сияқты т.б топтар құрылды. Бір сөзбен айтқанда, «МузАРТ» тобы «Дос-Мұқасан» сияқты алдынғы толқын ағалардың ізін жалғаған қазақ өнерінің брендіне айналды. Тойлары құтты болсын!

Мейрамбек БЕСБАЕВ:

ЕЛІМЕ МЫҢ АЛҒЫС!

«МузАРТ» – менің жастық дәуренім. Біз топты құрып эстрадаға бет бұрған кезде нағыз жалындаған жастар едік. Өзім бала күнімнен сахнада жүргеннен кейін, өнер өлкесі мен үшін о бастан таныс әлем еді. Бірақ «МузАРТ»-тың ең алғашқы тәй-тәй басқан қадамы – үміт пен үрейге, тәуекелге толы қадамы, ең алғаш жазылған өлеңдер мен әндер, ең алғашқы гастрольдік сапарлар, бәрі де күні бүгінге дейін көңілдің бір түкпірінде ыстық естелік болып сақталып тұр. Көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өте шығыпты. Біздің топты жақсы көретін көрермен бізбен бірге осы жиырма жылды жүріп өтті. Көпшіліктің бізге деген құрметіне, сүйіспеншілігіне, қазақтың ән өнеріне деген шексіз махаббатына дән ризамыз.
20 жыл тоқтаусыз, тоқыраусыз жұмыс істедік. Әрбір айтқан әніміз халықтың көңілінен шықты деп сенем. Ең бастысы, біз бақытты топпыз. Себебі, осы жылдардың ішінде тарап кетпей, керісінше, бір үйдің баласындай болып кеттік. Ата-аналарымыз, ұл-қыздарымыз бір-бірімен араласып, ағайын-туыс болып жүрміз. Осы жеткен жетістік, бүгінгі бағындырған биігіміз халықтың ыстық ықыласы мен махаббатының арқасы деп білемін. Үкімет тарапы да өнерпазға лайықты қошемет-құрметін көрсетті. Бәріне мың алғыс! Біздің топты жақсы көріп, махаббатын төккен халқымызға, бізді жақсы көрген замандастарымызға көп рақмет. Бірлесе жұмыс атқарып, әніміздің сазы мен сөзін жазған композиторлар мен ақындарға, ұжымдағы әр жанға ризашылық білдірем. «МузАРТ» менің өмірімнің бір бөлшегі. Қызыққа толы тамаша дәуренімнің куәсі. Сондықтан бәріне, бәріне, тілеуімізді тілейтін қалың қазақ жұртына, өнердегі бауырларымызға өз атымнан көп рақмет айтам!

Кенжебек ЖАНӘБІЛОВ:

«МУЗАРТ» МЕНІҢ АТЫМДЫ ШЫҒАРДЫ

«МузАРТ»-тағы әрбір күн – мен үшін үлкен қуаныш. Неге десеңіз, «МузАРТ»-қа келдім де, елге танылдым. Аллаға шүкір, осы топта жүріп отбасын құрдым, балалы болдым, үйлі болдым, бір ауыз сөзбен айтқанда барлық арманым, алға қойған жоспарларым орындалып жатыр. 2018 жылы жеке концертімді бердім. Алла қаласа, енді оны Алматыда беру жоспарымызда бар. Мен үшін «МузАРТ»-пен өткен әрбір күн ерекше.
Ал қиналған сәтіме тоқталсам, үлкен ұлым дүниеге Алланың сынағымен келді. Сол кез сәл ауыр болды. 3-4 жылдай отбасымызбен уайым-қайғыда жүрдік. Кейіннен, Аллаға сансыз шүкір, бәрі орын-орнына келді. Балам дүниеге келгенде құлағы естімеді, содан сондай балаларға және мүмкіндігі шектеулі өзге де балаларға арнап «ЕлНазы» деген орталық аштым. Елге кішкене болса да көмегіміз тисе екен деп ойлаймын. Осының бәрі бір Алланың нығметі деп білем. Сынағы да бар, қуанышы да, қайғысы да бар.
Енді есте қалған алғашқы оқиғаны айтайын. «МузАРТ»-қа жаңадан келген кезде Мейрамбек, Сәкен ағаларым, Алтынбек Қоразбаев көкеміз бар, Астанада бір концерттен шығып, қонақ үйдің астында ас ішіп отырып, алданып қалғаным бар. Жаңадан келген баламын, аңқаумын ғой. Көкем: «Ертең сен қайтатын билет жоқ, самолет айдайтын болдың. Ұшақ айдай аласың ба?» – деді. «Жоқ, айдай алмаймын ғой». Көкеміздің сөзінің астарын түсіне қойған Сәкен, Мейрамбек ағалар да іліп ала жөнелді. «Жоқ, көке, Кенжебек кеше ғана ауылдан келді ғой. Мен айдай берем, бұл айдай алмайды» – деді Сәкен аға. «Ауылда машина айдағансың ба?» – деп қояды көкем. «Жоқ, машина да айдамағанмын», – деймін мен сасқалақтап. Сол кезде Мейрамбек аға: «Кенжебек, саспа. Баяғыда мен де ұшақ айдағанмын. Ұшақта скорость сияқты тетік болады, сол алға қарай кетіп қалса – ұшақ төмен құлдилайды, артқа қарай кетсе – жоғары қарай ұшады. Сол дәл ортада тұрса болды, рульді ұстап отыра бересің, өзі түзу ұша береді», – деді. Мен не айтарымды білмеймін. Содан Мәкең мен Сәкең: «Ұшқыштың өзі қайда екен? Өзі неге ұшпайды?» – деді. «Ол ішіп алыпты. Азанда біз басқа ұшақпен кете береміз. Кенжебек анау есін жиған соң, сонымен бірге ұшақты айдап барады», – деді көкем. Мен түнімен ұйықтай алмай, уайымдап шықтым. «Қалай айдаймын?» деп ойлаймын. Сөйтіп, таңғы асқа түскенде: «Көке, мен онда қала берейін», – дедім. Сөйтсем көкем: «Жоқ, сен әуежайға жүре бер, бара көрейік. Қазір хабарласайыншы, кешеден бері есін жиған шығар», – деп, телефонды өтірік құлағына тақап, арғы жақпен сөйлескен болып, – Алло, ойбу, тағы ішіп алып па? Енді қайттік?» – деп мені тағы алдады. «Онда мен қала берейін, көке. Пойызбен болса да жетем ғой», – деймін шырылдап. «Жоқ, жүре бер. Бірдеңесі болар», – деп ол кісі қоймайды. Сонымен, әуежайға келдік. Көкем тағы да телефонын алды да: «Аа, болды. Аллаға шүкір», – деді. «Не болды?» – десем, «Бір билет табылыпты», – дейді. Сол күн естен кетпестей өте қызық болды.
Қысқасы, «МузАРТ» менің атымды шығарды. Менің ғана емес, біздегі кез келген өнерпаздың, ақын, композиторлардың атын шығарды. Атымды ұмытып қалып жатқандар: «МузАРТ»-тағы Кенжебек қой», – деп жатады. Осының өзі – «МузАРТ»-тың жетістігінің, ерек танымалдығының бір айғағы.

Қалқаман САРИН:

Рақмет саған, МузАРТ!

Бабамнан қалған ән-күйді,
Анамнан қалған әлдиді,
Әлемге жүрсің танытып,
Әуенге салып, әрқилы.
Рақмет саған, МузАРТ!

Атырау – Алтай арасын,
Арқаның дархан даласын,
Ақ қанат әнмен тербеттің,
Асырып Алаш бағасын.
Рақмет саған, МузАРТ!

Алатау – алтын тамырың,
Қаратау – салтың, сабырың.
Сатпадың өсиет өнерді,
Сақтадың қасиет-қадірін.
Рақмет саған, МузАРТ!

Мұңым бар десе – сені айтам,
Шыным бар десе – сені айтам.
Кәдеге жарар бұл күнде,
Кімің бар десе – сені айтам.
Рақмет саған, МузАРТ!

Наркескен сынды жарқылдап,
Намыстан туған даңқың мәрт.
Қазаққа біткен бақсыңдар,
Бақ болғанда да – алтын бақ!
Жасай бер, жаса, МузАРТ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір